Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

4-бөлім · 16 мин

4-тарау · Әкенің қолы

4 / 10

Зере

Есен көрсететін жерге Зере одан бұрын кіргісі келді.

Арбашының «шебер» дегені құлағында қалып қойды. Ауылда әкесін атымен атағандар оның тірі тұрғанына сенбеген. Мұнда бір адам жүзін көріп, жұмыс жайын айта жөнелді. Есен де таңданған жоқ. Қай құбырды қоюға болмайтынын айтты. Даусы үйіндегі даусынан анық шықты.

Тас дәліздің бұрылысында әкесі оны тоқтатты.

— Әуелі жарық түсірейін.

Зере шамды алды.

— Өзім түсіремін.

Әкесі қолын жіберді.

Қақпа бөлмесінің табалдырығы дымқыл екен. Екі жағындағы ағаш таяныштың адам ұстайтын тұсы қарайып кеткен. Зере алдымен соларды көрді. Одан кейін қабырғаға қаз-қатар ілінген қайыс орамдарын, ұштары мүжілген сыналарды, түбі бос тостағанды байқады. Тостағанның тұтқасын сыммен бекітіпті. Сымның ұшы адамның қолына батпасын деп ішке қайырылған.

Таныс қимыл.

Үйдегі шөмішті де әкесі солай жөндеген.

— Шамды жоғары көтер, — деді Есен.

Зере көтерді.

Бөлменің арғы қабырғасы қозғалып тұр екен.

Ол әуелі солай түсінді. Тас беті алға шығып, кейін шегінеді. Жарық түскенде ғана тастың алдында керілген қара қайыс қабаттарын ажыратты. Бір адамның құшағы жетпейтін жалпақ жолақтар бір-біріне тігілген. Тігістердің кей жеріне жаңа қайыс басылған, кей жерінде ескі жіптің ағарған талшығы көрінеді. Ар жағындағы су әр соққанда, тұтас бет дем алғандай көтеріледі.

Зере еріксіз бір қадам кейін шегінді.

— Бұл не?

— Тас қақпаның жігін ұстайтын қаптама. Ар жағында су тұр.

— Осынша суды тері ұстап тұр ма?

— Тірек ұстайды. Тері жікті бітейді. Бірі босаса, екіншісі ұзаққа бармайды.

Әкесі мұны айтқанда, Зере оның неге он екі жыл бойы қарайғанын алғаш рет көз алдына елестете алды. Әр жіптің қасында тұрып көрсе, мына бөлмеден шығуға уақыт қалмайтын сияқты.

Бірақ едендегі жаңа қырынды, қабырғада ілулі екінші алжапқыш бар еді. Бұл жұмысты жалғыз атқармаған.

Қақпаның оң жағынан адам шықты. Қолындағы шырақты төмен ұстап, Есенге бас изеді. Білегіне дейін түрген жеңінен бозғылт қабыршақ көрінді. Жасы Зереден үлкен емес сияқты.

— Оң жақтан қайта сыздықтады, — деді ол. — Астына науа қойдым.

Есен еңкейіп, суға екі саусағын тигізді.

— Қанша уақыт болды?

— Екінші шырақты жаққалы.

— Жақсы. Әзірге соны алма. Сен тынығып ал, мен қараймын.

Жұмысшы кетпестен бұрын Сілбінің оралған қолына қарады. Сұрақ қойған жоқ. Есіктің жанындағы құрғақ матаны алып, оған ұсынды.

— Керек емес, — деді Сілбі. Сосын кідіріп: — Рақмет. Мынаны ауыстырайын, — деп алды.

Зере өз орамалының шеті суланғанын сонда көрді. Сілбі оны қайтарып берді. Жуылған темірдің иісі шығады.

— Мен кеңсеге барамын, — деді ол Есенге. — Қайтып келгенімізді айтамын. Жоғарыдан өкілдер келуге тиіс екенін де.

— Құжат керек пе? — деді Зере.

