Таңғы сағат жеті. Жатақхананы әдеттегідей қатты қоңыраудың дауысы жаңғыртып жіберді. Біреу ұйқысын қимай көрпесіне оранса, енді біреу асығыс киініп жатты. Мен де көзімді әрең ашып, төсектен тұрдым. Бәрі күндегідей басталды: таңғы ас, асығыс жиналу, достармен әңгіме және мектепке қарай жол.
Сыныпқа кіргенімде, мұғалімнің жанында бейтаныс қыз тұрғанын көрдім.
— Балалар, бүгін сыныбымызға жаңа оқушы қосылады, — деді мұғалім.
Қыз өзін таныстырды. Оның аты — Аяла еді. Ол бос орынға барып отырды. Мен бастапқыда оған жай ғана жаңа оқушы ретінде қарадым. Бірақ сабақ басталғаннан кейін көзімнің еріксіз оған түсіп отырғанын байқадым.
Үзілісте ол маған бірнеше тапсырманы түсінбегенін айтты. Мен көмектесуді ұсындым. Сабақтан кейін екеуміз бірге отырып, үй тапсырмасын орындадық. Алғашында тек сабақ туралы сөйлестік. Бірақ бірте-бірте әңгімеміз басқа тақырыптарға ауысты. Мектеп, достар, қызығушылықтарымыз туралы сөйлестік. Оның әңгімесін тыңдау маған ерекше қызық болды.
Үй тапсырмасын аяқтаған кезде, мен ішімде бір нәрсенің өзгергенін сездім. Бұрын бұл күн мен үшін жай ғана кезекті оқу күні болатын. Ал енді оның дауысы, күлкісі, айтқан сөздері ойымнан кетпей қойды.
Кешке жатақханаға қайтып, бөлмеме кірдім. Жолдастарым өз істерімен айналысып жатты. Мен төсегіме отырып, бүгінгі күнді ойлай бастадым.
— Әй, Диас, саған не болды? — деді ең жақын досым Асқар.
— Ештеңе.
— Ештеңе болса, неге бір жерге қарап, күліп отырсың?
— Қойшы, Асқар.
— Жоқ, айт. Бүгін сыныпқа жаңа қыз келді ғой. Аты қалай еді?
Мен үндемей қалдым.
— Аяла ма? — деп Асқар күлімсіреді.
— Иә.
— Е, түсінікті. Саған ұнап қалған ғой?
— Білмеймін… Мүмкін.
— Мүмкін емес. Түріңнен бәрі көрініп тұр-деп күлкіге берілді.
— Бүгін ғана сөйлестік қой. Бірден бірдеңе деу дұрыс емес.
— Дұрыс. Бірақ сенің ойың қазірдің өзінде соған кетіп қалған сияқты.
Мен күліп жібердім.
— Бәлкім, солай шығар.
Асқар тағы біраз сұрақ қойды. Мен оған бүгін болғанның бәрін айтып бердім. Ол кейде әзілдеп, кейде шын көңілмен тыңдап отырды.
Бөлме біртіндеп тынышталды. Біреулер ұйықтап қалды, біреулер телефондарын өшірді. Мен де жатып, төбеге қарап біраз ойландым.
Бүгін таңертең ғана бұл жай күн сияқты көрінген еді. Ал кешке қарай бір адамның пайда болуы бүкіл ойымды өзгертіп жіберді.
Көзімді жұмып жатып, ішімнен бір ғана ой өтті:
«Қазір тезірек ұйықтасам екен… жаңа күн тезірек басталса екен».
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.