Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

1-бөлім · 12 мин

I тарау. Қаратаудың құпиясы

«Кейбір құпиялар сандықтың түбінде сақталады. Кейбірі ескі кітаптың сарғайған беттерінде жатады. Ал кейбірі балалық шақтың ең бейкүнә бір күнінде басталып, адамның бүкіл тағдырын өзгертеді.»

Қаратау таңғы тұманға оранып, алыстан көгілдір тартып көрініп тұрды. Күннің алғашқы сәулесі тау сілемдерін баяу сипап, етегіндегі ауылға алтын шапақ төкті. Ағаш бұтақтарында торғайлар жарыса сайрап, терезе алдындағы гүлдердің күлтелері таңғы самалмен тербелді.Айзере көзін ашқан бойда терезеге қарады.Ол үшін әр таң осылай басталатын. Терезенің ар жағындағы Қаратау ешқашан бірдей көрінбейтін. Кейде бұлтқа оранып, ертегідегі ұйықтап жатқан алыпқа ұқсайтын. Кейде күнге шағылысып, алтын тәж киген патшаның сарайындай жарқырайтын.

— Қайырлы таң, Қаратау! — деді қыз ұйқылы-ояу күлімсіреп.

Он жасар Айзере табиғатты ерекше жақсы көретін. Жаңбырдан кейінгі топырақтың иісі, гүлдердің жұпар аңқыған хош иісі, таңғы құстардың үні — бәрі оның жүрегіне жақын еді. Кейде кішкентай гүлдің қасына отырып алып, оның күлтелерін ұзақ тамашалайтын. Ал қанаты жараланған құсты көрсе, жаны ауырып, көмектесудің жолын іздейтін.

Бірақ оның осындай нәзік жүрегінің ар жағында ешкімге оңайлықпен бағынбайтын қайсар мінез жасырынған.Айзере өз ойын ашық айтатын. Бір нәрсеге келіспесе, үндемей отыра алмайтын. Басқалардың пікіріне бірден құлақ аспайтын, әсіресе өзінікін дұрыс деп есептегенде, оны райынан қайтару қиын еді.

Ауылдағы үлкендер оның бұл мінезін әртүрлі қабылдайтын.

— Ақылды қыз, бірақ тілі өткір, — дейтін бірі.

— Өсе келе сабасына түсер, — дейтін екіншісі.

Ал Айзере ондай сөздерді естісе, иығын қиқаң еткізетін.

— Мен неге міндетті түрде бәріне ұнауым керек?

Анасы Ұлмекен мұндайда күліп жіберетін.

— Ешкімге ұнауға міндетті емессің, қызым. Бірақ адамдарды сыйлау — басқа мәселе.

Айзере бұл екеуінің айырмашылығын әлі толық түсіне бермейтін.

Сол күні таңғы ас үстінде ол анасына ұзақ қарап отырды.

— Анашым, бір нәрсе сұрасам бола ма?

— Сұрай ғой.

— Сіздің атыңызды неге Ұлмекен деп қойған?

Анасы таңырқай қарады.

— Неге сұрадың?

— Басқа әдемірек ат қоймаған ба? Мысалы, Айсұлу немесе Гүлназ. Ұлмекен деген ұлға байланысты сияқты ғой. Сізді ұл болсын деп атаған ба?

Ұлмекен кесесін жайлап үстелге қойды.

— Мен де кішкентай кезімде осы сұрақты қойғанмын, — деді ол. — Үлкендердің айтуынша, әулетте ұл күткен адамдар болыпты. Бірақ мен дүниеге келгенде әжем мені құшағына алып, қатты қуанған екен.

— Сонда өз атыңызды жақсы көресіз бе?

— Қазір жақсы көремін. Өйткені бұл есіммен менің бүкіл өмірім байланысты. Ал адамның қадірін аты емес, ісі анықтайды.

— Мен сізге басқа ат қояр едім, — деді Айзере ойланбастан.

Осы кезде әкесі Ерлан күліп жіберді.

— Қандай ат қояр едің?

— Гүлсезім!

— Неге?

— Өйткені анам гүлдерді жақсы көреді. Өзі де мейірімді.