Сілбі қапқа қарады.

— Өзіңде болсын.

Ол есікке жетіп, қайта бұрылды.

— Мынаны жөндегенің шартты да түзеді деген сөз емес, Есен.

Әкесі жауап бермеді. Сілбі шығып кетті. Құрғақ мата ұстаған қолын денесіне тақап алыпты.


Есен тізерлей алмай, аласа орындықты өзіне тартты. Оның бір аяғы қысқа екен. Отырмастан бұрын астына ағаш жаңқасын салды.

Зере қабын ашып, тақтайларды шығарды.

— Осы жерде қараймын.

— Үстелдің арғы шеті құрғақ.

Әкесі теріні алған жоқ. Қыз бауын өзі шешті. Қақпадан түскен салқын тамшы үстелдің жақын шетіне тиді. Ол құжатты ішкері жылжытты.

Есен құрал орамын жайды. Пышақ, жуан ине, жалпақ қысқыш. Ең шетінде сабы қарағайдан жасалған біз жатыр. Зере оны танымады, бірақ сабындағы кішкентай ойық таныс көрінді: әкесі бас бармағын тірейтін тұсты әр құралынан жонып алатын.

Ол бізді қолына алды.

Ұшы үш қырлы екен. Бір қыры сәл кетілген. Зере шамды жақындатып, шарттың қайта тігілген жиегіне қарады. Жаңа тесіктер дөңгелек емес. Бір жағы жіңішке сызатпен созылған.

Жарақаттанған білегі сыздады. Ол құралды екінші қолына ауыстырды.

— Мына қайыстың қиындысын алсам бола ма?

Есен қарады.

— Ал.

Зере үстелдегі жұқа қиындыны бір рет тесті. Ұшты айналдырмай суырды. Тесіктің бір жағында дәл сондай жіңішке жырым қалды.

Әкесі қысқышын қойды.

— Оны қайрау керек еді.

Зере екі теріні қатар жатқызды.

— Жиегін сіз тіктің бе?

Қақпаның артынан су соқты. Есен дыбысқа құлақ түрді. Бір соққы. Үзіліс. Екінші соққы алыстан келді.

— Әзір тұр, — деді ол.

— Дыбысына қарамаңыз. Маған қараңыз.

Әкесі орындыққа отырды. Астындағы жаңқа сықыр етті.

— Жиегі кесілген соң қайта тігілді.

Зере бізді алдына қойды.

— Кім тікті?

Есен сау алақанымен тізесін сипады. Қысқышқа қол созды да, жетпей тоқтатты.

— Мен тіктім.

Зере сол сөзді естігенше әкесінің не айтарын білген. Естігеннен кейін де алдында жатқан тері өзгерген жоқ. Тек оны әкелгенде неге кеудесіне қысып жүргенін түсінбей қалды. Әкесін қорғайтын айғақ болады деп ойлаған еді.

— Нені кесіп тастадыңыздар?

— Төменгі қонысқа қалатын су туралы шартты. Су азайса, бөлуді қайта қарау керек болатын.

— Ал қазір ше?

— Қазір мына нұсқада ол жоқ.

Зере жол бойындағы үйді есіне алды. Үгітілген сылақ. Су жүретін науа. Босағада қалған кесе. Құрғақ жерден шаң көтерілгенде, Сілбі көзін төмен салған еді.

— Су жетпейтінін білдіңіз бе?

— Азаятынын білдім.

— Үйлердің босайтынын ше?

— Бәрі осылай болады деп ойлаған жоқпын.

— Қалай болады деп ойладыңыз?

Есен бетін көтерді.

— Келесі жылға арнаны кеңейтеміз деп. Қосымша ағыс жетеді деп. Ол кезде жоғарыда мал қырылып жатты. Құдыққа кезекке тұрған адамның шелегі бос қайтатын. Сен...

Ол тоқтады.

— Мен не?

— Сен де сол ауылда едің.

