Аньчжэнь әже баяғыда — ақ лақтырып тастау керек болған ескі шапанын жамап ошақ басында әлі отыр еді.
— Барыңыз, жатып ұйықтаңыз, — деді Сюэ. — Қалғанын өзім бітіремін.
Әжесі жымиып, шапанын жинап, инесін қойды да, күрсініп орнынан тұрды. Күндіз ас үйде бар күшін салып, кешкі уақытта орнынан тұрауға әрең күш жететін. Орнына тұрып, Сюэге жақындап, өзінің құрғақ әрі жылы саусақтарымен оның сипады. Сюэге бұл қалыпты нәрсе болатын, ол әжесінің бұлай еркелетуіне үйреніп қалған.
Сол түні осы бір сәтті қайта есіне түсіру үшін бар дүниесін беруге дайын боларын ол әлі білмеді.
— Жақсы жатып, жақсы тұр, Сюэ.
— Тәтті ұйқы болсын, әже.
Таңертең Аньчжэнь ас үйге шықпады.
Сюэ әдеттегіден ұзақ күтті. Алайда әжесі әлі де сәл ұйықтағысы келетін шығар деп мазасын алған жоқ. Ол өзі ошақты тұтатты, су қойды. Ұйықтайтын бөлмені ортақ бөлмеден бөліп тұрған жұқа қалқаның ар жағынан әжесін екі рет дауыстап шақырды. Үшінші рет үн қатпаған соң ғана есікті итеріп ашты.
Аньчжэнь төсегінде жатыр екен.
Жүзі жайбарақат еді.
Тым жайбарақат.
Сюэ мұны әлдеқайда кейін түсінеді.
Көршілер әженің ұйықтап жатып, тыныш қана дүниеден өткенін айтты. Адам жақсы өмір сүріп, өз уақыты келгенде осылай кетеді-мыс. Шақырылған емші де басын изеп, барлығының айтқан сөздерін қайталады.
Сюэнің қасындағы адамдар барлығын білетіндей көрінеді. Алайда ешкім білмейтін құпия бар ... Жасырын қабілеті арқылы Сюэ осы тұрған адамдардың ішінен жалғыз барлығын білуі керек еді. Неге екені белгісіз әжесінің аруағы көзге көрінбеді.
Бірнеше күннен кейін әжесінің ендігі жоқ екенін жанымен ғана емес тұрмыста да сезіне бастады.
Қазанның жанында тұрып, сорпаны екі тостағанға құйып қойып, екінші тостағанды не үшін алып қойғанын бірден аңғармады. Ол әжесінің әдеттегі орнына қойылған еді — үстелдің шетіне, таңғы жарық көзге тура түспейтін тұсқа.
Сюэ сол тостағанға ұзақ қарады. Оны алып тастауға да, көрмегендей болуға да шамасы келмеді.
Сол күні кешке ошақты тұтатып жатқанда, ол таныс сықырды естіді.
Бұл — біреу сүйенсе болды, әжесінің ескі орындығы шығаратын дыбыс еді.
Сюэ жалт бұрылғаны сонша, қазанды аударып ала жаздады.
Орындық бос тұрды. Көптен кепкен ағаштың өз салмағымен сәл шөгіп, сықыр еткені ғана. Бұрын да кейде солай болатын.
Бірақ сол бір сәтте, санасы дыбыстың себебін түсіндіріп үлгермей тұрып-ақ, Сюэ әжесінің келесі сөзін естуге дайын тұрған еді.
«Сорпаны тағы да қайнатып жібердің бе? Отты бақыла деп қанша айттым!»
Алайда ешкім тіл қатпады.
Хош иісті түтін мен көршілердің зарлы дауысы араласқан жерлеу рәсімінде де үн қатқан жан болмады. Олардың көбі Аньчжэньді Сюэнің өмір сүрген жылдарынан да ұзақ білетін.
Одан кейінгі түні де ешкім келмеді. Сюэ бос ас үйде жалғыз отырды. Әжесі бітпейтін шапанын жамап отыратын орындыққа телміріп, күтті. Әйтеуір бір көлеңке көрінсе екен. Бір белгі берсе екен. Оның әлі де осында екенін, тек сәл кешігіп жатқанын дәлелдейтін титтей нәрсе болса да екен.
Бірақ ешкім келмеді.
Сюэ өзін ес білгелі бері өлілерді көріп өсті. Жол бойындағы қарттарды, өзен жағасындағы балаларды, осыдан жарты ғасыр бұрын ауылдан өтіп, содан бері кете алмай қалған сарбаздарды көрді. Өзгелердің қайғысына соншалықты жиі куә болғандықтан, таңғалуды да ұмыта бастаған еді.
Бірақ ол осы уақытқа дейін біреудің болуы тиіс жерде бос кеңістік тұрғанын ешқашан көрмеген.
Сол түні алғаш рет оны кез келген елестен гөрі сол бос кеңістік қаттырақ қорқытты.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.