Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

5 мин

1-бөлім

Күл — бүкіл әлем сенімен бірге күледі,

Жыла -тек жалғыз ғана жылайсың

Элла Уилер Уилкокс

I

Аян жұмысынан шаршаңқы шықты. Бүгін тіпті жұмысы әдеттегіден ауырлау болған сияқты (кеше де солай ойлаған). Енді міне, аялдамада өзінің №46 автобусын күтіп тұрғанына он бес минут өтті. Кенет, неге сонша селсоқ өмір сүріп жүргенін ойлай бастады. Үнемі жұмысының ауырлығын сылтау етіп, сол себепті депрессияда жүрмін деп ойлайтын. Жұмысын ауыстырса немесе жеке кәсіп бастаса — өмірі жақсара түсетіндей көрінетін. Бірақ қазір ойлана бастаса, кілтипан жұмыста емес, өзінде сияқты. Жалпы, өмірге деген көзқарасы селсоқтана бастап еді.

Ойдан-ойға шомып тұрғанында автобусының келіп тоқтағанын, нөпір халық ағыла бастағанда ғана байқады. Өзі шаршаңқы адамға автобус ішінде қырық минут бойы сығылысып бару жүйкені жұқартпай қоймайды. Оның үстіне бұл жайт күнде қайталанады. Терезеден аяқталмаған LRT құрылысын көргенде тіптен зықысы қайнайды. Өзін қойшы, әке-шешесіндей адамдар автобуста тікесінен тік тұрып, тұрмыс тауқыметін тартып бара жатқанын көргенде -

жыларман болады. Жер үсті метросы жұмыс істеп тұрғанда, бұл байғұстар бұлай қиналмас еді-ау, деп ойлады. Әттең, қолынан келсе, сол жемқорларды өлім жазасына шімірікпестен кесер еді. Жемқорлықты ең үлкен әрі еш ақтауға келмейтін қылмыс деп біледі. Оны адам саналы түрде жасайды. Адам өлтірген қылмыскер — бір адамның өмірін қиса, жемқорлар — тұтас елдің тағдырына балта шабады. Биліктегілер не себепті оларға кейбір елдердегідей өлім жазасын тағайындамайтынына қапалы. Ол нәрсе іске асатын болса, жемқорлық әлдеқайда төмендейтініне еш күмәні жоқ.

Қаланың оң жағалауындағы жалға алған бір бөлмелі пәтеріне де келіп жетті. Шешінбестен кереуетіне құлай кеткен, тұрып, кешкі ас әзірлеуге -

қауқары да, ықыласы да жоқ.

II

Аян жасынан томаға-тұйық боп өсті. Үйдің жалғыз баласы деп ешкім айтпас еді. Әке-шешесінің бар мейірін, ықыласын көріп өссе де — ерке-шолжаң болмады.

Оқушы кезінен кітапқұмар еді. Сартр, Камю, Кафка, Оскар Уайльд шығармаларымен 14-15 жасында-ақ танысты. Бұл нәрсе қатарластарынан көрер-көзге ерекшелейтін. Сол жасында ересектерше ойланып, таным-түсінігі де кеңейе түскен. Анасы кей тұста мұның тым тұйық мінезінен қорқатын. Оны баласының өзіне де айтатын. Ешкіммен ақтарылып әңгіме айтпайды, жақын достары да жоқ. Құрдастары сияқты ойнауды, қыздармен қыдыруды да білмейді. Кейде анасын алаңдатпас үшін өзін зорлап, қатарластарына қосатын.

Ақталу дегенді иттің етінен жек көреді. 10-сынып оқып жүргенде әкесі

Аянның үстінен темекінің иісін сезген:

— Шылым тартып жүрсің бе? — деген сұраққа іштей ашуланып, қысқа ғана:

— Иә, — деп жауап берген еді.

Сол мезетте әкелік қатал тәрбиенің дәмін татып та үлгерген. Ал әкесі сұрақты: «Неге үстіңнен темекінің иісі шығады?» — деп қойғанда, сырт киімін түнәугүні сыныптасы бір киерге сұрап алғанын, ол баланың темекі шегетінін түсіндіріп айтып берер ме еді.

