Ержан жұмыстан қайтып келе жатты.
Ол жол жиегімен баяу аяңдап келеді.
Бүгін ол қатты шаршаған еді.
Бірақ бұл шаршау ауыр жұмыстан емес.
Иығына түскен жауапкершіліктің салмағынан болатын.
Әкесі дүниеден өткеннен кейін екі отбасының бар ауыртпалығы оның мойнына артылды.
Күн сайын жұмыстан үйге қайтқанда көретін көріністер де жанын қажытатын.
Бір-бірін түсіне алмайтын анасы мен жары.
Үй ішін жаңғыртқан үш баласының у-шу дауысы.
Әрдайым ағасынан бір үміт күтетін мектеп жасындағы інісі мен қарындасы.
Ал бәрінен де ауыр тиетіні — жұбайының жүзі еді.
Бір кездері күлкісі үзілмейтін жанарынан енді қуаныш емес, үнсіз шаршағандық қана байқалатын.
Ержан кейде өзінен:
«Мен бәріне үлгеріп жүрмін бе?...»
— деп іштей сұрайтын.
Бірақ бұл сұраққа жауап беруге оның ешқашан уақыты болмайтын.
Жол жиегімен келе жатқан Ержан көлігінің дөңгелегі жарылып, абдырап тұрған әйелді байқап қалды.
Ол аялдап, әйелге жақындады.
— Сізге көмек керек пе? — деп сұрады.
Әйел жеңіл күрсініп:
— Көліктің дөңгелегі жарылып қалды. Эвакуатор шақырайын десем, байланысқа шыға алмай жатырмын, — деді.
Ержан көлікке көз жүгіртіп:
— Артық дөңгелегіңіз бар ма? — деп сұрады.
— Бар. Бірақ домкраттың қайда екенін де, оны қалай қолданатынымды да білмеймін...
— Егер қарсы болмасаңыз, дөңгелегін ауыстырып берейін.
Әйелдің жүзіне үміт ұялады.
— Ауыстыра аласыз ба?
Ержан жымиып:
— Әрине. Бұл — біздің күнделікті жұмысымыз ғой, — деді.
Бірер минуттың ішінде Ержан дөңгелекті ауыстырып болды.
Әйел ризашылықпен оған қарап:
— Көп рақмет сізге. Қанша төлеймін? — деді.
Ержан басын шайқады.
— Ештеңе керек емес. Бұл — адамдық парыз.
Әйел жымиып:
— Онда мен де адамдық парызымды орындайын. Қарсы болмасаңыз, бірге бір жерден тамақтанып қайтайық.
Ержан сәл ойланып, үнсіз бас изеді.
Жол бойы ол әйелдің әлдекімге қайта-қайта қоңырау шалып жатқанын байқады.
Бірақ арғы жақтан ешкім жауап бермеді.
Көп ұзамай олар шағын, жайлы дәмханаға келді.
Тапсырыстары келген сәтте әйелдің телефоны шырылдады.
Ол қуана телефонды көтерді.
Арғы жақтан ер адамның ашулы дауысы естілді:
— Саған айттым ғой, жиналыстамын деп! Осы келісімшартқа қол қойсақ, үлкен қаржыға ие боламыз. Мен мұның бәрін сен ештеңеден тарықпасын деп істеп жүрмін!
Әйел үнсіз ғана тыңдап тұрды.
Сосын жай ғана:
— Түсіндім... — деді де, телефонды қойды.
Бірнеше секунд үнсіздік орнады.
Сәлден соң әйел Ержанға қарап баяу сөйледі:
— Кейде адамдар бақытты ақша әкеледі деп ойлайды.
Бірақ, шын мәнінде, адамға ең алдымен көңіл керек.
Уақыт керек.
Жанында екенін сезіну керек.
Ал қалғанының бәрі содан кейін ғана келеді.
Біз кейде «үйлендік болды» деп ойлаймыз.
