Таңның шуағымен Алуа көзін ашты. Ерлан ошақ түбінде еденге отырған күйі, дем алуға да батпай отыра берді.
Алуа Ерлан жаққа басын бұрып, оған қарады. Ерлан осынша ұзақ уақыт бойы аңсаған Алуаның жанары оған енді тиесілі.
— Ерлан, — деді Алуа жымиып. — Сен осында екенсің ғой.
Мыстан кемпір қолын алжапқышына сүртіп, сәл әрірек тұрды.
— Ал, енді сүйіктіңді ала ғой да барыңдар, — деді ол. — Бірақ есіңде болсын: арамыздағы келісімді ешкім де, ештеңе де бұза алмайды. Келісім аты — келісім.
Ерлан оның сөзін елеген де жоқ. Бастысы арманы орындалды, оның құны оған маңызды емес.
Ол Алуаны ауылдың арғы шетіндегі, көптен бері ешкім ат ізін салмаған ескі қой қорасына жасырды. Күн сайын оған нан, су мен көрпе таситын. Алуа аз тамақтанатын. Бірақ Ерлан табалдырықтан аттаған сайын орнынан атып тұрып, иесін көрген иттей алдынан жүгіріп шығатын. Оның қалжыңдарына күлетін, саусақтарын сипалап отыратын, тізесіне басын қойып ұйықтап қалатын. Алғашқы екі аптада Ерлан бақыттан басы айналғаны сонша, кейде өз қуанышынан өзі ұялатын.
Бірақ уақыт өте келе ол ұсақ-түйек өзгерістерді байқай бастады.
Алуа көзін жыпылықтатуды дерлік қойды. Оттың жанында отырса да, терісі мұздай қалпынан танбайтын. Тырнақтары қарайып, ұзын қара шашы иығына судан құрғамай жабысып жататын. Ал отырған жерінің еденінде ылғи қарауытып, дымқыл дақ қалатын.
Күн өткен сайын Ерлан Алуаға сирек келетін болды. Әуелде күніне бір рет соқса, кейін күнара ғана бас сұғатын болды.
— Қайда болдың? — деп сұрайтын ол Ерлан келген сайын. — Неге сонша кешіктің? Мен сені күтіп, уақыт санап, уайыммен болдым!
— Шаруаларым болды, — деп еш сезімсіз жауап қататын тек.
Бір кезде Ерлан өзі сонша сүйген жүзіне қараудың аяқ астынан ауырлай түскенін сезді. Ол баяғы Алуа еді, бірақ сонымен бірге мүлде басқа біреуге айналғандай. Судағы көмескі бейне секілді. Енді ол Ерланның атынан басқа ештеңе айтпайтын. Ауыл жайын да, туған-туысын да сұрамайтын. Тек оны күтіп отыратын. Бұрыңғыдай уақыт бітпесе екен деп тілемейтін, керісінше тезірек кетсем екен деп қасынан кетуге асығатын.
— Кетпеші, — дейтін ол Ерланның жеңіне жабыса түсіп. — Ендігәрі менен кетуші болма.
Оның саусақтарының қысымы барған сайын күшейе берді. Бірде Алуаның Ерланның білегін қысқаны соншылық, қол саусақтарының ізі қалып, көгеріп қалды.
Ал үйде інісі Арман терезе алдында отырып, көл жаққа телміретін. Тамақ ішуді де қойды. Анасы алақанын баласының маңдайына басып көрді: қызуы жоқ, бірақ денесі оттай жанып тұрғандай.
— Аллаһ сақтасын, — деп сыбырлайтын анасы.
Ерлан інісінің жағдайын көріп, теріс айналып, сыртқа шығып кететін.
Сол түні ол қой қорасына емес, Мыстан кемпірдің үйіне барды.
— Мен келісімді тоқтатамын, — деді табалдырықтан аттай бере. — Мені Алуа сүймесін. Бәрі бұрынғы қалпына келсін.
Мыстан кемпір иіріп отырған жібінен басын да көтермеді.
