Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

5-бөлім · 5 мин

Күткен қыз

5 / 5

Анам «сені таңдады ғой» деген жоқ.

Айтса, сенбейтін едім. Бірақ айтпағанына да ренжідім.

Ол иығымдағы қолын түсірмей біраз отырды. Сосын шәйнекті қосты. Су қайнағанша екеуміз де үндемедік.

— Мен соны одан талай сұрадым, — деді ақыры.

— Не деді?

— Бізді тастап кетіп жатқан жоқпын дейтін.

— Бірақ кетті ғой.

Анам кесені үстелге қойды.

— Кетті.

Әдетте мені осы жерден түзететін: «Кеткен жоқ, қаза тапты». Анам кесемді өзіне тартып, шай құйды.

Қантты өзі әкеліп қойды. Мен салмадым.

— Оның жақсы адам болғанын білемін, мам.

— Білемін.

— Бәрі айтады. Мен де айта аламын. Біреу жаман десе, өзім ұрысамын. Бірақ…

Кесенің сабын ұстап, бұрып қойдым.

— Маған қазір оның жақсы адам болғанын айтпашы.

Анам басын изеді.


Он үш жасымда әкем туралы шығарма жазғанмын.

Тақырыбын мұғалім берген жоқ. «Менің отбасым» деген тақырып болатын. Мен бірден әкем туралы жаза бастағанмын. Анамды соңғы абзацта ғана атадым. Ол кезде мұны байқамадым.

Мұғалім ең жоғары баға қойып, мектептің қабырға газетіне ілді. Анам ата-аналар жиналысына келгенде көріпті. Үйге оралған соң, «жақсы жазыпсың» деді.

Сол шығармада әкемді ешқашан ұмытпайтынымды жазған едім.

Бірақ сол жылы оның бір суретіне қарап отырып, иісін есіме түсіре алмайтынымды білгенмін.

Үйде киетін жейдесі қалмапты. Анамнан сұрауға ұялдым. Шкафты өзі жоқта ашып қарадым. Ішінде анамның киімі, менің ескі күртем, төсек жапқыштары тұр. Ешқайсысынан ештеңе таппадым.

Сол түні анама ренжідім. Әкемнің заттарын сақтамағаны үшін. Таңертең ол маған үтіктелген көйлегімді әкеліп, шайға шақырды. Мен қабағымды ашпадым. Неге ренжігенімді айтпадым.

Ол соны білмеген күйі жұмысқа кетті.

Қазір осыны айтқанда, анам таңғалды.

— Сұрасаңшы, — деді.

— Айта алмадым.

— Қалың жемпірі біраз жыл жатты. Кейін әпкеңнің баласына бердім. Киіп жүрсін дедім.

— Білемін. Енді түсінемін.

Анам саусағын кесенің жиегіне тигізіп отырды.

— Берерде өзім де біраз ұстадым, — деді. — Бір иіскеп көрдім. Ештеңе қалмапты.

Оған қарадым.


— Кішкентай кезімде көп сұрадым ба? — дедім. — Қашан келетінін.

— Сұрадың.

— Сен не деуші едің?

— Басында білмеймін дейтінмін. Кейін қайтпайтынын айттым.

Анамның даусы бәсеңдеді.

— Түсіндірдім деп ойладым. Сен басыңды изедің. Сосын кешке табаға үш жұмыртқа салуды сұрадың.

Қасықты қолымнан түсіріп ала жаздадым.

— Неге?

— Әкең келгенде дайын тұрсын дедің.

Көзімді жұмдым. Есіме ештеңе түскен жоқ. Үш жұмыртқа табада қатар жатқандай, көз алдымнан кетпей қойды.

— Сосын?

— Үшеуін салдым.

Анам көзін сүртті. Жылағанын жасыруға тырыспады. Мен оған майлықты жылжыттым.

— Келмейтінін қайта айту керек еді, — деді. — Бірақ сол күні шамам келмеді.

— Мам…

— Қоя тұр. Майлықты берші.

Майлықты қолына ұстаттым. Ол көзін сүртіп, мұрнын тартты.

— Айта бер. Тыңдап отырмын.

Қолымды үстелдің үстіне қойдым. Ол алақанын үстіне салды.

Мен жеті жасымда сыныпта қол соққанымды есіме түсірдім. Бәрі менің әкемді білетін. Бірде-біреуінің оны үйге жіберуге шамасы жетпейтін.

