Детектив Джон өзіне артылған маңызды міндетті түсініп, ісіне білек сыбана кірісіп кетті. Алдымен оқиға орнына бір көз жүгіртіп қарап шықты. Жерге тамған қып-қызыл тамшыларды байқады. Басын көтере беріп еді, қабырғаға жақын маңнан кішкентай ғана түймені көзі шалғандай болды. Бірақ бұны әдеттегі нәрсе деп аса қатты назар аудара қоймады. Джон Маккартур терең күрсініп, тұрып қалды.
Қаза болған ер адамның мәліметтерін сол жерде жүрген полиция қызметкерінен сұрап, білді. Этьен Вердье. Бұл есім Джон үшін бейтаныс еді, Этьен бұрынғы әскери, қазір жеке күзет фирмасында жұмыс істейтін, жуырда ғана жұмыстан босатылған тұлға болып шықты.
Бұл мәселені егжей-тегжейлі тезірек анықтамаса, жағдай бұдан бетер ушығып, қиындап кетуі мүмкін деген ойға келді. Сол сәтте кетуге ыңғайланып жатқан Виктор Самуелден әлгі куәгердің кім екенін және қайда тұратынын сұрады. Виктор оған осыдан былай қарай үшінші үй деп солтүстік-шығыс жақты нұсқап, жауап қатты. Джон куәгердің үйіне қарай бет алды. Жеткен бойда есігін қақты. Көп күттірмей есікте ашылды. Джон өзін таныстырып, ішке кіруін өтінді.
Сізге түнгі сағат 22:30-да болған оқиғаға қатысты маңызды бірер сұрақтарым бар деп қонақ бөлмедегі орындыққа жайғасты.
— Әрине, қойыңыз.
— Ең әуелі есіміңізді айтсаңыз.
— Клэр Гюлен
— Ол уақытта не себепті жүргеніңізді айта аласыз ба?
— Күн тәртібім бойынша әдетте ерте көзім ілінетін. Алайда неге екенін білмеймін өзімді жайсыз сезінгендіктен бой жазып қайтуға сыртқа итіммен бірге шыққанмын.
— Оқиға болған орыннан немесе сол маңайға жақын жерден басқа күдік туғызатындай ешкімді, ешнәрсені аңғармадыңыз ба?
— Сыртқа шыққанымда тұманның қалың болып түскенін байқадым. Көп ұзамай, осы аралықты айналып қайтайын деген тоқтамға келіп, айналама қарағанымда осы көшеден оңтүстікке қарай бет алған орта бойлы ер адамды көзім шалды. Өзі аяғын жылдамдата басып бара жатты.
— Әрі қарай қандай жағдай болды?
— Содан келе жатқанымда кенеттен бір дауыс шықты. Алғашында дұрыс түсінбегендей болдым. Кейін көмектесіңдер деген дауысты анық естідім. Дауыс шыққан жаққа қарай барып көргенімде қараңғы қуыста арқасын қабырғаға тіреп отырған ер адамды көрдім. Қиналып жатқан адамды көргенде қолымнан ештеңе келмесін білген соң дереу арада полиция бөлімшесіне қоңырау шалып, мән-жайды айттым. Бар көрген, білгенім осы.
— Үйіңізде жалғыз сізден басқа адам жоқ па? — деп итке қарады.
Жұбайым осыдан 3 жыл бұрын өмірден өткен. Бірақ жалғыз емеспін. Бір үлкен ұлым бар. Ол жоқта мына мысық пен итті ермек етемін деп, — ұйықтап жатқан мысығы мен құйрығымен ойнап отырған итін көрсетіп.
— Ұлыңыз қазір қайда?
— Ол жұмыста. Жұмысы бұл маңнан алыс болғандықтан, істейтін жерінде тұрады. Демалыс күндері келіп тұрады.
— Жауабыңызға рақмет, — орнынан тұра беріп, — егер тағы сұрақтарым болса тағы келемін, деп шығып кетті.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.