Зере тақтайдың қырын ұстады. Тырнағының астына жіңішке жаңқа кірді. Суырып алмады.

— Сонда мен үшін тіктіңіз бе?

— Сен үшін де.

— Мен мұны сұраған жоқпын.

— Білемін. Сен бала едің.

— Кесуді анаң ұсынды, — деді ол.

Зере қолын тақтайдан алды.

— Мен сізден сұрап отырмын.

— Мен соны айтып...

— Жоқ. Анамның атын айтып отырсыз.

Әкесі аузын жапты. Қақпадан тамған су науаның түбін ұрды. Сол дыбыс араларындағы үнсіздікте тым қатты естілді.

— Келістім, — деді Есен. — Кесілген жиегін жинап, тіктім. Ескі тесігі көрінбесін деп ішке қайырдым.

Зере теріні аударды. Ішке қайырылған жиек. Қос қабат. Құдық басында көргені осы еді.

— Әдемі тігіпсіз.

Есен оған қарады.

Зере айтқанын қайтып алмады. Өзі біреудің жаман жамауын көрсе, қайта сөгіп шығатын. Әкесі бұл жерде із қалдырмауға тырысқан. Қолының ебі жеткенше.

— Жыртылмасын дедім, — деді ол.

— Көрінбесін де дедіңіз.

Есен басын изеді.


Науаға тамған су жиіледі.

Зере әуелде әкесінің тағы да жұмысқа бұрылуын күтті. Бірақ Есен оған қарап отырды. Ақыры қыздың өзі суға қарады.

Жеке тамшылардың арасы қосылып барады.

— Мынаны қазір істеу керек пе?

— Иә.

— Қанша уақытқа шыдайды?

— Ішін ашпай білмеймін.

Зере шартты қайта орады. Бізді әкесіне бермей, үстелге қойды.

— Көрсетіңіз.

Есен орнынан тұрып, қабырғаның төменгі жағындағы тұтқаны нұсқады. Қара қайыстың алдында кеудеге келетін ағаш белдеу тұр. Оның астынан жуан сына өтеді.

— Белдеу жүктің бір бөлігін алады. Сынаны шығарып жіберме. Босай бастағанын ғана сез.

Зере тұтқадан ұстады. Ағаштың алақанға келетін жері тегіс, одан арғысы кедір-бұдыр. Мұны қайрақпен тегістемеген. Адамдардың қолы жылдар бойы қажаған.

Есен су шығып тұрған жіктің шетін көтерді. Зере қара қайыстың астындағы екінші қабатты көрді. Ол жұқара бастаған екен. Тігісі бүтін, терінің өзі желінген.

— Жіп ауыстырғанмен болмайды, — деді қыз.

— Болмайды. Ені кеңірек жамау керек.

Зере өзінің қайыс орамын сұрады. Әкесі әкеліп, жерге қойды.

— Мына тұсын ал. Суға ісінеді.

— Талшығы көлденең түседі. Арғы шеті дұрыс.

Есен орамды аударды.

— Дұрыс. Сол шетін ал.

Осы екі сөз Зерені бір сәт бұрынғы орнына қайтарды. Бала кезінде әкесі жұмысының дұрыс жерін дәл осылай айтатын. Ұзақ мақтамайтын. «Дұрыс» дейтін де, келесі құралды ұсынатын.

Қыз бірден қуанып кеткеніне ашуланды.

Ол қайысты өлшеп, белгі салды. Оң білегіндегі қара дақ тартқан сайын ауырады. Есен оны байқап:

— Тұтқаны мен ұстаймын, сен кес, — деді.

Бұл жолы Зере қарсыласпады. Қолдарын бірінен соң бірі ауыстырды. Тұтқа ортасында бос қалған жоқ.

Жамау орнатылғанда, науадағы су сиреді. Толық тоқтамады. Есен жаңа қайысқа қолын тигізіп көрді.

— Ісінген соң басылады. Оған дейін қараймыз.

— Қанша рет осылай жамадыңыз?