Бірақ отбасы күн сайын мейірім мен көңілге мұқтаж.
Сол жоғалған кезде, алдымен әйел бақытсыз болады.
Ал әйелдің көңілі мұңайса, бірте-бірте бүкіл отбасының берекесі кетеді.
Ержан үндемеді.
Ол әйелдің сөзінен өз үйін көргендей болды...
Сол түні Ержан үйге әдеттегіден кеш оралды.
Үйге кірер алдында есік алдындағы орындыққа отырып қалды.
Кешкі тыныштықта ол соңғы жеті жылын көз алдынан өткізді.
Шаңырақ көтергендеріне екі жыл болғанда әкесі дүниеден өтті.
Сол күннен бастап бәрі өзгерді.
Екі отбасының жауапкершілігі оның иығына түсті.
Осы жеті жылдың ішінде үш баласы дүниеге келді.
Ержан күн сайын отбасының нәпақасы үшін тынымсыз еңбек етті.
Ал оның жары үйдің ішінде үнсіз күресті.
Бала тәрбиесі.
Үйдің тірлігі.
Бітпейтін шаруа...
Кейде Ержан оның да шаршайтынын ұмытып кететін.
Жары педагогикалық оқу орнын тәмамдаған еді.
Студент кезінде:
«Бір күні мұғалім болып жұмыс істеймін. Балаларға білім беремін», — деп армандайтын.
Бірақ тұрмысқа шыққан күннен бастап сол армандардың бәрі кейінге шегерілді.
Арманы асқақ бойжеткен бірте-бірте жүзінен күлкі сиреген келіншекке айналды.
Ержан терең күрсінді.
Сосын айналасына ой жүгіртті.
Анасы әлі де мектепте еден жуып жұмыс істеп жүр.
Інісі мен қарындасы есейіп қалды.
Екеуі де мектептің жоғары сыныптарында оқиды.
Енді олар бұрынғыдай кішкентай емес.
Өздеріне өздері қарай алатын жасқа жетті.
Сол сәтте Ержанның көкейіне бұрын-соңды батылы жетпеген ой келді.
«Мүмкін... бөлек шығатын уақыт келген шығар.
Бұл анамнан безіну емес.
Керісінше, өз отбасыма да кеңірек тыныс беру шығар.
Жақын жерден шағын үй алып, анамнан қол үзбей, екі отбасыға да тең көңіл бөлуге болатын шығар...»
Ол алғаш рет осы ойдан қорықпады.
Келесі күні таңертең бәрі әдеттегідей дастарқан басына жиналды.
Таңғы асты ішіп отырған кезде Балым таңырқай қарап:
— Бүгін жұмысқа бармайсыз ба? — деп сұрады.
Ержан анасына бұрылды.
— Апа, бүгін сенбі ғой. Сіз үйдесіз. Балаларға қарап тұра аласыз ба? Біз Балым екеуміз қалаға барып, серуендеп қайтайық деп едік.
Анасы бұл ұсынысты күтпегендей бір сәт үнсіз қалды.
Жүзінен бұл ойдың аса ұнамағаны байқалды.
Дегенмен:
— Барыңдар, балаларға өзім қараймын, — деді.
Ержан күлімсіреп Балымға қарады.
— Онда тезірек дайындал.
Балым алғашында аң-таң болып қалды.
Соңғы жеті жылда мұндай сөзді одан естімеген еді.
— Рас айтасыз ба? — деді сенер-сенбесін білмей.
— Иә. Бүгін тек екеуміз демаламыз.
Балым үнсіз ғана бөлмесіне кіріп кетті.
Айна алдында ұзақ тұрып қалды.
Өзін соңғы рет қашан осылай асықпай жинағаны есіне де түспеді.
Сол күні Ержан әйелін қаланың әдемі жерлеріне алып барды.
Екеуі бірге серуендеді.
Баяғы студенттік күндерін еске алды.
Кафеде отырып ұзақ әңгімелесті.
