I. Қарасудың қара түні
Қарасу ауылының шетінде, ескі қорымның ар жағында адам аяғы сирек басатын бір үй бар еді. Ауыл адамдары оны «Қара үй» дейтін. Қабырғасы қап-қара болғандықтан емес, терезесінен жарық көрінбегендіктен де емес. Оның қара атануының себебін ешкім ашып айтпайтын.
Үйдің есігіне құлып салынбаған. Терезелері бүтін. Төбесі де құламаған. Бірақ ауылдағы бірде-бір адам ол үйдің маңынан күн батқан соң өтпейтін.
Қара үй туралы сөз қозғала қалса, үлкендер әңгімені басқа жаққа бұрып жіберетін. Балаларға «ол жаққа барма» деумен шектелетін. Ал Сәлима әже бұл үйдің атын естігенде, қолындағы кесесін үстелге ақырын қоятын да, біразға дейін үнсіз қалатын.
Сәлима әже Қарасудың ең шеткі көшесінде жалғыз тұратын. Үйі қорымға жақын еді. Қыстың ұзақ түндерінде терезеден сыртқа көз түспесін дегендей пердесін жауып, есігін іштен екі рет бекітетін. Ауыл адамдары кемпірдің қартайған шағында сандыраққа бой алдырғанына жоритын.
Бірде көршісі: — Сәлима апа, түнде неден қорқасыз? — деп сұрапты.
Кемпір біраз үнсіз отырып: — Мен түннен қорықпаймын, қарағым. Түн жамылып, үйіме кіргісі келетіннен қорқамын, — деген екен.
Көршісі бұл сөзге не дерін білмей, үнсіз қалды. Сәлима әже де әңгімені әрі қарай жалғастырмады...
Арман әжесінің үйіне бала күнінен жиі келетін. Қалада оқып, кейін жұмысқа орналасқан соң ауылға сирек келетін болды. Әкесі Қанаттың жоғалғанына да біраз жыл өткен. Арман әкесін анық есіне түсіре алмайтын. Ескі суреттерден ғана көретін: қалың қасты, қабағы қатулы, жанары бір нүктеге қадалған жас жігіт. Әжесі әкесі туралы көп сөйлемейтін.
— Әкең қайда кеткен? — деп сұраса әжесі: — Білмеймін әже. Өзіңіз айтпайсыз ғой, — дейтін Арман.
— Жолға шыққан, балам.
— Қай жолға?
— Адамның бәрі бірдей қайтып келе бермейтін жолға.
Арман бұл сөздің астарын бала кезінде түсінбеген. Кейін сұрауға ыңғайсызданатын болды.
2025 жылдың қарашасында Сәлима әже дүниеден өтті. Жерлеу рәсімінен кейін ауыл адамдары тарағанда, Арман әжесінің үйінде жалғыз қалды. Үйдің іші бұрынғы қалпында. Пештің жанында кепкен жалбыз, төрде ескі сағат, қабырғада сарғайған суреттер. Тек әжесінің өзі жоқ.
Түн ортасына қарай ол әжесінің бөлмесінен әлдебір сыбдыр естіді.Алдымен тышқан шығар деп ойлады. Бірақ дыбыс еденнен емес, киім ілулі тұрған ескі шкафтың ішінен шықты.
Арман есігін ақырын ашты. Ішінде әжесінің қара камзолы, ақ жаулығы және түбіне қарай тығылған жұқа дәптер жатты.
Дәптердің мұқабасына көк сиямен: «Жеті тыйым. Қанаттан ұрпаққа» деп жазылыпты. Ол дәптерді қолына алып, алғашқы бетін ашты.
«Арманым, бұл жазуды оқып отырсаң, менің бұл дүниеде жоқ болғаным. Сенің жасың жиырма төртте. Келер жылы мүшелің келеді. Мүшелден қорықпа. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Бірақ біздің әулетте сен білмейтін бір дүние бар. Мен саған жеті нәрсені аманат етемін. Олардың бәрін жұртқа жариялама. Әсіресе, Қара үй туралы ешкімге тіс жарма».
Арман дәптердің келесі бетін аударды. Онда жеті ереже тізіліпті.
1. Түнде атыңды үш рет қайталап шақырса, жауап берме.
2. Артыңнан таныс дауыс естілсе, жалт бұрылма.
3. Босағада ұзақ бөгелме.
4. Бос бесікті тербетпе.
5. Түн ортасында айнаға қарама.
6. Жолдан табылған затты үйге әкелме.
7. Жиырма беске толған күніңде ескі киіміңді ешкімге берме.
Арман жымиып қойды.
«Әжемнің ескі нанымдары ғой», — деп ойлады. Бірақ дәптердің соңғы жолы оның күлкісін бірте-бірте тиды: «Біздің әулет бұл жеті тыйымды талай жылдан бері сақтап келеді. Себебі бір адамның жіберген қатесі тұтас әулеттің тағдырын өзгерткен. Сен сол қатені қайталама».
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.