Ол қабырғаға қарады. Зере сол жерде қатар-қатар кертілген белгілерді көрді. Әуелі күн санап сызған екен деп ойлады. Кейбірінің астына қайыстың түрі жазылыпты. Жұмыс есебі.

— Бір жерді қайта-қайта, — деді Есен. — Бәрін бірден ашуға болмайды.

Жоғарыдағы есік маңынан табақ көтерген жұмысшы келді. Әлгі жас жігіт. Табақты еденге емес, үстелдің құрғақ шетіне қойды. Ішінде қою көже, қасында екі қасық бар.

— Екеуіңе, — деді ол. — Мен ішіп алдым.

Есен басын изеді.

— Таңға дейін демал. Тұтқаны өзім қараймын.

Жігіт оның таңғышына көз тастады.

— Тағы ашылыпты.

— Таңамын.

Ол бұл жауапты бұрын да естігендей үнсіз кетті.

Зере бөлменің шетінде жатқан жұқа төсенішке қарады. Бас жағында бүктелген киім, астында табаны қағылған етік бар. Етіктің сол ұлтаны ішке қисайған. Үйге киіп барған етікті осы жерде жөндеген екен.

— Осында ұйықтайсыз ба?

— Кейде арғы бөлмеде.

Арғы бөлме есіксіз қуыс еді. Бір сәкі, қабырғада шапан. Қақпаның дыбысы оған да естіледі.

Есен көжені сол қолымен ішті. Оң қолын тізесіне қойып алған. Зере қасықты алған жоқ. Қарынның ашқаны басылғандай көрінген, ыстық астың иісі шыққанда қайта сезілді.

— Менің алдымда аш отырма, — деді әкесі.

— Отырған жоқпын.

Ол қасықты алды.

Бір табақтан кезектесіп ішті. Әкесі қоюын қызының жағына қарай ығыстырып қойды. Зере араластырды. Есен қайта ығыстырған жоқ.

Табақты жинағанда, астынан ұсақ сызба шықты. Қағаздың бір шетіне май сіңген. Есен сүртпек болып, керісінше жайып алды да, қойды.

Зере сызбаға қарады. Екі арна, ортасында қақпа. Бір жақтағы жол жоғары көтерілген, екіншісі жіңішкере барып үзіледі. Қыз саусағын сол үзілген жерге қойды.

— Мынау біз өткен қоныс па?

— Соған баратын тармақ.

— Шартты қайта тігіп, соны ашсақ ше?

Есен орындықтан тұрып, қабырғадағы тар текшені көрсетті. Ішінде жазуы бар тас жатыр екен. Оның бір шеті қабырғаға кіріп кеткен. Қиғаш сызықтардың бойында су жылтырайды. Зере жақындағанда, әріпке ұқсас таңбалар жарықты кері қайтармай, ішіне жұтып алғандай күңгірттенді.

— Шарттағы жол мына тастың жолымен сәйкес келуге тиіс, — деді әкесі. — Тек су ағатын саңылау емес. Кім нені алады, кім нені істейді — соны ұстайды.

— Құдықтағы белгі сияқты ма?

— Соның басы осы жерге келеді.

Зере Сәрсеннің қарая қалған тырнағын есіне алды. «Қоя салса екен» деп ойлағаны да есінде. Ол тасқа қол созған жоқ.

— Сонда жоғалған шартты қайта жазамыз.

— Жазатын адамдар келуге тиіс. Өздері келісуге тиіс.

— Ал сіз жиегін тіккенде келді ме?

Есен текшенің төменгі шетіндегі суды сүртті.

— Бәрі келген жоқ.

— Сонда қақпа неге жұмыс істеді?

Есен тасқа түскен алты ойықты көрсетті.

— Қалған алтауы өз атын өзі айтқан. Солардың жолын ашты.

— Сәрсенді зорлағанды таныды ғой. Мұны неге танымады?