Ол әке-шешесін ешуақытта жазғырған емес. Қайта — оларға лайықты перзент бола алмай жүргеніне қамығатын. Оларды жақсы көреді. Бірақ еркелеп, еміренуді бала кезінде болмаса, ер жеткелі мүлде доғарған.

Мектепті жап-жақсы аяқтап, өз білімімен грантқа оқуға түсті. Бәрінен бұрын, қаладағы өмірінің өзі қалағандай — еркін әрі жалғыздықта болатынына іштей қуанып еді. Астанадағы заң университетін бір адамдай тәмамдап, жұмысқа орналасқанына да жарты жылдай уақыт өтті. Бір ай жұмыс іздеп, табанынан тозып жүріп, өзі тұратын аудандық прокуратура бөлімшесіне прокурор көмекшісі болып орналасып еді. Кейінгі кезде бастығының орынды-орынсыз тым көп жұмыс жүктеуі, өзіне деген еш көңілінің толмауы -

кәдімгідей зорықтырып жіберді.

— Аян, балам, үйдесің бе? — деген дауыстан шошып оянды. Таныс үн.

Анасының дауысы. Сөмкелерін сылдырлатып кіріп келе жатыр. Кіреберістен көлеңкесін де көріп қалды. Аян төсегінен тұрмастан, анасының келгеніне не қуанарын, не таңқаларын білмей абдырап жатты. Қабырғадағы сағатқа көз салды — таңғы алты шамасы екен.

Кенет, «Тоқта…» — деді өзіне іштей. Пәтер құлыптаулы емес пе? Анам үйге қалай кіріп кеткен? — деп ойлады. Құлыптауды ұмытып кеткен күннің өзінде, бұл мекенжайды үйдегілерге нақты айтпағаны анық есінде. Ауылдағы әке-шешесіне ол жайлы айтып та керек емес еді. Келіп жатса, күтіп алып, шығарып салатын өзі емес пе!?

Не де болса, орнынан тұрып көрмекші болды. О, тоба денесін қозғалта алар емес. Құдды жансызданып қалғандай. Сол сәтте ғана, әлі ұйқысынан толық оянбағанын түсінді.

Анасының дауысы біртүрлі өзгеріп, түсініксіз тілде күбірлеп сөйлей бастады. Кейде айқайлап, кейде неше түрлі дауыспен сықылықтап күлетінді шығарды. Енді, өзінің жатын бөлмесіне қарай келе жатқанын байқады. Анық көре алмады, тек қарауытқан сұлбаның жақындап келе жатқанын сезді. Жүрегі атша тулап, кеудесін жарып шығардай соққылады. Ішінен білетін дұғаларын қайталай бастады. Әлгі қара бейне бұған жақындап келіп, алқымына қолын соза беріп еді, сол сәтте қатты жұлқына оянып кетті.

Жүрегінің дүрсілі әлі басылар емес. Терең тыныстап, басын көтерді.

Жаңағы сұлба ұшты-күйлі жоқ. Пәтер іші тым-тырыс. Сағатқа қарады — тура түсінде көрген уақыт. Секундына дейін өзгермеген. Бұл түс күнделікті түсіне мүлде ұқсамады.

Ептігін басып, өз-өзіне келе бастады. Жұмысқа шығуына әлі екі сағаттай уақыт бар екен. Қайта ұйықтап көрмек болды, бірақ жаңағы жағдайдан кейін -

жүрегі дауаламады. Кеше жұмыстан келе сала, киімшең күйі төсекке құлағанын есіне алды.

Бала кезінде шал-кемпірлерден «Ымыртта ұйықтауға болмайды» деген сөзді көп естіп еді. Сол кезде жын-шайтан жерді кезіп жүреді. Өзінше, бұл оқиғаны сонымен байланыстырғандай болды. Көргені — түс дейін десе, бәрі өңіндей ап-анық. Жаны оянып, тәні оянбай қалғандай. Өлілер мен тірілердің арасындағы кеңістікте қалып қойғандай күй кешті.

Кейінірек ғаламторды ақтарып отырып, бұл құбылыстың медицинада «Ұйқы салы» немесе қазақша «Бастырылу» деп аталатынын оқыды

Пікір

Автор

Жазылсаң, жаңа бөлім шыққанда хабарлаймыз.

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Триллер жанры