Бұлыңғыр аспаннан себелеген алғашқы қар түйіршіктері әлі тоңазып үлгермеген қара жерге баяу қонып жатты. Бақ ішіндегі жалаңаш ағаштар ақ көрпеге орануға асыққандай үнсіз мүлгиді. Сұрқай қаланың үстін басқан аппақ тыныштық айналаны бір сәтке болса да тазартқысы келгендей — әдемі де мұңды еді.
Мен терезе алдында тұрып, қолымдағы ыстық шайдың буына қарап, өткен күндердің сұлбасын іздеп кеткенімді өзім де байқамай қалдым.
Кенет ескі кітаптың арасынан сарғайған кішкентай қағаз еденге сырғып түсті.
Еңкейіп алып қарадым. Сенің жазуың. Бір кездері жұмыс үстелімнің шетіне қалдырып кеткен қысқа ғана жазбаң.
«Кофеңді тағы ұмытып кетпе. Суып қалса, маған өкпелеме.»
Еріксіз жымидым. Қаншама уақыт өтті?!
Бір кездері күн сайын дерлік көрісетінбіз. Бірге жұмыс істеп, жұмыстан кейін де әңгімеміз таусылмай, кейде үйге қайтар жолды әдейі ұзартып алатынбыз. Жаңбыр жауса бір қолшатырдың астында жүретін, біріміз ашулансақ екіншіміз үндемей қасында отыратын екі адам. Сен әріптесім ғана емес, көңілімдегіні бүкпей айта алатын жақын досым едің. Арамызда ешқашан сүйіспеншілік туралы сөз болған емес. Қыз бен жігіт болып та жүрмедік. Бар жақындығымызды достық деп қабылдап, сенің қамқорлығыңа басқа мағына бермеуге тырысатынмын.
Тек дос едік… Мен де сені тек дос ретінде жақсы көремін деп ойлайтынмын. Әттең, жүрек шіркін сол ойға көне берсе ғой…
Кейін жолымыз екіге айырылып, хабарласуымыз сиреді. Бірте-бірте күнделікті әңгімелеріміздің орнын ұзақ үнсіздік басты. Кездеспегенімізге де біраз уақыт болыпты. Сонда да жүрегімнің түкпірінде қалған жылылықты ескі достықтың тәтті естелігіне балап жүрдім.
Қағазды қайтадан кітаптың арасына салып, терезеге қарадым. Қар әлі жауып тұр. Қар жауған кезде серуендеп, айналадағы тыныштыққа құлақ түргенді ұнатамын. Сол әдетіммен пальтомды киіп, мойынорауышымды орап, сыртқа шықтым. Қала әдеттегіден тыныш. Аяқ астында қалған қарлар әр басқан қадамыма сықырлайды. Сол сәтте артымнан өз атымды естідім. Бір ғана сөз «Алуа» Бірақ сол дауысты жүрегім менен бұрын таныды. Баяу артыма бұрылдым. Алыстан маған қарай асықпай келе жатқан сені көрдім. Баяғы қара пальтоң мойныңнан түспейтін сұр мойынорауышың.
Әр қадамыңмен арамыздағы қашықтық қысқарған сайын жүрегім жиі соға бастады. Не істерімді білмей, тұрған орнымда қатып қалдым.
Алдыма келіп тоқтадың да, тоңған қолдарыма қарадың. Айтарға сөз таппай, тіпті амандасуды да ұмытып қалған маған жылы жымидың.
— Қар қатты жауып кетті, — дедің ақырын.
Жауап орнына тек күрсіндім. Сені көргеніме қуандым ба, әлде осынша уақыттан кейін не айтарымды білмедім бе — өзім де түсіне алмадым.
Сен маған жақындай түсіп, суықтан қызарған саусақтарымды алақандарыңның арасына абайлап алдың. Сосын оларға жылы деміңді үрледің.
Күтпеген әрекетіңнен демімді ішіме тартып қалдым. Сенің қолыңның жылуы саусақтарымнан бойыма тарап, әлденеге алаңдап тұрған көңілімді де жайландырғандай болды.
— Баяғыдайсың… Сол кішкентай қолдарың әлі күнге дейін жылынуды білмейді, — дедің күбірлеп.
Дауысыңнан баяғы таныс қамқорлық сезілді. Бірақ бұл жолы сол қамқорлықтың өзі мені бұрынғыдан басқаша толқытты.
Көздеріңе қарадым.
Қолдарымды өз қолыңмен бірге пальтоңның терең қалтасына салдың. Алақаның алақаныма тигенде, бойымды тәтті діріл шымырлатып өтті. Бұл жолы аяздан емес, сөзбен жеткізуге келмейтін бір толқыныстан еді. Мен ештеңе демей үнсіз ғана Дидардың әрекетіне қарап тұра беріппін, бұл көрініс шын ба әлде қиялымдағы оқиғалар ма белгісіз...
