— Біржола дегенің қалай?
Анам суреттің үстіндегі қолын алды. Ақ жиектің бір бұрышы қайырылып қалыпты. Соны тырнағымен тегістей бастады.
— Бөлек тұрамыз деп шештім.
— Ажырасқалы жүрдіңдер ме?
— Мен кеткім келді.
— Ол ше?
— Ол қалуымды сұрады.
Анам мұны жай ғана айтты. Мен одан басқа бір сөз күтіп отырдым. «Бірақ» деп басталатын бір сөйлем. Сол күні қатты ашуланғанын, шын мәнінде кетпек болмағанын айтса екен дедім.
Асүйден су тамғандай дыбыс естілді. Анам басын бұрып қарады да, орнынан тұрды.
— Тоңазытқыштың есігі ашық қалыпты.
Артынан бардым.
Ол үстелдегі қамырларды үлкен табаққа жинап, бетін сүлгімен жапты. Бірінің шеті ашылып кеткен екен, саусағымен қысып қойды.
— Мам, сен жаңа…
— Естіп тұрмын, Әлия.
— Сонда кеттіңдер ме?
— Кеттік. Нағашы әпкеңнің үйіне.
Орындықты тартып отырдым.
— Қанша уақытқа?
— Үш күннен кейін қайттық.
— Неге?
Анам үстелге түскен ұнды алақанымен бір жерге үйді.
— Өйткені кету де, қайту да сен ойлағандай оңай болған жоқ.
Оның әр сөзін сұраққа айналдырып отырғанымды сездім. Бірақ тоқтасам, бұл әңгіме де қораптағы суреттермен бірге қайта жиналып қалатындай көрінді.
— Мен мұны неге білмеймін?
— Ол кезде бес жаста едің.
— Қазір бес жаста емеспін ғой.
— Енді менен не күтесің? Сол кезде айтпағанымды…
Анам тоқтап қалды. Мен қолымды үстелден алдым.
— Мен ұрысып отырған жоқпын, мам.
— Даусың солай шығып тұр.
Асүйге екеуміз де сыймай қалғандай, ол орнынан жылжыды.
Анам қарсыма отырды. Қолының сыртына жабысқан қамыр кеуіп қалыпты. Оны байқамай, саусағымен уқалап отырды.
— Кейін неге айтпадың?
— Қай кезде айтуым керек еді?
Жауап бермек болып аузымды аштым да, үндемедім.
— Мектептен әкең туралы тақпақ жаттап келгенде ме? Әлде оның туған күніне гүл таңдағанда ма? — Анам даусын көтерген жоқ. — Өзім де неден бастарымды білмедім. Кейін айтармын дедім. Сөйтіп жүріп…
Ол сөзін аяқтамады.
— Жаңа саған қатты айтып қойдым, — деді біраздан соң.
Үстелдің жиегіндегі ұнға саусағымды тигіздім. Ақ сызық пайда болды.
— Оны жақсы көрмедің бе?
Анам маған ұзақ қарады.
— Жақсы көрдім.
— Онда неге?...
— Жақсы көрген адаммен де бірге тұру қиын болуы мүмкін.
Анам шәйнекті қайта қосты. Бұл жолы қарсылық білдірмедім.
— Сол суретті неге түсіргенсіңдер? — дедім. — Кеткелі тұрып.
— Әпкеңде жаңа фотоаппарат болған. Сөмкесінен шыққанын көріп, сен жабыстың. «Үшеумізді түсір» деп қоймадың.
Суретке қайта қарадым. Мен әкемнің қолына сүйеніп тұрмын. Анам объективке қараған. Әкемнің көзі төменде, менде екен.
— Есімде жоқ.
— Ол күні тәпішкеңді шешкің келмеді. Әпкеңнің үйіне сонымен барамын дедің.
Сары сөмкемдегі қоян есімде сияқты еді. Бірақ жаңа ғана суреттен көрген нәрсені есіме түскендей қабылдап отырған жоқпын ба, оны ажырата алмадым.
— Неге кеткің келді?
Анам кесесіне су құйды. Шайдың түсі қоюланғанша күтіп, қасықты алдыма қойды.
— Үйге адамдар көп келетін. Бірі күндіз, бірі түнде. Кейбірі аты-жөнін де айтпайтын. Әкеңмен сөйлесіп, қағаз қалдырып кететін. Сен ұйықтаған соң, асүйде отыратынбыз. Ол біреудің ісін оқиды, мен ертеңгі жұмысыма дайындаламын.
— Сен көмектестің бе?
— Қолымнан келгенше. Тізім тердім. Кейде хаттарды көшірдім. Келген адамдарға шай бердім. Бір әйел баласымен қонған.
— Қорықпадың ба?
