Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

2 мин

1-бөлім

“Сыныптағы соңғы парта”

Бүгін мектепке ерте келдім. Әдеттегідей соңғы партаға барып отырдым. Бұл жер маған ұнайды, ешкім мазаламайды, терезеден дала көрініп тұрады. Бірақ шындықты айтсам… мен бұл жерді басқа себеппен жақсы көремін. Себебі ол дәл менің алдымда отырады. Айдана. Бүгін де ол сыныпқа кіргенде жүрегім біртүрлі соғып кетті. Шашын жинамай, жай ғана иығына түсіріп қойыпты. Бір қарағанда ештеңе ерекше емес сияқты, бірақ мен үшін бәрі ерекше. Ол отырғанда сөмкесін партаға қояды да, сосын артына бір рет қарап алады. Бүгін де солай болды. Бір секундқа көзіміз түйісіп қалды. Мен бірден басқа жаққа қарадым. Не үшін екенін білмеймін, бірақ әрдайым солай істеймін. Сабақ басталды, мұғалім бірдеңе түсіндіріп жатыр, бірақ менің ойым басқа жақта. Айдана кейде қаламын айналдырып отырады, кейде терезеге қарап кетеді. Мен байқамай қарап отырғандай болам, бірақ шынында тек соны ғана көріп отырам. Бір кезде ол артына бұрылып: «Сенде артық қалам бар ма?» деді. Мен абдырап қалдым. «Иә… бар» дедім де, қолымдағы қаламды бердім. Ол күліп: «Рахмет» деді. Сол бір қарапайым сөз маған біртүрлі әсер етті. Күні бойы сол сөзді қайта-қайта есіме түсіріп отырдым. Сабақ біткен соң бәрі шығып кетті, мен әдейі асықпай жиналдым. Ол да кетпей отыр екен. Бір кезде орнынан тұрып, маған жақындады. «Қаламыңды ұмытып кеттім» деді. Мен «ештеңе етпейді» дегім келді, бірақ аузыма сөз түспеді. Ол маған қарап біраз тұрды да: «Сен әрдайым соңғы партада жалғыз отырасың ғой… жалғыз болған ұнай ма?» деді. Мен бірден жауап бере алмадым. Шынын айтсам, жалғыздық ұнамайды. Бірақ ол бар кезде жалғыздық сезілмейді. «Жоқ…» дедім жай ғана. Ол сәл жымиып: «Онда ертең мен сенің жаныңа отырсам бола ма?» деді. Жүрегім тоқтап қалғандай болды. Не айтарымды білмей, тек басымды изедім. Ол тағы күліп, «жақсы, онда ертең» деді де, есікке қарай жүріп кетті. Мен орнымда қатып қалғандай отырдым. Бәрі түс сияқты. Ертең… ол менің жанымда отырады. Сол оймен үйге қайттым. Кеш бойы ұйықтай алмадым. Ертең қалай болады деп ойлай бердім. Таңертең мектепке тағы ерте келдім. Соңғы партаға отырдым. Күттім. Уақыт өтіп жатыр. Сабақ басталуға аз қалды. Бірақ ол әлі келмеді. Сыныпқа мұғалім кірді. Бәрі орындарына отырды. Айдана жоқ. Ішім біртүрлі болып кетті. Бір кезде сынып жетекшісі кірді де жай ғана айтты: «Балалар, Айдана бүгіннен бастап басқа мектепке ауысты…»

Пікір

Автор

Жазылсаң, жаңа бөлім шыққанда хабарлаймыз.

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Романтика жанры