III. Артыңдағы дауыс
Күләш апай кеткен соң, Арман біразға дейін орнынан қозғалмай отырды. Күләш апайдың соңғы айтқан сөзі көңілінен кетпей қойды.
«Әжең сен үшін көп нәрседен бас тартты».
Бұл сөздің астарында не жатқанын түсінгісі келді. Бірақ Күләш апайдың өзі де артық ештеңе айтқысы келмегені анық еді. Қанша сұраса да, мардымды жауап ала алмағаның сезген соң, Арман оның соңынан қайта сұрақ қоймаған. Дегенмен әлгі сөз санасында қайта-қайта жаңғырып, көңіліне күдік ұялатты.
Ол әжесінің бөлмесіне кіріп, үстел үстінде жатқан дәптерді қолына алды. Мұқабасын сипап көрді. Қарапайым ғана жұқа дәптер. Шеттері сарғайып, кей тұстары бүктеліп қалыпты. Бір қарағанда, әжесінің күнделікті жазбаларының бірі секілді. Алайда ішіндегі жеті тыйымның әрқайсысы оның өміріне қатысы бардай сезіле бастаған.
Арман бірінші тыйымды тағы бір оқыды. Содан соң екіншісіне көз жүгіртті.
«Артыңнан таныс дауыс естілсе, жалт бұрылма».
Арман бұл жолы жымиған жоқ. Кеше түнде болған оқиғадан кейін әжесінің жазғандары оған бұрынғыдай күлкілі көрінбейтін. Бір түннің ішінде-ақ адам сенімсіз санаған нәрселеріне басқаша қарай бастайды екен.
Кешке қарай дүкенге барып қайтпақ болды. Қалың күртесін киіп, сыртқа шықты. Ауылға ымырт ерте түскен. Қар басқан көшеде адам аз, үйлердің терезесінен ғана жарық көрінеді. Арман дүкеннен керегін алып, үйіне қарай беттеді.
Жолдың орта тұсына келгенде, артынан аяқ дыбысы естілді. Әуелде мән бермеді. Біреу өзімен бір бағытта келе жатқан шығар деп ойлады. Бірақ жүрісін баяулатқанда, әлгі дыбыс та баяулады. Тоқтағанда, ол да тынды. Арманның бойын белгісіз бір мазасыздық биледі. Сол сәтте арт жағынан біреу есімін атады.
— Арман...
Ол селк ете қалды.
Артынан естілген дауыс Арманға біртүрлі таныс көрінді. Ол бұл дауысты ешқашан естімеген еді. Бірақ әлгі үннен әкесінің бейнесін елестетті. Ескі суреттегі сұсты жанар, қалың қас — бала күнінен жадында қалған сол бейне енді қараңғылық арасынан тіл қатқандай болды.
Арманның қолындағы дорба дірілдеп кетті. Ол бұрылғысы келді. Көкірегінде жылдар бойы жауапсыз қалған сұрақтар оянды. Бірақ дәптердегі екінші тыйым есіне түсті.
«Артыңнан таныс дауыс естілсе, жалт бұрылма».
— Әке... — деп айтуға оқталды. Бірақ ерні ғана жыбырлады.
— Мені естіп тұрсың ба, балам?
Арман алға қарай жүре берді. Артынан қардың сықыры естілді. Біреу оған қарай жақындап келе жатқандай.
— Мен сені тастап кеткен жоқпын...
Бұл сөз Арманның қадамын баяулатты. Әкесінің не себепті жоғалғанын білмей өскен ол осы уақытқа дейін талай рет өзінше жауап іздеген. Енді сол жауап дәл артында тұрғандай еді.
— Бір рет қана қарашы, балам...
Арман көзін жұмып, жүрісін үдете түсті. Үйіне жеткенше артына бір де бір рет қарамады. Қақпаны ашып кіріп, есікті іштен бекітті. Содан кейін ғана демін шығарды.
Үйдің іші тым-тырыс. Ол үстел үстіндегі дәптерді алып, екінші тыйымды қайта оқыды. Енді бұл сөздердің жай ескерту емес екенін сезді.
Көп ұзамай телефоны шыр етті. Күләш апай екен.
— Арман, амансың ба? — деді әйел.
— Иә, апай.
— Бүгін сыртқа шықтың ба?
— Дүкенге барып келдім.
— Біреу шақырды ма?
Арман үнсіз қалды.
— Қандай дауыс естідің? — деп қайта сұрады Күләш апай.
— Әкемнің даусына ұқсайды.
Телефонның ар жағында ұзақ үнсіздік орнады.
— Артыңа қарадың ба?
— Жоқ.
— Жақсы істегенсің, балам. Енді мұқият тыңда. Бүгін түнде есікті ешкімге ашпа. Қандай дауыс естісең де, жауап берме.
— Апай, сіз мұның не екенін білесіз бе?
— Бәрін білмеймін. Бірақ мұндай жағдай бұрын да болған.
— Кіммен?
Күләш апай бірден жауап бермеді.
— Әкеңмен, — деді ақырында.
Арманның қолындағы телефон сырғып кете жаздады.
— Қанат та осындай дауысты естіген бе?
— Ертең сөйлесеміз, балам. Қазір демалуға тырыс.
Қоңырау үзілді.
Арман телефонды үстелге қойып, әкесінің ескі суретін алды. Суреттегі Қанаттың жанары баяғыдай қатулы. Арман оның жүзінен жауап іздегендей ұзақ қарады. Сол кезде есік жақтан әлсіз үн естілді.
— Балам...
Бұл жолы дауыс әжесінкі еді.
Арман орнынан қозғалмады. Көрпесін иегіне дейін тартып, көзін жұмды.
— Арман, есікті ашшы...
Ол үн қатпады.
Дауыс біразға дейін қайталанып тұрды да, біртіндеп басылды. Арман таң атқанша көз ілмеді.
Таңертең есік алдындағы қарға аяқ іздері түскенін байқады. Іздер тура босағаға дейін келіп, сол жерде аяқталған. Арман оларға ұзақ қарап тұрды. Енді ол бір нәрсені анық білді: әжесінің дәптеріндегі екінші тыйым бекер жазылмаған.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.