— Алғашында бәрі соншалық қауіпті көрінбеді.
Ол кесесін екі қолдап ұстады.
— Кейін телефон соғып, үндемей қоятын болды. Әкең кешіксе, қайда жүргенін білмейсің. Телефоны өшірулі. Достарына хабарласасың — олар да іздеп отыр. Бір күні кешке сені балабақшадан алып шығайын деп жатсам, тәрбиешің «әкесін танитын бір кісі келді» дейді.
Қолымдағы қасық кесенің шетіне тиді.
— Кім?
— Білмеймін. Сені алып кетпек болмаған. Қай уақытта шығатыныңды сұраған.
— Сосын?
— Сосын әкеңе бардым. Жұмыс орнына. Сен дәлізде менің сөмкемді құшақтап отырдың. Мен оған енді бұлай болмайтынын айттым.
Анам маған қарап қалды.
— Дәлізде орындық жоқ еді. Сөмкемді жерге төсеп бердім. Соған отырып алғансың.
— Ол не деді?
— Тәрбиешіге ескертеміз деді. Біраз уақыт өзі алып жүретін болды. Қауіпсіз жерге уақытша көшейік деді.
— Бірақ жұмысын тоқтатпады.
— Тоқтатпады.
Шәйнек суып бара жатты. Анам кесесіне тағы ыстық су қосқан жоқ.
— Сен одан бәрін тастауды сұрадың ба?
— Біраз уақыт шегіне тұруын сұрадым. Қалғандары жалғастырсын дедім.
— Ал қалғандарының да отбасы бар ғой.
Сөз аузымнан шығып кеткен соң ғана анамның бетіне қарадым.
Ол кесесін қойды.
— Дәл солай деді.
Үндемей қалдым.
— Әлия, мен олардың отбасын ойламадым деп тұрған жоқпын. Сол күні сені ойладым.
Алдымдағы шайға қарадым. Бетіне жұқа қабық тұрыпты.
— Кешір.
Анам басын изеді. Біраз уақыт қамырды үнсіз түйіп отырды.
Біраздан кейін ол өзі сөз бастады:
— Әкең жаман адам болған жоқ. Бірақ мен қорыққан сайын, бәрін түсіндірсе, қорқынышым басылады деп ойлайтын. Кімге хабарласқанын, кімнің уәде бергенін, қай газет жазатынын айтып шығатын.
— Сен сенбедің бе?
— Кейде сендім. Кейде оның сенгісі келіп тұрғанын көрдім.
Біз қамырды бірге түйдік.
Менікінің шеті қалың болып шықты. Анам түземек болып қолын созды да, қайта тартып алды.
— Айта бер, — дедім.
— Не айтайын?
— Дұрыс емес екенін.
— Піскенде ашылып кетпесе болды.
Екіншісін жұқалау жасадым.
— Үш күннен кейін өзің қайттың ба?
— Әкең келді. Әпкең екеумізді асүйге кіргізіп, есікті жапты. Сені аулаға алып шықты.
— Келістіңдер ме?
— Кей нәрсеге келістік.
— Қандай?
— Үйге бөтен адамдар келмейтін болды. Сені балабақшадан мен немесе әпкең алатын болдық. Ол кешіксе, міндетті түрде хабарласатын болды.
— Ал сөйлейтін жиыны ше?
Анам қолындағы қамырды табаққа қойды.
— Ол туралы кейін білдім.
— Қашан?
— Қайтып келген соң.
— Сен әлі ренжисің бе?
Ол сәл жымиды. Шаршаған адамның жымиысы.
— Кейде.
— Осынша жылдан кейін де ме?
— Осынша жылдан кейін де.
Мен қолымды тіземе түсірдім. Саусақтарым ұн болып қалыпты.
Үйге қайтарда анам иығында отырған суретімді кішкентай конвертке салды.
Дәліздегі суретті де сұрадым.
Ол бірден бере қоймады.
— Алып кетсең болады. Бірақ рәсімде көрсетпеші.
— Көрсетпеймін.
Суретті конверттің ішіне өзі салды.
Аяқкиімімді киіп жатқанымда:
— Гүлнар апаймен сөйлессең болады, — деді.
Басымды көтердім.
— Қай Гүлнар апай?
— Әкеңмен бірге жұмыс істеген. Есіңде жоқ шығар. Кішкентай кезіңде бізге келетін.
— Нөмірі бар ма?
Анам телефонын алып шықты.
— Алдымен өзім хабарлайын.
— Не айтасың?
— Қызым сенімен сөйлескісі келеді деймін.
— Басқа ештеңе айтпашы.
Ол маған қарады да:
— Жарайды, — деді.
Автобуста келе жатқанда Айгерім жазды.