— Қолыңды тасқа қойғанда, аузыңмен айтқаның мен ішіңде бекінгенің қабысуы керек. Сәрсен қаламын деді, қашқысы келіп тұрды. Белгі ұстамады.

— Ал мұндағы жұрттың суын тартып алу ше?

Әкесі текшенің оң шетіне қарады.

— Тас келмеген адамды іздемейді. Қолы қойылмаған жолды оқымайды. Кімнің атынан сөйлеуге хақың барын да білмейді. Соған ханның мөрі куә болады.

— Сонда тасқа өтірік айтпай-ақ, жұртты алдауға болады екен ғой.

Есен басын изеді.

Текшедегі су Зеренің соңғы сөзін сыбырлап қайтарды. «Болады екен ғой». Дауысы жас қыздікінен жіңішке еді.

— Мына тасты сіз жасадыңыз ба?

— Ұстайтын орнын жасадым. Өзін емес.

— Кім жасаған?

Әкесі шамды төмен түсірді.

— Оны істеген қолдың ізі жоқ. Хан да қолын көп ұстамайды.

— Мынаны қайтарсақ, әуелі қай үйге жетеді?

Есен басын шайқады.

— Арнаның түбін көру керек. Тазаланбаған жерге суды жіберсек, жол іздеп басқа жаққа кетеді. Тастың астын шайып, төбені түсіруі мүмкін.

— Сілбі соны біле ме?

— Біледі. Су келсін дейді. Қалай келетінін де сұрайды.

Зере үстелдегі тері орамына қарады. Құжатты аман әкелу үшін өткелде қабына жармасқан еді. Мына бөлмеде оның салмағы азайып қалғандай. Бір шетін қайта тігіп, арнаға су жіберу мүмкін болмаса, өзімен бірге алып келген құралдарының да жетпейтін жері бар.

— Бұл сызбаны аламын, — деді ол.

Есен қағазды өзіне жақындатты.

— Осысы керек. Көшіріп ал.

Зере жауап бермей, таза парақ іздеді. Әкесі үстелдің астындағы жұқа қорапты ашып берді. Ол екі арнаны көшірді. Үзілген жолдың ұшын түзу сызықпен жалғастырған жоқ. Сол жерге кішкентай сұрақ белгісін қойды.


Көжеден кейін әкесі оған екінші тұтқаны көрсетті.

Бұл тұтқаның ағашы жаңа еді. Ұстайтын жері әлі қажалмаған. Еденге түскен темір табаны қақпаның негізгі тірегіне жанаспай тұр.

— Мұны неге қолданбайсыздар?

— Қосымша тірек. Негізгісін ауыстырғанда жүкті соған салуға болады.

— Онда қазір неге салмаймыз?

Есен едендегі саңылауды нұсқады. Тұтқаны қозғаса, белдеу төмендегі тасқа тірелуге тиіс. Ал тас пен темірдің арасында екі саусақтай бос орын бар.

— Төменін қайта төсеу керек. Бос тұрғанда жақындатуға болады. Су қысқанда кеш.

Зере еңкейіп қарады. Оны есіне сақтауға тырысып, темірдің шетін тырнағымен сызды. Жаңа із ағарып қалды.

— Мынау іске жарайды ғой.

— Жарайды. Дұрыс дайындасаң.

Есен оның жанына отырып, тұтқаның жүрісін көрсетті. Қай жерде тоқтау керегін, қай дыбыстан кейін сынаға тиіспеу керегін айтты. Бір сәтке бөлме тек жұмыс орнына айналды. Зере сұрады, әкесі жауап берді. Қате ұстаған жерін түзеді. Дұрыс ұстағанында қолын тигізген жоқ.

Содан кейін Есен:

— Сен қалған алғашқы айда мұны жалғыз қозғама. Түнгі кезекте қасыңа біреу қойғызамын, — деді.

Зере тұтқаны жіберді.

Ағаш аз ғана кері серпілді. Әкесі бірден ұстап қалды.