— Мен ұзақ күттім ғой деймін, — дедім.

— Иә.

— Өлгенін білген соң да.

Анам басын изеді.

— Кейде қазір де күтемін.

— Қашан? — дедім.

— Бір нәрсе дұрыс болғанда. Саған грант шыққан күні, мысалы. Телефонды алдым. Кімге хабарласайын деп алғанымды бірден түсінбедім.

Мен ол күнді жақсы білемін. Анам тоқтаусыз біреулерге қоңырау шалған. Даусы бүкіл үйге естілген. Мен бөлмемде Айгеріммен сөйлесіп отырғанмын.

Бір қоңырауды шала алмағанын білмеппін.


Сол түні анамның үйінде қалдым.

Бұрынғы бөлмемдегі төсек жапқышы жаңа екен. Жастығы да басқа. Бірақ шамның қосқышы баяғы орнында: жатқанда қол созсаң, жетпейді. Өшіріп, қараңғыда төсекке жетуің керек.

Анам есікті ақырын қақты.

— Ұйықтамадың ба?

— Жоқ.

Қолында су мен кішкентай тәрелке бар.

— Алма аршып едім.

— Тісімді жуып қойдым ғой.

— Онда мен жеймін.

Кереуеттің шетіне отырды. Тәрелкені екеуміздің арамызға қойды. Бір тілім алдым.

— Әкем мені көтеріп жүретін бе? — деп сұрадым.

— Жүретін.

— Көп пе?

— Белі ауырғанша.

Күліп жібердім.

— Сосын ше?

— «Енді өзің жүр» дейтін. Сен келіспейтінсің. Бір күні дүкеннен қайтқанда екеуің баспалдаққа отырып қалыпсыңдар. Мен төмен түссем, екеуің де ашулысыңдар.

— Кімге?

— Бір-біріңе. Сен көтермеді деп. Ол шаршадым десем, түсінбейді деп.

— Мен неше жаста едім?

— Үште.

Бұл жолы екеуміз де күлдік.

— Үш жастағы балаға шаршағанын түсіндіріп отыр ма?

— Әкең ғой.

Анам алма тілімін қолында айналдырып отырды.

— Сосын сені өзі көтеріп келді. Маған бермеді. Үстіне шығып алған соң, мойнынан құшақтап алыпсың. Бір қолымен сені ұстап, бір қолымен белін басып кірді.

Сол сәтті көз алдыма елестеттім. Әкемнің мінбердегі даусын үйіміздің баспалдағына сыйғыза алмадым. Бірақ менің салмағымнан бір жағына қисайып, аяғын абайлап басып келе жатқан адамды елестете алдым.

— Тағы айтшы, — дедім.

Анам маған қарады. Көзінен жаңағы күлкі кетпепті.

Ол әкемнің табаға жұмыртқаны қатты қуыратынын, таксиде жүргізушімен міндетті түрде сөйлесетінін, жаңа аяқкиімі аяғын қажаса да, «үйренеді» деп киіп жүретінін айтты. Бір күні менің қуыршағымның аяғын жөндеймін деп, екінші аяғын да сындырыпты. Ертеңіне дүкеннен басқа қуыршақ әкелген. Мен оны қабылдамағанмын.

Анам тоқтаған сайын, тағы сұрадым. Тәрелкедегі алманың беті қарайып кетіпті.


Орнынан тұрарда анам:

— Хаттарын оқисың ба? — деді.

— Қазір ме?

— Біреуін. Қалғанын кейін қараймыз.

Дәлізден қоңыр папка әкелді. Ішіндегі парақтардың арасынан біреуін таңдап, маған берді.

— Мынаны ұсталғаннан кейін жазған. Өзің туралы сұраған жері бар.

Қағазды екі қолыммен ұстадым. Анам төсектің шетіне қайта отырды.

Әкемнің жазуы ұсақ екен. Кей сөздің соңын жолдың үстіне шығарыпты. Бір жерін сызып, қайта жазған. Мен саусағымды тигізбей, көзіммен жолдарды қуалап оқыдым.

Төменгі жақтағы екі сөйлемге жеткенде тоқтап қалдым.

«Әлия мен туралы сұрай ма? Ұмытып қалған жоқ па?»

Пікір

Автор

Жазылсаң, жаңа бөлім шыққанда хабарлаймыз.

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Драма жанры