Ұлмекен қызының маңдайынан сүйді.

— Ендеше, мен сен үшін Ұлмекен де, Гүлсезім де бола беремін.

Айзере мәз болып күлді.

Ал дастарқан басында отырған Сейітқали атасы немересіне қарап:

— Қарағым, сен әр нәрсенің себебін білгің келеді екен. Бұл жақсы қасиет. Тек сұрақ қойған кезде адамның көңілін де ескер, — деді.

— Ата, сіз де анамды жақтап отырсыз ба?

— Жоқ, мен шындықты жақтап отырмын.

— Мен де шындықты жақсы көремін!

— Онда бір күні жақсы зерттеуші боларсың.

Айзере бұл сөзге аса мән бермеді. Өйткені ол өзін болашақта журналист ретінде елестететін. Ғалым болу оның ойына да келмеген еді.

Таңғы астан кейін ол сүйікті ертегі кітабын қолына алып, аулаға шықты. Күләш әжесі отырғызған гүлдердің жанындағы орындыққа жайғасып, кітап оқи бастады.Бұл жолғы ертегі алыс патшалыққа сапар шеккен батыр қыз туралы еді. Кейіпкері қалың орманнан өтіп, жұмбақ сарайдың құпиясын ашуға тиіс болатын.Айзере оқиғаға беріліп кеткені сонша, өзін сол қыздың орнына қойды.«Мен болсам, алдымен сарайдың картасын тауып алар едім. Сосын жасырын жолын іздер едім», — деп ойлады.

— Айзере-е-е!

Қоршаудың ар жағынан таныс дауыс естілді.

Бұл — Мөлдір еді.

Мөлдір Айзеренің бала күнгі құрбысы болатын. Ол сабырлы, сурет салуға шебер, айналасындағы адамдарды ренжітпеуге тырысатын қыз еді. Екеуінің мінездері бір-біріне ұқсамайтын. Соған қарамастан, талай ренжісіп, талай татуласқан жылдар оларды жақындастырып үлгерген.

— Не істеп отырсың? — деді Мөлдір.

— Кітап оқып отырмын.

— Тағы ертегі ме?

— Иә. Сен де оқысаңшы.

— Мен бүгін дүкен ойнауға келдім.

Айзере кітабын жауып, орнынан тұрды.

— Онда бүгін үлкен дүкен ашамыз!

Екеуі ауладағы ескі ыдыстарды жинап, жаңбырдан кейін жұмсарған топырақтан торт жасауға кірісті. Айзере балшықты илеп, кішкентай кеселерге нығыздап салды. Мөлдір торттардың үстін жерге түскен гүл күлтелерімен әшекейледі.

Жапырақтар ақшаға айналды.

Үлкен жапырақ — мың теңге, кішкентайы — жүз теңге.

— Мына тортың қанша? — деді Мөлдір.

— Бес мың.

— Ой, қымбат қой!

— Өйткені бұл патшайымдарға арналған торт!

— Кеше екі мың еді ғой.

— Бүгін жаңа рецепт!

Мөлдір күліп жіберді.

— Сен бәрін өзің шешесің.

— Өйткені дүкен менікі!

— Онда мен өз дүкенімді ашамын!

— Аша бер!

Екеуі біраз уақыт бір-бірімен сөйлеспей, екі бөлек дүкенде ойнады.Бірақ көп ұзамай Айзере Мөлдірдің жасаған торттарының әдемірек екенін байқады.Ол біраз ойланып, құрбысының қасына келді.

— Сен безендіруді жақсы жасайды екенсің.

— Білемін, — деді Мөлдір жымиып.

— Ендеше, екеуміз бірігейік. Сен торт жасайсың, мен сатамын.

— Бірақ бағаны бірге қоямыз.

Айзере бір сәт ойланып қалды.

— Жарайды.

Осылайша олардың кішкентай дүкені қайта ашылды.Түске таман аулаға Нұрасыл келді.Ол көрші тұратын, Айзеремен құрдас бала еді. Ескі ойыншықтарды бұзып, қайта құрастыруды ұнататын. Велосипедінің тізбегі түсіп қалса, ешкімге жалынбай өзі жөндейтін.

