Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

3 мин

1-бөлім

1 / 3

''Ескі аңыздың қайта оралуы"

Сәске түстен кейін артынып-тартынып жолға шыққан Мөлдір күн қарасы түсіп, кеш кіргенде ауылға жетті. Ауыл. Кәдімгі ауыл: іргесі ескі, көшесі шаң. Аңыраған қой мен мөңіреген мал дауысы кезек-кезек естіледі. Қаланың қарқынына үйренген ол мұндай демалысқа келіскені үшін өзін іштей кінәлады.

Анасы қалаға жұмысқа кеткен соң, жазғы демалысты Мөлдір әжесінің үйінде өткізуге тиіс болды. Соңғы рет шамамен тоғыз жасында келген. Содан бері ауыл да, әже де, үй де санада бұлдыр қалғаны болмаса, ойда ештеңе жоқ.

Аяғы майысып, екі қолы көкке көтерілген Гүлістан апа да шықты.

— Құлыным, келдің бе! Айналайын! Қозым!

Таусылмас еміреніс пен немереге деген махаббат. Асықпай үйге кіріп, тар ас үйде екі жан әңгімесін бастады.

— Апа, ауыл күңгірттеніп кеткен сияқты. Автобус кешігіп еді, бір әйелдің жаны шығардай болды ғой: Күн түспей жетуім керек деп. Ауыл тыныш па, әйтеуір?

— Ол қаншама жылдан бергі салт сияқты болып кетті ғой. Кешке есікті бекітіп жауып, үйден шықпау қажет.

— Не үшін?

— Жезтырнақ...

— Ой, апа, қатырасыз. Ол ертегідегі балалар ғана қорқатын жай кейіпкер емес пе?

— Жоқ... Мәселе де осында.Көрмеген жұрт оны тек кейіпкерге балайды.Бірақ, ол бұл ауыл маңында бұрыннан мекендейді. Шашы жалбыраған сұмды қуу үшін бәрін жасадық. Сол үшін кешке есікті жауып, кіреберіске тұз сеуіп жатамыз. Ең бастысы, түнде атыңды атап шақырған ешкімге жауап берме! Түсіндің бе?!

Мөлдір әженің сөзін қалжыңға балап, күле салды. Жол шаршатты ма, белгісіз, ұйықтауға ертерек кірісті. Үй екі бөлмелі, ескі, едендері сықырлайды, төбесі аласа. Біреуінде әжесі, екіншісінде өзі жатып, ұйқыға кетті.

Түн. Аяқ астынан Мөлдір оянып кетті. Не үшін екенін өзі де білмеді. Осы сәтте... тырс... тырс... тырс... Сәлден соң ағаштың тырналған дыбысы шықты. Көзі шарасынан шығардай болып, Мөлдір не істерін білмей қалды. Көрпесін танауына дейін тартып жауып, жақсы жағынан жорымаққа тырысты. «Мысық шығар» десе, мұншалықты қатты әрі ұзақ тырнай қоймас деген ішкі ойлар оны жеп барады.

Арғы бөлмеден шығып тұрған әжесінің қорылы мен пысылы сап тыйылды. Осы сәтті күткендей, есік ақырын сырылдап ашылып, «Қызым» деген дыбыс шықты. Дәл сол дауыс. Мөлдірдің анасының дауысы. Орнынан қалай тұрғанын өзі де байқамай қалды. Бірақ анасы қалада еді! Бір қадам жасағаннан кейін әжесінің кешкі ескертуі есіне түсті. Осы сәтте әлгі дауыс тағы естілді:

— Қызым, автобус кешігіп қалды. Аша ғой!

Нәзік, жұмсақ үнмен. Анасының даусын естіген ол есікке ұмтыла барып, тоқтады. «Не болса да, әжем оянып ашсын» деген ой келді. Ақырын төсегіне барып жатты. Осы бір сәттен шошыған денесі терлеп, діріл қақты. Таңның қалай атқанын өзі де білмей қалды.Мөлдір бұл түні көз ілмеді.

Таңның нұрын көре сала, аулаға шықты. Түндегі көргені өңі ме, түсі ме? Белгісіз. Терең тыныс алып, құстың сайрағанына, шыбынның айналшықтап ұшқанына назары ауып тұрған сәтте, әжесінің көзі шарадай болып, қатып қалғанын байқады.

— О, кесапат! Мынау соның ізі ме?!

Жақындап барып, ол да көз салды. Иә, дәл сондай үш сызық. Мөлдір ұйықтаған бөлменің іргесіндегі ағашта. Бірінші болып үш өткір сызық көрінді, ағаштың өзін де тот бастырып жібергендей. Мөлдірдің терезесіне дейін адам ізіне ұқсамайтын көлбеу із (ұзын көйлек сүйреліп өткендей) қабырғаны жағалап, кіреберіске дейін жеткен.

— Апа, мен түсім деп ойладым...

— Ол келді ме? Жауап беріп қойдың ба? Кімнің даусымен шақырды?

Осындай алаңдаулы сұрақтар көбейе берді.

Пікір 35

Бөлім туралы пікірлер 35

gulbaran · 21 күн бұрын

Мен жасым үлкен адаммын. Меніңше бала кезімде осы Жезтырнақ туралы айтатын еді. Бұл шығарманы оқып біраз әңгімелер есіме түсті. Өте керемет жазылған 😍

author_v38o4 · 19 күн бұрын

Өте жоғары кәсіби деңгейде жазылған шығарма болды, хорор жанрындағы қазақи әңгімелер осылай көбейе берсін. Аялаға үлкен респект 😍😍

Хоррор жанры