«...Бұрында, әлімсақтан сәл-ақ кейінгі заманда, Әбу-Насыр Әл-Фараби деген бір пәлсапашы бар-ды ғой?» — деп қара шашты бір жас қыз бала ақ параққа жаза бастаған, — «Оның пайымынша әлем бірнеше өрістен құралған-мыс. Ең тар өріс — заттың өрісі, жағыни, Жер әлемшарымыз, немесе, Әкем айтатындай, Жер-Суымыз, нағашы Әжекем айтатындай, Бәніміз, еді. Әлбетте, ол заманғы адамдар кешіп жүрген әлеміміз құр тегіс емес, доп-домалақ екенін білмеген... көбіне. Бағзы заманғы біршама жұнан (грек) пәлсапашысы жер-суымыз домалақ бетімен көсілгенін білетін екен, әрі соны дәлелдеген екен, бірақ олардың пайымдарына аса көп жұрт көнбей қойған. Ол ақылы жөн екенін растауға адамзат біршама ғасыр жұмсаған. Ал, ендеше Әбу-Насырға оралайық: заттың дүниесінен кейін біршама пәлекиет өрісі бар деп ол айтқан. Әр өріс оған дейінгі өрістің бәрін қамтиды, әрі одан кеңірек болады. Ең кең өріс ол Құдайдың өрісінің өзі болады деп түйген. Құдайды ол және де «Бірінші Себеп» деп атайтын... Бұның себебі, «эманация», жәки, «ағын» ілімі...,» — деп, үй тапсырмасын уақытына дейін істеп аяқтайын деп отырып, жазған үстіне жаза берген баяғы қыз, күн арқан бойымен сорғалап түсіп, қызыл іңір басқанын байқамай қалып, істеуін істей берді...
2000 жылғы 19 Қаңтар жұлдызы, кешкі сағат 17:24. «Барса-Келмес» ғимаратының маңайында жиылған бір топ адам, жауып тұрған оғаш қарлы шөлді, қарлы әуені саңлап, бірімен-бірі сөйлесіп тұрды. Сөйлеген барысында бір сәті әңгімелері айқай-шу дауласқан болды. Қатарларында әскер адам, ғалым, жорналшы, саясаткер дегеннің бәрі бар еді. Ешқайсысы бірін-бірі тыңдағысы да келмеді, бажылдасқан үстіне бажылдасып, ақыры, әбден салғыласып кетті. Ақиланып, ауыздарын көпіртіп тұрған кісілердің төңірегінде қос тігіп-тігіп біршама жұрт жүрді. «Кім неғысса да, ғылым ете берейік, қанеки!» — деп қол ұстасқан жастар, қарияларға мән бермей, өздерінің жатағын сала берді. Дәл ең соңғы қосты тіккелі тұрғанда, бұрында тып-тыныш тұрған ғимараттан бір борсылдаған дыбыс шығып, бір мезеттен соң шоң қос есігі паш ете ашылып қалады да, жұрттың бір бөлігі бірден қашып жөнеліп, басқа бір бөлігінің үрейі шығып, мелшиіп қалып, ғимараттың қарауытқан ішіне көз тігеді. Кірпік қаққанша дыбыс басылып, есік біртіндеп сықырлап жабылады. Әлденеше уақыттан соң бәрінің ұшып кеткен жүректері көкіректеріне оралып, халық біріне-бірі қарасып, бүтін жатақты ғимараттан арырақ көшіруге көніседі. Бұл «Барса-Келмес» ғимаратын жаңа ғана зерттей бастаған кезі болған оқиға еді...
1999 жылғы 25 Желтоқсан жұлдызынан 2000 жылғы 8 Қаңтар жұлдызына дейінгі уақыт арасында дүниежүзінің барша тұсын алып бір ғимараттар басып алған. Әрқайсысы 1 шақырымнан 15 шақырымға дейін кең болып келетін, әрі ондаған құлаштай биік-тін. Түстері мен түрлері біп-бірдей — Үрім сәулетіндей салынған аппақ дөңгелек ғимараттар. Ондай ғимаратқа әр аймақтағы жұрт әр қилы ат қоятын. Бір қырда «Әулиенің үйі», басқа қырда «Ібілістікі» дегендей аттар жүрді. Қазағыстанның ғимараты ше, жаулап алған жеріне сай «Барса-Келмес» деп қала берді. Халықара жалпы атауы ше «Тәңірі Зынданы», «the God's Dungeons» болып қалыптасқан.
