КЕҢ ШИЫР
Ешкөлмес тауының күнгейіндегі көкжиекке дейін мидай жазық сары бел — Қоңыр ауылының егістігі. Теріскей беті тамырдай жайылған сай — сала, қалың қарабүрген жайлаған жыра — жықпыт, жаздың шіліңгір ыстығында да, қары кетпейтін сайдың басы, ат тұяғы тұрмайтын қара шағыл, сай-саланың табанында ғана көк майса жылтырап, әлсін-әлсін бөдене үркіп ұшатын. Кей тұста қарабүргеннің арасынан сыбдыр естілсе, жүрегім зу ете түсетін. Бірақ ол көбіне желдің демі немесе қоянның жылт еткен көлеңкесі ғана болатын. Бұл менің Тоғызқұмалақ жайлауындағы әкемнің жұрты.
...120 бала оқитын бір қабатты ауыл мектебіндегі соңғы қоңырау, менің бейнетті жазғы демалысымның алғашқы сылдырындай еді. Демалыстың алғашқы күні-ақ, әр жаздағы әдетім бойынша аса таяғымды қолға алып, Көшкентал ауылынан 20 шақырымдай жердегі әкемнің қыстауы Жылтырбазға жолға шықтым.
Көшкенталдың жатаған үйлері артта қалып, ауыл иттерінің абалағаны алыстай бергенде, мен өзімді бір сәтке ер жеткен адамдай сезінетінмін. Жылтырбазға апарар жиырма шақырым — мен үшін тұтас бір сапар, тіпті кішкентай ғұмырдай еді. Аса таяқ қолымда, боқшам иығымда, алдымда — созылып жатқан сарғылт бел. Жолдағы жоталар күнге шағылысып, жүрген сайын боз жусанның иісі мұрын жарады. Бала болсам да, сол жолдың әр бұрылысы, әр жырасы маған ескі таныстай көрінетін. Әкемнің қыстауы алыстан қарауытып көрінгенде, шаршағанымды ұмытып кететінмін. Қара шаңырақтың түтіні бұрқырап, есік алдында байлаулы тұрған аттар пысқырып, маңыраған қойдың даусы естілсе — менің жазым басталғаны сол.
Әкемнің қыстауына баруымның басты себебі — Он шақты ірі қара мен бес жүзден аса қойды жайлауға айдау еді.
Әкем жылы қарсы алатын. Қабағы қатулы көрінгенімен, көзінің түбінде бір жылылық жылт ететін.
— Ассалаумағалейкум, аға!
— Әлікісәләм — дейтін қысқа ғана.
Әкемнің жанында жүріп, үнсіз еңбектің не екенін, ер адамның салмағы сөзінде емес, ісінде екенін түсіне бастағандай едім.
Кей кештерде тау басына шығып, ауыл жаққа ұзақ қарайтынмын. Көшкентал көзге көрінбесе де, көңілге жақын. Мектептің бір қабатты ақ ғимараты, соңғы қоңыраудың сылдыры, достарымның у-шуы — бәрі алыста қалған бір тәтті түс секілді. Бәлкім, менің шын балалық шағым дәл сол жиырма шақырымның бойында қалған шығар…
Жайлауға айдар жолда қойларды «құрттаудан» сақтайтын дәрілі уәннаға саламыз. Әкем «уәнна» дейтін. Мен оның орыстың «ванна» деген сөзі екеніне кейін миым жетті. Бірақ оның аты емес, ішіндегі ащы иісі, көкшіл тартқан суы, қойлардың маңырап, бірінен соң бірі секіріп түсетін көрінісі жадымда жатталып қалыпты. Әр қойды сирақтан ұстап, дәрілі суға лақтырғанда, үсті-басың малмандай су болып, малдың иісіне, дәрінің кермек буына сіңіп кетеді. Сол сәтте мен өзімді әкемнің қасында шын көмекші сезінетінмін.
Содан соң көш Ешкөлместің теріскейіне қарай ойысады. Біздің жұрт — Тоғызқұмалақ. Бұл жұрт — әйгілі Ақын Сараның әкесі Тастанбектің жұрты деседі. Киіз үйінің орны адам құшағындай тоғыз домалақ тастармен көмкеріліп белгіленген екен. Содан бері бұл қоныс Тоғызқұмалақ аталып кеткен.
Бала күнімде сол тастардың ортасына барып отыратынмын. Алақанымды суық тасқа тигізіп, «осында бір кезде Ақын Сараның ізі қалған шығар» деп қиялдайтынмын. Жел гуілдеп соққанда, маған біреудің домбырасының үні естілетіндей болушы еді. Бәлкім, бұл даланың өз әуені шығар, бәлкім, бала көңілдің алдамшы елесі ғана.
