Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

1-бөлім · 2 мин

Күтпеген сезім

1 / 2

Әріптестерімнің арасында әдемі әйел болды. Өзі өте сұлу болатын. Отбасы үлкен, келіндері бар, жолдасы жұмысқа әкеліп, жұмыстан қайтада күтіп тұрып алып кететін. Бәрі қызыға қарайтын. Өзі де сабырлы, салмақты жақсы кісі еді. Бірде екеуміз ұзақ әңгімелестік. Ол басынан өткенін түгел айтты. Ол кісі 2012 жылы елу жасында дүниеден өтті. Ол кісінің айтқан әңгімесі мен өмірден кеткеннен кейінгі отбасының тоз-тоз болуы мені көп ойлантты.

Айнаның отбасында анасы, екі ағасы болды. Әкесі Айна бір жасқа келгенде дүниеден озған. Анасы жалғыз өзі қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатты. Үлкен ағасы мектеп бітіріп, Алматыға ауыл шаруашылығы институтына оқуға түсті. Екінші ағасы анасына қолқанат боп совхозда жұмыс істеп қалды. Үлкен ағасы институтты бітіріп кеп, жұмысқа орналасты. Кейін совхоз директоры болды. Жағдайлары жақсара бастады...

Жаратылыс дегенді қойсайшы, Айнадан ештеңені аямаған. Бота көз, жәудір жанар, ұзын бұрым, оқтаудай түп-түзу балтыр. Әдемі боп бойжетті. Мектеп бітірген соң, Алматыға институтқа оқуға түсірді. Ағалары бар жағдайын жасады. Қыздармен пәтер жалдап тұрды. Бәрі сол практикадан басталды...

Айна бесінші курста аудан орталығындағы бір мекемеге практикаға келді. Сол жерде мекеме бастығы Айнаға ерекше қамқорлықпен қарайтын еді. «Оқуың біткен соң, жұмыс дайын, ештеңеге алаңдама» дейтін. Айнаны жұмысқа апарып, әкеліп жүрді. Мейірімді, өзіне қамқор боп жүрген Қамбармен күнде кездесетін болды. Қамбардың отбасы, төрт баласы барын да білді. Айна соңғы уақыт Қамбарды көп ойлайтын. Сын-сымбаты келіскен Қамбарға ғашық болып қалғандай. Бір күні Қамбар досының туған күніне шақырды. Айна баруға келісім бермеді. Қамбар қоярда қоймай, бір екі сағат отырып қайтатынын, үйіне жеткізіп салатынын айтты. Айнаны ақыры ғашықтық сезімі жеңіп, туған күн кешіне келуге келісті

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Драма жанры