Әр сондай ғимарат өзінің маңындағы ауа райын әр түрлі қып құбылтып жатады. Қазағыстанның бір-ақ жалғыз «зынданы», мәселен, қыс түскенде, аямай, қоймай, күні-түні қар жаудырып тұрады. Ақпанның аяғына қарай, әдетте, жерге түскен қар бір жарым аршын қалың болады. Көктем туғанда, кейде жаңбыр жаудырып тұрады, бірақ та ғимараттан бері бір шақырым жер үнемі құрғақ қала береді, әрі тірі затсыз болады. Еш аң да, құс та, балық та, о түгіл, жәндіктің өзі жоқ, қала берді, өсіп тұрған көк те жоқ, бәрі жоқ болады. Әлбетте, тірі жан сол жерге барып көрсе, бірден-ақ өліп қалмайды, бірақ шайнайтын көк болмағандықтан киік те, көп ұзамай, кетіп, жоқ болады, киік жоқта жыртқыш аң сол жерге мүлдем жолықпайды. Тек жәндік әлдеқандай себепті сол жерге таяп қалғанда, бір қабырғаға тап болғандай, бұрылып бірден кете береді. Біреу тірі жәндікті қолына алып кірейін десе, жәндіктің зәресі ұшып, құтырып кетіп, қашуға жөнеледі. Әр құтыла алмаған жәндік біраз уақыттан соң өлгендей қатып қалады. Бірақ оны біреу сол жақтан әкетіп қойысымен-ақ бірден тіріліп, ештеме болмағандай, тұрмысын, әдетінше, қыла береді. Шөлге бейім ағаш, бұта, гүл еккеннің бәрінің ісі өнбей қала берген; егілген көктің бәрі тамырын жайғанда, әлденеден солып қалатын-ды. Жаздыгүні ол жақтың ауа райы кәдімгі, еш қызықсыз болады. Күздегі ауа райы, бірақ, есесіне, ең оғаш болып жатады — ағашы жоқ шөлдің бетін аспаннан жауған қызыл-сары жапырақтар басып қалады. Адам мен жалпы небір ірі жануарға о жердің зарары тиді деген бүгінге дейін тіркелмеген жайт. Ауа-топырағы усыз, жауын усыз, неден жәндік құтырып кететіні, көк солып кететіні әлі де бір сыр.
Сырты тап бір көлізей құрлы: аппақ мәрмәр тастан сомдалған бағана, қабырға, әрқайсысы біртүрлі, ақылыңа қонбайтын оюлы-өрнекті; ою-өрнегі алтын сымақ жарқырауық затпен безенген. Тегіс төбелі ғимараттың еш жақтың қырында саңылау, тесік деген жоқ. Тап шығысқа беттеген жуан қос есігі бар, бүтін ені 8 құлаш — сыңар есіктің ені 4 құлаш — әрі 14 құлаш биік, 2 тұтам 3 елі қалың. Есік қоңыр еменнен жасалғандай көрінеді, оның да беті алтын сымақ затпен безенген, әрі оюлы-өрнекті. Ғимараттың әр ою-өрнегі дәл нені суреттеп тұрғаны ешкімге мәлім емес. Ешкімнің, ғимараттың қабырғасын не есігін шауып-жарып, бір бөлігін алып ап көргісі де келмеді. Теқас ыштатында болған нәубетті қайталап көруге ешкімнің дәті бармады, әкімият та бәрібір рұқсат бермек емес.
Ғимараттың ішін баян еткен қиындау. Кейбіреулер зындандардың іші тіпті жоқ, оның есігі деген бір басқа әлем мен біздің әлеміміздің тап шекарасында тұрған өткел деп көреді. Демек, есіктен өткен әр кісі жаңа бір әлемге көшеді деп сенеді. Тегінде, бұл әзіргі зерттеушілердің біліп тұрған жалғыз әжептәуір болжауы.
Есіктен жаңадан өтіп кіргенде, әр адам әр түрлі көріністерге тап болуы мүмкін: ашық аспан мен кең жайлау; мұхиттың өзі; таулы аймақ; бір ғимараттың іші; қаңырайған ескі қоныс; бір заттың өлексеге толы іні, кете береді. Есік жабылмайынша бәрін бір жерге апара береді, бірақ жабылып, жаңадан ашылғанда, басқа бір жерге апарады. Кей елдер сол себепті есік жабуын тиды, бір жерден үзіліп қалып, кіргендерді жалғыз қалдырып қалмайық деген ниеттері. Дегенмен, есік жабылғанда кіргендер әсте шыға алмайды деген сөз емес. Олар сол баяғы есікті өздері «ішінен» ашып шыға алады, бірақ шыққанда тек есігі ашулы зынданнан шығады. Мәселен, Быританияның зынданының есігі жабылып қалғанда, ішке кіргендері бірден шығайық деп, Қазағыстанда ашық тұрған есіктен шығып қалды да, бірін-бірі шошытып жіберіп, бір сәтте «астапыралда! oh my god!» деп екі тарап бақырысты; сонсын, әлбетте, шай ішісіп отырды. Кірген есіктен алыстап кеткендер басқа бір есікті тауып алып, одан шыға алады. Бұдан шығатын пайым «бар зынданның іші ортақ», және де расымен, екі түрлі зынданға кіріп өткен екі бөлек тарап бір ортақ жерге келіп қалуы да мүмкін.
Ақыры, зындандарды кезіп, ішкі дүниесін зерттеу саласы мен ішінен сан түрлі зат әкеп-сату нарығы қалыптаса бастады. Тіпті, бірнеше елдің зындандарының кіреберісінің төңірегінде қалашықтар салынды, зындандардың ішіндегі кей жерлерде адамзаттың тұрақты қоныс-мекені де құрылды. Сөйтіп, ондай кезбе ісімен болған адамды маман деп көре бастаған. Қазағыстандағы атау «Оралып-Көрер» болды.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.