Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

1-бөлім · 5 мин

"Түнектің ортасындағы жарық"

1 / 2

Оттың басында отырып, бастарын шайқап, қариялар — «Даланың өз қараңғылығынан жаратылатын құбыжықтар болады,» — деп айтатын. Олардың айтуынша, Тұңжыртқыш түннен шықпайды. Ол түннің өзіне сіңіп кеткен, ескі кілемнің өрнегіне байланған түйіндей, қараңғылықпен біте қайнасқан мақұлық. Оттың жалыны әдеттегіден сәл бәсең тартса болғаны, түнек өзінен-өзі ұйысып, біреудің бейнесін тоқуға кіріседі. Әуелі басқа көлеңкелерден қоюырақ бір сұлба пайда болады. Сосын көз қиығына ілінген әлдебір елес дір ете қалады. Ал артынша бәрі кеш болады. Сонда ғана алдыңда тұрған, жанары бір рет те кірпік қақпайтын, көзінен соңғы шоқтың өзі де шағылыспайтын мақұлықтың қайдан шыққанын сұраудың кеш екенін түсінесің.

Денесі биік әрі арық еді. Бірақ бұл — алдамшы арықтық болатын. Ұйысып, жабысып қалған жүнінің астында бұлшық еттері бурадай бүлкілдеп жатты. Олар мынадай жіңішке кеудеге сыймастай ауыр көрінетін. Табиғат осы мақұлықты жаратқанда, межеден асып кеткенін тым кеш аңғарғандай. Қолдары тізесінен төмен салбырап, ұштары тырнаққа ұқсас сұмдық үшкір заттармен аяқталатын. Бірақ олар аңның тырнағына ұқсамайтын. Аштықтың өзінен құйылып жасалғандай, жүзі мен азуының арасындағы бірдеңе еді.

Жүзінде адамнан қалған жұрнақ әлі де бар болатын: шығыңқы бет сүйектері, қас үстіндегі доғалар, бір кездері бұл мақұлықтың кім болғанын еске салатындай көмескі елес. Алайда аузы адамдікінен әлдеқайда кең ашылатын, ал ішіндегі тістері бір-біріне тым біркелкі, тым өткір болып тізіліпті. Бұрын-соңды күлген немесе біреудің атын атаған ауызға мұндай тістер жараспас еді.

Олар жүгірмейтін. Бір орыннан екінші орынға сырғып өткендей, жер бауырлай жүйткіп, ырғақсыз, оғаш секірістермен жылжитын. Аяқ астындағы жер олардың салмағын сезбейтіндей, денелерінде салмақ атаулы жоқтай көрінетін. Олардың жақындағанын көз көрмей тұрып-ақ, бір дыбыс сездіретін: тасқа үйкелген тырнақтардың сықыры. Бірқалыпты, дамылсыз, суық үн. Қараңғылықтың бір түкпірінде әлдекім қанға шөлдеген жүзі бар екі қылышты бір-біріне қажап, қайрап отырғандай.

Түн олар үшін жай ғана тіршілік ететін уақыт емес еді. Түн — олардың мекені, иелігі. Ол — ханнан да, қаладан да, мың жылдан бері бір аспанның астында көшіп-қонып келе жатқан халықтың өзінен де көне әлдебір күштен қалған үнсіз мұра еді.

Алайда олармен болған шайқастан кейінгі тыныштық шайқастың өзінен де жат көрінді.

Бір сәт бұрын ғана ауа тырнақтардың сықырынан, қырылдаған үндерден, адам етіне тым ұқсас әрі мүлде ұқсамайтын денелерге қадалған қылыштардың күңгірт соққысынан дірілдеп тұрған. Ал енді... Тек шоқтың сықыры мен ентігін әлі баса алмаған адамдардың тынысы ғана естіледі. Олар өздерінің әлі тірі екеніне, аяқ астындағы жердің баяғы өздері білетін жер екеніне, әлдебір өзге дүниенің табалдырығына аяқ баспағанына әлі де толық сенімді емес еді.

Соңғы мақұлық тапталған шөптің үстінде сұлқ етті. Өліп бара жатып та тырнақтарын жерге қадап алыпты. Т

Қалғандары ғайып болған. Қоршап жатқан қараңғылықтан қалай келсе, солай қайта сіңіп, көзден ғайып болды. Арттарында ештеңе қалмады. Тек бір дыбыс қана. Оны естіген әр адамның жадына енді мәңгілікке өріліп кеткен тырнақ сықыры.

