Мен — бала күнімде жазушы болуды армандадым. Ең алғашқы арманым да сол суреткер болу екен. Мұның басты себебі кітап екені даусыз. Кітап оқығанды ұнататын едім.
Адам өмірінде детальді оқиғалар көп болады. Біз соларды ұмыт қалдырамыз. Күндердің күнінде өміріңде кездескен жағдайяттардың шешу жолы сол оқиғалардың тасасында ескерусіз қалып кетеді.
Бала күнімнен бойымда қалыптасқан бір жаман қасиет болды. Жақсы не жаман екенін әлі айырып, парқына жете алмай келемін. Бөтен бір үйге жолым түсіп бара қалсам, көзіммен тінтіп, кітап іздеп отыратыным бар. Мен үшін, ол — нағыз байлық. Мен сол үйді кітаптың бар-жоғымен бағалаушы едім. Цицерон айтқандай: «Кітапсыз үй — жансыз дене»...
Жұмахан әпкем Алматыдан пошта арқылы кітаптар сатып алатын. Мен сол кезде 5-6-сыныптың баласымын. «Абай жолы», «Ботагөз» романдарын алғаш сол үйден көрдім. Бірінің сырты жасыл, бірінің сырты сары ...
Бастауыш сыныпта біздің мектептің жанында дүкен болатын. Ондағы сатушының Бану есімді қызы жоғарғы сыныпта оқитын. Жоғарғы сынып оқушылары азанда оқитын болған соң, түстен кейін әкесіне көмектесіп, сабақтан бос кезде дүкендегі жұмыстарға қолғабыс тигізетін. Сол қыз үнемі кітап оқып отыратын. Оқығанын қызықтап, әр қимылын бақылап тұратынмын. Өзге балалар үзілісте дүкеннен печенье, вафли алуға асықса, мен әлі қыздың кітап оқығанын қызықтау үшін ілесіп келетінмін. Мен сол кезде «Қамар сұлу», «Қалың мал» романдарын көрдім. Оның кітапқа берілгені сондай жылап отырып оқитын. Арасында маған қарап, кітаптан оқыған жерлерін мазмұндап айтып беретін.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.