— Сендер әлі балшық сатып жүрсіңдер ме? — деді ол.

— Бұл балшық емес, торт! — деді Айзере.

— Онда біреуін жеп көрейін.

— Жеп көрсең, өзің білесің!

Нұрасыл күліп жіберді.

— Жүріңдер, велосипедпен жарысамыз!

Айзеренің көзі жарқ етті.

— Қайда дейін?

— Ауыл шетіндегі үлкен терекке дейін.

— Келістік!

Үшеуі велосипедтерін алып, көшеге шықты.Күн ыстық болғанымен, тау жақтан салқын самал соғып тұрды. Ауылдың шаңды жолы алыстағы терекке қарай созылып жатты.

— Дайынсыңдар ма? — деді Нұрасыл.

— Мен әлдеқашан дайынмын! — деді Айзере.

Мөлдір санай бастады.

— Бір… екі… үш!

Велосипедтер зырғып жөнелді.Айзере бар күшімен педальді айналдырды. Жел шашын ұйпалап, бетіне соқты. Ол осы сезімді бәрінен артық жақсы көретін. Дөңгелектің жолмен жанасқан дыбысы, желдің гуілі, артта қалып жатқан үйлер — бәрі оған еркіндіктің өзі сияқты көрінетін.

Бірақ мәреге жақындағанда Нұрасыл алға шықты.

— Мен жеңдім! — деп айқайлады ол.

Айзере тежегішін басып тоқтады.

— Сен ертерек бастадың!

— Жоқ!

— Бастадың!

Мөлдір жетіп келіп, күліп жіберді.

— Айзере, сен жеңілген сайын бір сылтау табасың!

— Мен жай ғана әділ жарыс болғанын қалаймын!

— Онда қайта жарысайық, — деді Нұрасыл.

Бұл жолы Айзере жеңді.Бірақ балалардың қуанышы ұзаққа созылмады.Қайтар жолда Нұрасылдың велосипеді бұзылып қалды. Тізбегі түсіп, дөңгелегі айналмай қалды.

— Енді не істейміз? — деді Мөлдір.

— Жөндейміз, — деді Нұрасыл.

Ол велосипедті төңкеріп, тізбегін орнына салуға кірісті.

Айзере шыдамсыздана бастады.

— Тезірек болмай ма?

— Көмектескің келсе, мына жерін ұстап тұр.

— Мен жөндеуді білмеймін.

— Онда үйрен.

Айзере алғашында жақтырмай қарады. Бірақ Нұрасыл көрсеткен жерден ұстап, көмектесе бастады.Бірнеше минуттан кейін велосипед қайта жүрді.

— Көрдің бе? — деді Нұрасыл. — Бәрін білу міндет емес. Үйренуге болады.

Айзере оған қарап:

— Сен кейде ақылды сөз айтып қаласың, — деді.

— Рақмет! Сенен мұндай мақтау есту сирек болады!

Үшеуі күліп жіберді.

Кешке қарай Айзере үйіне оралды. Анасы ас дайындап жүр екен. Әкесі ауладағы ескі заттарды реттеп жатқан.Үйдің бір бұрышында бұрыннан тұрған DVD ойнатқышы бар еді. Айзере үшін ол кәдімгі сиқырлы сандық сияқты болатын.Әртүрлі мультфильмдер мен кинолар жазылған дискілерді қайта-қайта көретін. Жалыққан соң, бұрын көрген дискілерін алып барып, басқа фильмдерге айырбастайтын.Жаңа диск таңдау — оның ең сүйікті сәттерінің бірі.Ол мұқабалардағы сарайларға, тауларға, әдемі қалаларға қарап, оқиғаның қандай болатынын елестететін.

Сол күні әкесі жаңа DVD әкелді.

— Мынау саған, — деді ол.

Айзере қуанып кетті.

Дискінің мұқабасында Еуропаның көне қалалары, биік мұнаралар мен әсем көпірлер бейнеленген екен.

— Әке, мына жерлер шынымен бар ма?

— Әрине.

— Сонда адамдар осындай сарайларда өмір сүрген бе?

