Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

Пайдалану ережелері

1. Жалпы ережелер. Осы Пайдалану ережелері (бұдан әрі — «Ережелер») Qazaqnovel.kz әдеби платформасын (бұдан әрі — «Платформа») пайдалану тәртібін реттейді. Платформаға тіркелу және оны пайдалану осы Ережелермен және «Құпиялылық саясатымен» толық көлемде келісуді білдіреді. Осы Ережелермен келіспесеңіз, Платформаны пайдалануды тоқтатуыңыз тиіс.

2. Тіркелу және есептік жазба. Платформаға кіру тек Telegram арқылы жүзеге асырылады, өзге тіркелу тәсілі қарастырылмаған. Бір Telegram аккаунтына бір Qazaqnovel.kz есептік жазбасы сәйкес келеді. Есептік жазбаның қауіпсіздігі Сіздің Telegram аккаунтыңыздың қауіпсіздігіне тікелей байланысты, сондықтан оны қорғау — Сіздің жауапкершілігіңізде.

3. Жас шектеуі. Платформаның мазмұны — 16+: шығармаларда соғыс, өлім, зорлық-зомбылық, махаббат және басқа ауыр тақырыптар болуы мүмкін, ал балаларға тыйым салынған (18+) мазмұн жарияланбайды (4-тармақ). Тіркелуге жас шектеуі қойылмаған. Жекелеген байқаулардың өз жас шектеуі болуы мүмкін — бұл әрбір байқаудың шарттарында бөлек көрсетіледі, ал талапқа сай екеніңізді байқауға өтінім бергенде өзіңіз растайсыз.

4. Мазмұнға және мінез-құлыққа қойылатын талаптар. Платформада тек қазақ тілінде жазылған шығармалар жарияланады; кейіпкерлер сөзіндегі жекелеген өзге тілдегі сөздер мен сөйлемдерге рұқсат етіледі.
Жариялауға қабылданатын шығармалар: Платформада роман, повесть (хикаят), әңгіме, новелла, хикая, ертегі және аңыз сияқты көркем прозалық шығармаларды веб-новелла форматында жариялауға болады.
Жариялауға қабылданбайтын шығармалар: Эссе, мақала, биография, автобиография, тарихи зерттеулер, поэзия (өлең, поэма), пьеса, сценарий, ғылыми және публицистикалық мәтіндер, сондай-ақ көркем проза форматына жатпайтын басқа да материалдар қабылданбайды — мұндай мәтінді модератор себебін жазып жариялаудан алады.
Фанфик — біреудің шығармасының кейіпкерлері мен әлемін алып жазылған мәтін — жарияланбайды. Бөтен шығармадан идея алып, шабыттануға болады, бірақ кейіпкерлер мен әлем өзіңіздікі болуы тиіс.
Платформаға жариялайтын мәтін, сурет, пікір, реакция, профиль аты, өзіңіз туралы мәтін мен аватар осы Ережелерге сәйкес болуға тиіс. Шығармаларда мыналар жарияланбайды:
— кәмелетке толмағандар қатысатын кез келген жыныстық мазмұн;
— зорлық-зомбылыққа, терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге, өз-өзіне қол жұмсауға шақыру; ұлттық, нәсілдік, діни, әлеуметтік не рулық араздықты қоздыру; қару, есірткі жасауды не өзіне зиян келтіру жолын үйрету;
— сүйісуден әрі өтетін жыныстық көрініс (мұндай сәт «сахна сыртында» қалады), зорлауды не қатыгездікті егжей-тегжейлі суреттеу, өз-өзіне қол жұмсаудың тәсілі, есірткі мен ішімдікті салдарсыз мақтау;
— балағат сөз (мат) кез келген тілде, жұлдызшамен не нүктемен жасырылғаны да; балағатсыз дөрекі сөзге («ақымақ», «оңбаған») рұқсат етіледі;
— бір жынысты кейіпкерлердің махаббаты не жыныстық қатынасы;
— тірі нақты адамды (сыныптас, мұғалім, әнші, блогер, саясаткер) махаббат, жыныстық не қылмыстық оқиғаның кейіпкері ету, оны қорлау не оған жала жабу; тарихи тұлғаны қорламай суреттеуге болады;
— кез келген діннің қасиетті ұғымдарын келеке ету;
— біреудің шығармасын өз атыңыздан жариялау.
Көркем шығармада соғыс, өлім, қылмыс, зұлым кейіпкер мен ауыр тақырыптар суреттеле береді: суреттеу — насихат емес. Сондай-ақ тыйым салынады: басқа пайдаланушыны қорлауға немесе оған қатысты дискриминациялық сөз қолдануға, бірнеше есептік жазба немесе автоматты құралдар арқылы реакция, пікір не оқылым санын жасанды түрде көбейтуге.

