Бірақ бұл жолы ол бұрынғыдай алыстан бақылап тұрған жоқ еді. Баяу басып Арманның қасына келді де, мұздай суық саусақтарымен оның маңдайынан сипап өтті.
Сол мезетте уақыт пен кеңістіктің шекарасы үзіліп кеткендей болды.
Арман әлдебір тылсым күштің жетегінде терең тұңғиыққа құлап бара жатты...
Кенет көз алдында өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы мен тоқсаныншы жылдардың басындағы сұрқай тіршілік көрініс берді.
Ысқырған аязды жел бетті осып өтеді. Қар аралас жаңбыр. Теміржол бекеті. Перронда аяғына жұқа аяқкиім киген кішкентай бала тұр. Үстіндегі үлкендердің ескі күртесі өзіне шақ емес, жеңі қолын түгел жауып кеткен. Қолында буы бұрқыраған манты толы ауыр шелек.
Ол — Арманның балалық шағы еді.
— Манты! Ыстық манты! Алыңыздар! — деген таныс дауыс құлағына жетті.
Арман жалт қарады.
Бұл — өзінің жас анасы еді.
Анасының жүдеу жүзіне аяздың ызғары табан ізіндей таңбаланыпты. Суықтан жарылып, қанталаған қолдарымен ыстық мантыны жолаушыларға ұсынып жүр. Пойыз терезесінен біреулер тиын-тебен лақтырып, енді біреулер мантыны асығыс жұлып әкетеді.
Анасы қар үстіне шашылған тиындарды теріп жүріп, баласының тоңған қолдарын алақанына салып үрледі.
— Шыда, құлыным... Аз ғана қалды. Қазір нан сатып аламыз, — деді мейірімге толы жанарымен.
Арманның көмейіне өксік тығылды. Анасына қарай ұмтылып, құшақтай алса ғой... Оның суықтан жарылған қолдарын ұстап, «Анашым, енді тоңбайсың» дегісі келді.
Бірақ үлгермеді.
Көз алдындағы көрініс бұлдырап, уақыт тағы да шыр айналдырып әкетті.
Бұл жолы ол ескі үйдің ішінде тұр еді.
Бөлме іші қақаған суық. Терезе жақтауларынан жел гуілдейді. Төрдегі көне теледидардан Қазақстанның Тәуелсіздік алғаны туралы тарихи хабар беріліп жатыр.
Сәл әріректе әкесі отыр. Алдындағы жарты бөлке қара нанды үшке бөліп, балаларын шақырғалы жатқан. Теледидардан көк байрақты көрген сәтте әкесінің қолдары дірілдеп кетті.
Еңселі иығы селкілдеп, көзінен аққан қуаныш жасын жеңімен үнсіз сүртті.
— Енді біз егемен елміз, балаларым... Енді өз еліміз, өз жеріміз бар. Балаларым аш болмаса екен... Болашақтарың жарқын болсын, — деді ол даусын әрең ұстап.
Арман әкесінің жүзіне қарады. Сол сәтте оның жүрегінде қандай үміт, қандай арман жатқанын енді ғана түсінгендей болды.
Бірақ тіршілік әлі де оңайлықпен сыр бере қоймады.
Қыстың қаһарына мінген бір таңы еді. Мектепке баратын уақыт. Арман мен інісі дәлізде тұр. Есіктің алдында жалғыз жұп көне аяқкиім жатыр. Інісі сабақтан енді ғана келген екен. Аяқкиімін шешіп жатып:
— Арман аға, тез киіп кет! Сабақтан кешігесің! — деді.
Өзі тоңған аяқтарын уқалап, шетке ығысты.
Арман інісінің әлі жылуы басылмаған аяқкиімін аяғына киді де, сықырлаған қарды басып, мектепке қарай жүгіре жөнелді.
Осы бір сәтте Арман балалық шақтың қаншама қиындыққа толы болғанын жүрегімен сезінді. Бірақ сол қиындықтардың арасында ата-анасының шексіз махаббаты мен бір-біріне деген жанашырлығы бар еді.
Көрініс тағы өзгерді.
Арман енді мектеп сыныбында отыр. Ақталған қабырға, тақта алдында тұрған мұғалім. Бүгін сыныпта тәрбие сағаты өтіп жатыр.
Мұғалім оны ортаға шақырды.
Жас Арманның жүзі қуаныштан бал-бұл жанып тұр. Ол сыныптастарына қарап, кеудесін мақтаныш кернеп, нық дауыспен сөйлей бастады:
— Менің ата-анам мені үлкен қиындықпен өсіріп жатыр. Олар менің жақсы адам болғанымды қалайды. Сондықтан мен ешқашан жаман жолға түспеймін! Ішімдікке де, есірткіге де жоламаймын! Жақсы оқып, үлкен азамат боламын! Ата-анамның үмітін ақтаймын! Олардың маңдай терін ақтап, бақытты өмір сыйлаймын!
Сыныптастары қол шапалақтады.
Арманның көзі артқы парталардың біріне түсті.
Онда баяғы ақ шашты, костюм киген бейтаныс кісі үнсіз отыр екен. Бұл жолы оның жанарында суықтық жоқ. Керісінше, жас балаға риза болғандай жылы жымиып, басын изеді.
Арман да оған қарап жымиды.
Сол сәтте уақыт тағы да алға жылжыды.
Міне, бірінші курс. Арман — кітапханада. Үстел үстінде кітаптар, қолында қалам. Ол — үздік студент. Болашағына сеніммен қарайтын, арманы асқақ жас жігіт.
Екінші курс. Ата-анасына көмектесу үшін түнгі уақытта қосымша жұмыс істеп жүр. Қалтасында көп ақша болмаса да, жүрегінде үлкен үміт бар.
Бірақ бір күні оның өміріне басқа адамдар араласты.
Әл-ауқаты мол, өмірдің ащы дәмін татпаған, ермектің не екенін білмейтін байдың ерке балалары.
Алғашында жай ғана көңіл көтеру. Кейін ішімдік. Одан соң сананы улайтын алғашқы ақ ұнтақ...
— Бір реттен ештеңе болмайды. Бәріміз де байқап көрдік қой, — деді достарының бірі.
Арман алғашында тартынды. Бірақ достарының сөзіне еріп, ақыры өзіне-өзі ие бола алмады.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.