— Иә, қызым. Әр қаланың өз тарихы бар.

Айзере фильмді көруге асықты.

Экранда Париждің көшелері, көне ғимараттар, өзен үстіндегі көпірлер көрінді.

Қыз таңданысын жасыра алмады.

— Әке, мен бір күні осы жерлерге барамын!

— Бара ғой.

— Шынымен бара аламын ба?

— Білім алсаң, еңбек етсең, мүмкіндік іздесең, неге бармасқа?

Айзере экраннан көзін алмады.

Сол сәтте оның кішкентай жүрегінде үлкен бір арман оянды.

Бірақ бұл арманның Қаратаудағы бір ескі кассетамен байланысатынын ол әлі білмейтін.

Фильм аяқталған соң, Айзере су ішуге асүйге беттеді. Жолай ашық тұрған қойма есігінің жанынан өтті.

Ішінде әкесі реттеп қойған ескі заттар тұр екен.Кенет оның көзі шаң басқан қорапқа түсті.Қораптың ішінде бірнеше аудиокассета жатты.Айзере біреуін қолына алды.Қоңыр түсті кассетаның сыртында ескірген қағаз жапсырма бар екен.Онда:

«Қаратау. Далалық жазбалар»

деп жазылыпты.

Айзере кассетаны айналдырып қарады.Ол ішіндегі таспаның қалай орналасқанын білгісі келді. Қарындашпен бір дөңгелегін айналдырып көрді. Сосын қоңыр таспаның ұшын ақырын тартып қалды.Таспа созыла берді.Қыз таңғалды.

— Қандай ұзын!

Ол кассетаны қолына алып, аулаға жүгіріп шықты.

Жел таспаны көтеріп әкетті.

Айзере мәз болып, көшеге қарай жүгірді.

Қоңыр таспа артынан ирелеңдеп, күн сәулесіне жылтырап бара жатты.

— Мөлдір! Нұрасыл! Қараңдар!

Балалар жүгіріп шықты.

— Бұл не? — деді Мөлдір.

— Сиқырлы таспа!

Нұрасыл жақындап қарап:

— Бұл кассетаның ішіндегі магниттік таспа ғой, — деді.

— Білемін!

— Оны неге суырып алдың?

— Қызық болды!

Нұрасыл кассетаның сыртына қарады.

— Мұнда бірдеңе жазылған екен.

Айзере тоқтады.

— Не?

— «Қаратау. Далалық жазбалар».

— Ескі әндер шығар.

— Мүмкін. Бірақ бұны бұзбағаның дұрыс еді.

Айзере оған мән бермеді.

Бірақ сол кеште әкесі бос кассетаны көргенде, бәрі өзгерді.

— Айзере, мына кассетаны сен алдың ба?

— Иә…

— Таспасы қайда?

— Біразын жинап қойдым.

Ерланның жүзі бірден салмақтанып кетті.

— Бұл жай кассета емес еді, қызым.

— Неге?

— Мұнда атаңның көп жыл бұрын жазған әңгімелері бар болатын.

Айзере үнсіз қалды.

Әкесі кассетаны қолына алып, ұзақ қарады.

— Атаң жас кезінде Қаратаудың етегіндегі бұлақтарды, ескі қоныстарды, жер-су атауларын зерттеген. Сол сапарларындағы кейбір жазбалары осы кассетада сақталған.

— Сонда мен бәрін бүлдірдім бе?

— Әлі білмейміз. Мүмкін, таспаның бір бөлігін қалпына келтіруге болар. Айзеренің жүрегі шым етті.Ол алғаш рет өзінің қызығушылығы біреуге қымбат дүниені бүлдіріп алуы мүмкін екенін түсінді.Сол түні ол ұзақ ұйықтай алмады.

Терезеден Қаратау көрініп тұрды.

Ай сәулесі тау сілемдеріне түсіп, айнала жұмбақ күйге енген.

Айзере төсегінен тұрып, атасының бөлмесіне барды.

Сейітқали ата ескі дәптерлерін қарап отыр екен.

— Ата…

— Кел, қарағым.

— Кассетаны мен бүлдірдім. Кешіріңізші.

Атасы немересіне қарады.