Тоғызқұмалақ жайлауының таңы ерекше ататын. Теріскейдің салқыны сүйектен өтіп, шық басқан шөптер тізеге дейін су етеді. Қой өріске бет алғанда, маңыраған үн тау ішін жаңғыртып, тіршілік қайта жанданғандай әсер қалдырады. Ал түс ауа күн оттай жанып, аспан мен жер арасы дірілдеп кететіндей еді. Сол жаздарда мен тек мал бағып қана жүрген жоқпын. Мен дала үнін тыңдауды, әкенің үнсіз тәрбиесін ұғуды, тарихтың тынысын сезінуді үйреніппін. Тоғызқұмалақ жайлауы менің балалығымның бесігі ғана емес, жігіттікке бастар алғашқы мектебім болды.
Әкем екеуміз қойға көбіне жаяу шығатынбыз. Тоғызқұмалақтың беткейі атқа жайсыз еді: бір жағы — тік, бір жағы — шағыл тасты, аттың тұяғы тайып кетердей жылтыр. Қарабүрген арасына кірген қойды атпен қайыру тіпті мүмкін емес. Сондықтан біз екеуміз аса таяққа сүйеніп, қойдың соңынан баяу ілесіп, ұзақ күнді жаяу өткізетінбіз.
Сол жаяу жүрген күндер — менің нағыз университетім еді.
Қой алдыда бытырай жайылып, біз соңынан әңгіме тиегін ағытатынбыз. Даланың жазылмаған заңдарын, малдың мінезін, жердің бабын, адамның парқын сол кісіден естіп өстім. Іштей оны «даланың философы» деп атайтынмын.
Бір күні күн төбеден ауып, көлеңке ұзарған шақта әкеме көптен бері көкейімде жүрген сұрақты қойдым.
— Аға, — дедім салмақты үнмен, — неге біз басқа малшылар сияқты Ақтасты жайлауына бармаймыз? Онда ел көп, тіршілік қызық. Шөбі де қалың. Мал да тойынар еді. Біз де іш пыстырмай, көпшілік жерде отырмас па едік?...
Мен үшін «көпшілік» — қызық, «қалың шөп» — береке секілді көрінетін.
Әкем аса таяғын беліне таянып, сәл кідірді. Қойлар маңырап, жел қарабүргеннің басын баяу тербеп тұр. Ол маған емес, алысқа қарап сөйлей бастады.
— Е-е, балам… Сенің атаң айтушы еді: «Тар соныдан, кең шиыр артық» деп.
— Мал деген кең жайылғанды сүйеді. Еркін жүргеннен тойынады. Тар жердің шөбі қанша шүйгін болса да, ары қайырып, бері қайырып иіре берсең — мал тоймайды. Көңілі тынбайды. Тіпті аурушаң болып, құрттап, арықтап кетуі де мүмкін. Ал шөбі жұтаң тақырдың өзін кең шиырлап, еркін жайылса — мал сергек болады. Жейтінін бәрібір тауып жейді.
Сәл үнсіз қалды да, маған тіке қарады.
— Адам да сол сияқты, балам. Еркіндікте жүрген адам ғана көңілі жай өмір сүреді. Қысылған, иірілген жерде жан да жүдейді.
Сол сәтте мен толық түсіндім дей алмаймын. Бірақ әлгі сөз кеудеме шаншудай қадалды. Ақтастының думаны емес, әкем таңдаған оңаша жұрттың мәні тереңірек екенін алғаш рет сезгендей болдым.
Күн еңкейіп бара жатты. Қойлар кең жайылып, беткейге тарап кеткен. Расында да, ешкім иірмеген мал өз ырғағымен, өз еркімен жайылып жүр. Бірі тас түбінен көк шөп тауып жейді, бірі жусанға бас қояды. Бәрі байыппен. Сол көрініс әкемнің сөзін дәлелдеп тұрғандай еді.
Жылдар өте келе мен ол сөздің шын салмағын түсіндім. Өмірде «Ақтасты» көп болады екен. Жұрттың бәрі ағылған, думаны мол, жылтыраған мекендер. Ал Тоғызқұмалақтай оңаша, еркін, кең шиыр беретін жерлер сирек.
Әкем таңдаған жол — шөбі қалың жер емес, тынысы кең жер еді. Содан бері «тар соныдан, кең шиыр артық» деген сөз менің бойтұмарыма айналды. Қай жерде жүрсем де, өзіме сұрақ қоямын: мен жүрген орта соны ма, әлде еркін жайылған кең шиыр кеңістік пе?
Бәлкім, менің шын байлығым — Тоғызқұмалақтың жұтаң шөбі емес, сол жерде естіген бір ауыз сөз шығар.
Бөлім туралы пікірлер 1
Керемет