— Мына жауған қар өткенімізді көміп тастады ма десем, — дедім мен, қалтаңнан қолдарымды ала.
— Өткен күнімізді көмсе де, жаңа жолды ақ парақтан бастайық, — дедің сен, маған жақындай түсіп.
Саған қайта қарадым. Жүзіңнен әзілдің белгісін іздедім, бірақ сен көздеріңді менен алмадың.
— Бұл аяқ астынан жасаған әрекетіңді қалай түсінейін? — дедім ойыма келген алғашқы сұрақты қойып.
— Сағындым, — дедің жымиып.
Бір сәтке не дерімді білмей, үнсіз қалдым. Саған ұзақ қарап тұрдым. Жүзіме қарап тұрған жанарыңнан өтірік іздегім келді, бірақ көздерің тым шынайы көрінді. Осы бір ауыз сөздің өзіне сенуге қорқып тұрдым. Өйткені сенің сағынғаныңды есту — менің де сені сағынғанымды мойындаумен бірдей еді.
Қабағымды сәл түйіп, көзімді сенен тайдырмадым. Ішімде бірінен соң бірі сұрақтар пайда болды.
— Онда неге осы уақытқа дейін үндемедің? — дедім ақырын.
Жымиысың баяу басылды. Қолымды әлі де алақаныңда ұстап, бір сәт төмен қарадың.
— Алғашында өзім де түсінбедім, — дедің. — Сенің қасымда жүргеніңе үйреніп қалыппын. Күнде көрісеміз, сөйлесеміз… Солай бола беретіндей көрінді.
Үнсіз тыңдадым.
— Кейін бір қызық оқиға болса, саған айтқым келетін. Жұмыстан шыққанда, бұрынғыдай қасымда келе жатқандай болып, бұрылып қарайтынмын. Телефонымды алып, саған жазайын деп талай рет оқталдым.
— Бірақ жазбадың.
— Жазбадым, — дедің сөзімді теріске шығармай. — Уақыт өткен сайын неден бастарымды білмей қалдым. Сенің өміріңде әлі де орным бар ма деп ойладым.
Көзімді төмен түсірдім. Саған айтқым келген, бірақ айтылмай қалған сөздер менде де аз емес еді.
— Бүгін ше? — дедім. — Бүгін не өзгерді?
Сен сәл еңкейіп, жанарыма қарадың.
— Сені көрдім. Тағы да жай ғана амандасып, өтіп кетсем, кейін соған өкінетінімді білдім.
Жүрегім кеудеме сыймай, жиі соға бастады.
— Мен сені жақсы көремін, — дедің ақырын. — Мұны түсінуге тым көп уақыт жібердім. Енді саған айтпай жүре бергім келмейді.
Кірпігіме қонған қар еріп кетті. Көзімді жыпылықтатып, еріксіз жымиғанымды жасыруға тырыстым.
— Қалжыңдап тұрсың ба? — дедім әлі де сенуге қорқып.
— Жоқ, — дедің көздеріңді менен алмай. Сәл кідіріп, ақырын қостың: — Қазір жауап беруге міндетті емессің.
— Мен не айтарымды білмей тұрмын, — дедім шынымды айтып. — Бірақ…
Сөзімді аяқтай алмай, үнсіз қалдым. Сен асықтырмадың. Жүзіме қарап, жауабымды күттің.
Айтарым көп сияқты еді. Ал дәл қазір сол сөздердің бірін де таба алмадым. Тек қолыңды қайта ұстағым келді.
— Қолым тоңған секілді, — дедім ақырын жымиып.
Бір сәт маған қарап тұрдың да, жүзіңе жылы күлкі үйірілді.
— Мен болмасам не істер едің?
— Ол басқа әңгіме, — дедім көзімді тайдырып.
Бұл жолы қолыңды өзім ұстадым. Сен саусақтарымды алақаныңа алып, екеуміздің қолымызды пальтоңның қалтасына салдың. Қолыңды ақырын қысқанымда, сен де жауап қатқандай алақанымды қыстың.
Біраз уақыт солай тұрдық. Енді көздеріңе қараудан қашқақтамадым.
— Жүр, бір жерге кіріп жылынайық, — дедің көшенің арғы бетіндегі шағын дәмхананы нұсқап.
— Кофе ішеміз бе?
— Бұл жолы суытып алмауға тырыс.
Күліп жібердім. Үйде, ескі кітаптың арасында қалған жазбаң есіме түсті.
— Ұмытып кетсем, есіме саларсың.
— Саламын, — дедің жымиып.
Қар әлі де баяу жауып жатты. Екеуміз дәмханаға қарай қатар жүрдік. Айтылмай қалған әңгімелеріміз көп еді. Бірақ бәрін дәл қазір айтып үлгеруге асықпадым.
Қолыңды ұстап келе жаттым. Үйге қайтар жолды тағы да сәл ұзартқым келді.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.