— Келісім жасалған. Оны ешқалай бұза алмайсын. Қалағанынды алдың, енді не керек саған?
— Мен ақысын төледім ғой!
— Төледің. Бірақ бұл келісімді бұзуға болады деген сөз емес.
— Онда өлтір оны. Бәрін бұрынғы қалпына қайтар!
— Өзім тірілткендерді қайта өлтірмеймін, — деді кемпір Ерланға қарап. Біз кезде әжем басқан еріндерінің бұрыштары жоғары көтеріліп — Сезімін өшіп қалды ма ғашығына? Енді махаббатына қаңықтың ба? — деп қатты күле бастайды.
Ерлан артқа қарай сасқалақтап, есікті бар күшімен тарс жапты. Қабырғадан сылақ үгітіліп түсті. Ол түн қараңғысында жолды аңғармай, аяғын ілгері басты. Тек қой қорасына жақындағанда ғана есігінің айқара ашық тұрғанын байқады.
Алуа табалдырықта тұр екен. Су болған ұзын шашы бетіне жабысып қалыпты. Көйлегі де жаңа ғана судан шыққандай малмандай су, қарауытып тұр. Көзінде адамға тән ештеңе қалмапты. Тек бір ғана сезім бар еді: ол Ерланды күтіп тұрған.
— Кешіктің, — деді ол.
Ерлан дауласпады. Оның мұздай, сірескен қолынан ұстап, көлге қарай жетеледі. Бәрі басталған жерде сөйлескен жөн болар деп ойлады.
Жағалау тым-тырыс еді. Көлдің бетінде жіңішке орақтай айдың сәулесі діріл қағады.
— Алуа, — деді Ерлан. — Мені тыңдашы. Мен сені енді сүймеймін. Естіп тұрсың ба? Мені жайыма қалдыр.
Алуа ұзақ үнсіз тұрды. Содан соң Ерланға қараған жүзі өзгере бастады. Күрт емес, терісінің астындағы әлдебір нәрсе өзінің шынайы қалпын есіне түсіріп жатқандай. Бет сүйектері шодырайып, көздері ішке қарай шөгіп, еріндері адам баласына тән емес жымиысқа керілді. Жартылай ашылған аузынан су сорғалап жатты. Ерланның ұстап тұрған қолдарын қатты қысып:
— Сен мені сүйесің, — деді ол. Бірақ бұл өз дауысы емес еді. Судың астынан жүздеген үн қатар тіл қатып тұрғандай естілді. — Сен менің тек сені ғана сүйгенімді қаладың. Енді мен сені ғана сүйемін, саған ғана тиесілімін. Сен де маған тиесілісің!
Ерлан жұлқынып, босануға тырысты. Бірақ Алуа оның білегінен тас қылып ұстап алған еді. Саусақтары мұздай сақиналардай қарысып қалған. Ерлан бар күшімен бұлқынған сәтте, ол оны өзіне қарай тартып қалды.
— Біз бір-бірімізді сүйеміз, — деп сыбырлады Алуа. Су Ерланның тізесіне, одан беліне дейін көтеріліп қалған еді. — Енді біз тек бір — бірімізге тиесіліміз! Тек бір — бірімізге!
Ерлан бір-ақ рет дем алып үлгерді.
Содан кейін көл үстін қайтадан өлі тыныштық басты.
Таңертең құдық басында әйелдер күбір-күбір әңгімелесіп тұрды.
— Отбасына түскен қайғы-ай! Үлкен ұлы суға кетіпті.
— Денесі әлі су бетіне қалқып шықпапты.
— Кішісі де төсек тартып қалыпты деседі. Тамақ ішпейді екен, үнемі көл жаққа телміріп отырады-мыс.
— Бір бақсы шақырту керек еді.
— Әттең, шақырту керек-ақ еді...
Әйелдер тағы біраз үнсіз тұрып, көл жаққа көз тікті. Көл бетінде бірде-бір толқын жоқ еді. Ешқандай із де қалмапты.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.