«Түнгі қонақ»
Таңертеңгі шай жайына қалды. Қапшықпен тұз алып шығып, босағаға, терезенің алдына, қақпаның жанына сеуіп шықты. Сосын сарайдан ескі ат тағасын тауып әкеліп, Мөлдірдің терезесінің үстіне шегелеп тастаған Гүлістан апа осы жұмыстарды аяқтағасын ғана терең тыныс алды.
— Апа, не болып жатыр өзі?
— Кімнің даусымен шақырды? — деді әже жауап орнына. Қолы дірілдеп тұр еді.
— Анамның.
Әже үндемеді. Балғаны жерге қойды да, «Анаңа қоңырау шал» деп үйге кіріп кетті.
Анасы екінші рет шалғанда алды. Дауысы әдеттегідей, асығыс.
— Түнде ұйқым келмей қойды, сені ойлап шықтым. Бәрі жақсы ма?
— Жақсы, — деді Мөлдір. Тұтқаны қойған соң да сол сөз басынан кетпеді: «сені ойладым».
Түстен кейін дүкенге шықты. Есік алдында тұрған үш әйел оны көріп, сөзін доғарды. Біреуі «Гүлістанның немересі ғой, үйінің қабырғасынан тағы із шығыпты» деп күбірледі. Артынан біреу күліп жіберді. Көршінің баласы Дәурен екен, өзінен бір жас үлкен.
— Жезтырнақтан қорқып жүрсің бе? Әжелердің балаға ойлап тапқан әңгімесі ғой ол.
Мөлдір телефонынан таңертең түсірген суретті көрсетті. Дәурен «Мысық немесе ит тырнаған шығар» деді.
— Олар терезенің үстіне дейін секіре ме?
Дәурен жауап таппады. «Онда Ақбай атаға барайық, ауылдағы ең қарт, көпті көрген кісі. Бірақ ол ешкімге сөйлемейді».
Ақбай ата зираттың жанындағы орындықта отыр екен, көзі көрмейді. Мөлдір жақындағанда өзі сөйледі:
— Гүлістанның немересі ме? Қашан шақырды?
— Кеше түнде. Анамның даусымен.
— Оның өз даусы жоқ, балам, сондықтан біреудікін алады. Сағынған адамыңның даусымен келеді. Бірінші түні танысады. Екінші түні үйіңдегі ең жақыныңның даусымен шақырады. Ал үшінші түні...
Ол сөзін аяқтамады.
— Не болады үшінші түні? — деді Дәурен.
— Бұл ауылда үшіншіден кейін аман қалған адам аз. Әжеңнен сұра. Бірақ ол айтпайды, бұл ауылдың әр үйінің бір қарызы бар, ал Гүлістандікі ең ауыры. Көргің келсе, ескі қыстақтағы құдыққа бар. Күн батпай қайт.
Қыстақ ауылдан үш шақырымдай жерде екен. Дәурен жол бойы «бөрі шығар, жел шығар» деп сөйлеп келді де, құдыққа жақындағанда үнін өшірді. Құдық аузындағы тақтайдың шетінде үш сызық бар. Үйдегіге дәл ұқсас. Тек мына сызықтар ішкі жағынан, төменнен жоғары қарай жүрген.Құтты бір құдықтан біреу өрмелеп щыққандай. Түбінде шаң арасында ұзын қара шаш өрімдері жатты, ал жанында саусақтай ұзын, жез түстес тырнақтар. Дәурен біреуін қолына алып еді, саусағын кесіп алды.Осы көріністен кейін ол үндемеді.
Әңгімесі таусылған екеуі, қайтарда тіс жармады.Дәурен Мөлдірді қақпаға дейін шығарып салды да, ішке кіргісі келмеді.
Әже көршіге кеткен екен. Мөлдір оның бөлмесіне кіріп, төсектің астынан сандық тартып шығарды. Кілті жастықтың астында тұрған. Ішінен орамал, хаттар және ескі сурет шықты: жас әже мен ұзын шашты бір қыз, артында сол құдық. Суреттің сыртына қарындашпен «Айнаш, 1978» деп жазылған, бірақ есімнің үстінен үш сызық тартылған.
— Жап, — деді әже есік алдынан. Суретті қолынан жұлып алды.
— Бұл кім? Сол құдықтың қасында...
— Атын атама! Атын атаған сайын ол естиді. Бүгін ол қонақ болып келеді. Не естісең де, жатқан жеріңнен тұрма.
— Сіз бәрін білесіз ғой.
— Білемін, сондықтан айтпаймын, — деді әже. Көзі жасаурап тұр еді.
Түнде Мөлдір ұйықтамай жатты. Арғы бөлмеден әжесінің қорылы естіліп тұрды, соған құлағын тосып жатты. Екіден асқанда қорыл тоқтады. Бірден кіреберіс есіктен тырнаған дыбыс шықты.Түндегідей тырс... тырс...
— Қызым... Мен далада қалып қойдым ғой, есік жабылып қалыпты. Аша ғой, суық.
Бұл анасы емес, әжесінің дауысы еді. Мөлдір әжесінің бөлмесіне барып қараса, төсек бос, бірақ әлі жылы. Сырттан дауыс қайталанды: «Қозым, аша ғой».
Сол кезде артынан, ас үйдің қараңғысынан, әжесінің даусы сыбырлады:
— Қозым, артыңа қарама. Жауап берме.
Екеуі бірдей дауыс. Мөлдірдің аузы ашылып барады, тілінің ұшында «апа» деген сөз тұр.
Бөлім туралы пікірлер 24
дыбыстардың шығуы шынымен қорқынышыты
Шығарма өзінің сюжеті мен өте қызықты
Дауыстар шынымен қорқынышты
Қорқынышты дыбыстар шынымен шфнайы әсер сыйлады