5. Профиль. Профильде көрсетілетін атты (username) тіркелу кезінде Сіз өзіңіз таңдайсыз; ол профильдің мекенжайында да көрінеді. Атты «Профильді өңдеу» бетінде 30 күнде бір рет өзгертуге болады: ескі мекенжай жаңасына апарады, ал бас тартылған атты 30 күн бойы басқа ешкім ала алмайды. Сондай-ақ кейбір аттар қолжетімсіз: Платформаның қызметтік сөздері (мысалы, admin), ұйымдар мен брендтердің атаулары, жалпы әдеби сөздер және белгілі тұлғалардың есімдері. Мұндай атты тізімге енгенге дейін алған пайдаланушы оны сақтайды. Бірақ ат иесі — бренд, ұйым не тұлға — оның өзіне тиесілі екенін растаса немесе ат Платформа атынан сөйлейтіндей көрінсе, Платформа атты себебін көрсетіп қайтарып алуы мүмкін. Бұл жағдайда Сізге уақытша жаңа ат беріледі, бұл туралы хабарлама келеді және өзіңізге басқа атты бірден таңдай аласыз; ескі мекенжай ешқайда апармайды. Атын растағысы келетін бренд, ұйым не тұлға daulet.rakhmankul@gmail.com мекенжайына жаза алады. Өзіңіз туралы мәтін мен аватарды «Профильді өңдеу» бетінде кез келген сәтте өзгерте аласыз. Басты беттегі «Авторлар» тізімінің басында өткен аптада ең көп жазған авторлар тұрады: сол аптада кемінде 1 000 сөз теріп, бөлім жариялағандар, терген сөз санымен және жазған күндерімен. Профиліңізде және пікірлеріңіздің жанында Сіздің дәрежеңіз көрсетіледі: «Жаңа қалам», «Әуесқой», «Жазушы», «Шебер» және «Қаламгер» сатылары. Дәреже үш санға қарай беріледі: оқырмандарға жарияланған бөлімдеріңіздегі сөз саны, кемінде 300 сөзден тұратын жарияланған бөлімдеріңіздің саны және басқа авторлардың шығармаларына жазған, кемінде 10 сөзден тұратын пікірлеріңіз (бір бөлімге — біреуі); өз шығармаларыңыздағы пікірлер есептелмейді. Алынған дәреже кейін бөлім өшірілсе де, пікір жасырылса да төмендемейді. Профиліңізде редакторда терілген сөздеріңіздің жалпы саны мен жазуға кеткен жалпы уақытыңыз да көрсетіледі. «Авторлар» тізіміндегі орныңызды да, профильдегі бұл сандарды да сол бетте өшіруге болады. Сол бетте барлық шығармаңызды бөлімдерімен бір файлмен жүктеп алуға және есептік жазбаны өшіруге болады; өшіргенде не жойылатыны және не «өшірілген аккаунт» ретінде қалатыны «Құпиялылық саясатының» 10.2-тармағында жазылған.

6. Есептік жазбаны қалпына келтіру. Telegram аккаунтыңызға қол жеткізе алмай қалған жағдайда, есептік жазбаны қайтару туралы сұрауды daulet.rakhmankul@gmail.com мекенжайына жіберуге болады. Парольмен тексеретін тетік жоқ болғандықтан, есептік жазбаның Сізге тиесілі екені тек иесі білетін мәліметтер арқылы анықталады — қандай шығармалар жазылған, олар қашан жарияланған. Бұл кепілдік емес, әр жағдай бөлек қаралатын қарау тәртібі.

7. Платформаның құқықтары. Платформа осы Ережелерді бұзған есептік жазбаны немесе жеке жұмысты шектеуге не жабуға құқылы. Шешімнің негізі жазбаша түрде тіркеледі. Шешіммен келіспесеңіз, daulet.rakhmankul@gmail.com мекенжайына жаза аласыз.

8. Шығармаларды әлеуметтік желілерде пайдалану. Платформа жарияланған шығармаларды тарату және таныту, сондай-ақ Платформаның өзін таныту мақсатында әлеуметтік желілерде (Telegram, Instagram, Threads, TikTok және т.б.) және өзге жарнамалық материалдарда пайдалана алады. Ол үшін шығарманың мұқабасы, ішіндегі суреттері, атауы, аннотациясы және мәтінінен қысқа үзінділер алынады; әр жолы автордың аты көрсетіліп, шығармаға сілтеме беріледі. Мәтін толық көлемде жарияланбайды және мағынасы өзгертілмейді; безендіру үшін үзінді қысқартылуы, сурет қиылуы немесе мәтін суретке орналастырылуы мүмкін. Бұл рұқсат тегін әрі айрықша емес: шығармаға қатысты барлық құқық авторда қалады. Рұқсат әр шығарма үшін әдепкі бойынша қосулы, оны шығарманың «Баптаулар» бетінде кез келген сәтте өшіруге болады. Өшірілген шығарма жаңа жарияланымдарда пайдаланылмайды; бұрын жарияланған посттарды алып тастауды daulet.rakhmankul@gmail.com мекенжайына жазып сұрауға болады. Жарияланбаған немесе шектелген шығарма пайдаланылмайды.