— Ақырын!

Зере оған қарады.

— Мен қалған айда?

Есен тұтқаны орнына түсірді. Сынаны тексерді.

— Үйренгенше деймін.

— Нені үйренгенше?

— Осы жұмысты. Қолың келеді. Қайысты танисың. Бүгін өзің де көрдің.

— Қолым келетінін білемін. Мен қаламын деп қашан айттым?

Есен орнынан тұра алмай, тізесіне сүйеніп біраз отырды. Зере көмектескен жоқ. Әкесі ақыры тұрып, орындыққа жетті.

— Біреу үйренуі керек.

— Мұнда істейтін адамдар бар ғой.

— Бар. Бәрін бір адам істемейді. Бірақ қақпаның екі жағын да білетін шебер керек. Жоғарыдағы арнасы, төменгі жігі. Оларды бөлек қарасаң...

— Мені не үшін ерттіңіз?

— Өзің барамын дедің.

Зере басын изеді. Өзі айтқан. Қақпаны көремін деген. Әкесінің жанында қажет адам болғысы келген. Бірақ сол сөздердің арасынан оның бүкіл өмірін алып шығуға бола ма?

— Мен көруге келдім.

— Көрдің.

— Қалуға келіскен жоқпын.

Есен таңғышының ұшын тартты. Түйіні қатайып қалыпты. Сау қолымен аша алмады.

— Мен де бірнеше ай деп келдім, — деді ол.

— Соны біліп тұрып маған бірнеше ай дейсіз бе?

Әкесінің саусақтары тоқтады.

— Жоғарыға шықпай тұрып ойладыңыз ба? — деді ол. — Менің осында қалатынымды?

Есен ұзақ үндемеді.

— Сенің қолың икемді еді.

— Он бір жасымдағы қолым ба?

Ол жауап бермеді.

— Сіз менің қазір қандай екенімді де білмедіңіз ғой.

Есен қызға қарады. Жүзіне өкпе шықты. Оны жасырмады. Зере сол өкпеден әкесінің әлі де өзінен түсіністік күтіп отырғанын көрді. Он екі жылдық еңбегін, ауырған аяғын, жазылмайтын жарасын қызы өзі есептеп, дұрыс жауап шығаруға тиіс сияқты.

— Сені көруге келдім, — деді ол.

Зере осы сөздің жалған болмағанын қалады. Жалған емес те шығар. Қасындағы төсенішті, түзелген табуретті, өзіне ығыстырылған көжені көріп отыр. Сол адамның қызын көргісі келуі мен орнын бастырғысы келуі бір-біріне кедергі болмапты.

— Сонда мені де көргіңіз келді. Қолымды да керек қылдыңыз.

Әкесі бетін бұрды.

— Сонда келмеуім керек пе еді?

— Сөзімді аяқтайын.

Есен тынды.

— Көмектесемін. Қолымнан келгенін істеймін. Бірақ сіздің орныңызға қалуға келіскен жоқпын. Оны менің атымнан ешкім айтпасын.

Қақпа тағы соқты.

Бұл жолы Зере дыбысты санады. Бір. Ұзақ үзіліс. Екіншісі бәсең. Әкесінің өзі үйреткені.

Есен тұрып, жаңа жамауды тексерді.

— Жарайды, — деді.

Оның даусы келісімге ұқсамады. Бірақ қайтадан «сен қалған кезде» деген жоқ.


Кейін Зере әкесінің таңғышын шешті.

Кеуіп қалған мата теріге жабысыпты. Тостағандағы жылы суды шетінен құйып, асықпай босатты. Есен қолын тартып алған сайын тоқтап күтті.

— Қазір ауырта ма?

— Иә.

— Онда тағы жібітейік.

Әкесі қарсыласпады. Жара алақанның ортасынан саусақ түбіне қарай кетеді. Шеті қайта-қайта ашылғаннан қалыңдап қалған. Зере оны алғаш көргенде, төменгі дүниенің белгісі сияқты қабылдаған еді. Қазір күн сайын жұмысқа салынған қолды көріп отыр. Жарасының себебі түсінікті болғаны істегенін жеңілдеткен жоқ.