— Кешірдім, қызым.

— Бірақ ол сізге маңызды еді ғой…

— Маңызды болатын. Өйткені ол жазбаларда қазір көп адам біле бермейтін мәліметтер бар.

— Қандай мәліметтер?

Атасы сәл ойланып қалды.

Сосын үстелдің тартпасынан сарғайған қағаз шығарды.

Бұл ескі карта еді.

Қағаздың шеттері мүжіліп, кей жеріндегі жазулар өше бастаған.

Картада Қаратаудың сілемдері, бірнеше бұлақ және белгісіз таңбалар бейнеленген.

Айзере жақындай түсті.

— Ата, мынау не?

— Көп жыл бұрынғы далалық зерттеуіміздің картасы.

— Ал мына қызыл белгі ше?

Атасы саусағымен картаның ортасындағы кішкентай жұлдызды көрсетті.

— Осы маңда бұрын бір бұлақ болған. Жергілікті адамдар оны басқа атаумен атайтын. Кейін оның нақты орны туралы мәліметтер жоғала бастады.

— Бұлақ жоғалып кетті ме?

— Бәлкім, суы тартылған шығар. Бәлкім, арнасы өзгерген болар. Мұны анықтау үшін қайта зерттеу қажет.

Айзеренің көзі жайнап кетті.

— Ата, біз оны таба аламыз ба?

— Ол оңай шаруа емес, қарағым.

— Бірақ мүмкін ғой?

Атасы жымиды.

— Мүмкін.

Айзере картаны ұзақ қарап отырды.

Бір кезде ертегілерден оқыған құпия карталар есіне түсті.

Тек бұл жолы картадағы белгілер ойдан шығарылмаған еді.

Олар шынайы Қаратауға қатысты болатын.

— Ата, мен осы бұлақты бір күні табамын!

— Әуелі оның тарихын зерттеуің керек.

— Зерттеймін!

— Ал зерттеу үшін не қажет екенін білесің бе?

Айзере сәл ойланып:

— Батылдық! — деді.

Атасы күліп жіберді.

— Батылдық керек. Бірақ одан да маңыздысы — білім, шыдамдылық және дәлел.

Айзере картаны қайта қарады.

Ол әлі де ертегідегі батыр қыз болуды армандайтын.

Бірақ сол сәтте батырлықтың тағы бір түрі бар екенін сезгендей болды.Ол — белгісізді тануға ұмтылу.Бөлмесіне оралған соң, Айзере Нұрасыл сыйлаған кішкентай дәптерін ашты.Алғашқы бетіне үлкен әріптермен жазды:

«ҚАРАТАУДЫҢ ҚҰПИЯСЫ»

Астына үш сұрақ қосты:

Бұлақ қайда орналасқан? Неге ол туралы мәліметтер жоғалған? Атаның кассетасында қандай деректер сақталған?

Сосын қаламын қойып, терезеге қарады.Қаратау түн қараңғылығында үнсіз жатты.Айзере тау өзіне бір құпияны жасырғандай сезінді.Ол кезде бұл ескі карта мен бүлінген кассетаның өз өмірін қаншалық өзгертетінін білген жоқ.Жетінші сыныпта «Дарын» мектебіне түсетінін, Алматыда журналистика оқитынын, Еуропада ғылыми зерттеулер жүргізетінін, ақырында осы бала күнгі сұраққа қайта оралатынын елестете де алмайтын.Бірақ сол түні оның жүрегінде екі арман қатар оянды.Бірі — әлемді көру.Екіншісі — туған жерінің белгісіз тарихын ашу.Ал осы екі арман бір күні бір жолға тоғысатын еді.Түн ортасында Айзере күнделігін жауып, ұйқыға жатты. Ал көрші үйде Нұрасыл сол кассетаның таспасын қалай қалпына келтіруге болатынын ойлап, ескі магнитофонның бөлшектерін ақтарып отырған. Қаратаудың құпиясы енді бір ғана қыздың емес, үш баланың тағдырына айнала бастаған еді.

Пікір

Автор

Жазылсаң, жаңа бөлім шыққанда хабарлаймыз.

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Шытырман жанры