Жылдар бойы айтылмай қалған сөздер айтылды.
Кейде адамға қымбат сыйлықтың қажеті жоқ.
Оған тек өзіне бөлінген уақыт пен көңілдің өзі жеткілікті.
Кафеде біраз үнсіз отырды.
Екеуі де қолдарындағы шайға қарап, өз ойларымен әлек болды.
Бір кезде Ержан терең тыныс алып:
— Балым, кеше көп ойландым... Меніңше, бөлек шығатын уақыт келген сияқты, — деді.
Балым таңырқай оған қарады.
— Шынымен бе?
— Иә. Балалар да шаршаған сияқты. Сен де... Мен де. Осындай жалғаса берсе, ешкімге оңай болмайды. Менің ойымша, бұл бәріміз үшін дұрыс шешім болады.
Балым бір сәт ойланып қалды.
— Ал... мама қарсы болса ше? Ренжіп қалмай ма?
Ержан жай ғана жымиды.
— Уайымдама. Мамамен өзім сөйлесемін. Басында ренжуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе бұл шешімнің бәріміз үшін дұрыс болғанын өзі де түсінеді.
Аз үнсіздіктен кейін сөзін жалғастырды:
— Оның үстіне, Айым мен Ермек те ер жетіп қалды. Екеуі де өз күндерін өздері көре алатын жасқа жетті. Біз Шетелге кетіп жатқан жоқпыз ғой. Осы маңнан-ақ шағын үй аламыз. Күнде барып, маманың жағдайын біліп тұрамыз.
Балым үнсіз ғана күлімсіреді.
Сол сәтте оның жүрегіндегі ауыр жүктің бір бөлігі жеңілдеп кеткендей болды.
Өйткені жеті жылдан кейін алғаш рет Ержан өз отбасының да үнсіз мұңын естіген еді.
Арада бірнеше ай өтті.
Олар қала іргесіндегі шағын ауылдан өздеріне жайлы үй сатып алды.
Үйдің ауласы кең еді.
Бау-бақша егуге де орын бар.
Ал есік алдындағы бұрын дүкен болған шағын бөлмені Ержан жөндеп, Балымға шағын кәсіп ашып берді.
Алғашында анасы бұл шешімге қатты ренжіді.
Бірақ Ержан анасынан алыстап кеткен жоқ.
Күн сайын халін біліп, қажет кезінде қасынан табылып жүрді.
Уақыт өте келе анасы да бұл шешімнің бәрі үшін дұрыс болғанын түсінді.
Жаңа үйге көшкеннен кейін Ержан ең алдымен үй ішіндегі өзгерісті байқады.
Балалары бұрынғыдан да еркін ойнап, шаттанып жүретін болды.
Үй ішінде күлкі көбейді.
Ал Балымның жүзінен жылдар бойы жоғалып кеткен күлкі қайта оралды.
Сол сәтте Ержан бір нәрсені анық түсінді.
Осы уақытқа дейін ол отбасына тек ақша тауып беру — ер азаматтың басты міндеті деп ойлап келген екен.
Бірақ шын мәнінде, отбасыға одан да маңызды нәрсе керек екен.
Ол — уақыт.
Ол — көңіл.
Ол — жанында болу.
Сол күні жол жиегінде кездескен бейтаныс әйелдің айтқан сөздері еріксіз есіне түсті.
«Адамға ең алдымен көңіл керек...»
Ержан көкке көз тастап, іштей күлімсіреді.
«Бәлкім, Алла оны маған бекер жолықтырмаған шығар...
Мен оның көлігінің дөңгелегін ауыстырдым.
Ал ол байқамай менің өмірге деген көзқарасымды өзгертті...»
Кейде Алла адамға үлкен ғибратты жақындарының емес, өмірінде бір-ақ рет кездесетін бейтаныс жанның аузы арқылы жеткізеді.
Бөлім туралы пікірлер 1
Мәссаған