9. Жасанды интеллект (ЖИ). Мәтінінің едәуір бөлігін ЖИ (ChatGPT, Gemini және т.б.) жазған не қайта жазған шығарма Платформада тек «ЖИ көмегімен жазылған» белгісімен жарияланады. Белгіні шығарманың «Баптаулар» бетінде автор өзі қояды, оқырман оны шығарма бетінде көреді. Белгі шығарманы шектемейді: ол басқа шығармалар сияқты басты бетте, апта таңдауларында, каталогта және іздеуде көрсетіледі, ал байқаудың шарттарында өзгеше айтылмаса, байқауларға қатыса алады. ЖИ-ді орфографияны тексеруге, идея не есім іздеуге қолдану белгіні қажет етпейді. Белгісі жоқ, бірақ ЖИ жазғаны анық көрінетін бөлімді модератор белгі қоюды не мәтінді қайта жазуды сұрап, жариялаудан алады.

10. Редакция бағасы. Әр жарияланған шығарманың жанында бес жұлдызшамен «Редакция бағасы» көрсетіледі. Оны Платформа жасанды интеллект көмегімен қояды: шығарманың барлық бөлімі оқылады, бірінші бөлімге ерекше мән беріледі. Тілі, сюжеті мен қарқыны, кейіпкерлері, баяндауы, құрылымы, идеясы, бірінші бөлімнің басталуы және әр бөлімнің соңы (аяқталған шығармада — финалы) бағаланады; мұқабасы не аннотациясы жоқ шығарманың бағасы сәл төмен болады. Баға кәсіби әдебиетпен емес, веб-новелланың өлшемімен қойылады: оқырманды ұстап тұруы, келесі бөлімге қызықтыруы, оқиғаға енгізуі. Көркем прозаға жатпайтын мәтін (бұрын жарияланған естелік не эссе) бағаланбайды: оның жұлдызшалары сұр болып, «Бағаланбайды» деп көрсетіледі. Бөлімнің ұзындығы мен оқырмандардың реакциялары бағаға әсер етпейді. Жаңа не түзетілген бөлім жарияланғаннан кейін баға қайта есептеледі; бұған бірнеше күн кетуі мүмкін. Әр бағыттың орташа бағасын автор студиядағы «Бағаның талдауы» бетінде көреді, ал мәтін бағасы 4-тен төмен болса — осы шығармаға арналған кеңесті де. Баға әлі қойылмаса, жұлдызшалар сұр болады. Автор шығарма баптауларында бағаны оқырмандардан жасыра алады: бұл жағдайда жұлдызшалар сұр болып, «Автор бағаны жасырды» деп көрсетіледі, ал басты беттегі іріктеуде баға бұрынғыдай ескеріледі. Каталогта «Бағасы» бойынша сұрыптағанда мұндай шығармалар соңында тұрады. Бағамен келіспесеңіз, @qazaqnovel Telegram аккаунтына жаза аласыз: Платформа әкімшісі шығарманы қайта оқытып, бағаны қайта есептете алады.

11. Жауапкершілік шегі. Платформада жарияланған мәтіндер мен пікірлер авторлардың жеке пікірін білдіреді, Платформаның көзқарасын білдірмейді. Жарияланған мәтін үшін оның авторы жауап береді: бөлімді автордың өзі жариялайды, ол бірден не шығарманың шығу кестесі бойынша оқырманға шығады. Жарияланған бөлім кейін модерациядан өтеді: оны жасанды интеллект (ЖИ-модератор) жүргізеді. Бөлім Ережелерді бұзса, ЖИ-модератор себебін жазып, оны жариялаудан алады; шығарманың жалғыз бөлімі алынса, шығарма да оқырманнан жасырылады. Шығарманың атауы, аннотациясы мен мұқабасы да сақталған бойда оқырманға көрінеді және кейін тексеріледі; олар Ережелерді бұзса, ЖИ-модератор себебін жазып, шығарманы оқырманнан жасырады — автор оларды түзетіп, шығарманы қайта жариялай алады. Күмәнді жағдайда шешімді адам-модератор қабылдайды. ЖИ-модератордың шешімімен келіспесеңіз, @qazaqnovel Telegram аккаунтына жазыңыз: модератор шешімді қайта қарайды. Платформа пайдаланушылар арасындағы дауларға тікелей тарап болмайды.

12. Қолданылатын құқық. Осы Ережелер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес түсіндіріледі және қолданылады. Ережелерден туындайтын келіспеушіліктер алдымен келіссөз арқылы, ол нәтиже бермеген жағдайда — ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

13. Ережелерге өзгеріс енгізу. Ережелер уақыт өте өзгеруі мүмкін. Өзгеріс енгізілген сәтте бет соңындағы «Соңғы жаңарту» күні жаңартылады.

14. Байланыс. Ережелерге қатысты сұрақтар бойынша: @qazaqnovel, ресми жазбаша өтініштер үшін: daulet.rakhmankul@gmail.com.

Соңғы жаңарту: 2026 жылғы 21 қараша