Таңып болған соң өз білегіне орамал орады. Есен түйінін көрсетіп:

— Бір орамын босат, — деді.

Зере тексерді. Шынымен қатты тартып жіберіпті. Босатты.

Екеуі біраз үнсіз отырды.

Есіктен жұмысшы сығалады. Кеңседен хабар бар екен: жоғарыдағы ауылдың өкілдері келгені тіркелуге тиіс, содан кейін ханның алдындағы ортақ сөздің уақыты белгіленеді. Сілбі әлі қайтпапты.

Есен сұрағын қысқа қойды:

— Қақпаға керек ағаш ше?

— Тізімін таңға дейін жеткіз деді.

— Ағашты тізім ұстамайды.

Жұмысшы иығын көтерді. Өзі де хабарды ғана жеткізіп тұр. Есен оған құралдарын көрсетті, жетпейтін заттарды санап шықты. Зере олардың сөзін тыңдап отырып, ертең тағы да уақыттың затқа айналмай өтіп кетуі мүмкін екенін сезді.

Әкесі тізімді жазуға отырғанда, ол үстелдің екінші шетін босатты.

— Судың қанша көтерілгені керек пе?

— Керек. Қай уақыттағы өлшем екені де. Құдық пен мына қақпаның соғуын салыстырамыз.

Зере қабына қолын салды.

Алдымен теріге тігілген шартты шығарды. Есен оған қарады да, қайтадан өз қағазына еңкейді. Қыз шарттың астынан қара мұқабалы дәптерді алды.

Мұқабаның бір бұрышы дымқыл тартыпты. Өткелде қаптың сол шеті суға тиген. Бауы бүтін. Өзі байлап берген түйінін оңай шешті.

Саян осы кезде дәптерін іздеп жүрген шығар.

Зере оны көз алдына елестетті: әуелі үстелдің астын қарайды, кейін сырт киімінің қалтасын тексереді. Кім алғанын бірден ойламайды. Сұрап алып, «жоқ» деген жауапты естіген адамның бәрібір алып кететінін есепке қоспауы мүмкін.

Қыз мұқабаны жапты.

Есен қағазынан басын көтерді.

— Бар ма?

— Бар.

Зере дәптерді қайта ашты. Ол бірінші бетті аттап, соңғы жазылған жерді тапты. Саянның ұсақ, анық жазуы. Санның қасында өлшемі міндетті түрде тұрады. «Елі» дегенді қысқартпайды. Екеуі бала кезінде бір рет соған таласқан: Зере жіптің түйінін саусақпен көрсеткен, Саян оны сөзбен жаздыруға мәжбүрлеген.

Соңғы бетте ауылдан шыққан күннің таңғы өлшемі бар екен.

«Су басылғанда. Қысқы белгіден».

Төменгі жолда: «Екі қарысқа бір елі жетпейді».

Зере тоқтады. Құдықтың ішкі тасындағы дымқыл із дәл сондай еді. Ол алақанын сырт жағынан қойып көрген.

Ал Саян басқа сан айтқан.

Қыз бетті жарыққа жақындатты. Оң жақ шетіне бөлек жазылған жол көрінді: «Айтылды: бір қарыс үш елі».

Өлшеген уақыты басқа емес. Екі жол да бір таңға тиесілі.

Зере алдыңғы бетті ашты. Онда да екі сан. Бірі ұзын сызықтың сол жағында, екіншісі оң жақ шетінде. Оң жақтағысы тағы аз.

Қақпаның ар жағынан су соқты. Есен қағазына бір белгі түсірді.

— Зере, қанша екен?

Қыз жауап берместен екі жолдың арасына саусағын қойды.

Әкесі көтерген шамда екеуі де анық көрініп тұрды.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Фэнтези жанры