Ораз қылышын төмен түсірді.

Түнжыртұаштың тырнағы тиіп кеткен иығы күйіп бара жатты. Бірақ дәл қазір бұл ауырсынудың желдің сыбдырымен де таласар маңызы жоқ еді.

Ораз ұзын бойлы, иықтары қақпақтай, дала күнінің астында тотыққан қараторы жүзді еді. Сол қасының үстінде қысқа тыртық бар. Оның бойындағы күш жаттығу алаңында шыңдалған бұлшық еттің күші емес, талай жылғы нағыз шайқастарда қалыптасқан қайрат еді.

Ораз сарбаздар лагерін көзбен бір шолып шықты да, Сұңқарды көрді. Жас жігіт әлі де тікесінен тік тұр екен. Тынысы ауыр, кеудесі жиі көтеріліп басылғанымен, өзі дін аман.

— Кетті, — деді бозбала демін әрең алып.

Он алты жас. Қылышты нық ұстауға жететін жас.

— Әзірге, — деді Ораз.

Бірақ сөзін аяқтап үлгермеді.

Ауа дір ете қалды. Жел соққандағы немесе аяз қысқандағы діріл емес. Тас лақтырылар сәттің алдындағы су беті секілді, бір тылсым күштің әсерінен қозғалғандай болды. Лагерьдің ең шетінде, қараңғылық қоюлана түскен тұста, титтей ғана жарық жылт етті. Болмашы сәуле. Көз алдауы дерсің.

Екі қолына да қылыш ұстаған Құтлық бірінші болып жалт бұрылды.

Ол Ораздан аласа болғанымен, денесі шымыр, сіңірлі еді. Жүзінен әлдебір әзілі дайын тұратын тынымсыз мінезі байқалатын. Қолындағы қос қылыш әлі де сәл дірілдеп тұр. Жаңа ғана өткен шайқастың дүмпуі басылмаған. Әйтсе де, мұны өз аузымен мойындауы екіталай.

— Бұл тағы не?! Не болып...

Ол да сөзін аяқтай алмады.

Жарық лап етіп жанған жоқ. Жарылып кетті.

Бір сәтке дала түн дегеннің не екенін ұмытқандай болды. Әлдекім бір-ақ сілтегенде, қараңғылықтың тұтас пердесін қақ айырып жібергендей еді. Аттар байлаудан жұлқына босануға тырысты. Жауынгерлердің бірі көзін қарықтырған жарықтан қорғанып, қолын бетіне тосып үлгерді.

Сосын бәрі бір-ақ сәтте қайтадан тұйықталды.

Орнында тек күйіп, түтіні бұрқыраған жердің бір жапырақтай бөлігі қалды.

Және бір дене.

Әйел адамның денесі.

Бірақ оның бұл елдге жат екені көзге ұрып тұрды. Үстіндегі киімі де, матасы да, тіпті жерге құлаған қалпының өзі де мына далаға, мына түнге, мына заманға тиесілі емес еді.

Ораз бірінші болып жақындады. Қыздың жанына тізерлеп отырып, мойнына екі саусағын басты.

— Тірі. Бірақ ес-түссіз, — деді ол.

Құтлық ернін сылп еткізіп, күйген шөпке көз жүгіртті. Оның жүзінен үрейді жасыру үшін әдейі жамылған әлгі жүйкелі көңілділік тағы да байқалды.

— Ендеше, — деп күбірледі ол, — бүгінгі кештің қызықсыз өтпейтіні анық.

Ешкім не болғанын түсінбеді. Көз қарықтырар бұл жарық жақсылықтың нышаны ма, әлде бәрін бірдей жалмауға келген әлдебір апат па — оны ешкім айта алмады.

Бір анығы, көздері алдамаған болса, қыз кәдімгі адам еді. Оның үстіне, әлі тірі болатын.

Ораз бүгін даланың төсінде тым көп адамның жан тапсырғанын көрді. Бірақ мына қызды тағдырдың тәлкегіне тастап кетуге дәті бармады. Сондықтан дәл қазір маңызы бар жалғыз шешімді айтты:

— Қызды өзімізбен бірге алып кетеміз. Тезірек! Оны Байсал атаның үйіне жеткізуіміз керек.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Фэнтези жанры