Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

3 мин

1-бөлім

Бала күнімде, шамамен 4–5 жас шамасында шығармын, апамның үйіне ара-тұра әулетімізбен жиналушы едік.

Қарақыстақтың баурайындағы үлкен ақ үй. Көк терезе жақтаулары, жері кең. Бақшадан қырға қарасаң — кең өріс, қол созсаң, тау етегіне жететіндей.

Үлкендер гу-гу әңгіме айтып, бір мәселелерді шешіп отырады. Біз, бала-шаға, қызық көруге жиналамыз. Қабат үйлерде тұрған соң болар, ауылдың тынысы бізге ерекше, тың сезілетін.

Далада ошақта қазан толы жүгері қайнап жатыр. Самаурынның сырнайы түтіннен босаған емес. Ағалар моншаның қамын жасап жүр, жеңгелер тамақтың қамында.

Бізше — тапшан, сіздерше қалай? Ата-апалар аяқтарын созып, әңгімелерін сүт шайға науатты салып, бірінен соң бірін тауысып жатыр. Немерелер бақшада: бірі алма теріп, бірі алмұрт ағашына өрмелеп, тауықтың басқан жұмыртқасын олжалап, жарыс ойнап… Өмір қызып жатқан шақ.

Бала көңілге бәрі қызық. Шаңырақта отыздай адам бар-ау шамасы.

Апам қасымнан өте беріп, қос алақаныма әрең сыйғандай құрт ұстатты. Шашымнан сипап, еппен өте жөнелді.

Қолымды босатпақ болып, жаңағы құртты тезірек жегім келіп, тістей бергенімде, өзегінен май шықты. Дәмі тіл үйіреді. Қызығы — тұздың дәмі жоқ.

Сізге нақ сипаттау үшін айтсам, Рафаэлло кәмпиті сияқты: іші — міне, дәл солай.

Сол дәмді қатты ұнаттым ба, әлде балалығымның сол бір сәтін бе — анық білмедім. Әйтеуір, әлі күнге дейін ұмытқан емеспін. Тіл рецепторларымның жадында мықтап сақталып қалған.

Содан бері жиырма жылдың жүзі болды. Құрт жесем, сол дәмді іздеп тұрамын. Бірақ әлі кездестірмедім.

Кейде жанымдағы адамдарға сипаттаймын: «Сен сондай құрт жеп көрдің бе? Ішінде әдейі салынғандай майы бар», — деп.

Кейде «Бала болдым ғой, қиялым шығар» деп қоямын. Бірақ ойдағы картиналар мен сезімдер анық.

Жоқ, қиял болуы мүмкін емес.

Кейіннен ол дәмді іздемейтін болдым. Естелік болып қалсын деп…

Кешеге дейін.

Құрт алғанмын. Жеп болып, бірнеше күн ойланып жүрдім: «Мына дәм таныс. Неге ұқсайды?» — деп.

Сенесіздер ме? Балалығымда апам ұстатқан құрт қой!

Толық кеппей қалса, өзегінде майы сақталатын құрт екен.

Талай жылдан соң қайта келген, қайта келмес балалық шағымның естелігі.

Жиырма жылдан кейін сол дәм мені қайта тапты.

Бір сәтке мен тағы да Қарақыстақтың баурайындағы үлкен ақ үйдің ауласында жүргендей болдым. Қара шаңырақтағы қызуы қайнаған шақ …

Ал алақанымда — апам ұстатқан құрт.

Кейбір естеліктер сурет болып емес, дәм болып сақталады екен.

Бұл — талай жылдан соң қайта келген, бірақ қайта келмес балалық шағымның дәмі.

Ғылымда мұны Пруст феномені дейді. Бала кездегі иіс, дәм мидың ең терең жеріне, гиппокампқа жазылып қалады екен. Сурет өшеді, сөз ұмытылады, ал дәм- жиырма жылдан кейін де сол күйі оралады.

Пікір

Автор

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Драма жанры