«Тірі қалдырдым. Тіпті жақсы демалып тұр».
Күліп жібердім. Қасымдағы әйел маған бір қарап қойды.
«Рақмет. Ертең кофең менен».
Бірнеше секундтан соң:
«Үйде бәрі дұрыс па?»
Жауап тердім. Өшірдім.
«Әлі білмеймін», — деп жібердім.
Гүлнар апай келесі күні түстен кейін келуімді сұрады.
Оның кеңсесі үш қабатты ескі ғимаратта екен. Бірінші қабатта кілт жасайтын орын, екіншісінде тіс емханасы бар. Мен үшінші қабатқа көтерілгенше, төменнен бұрғының даусы естіліп тұрды.
Есік сыртындағы шағын тақтайшада «Заңгерлік көмек» деп жазылған.
Ішке кіргенімде, қысқа шашты әйел көзілдірігін басына көтеріп, монитордан бұрылды.
— Әлия?
— Сәлеметсіз бе.
— Кір. Пальтоңды ана жерге іле сал.
Ол орнынан тұрып, қолымды қысты. Пальтомның жеңі орындыққа ілініп қалғанын көрсетіп, өзі шәйнекке барды.
— Шай ішесің бе?
— Ішемін.
— Жақсы. Мен де ішпек болып отырғанмын.
Үстелінің шетінде қағаз толы екі қорап тұр. Терезе алдында суы азайған гүл. Қабырғада күнтізбе мен түрлі түсті қағаздарға жазылған ескертулер ілінген.
Әкемнің суретін іздедім. Көрмедім.
Гүлнар апай мұны байқағандай, қарсыдағы сөреге қарады.
— Ана папкаларды жылжыта тұршы. Орындық босайды.
Папкаларды алдым. Астынан ескі қолғап пен қаптамаға салынған печенье шықты.
— Қолғапты да қоя сал. Көктемнен бері іздеп жүрмін.
Екеуміз де күлдік. Отырған соң, сөмкемнен диктофонымды шығардым.
— Әңгімемізді жазып алсам бола ма? Өзім үшін. Бірдеңені ұмытып қалмайын деп.
— Болады. Бірақ бір жерде пайдаланатын болсаң, алдымен маған тыңдат.
— Әрине.
Жазу батырмасын бастым.
— Әкем қандай адам еді?
Гүлнар апай шай құйып тұрып маған қарады.
— Қай жағынан?
— Жұмыста.
— Құжатты мұқият оқитын. Бір күні қарасаң, бәрі түсінікті. Келесі күні келіп, бір жолды көрсетеді. Содан істің бағыты өзгеріп кетеді.
Ол кесені алдыма қойды.
— Ал кейде өз ойына өзі қатты сеніп кететін. Сондайда сөйлесу қиын.
— Тыңдамайтын ба?
— Тыңдайтын. Кейде сөзіңді аяқтатпай, жауабын бастап кететін. «Тимур, қоя тұр, бітірейін» деуге тура келетін.
Еріксіз жымидым. Айгерім маған да осыны айтқан.
— Ескерткіш ашылатынын білесіз бе?
— Шақырту келді.
— Барасыз ба?
— Барамын.
— Менен сөз сөйлеуді сұрап отыр.
— Анаң айтты.
— Не айтарымды білмеймін.
Гүлнар апай асықтырмады. Шайын араластырып отырды.
— Бәрі оны жақсы біледі. Бір мен…
— Бәрі біле бермейді, Әлия.
Ол қасықты табақшаға қойды.
— Бірге жұмыс істедік. Талай сөзге келдік. Бірақ үйге барғанда қандай әке болғанын сенің анаңнан артық білмеймін.
Диктофонның жасыл шамына қарадым.
— Соңғы сөйлеген сөзін бірге дайындадыңыздар ма?
— Иә.
— Ол кезде қауіп барын білдіңіздер ғой?
— Білдік.
— Сонда да шықты.
— Шықты.
— Оны тоқтатуға тырыспадыңыз ба?
Гүлнар апай арқасын орындыққа тіреді.
— Тырыстым.
— Не деді?
Ол бірден жауап бермеді. Мен сол үнсіздікке шыдамай:
— Бәрібір тыңдамаған ғой, — дедім.
Гүлнар апайдың көзі диктофонға түсті. Сосын маған қарады.
— Сен әкеңнің сол жерге қалай барғанын білмейсің.
— Айтыңыз.
Ол үстелдегі қасықты кесеге салып, қайтадан алып қойды.
— Сөйлейтін адам соңғы күні ауысты.
Диктофонға созған қолым ауада тоқтады.
— Қалай?
Гүлнар апай маған тіке қарады.
— Ол күні мінберге әкең емес, мен шығуға тиіс едім.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.