IV. Бос бесіктің иесі.
Арман есік алдындағы аяқ іздеріне ұзақ қарап тұрды. Іздер босағаға дейін келіп, дәл табалдырықтың алдында аяқталған. Қардың бетінде кері қайтқан бірде-бір белгі жоқ. Біреу түн ішінде үйге кірмек болғандай, бірақ есіктен аттауға батпаған секілді.
Ол есікті ашып, сыртқа шығуға оқталды. Алайда табалдырыққа жақындағанда, әжесінің дәптеріндегі үшінші тыйым есіне түсті.
«Босағада бөгелме».
Арман есікті тез ашып, сыртқа аттады. Ауланы түгел шолып шықты. Қар үстінде өз іздерінен басқа ештеңе байқалмады. Үйдің бұрышына дейін барып, қайта оралды. Сонда ғана бір нәрсені аңғарды: есіктің алдындағы іздер адамның аяқ киімінікі емес еді. Әр іздің ұшында бес саусақтың таңбасы анық көрініп тұр. Біреу қар үстімен жалаңаяқ жүрген.
Арман үйге кіріп, есікті бекітті.
Күндіз өзін басқа іспен алаңдатуға тырысты. Әжесінің үйіндегі ескі заттарды жинап, бөлмелерді реттеді. Бірақ ойы әлгі іздерден ажырамады. Кешке қарай артқы бөлмеге кірді. Бұл бөлмеге бала күнінен сирек кіретін. Сәлима әже ондағы заттарға ешкімнің қол тигізуін ұнатпайтын.
Бөлменің бұрышында ескі сандық, қабырғаға сүйеулі тұрған бірнеше сурет пен шаң басқан бесік бар еді. Арман бесікті бұрын да көрген. Әжесі оның өзін сәби кезінде тербеткенін айтатын. Бірақ бесіктің неге әлі күнге дейін сол бөлмеде сақталғанын түсінбейтін.
Ол бесіктің үстіндегі ақ матаны көтерді. Ағашының түсі қарайып, тербеткіш табандарының бір жері жарылыпты. Ішіне үңіліп, түбінде жатқан кішкентай матаны алып шықты. Матаның шетіне көк жіппен бір есім тігілген екен. Қанат.
Арманның қолы еріксіз дір етті. Әкесінің есімі. Ол матаны қайта-қайта аударып қарады. Мұндай заттың бар екенін бұрын білмеген.
Сол сәтте артындағы есік баяу жабылды.
Арман жалт бұрылды. Есіктің алдында ешкім жоқ. Бірақ бөлме ішіндегі ауа күрт суып кеткендей болды. Ол есікке қарай жүре бергенде, бесік сықыр етті. Арман тоқтады.
Бесік өздігінен тербеліп тұр екен.
Әуелі баяу, кейін біртіндеп жылдамдай түсті. Арман оған жақындамады. Тербеліс тоқтайтын шығар деп күтті. Бірақ бесіктің ішінен әлдебір нәрсенің ағашқа соғылған дыбысы шықты. Бір рет. Сосын тағы бір рет.
Тоқылдаған дыбыс бесіктің ішінен емес, астынан шыққандай еді.
Арман еңкейіп қарауға батылы жетпеді. Сол кезде бесіктің ішінен баланың күлкісіне ұқсас әлсіз үн естілді. Артынша біреу сыбырлады: — Арман...
Ол шегініп кетті.
— Кім бар? — деген сөз аузынан шығып кете жаздады. Бірақ үн қатпады. Бесіктің ақ матасы баяу көтерілді. Астынан кішкентай алақан көрінді. Саусақтары ағаштың жиегін қармап, сыртқа қарай созылды. Арманның тынысы тарылып, көзі сол қолдан айырылмады. Алақан бір сәт қимылсыз тұрды да, кенет бесіктің ішіне қарай тартылып кетті.
Сол мезетте бөлменің түкпірінен сәбидің ащы жылаған дауысы шықты. Арман есікке қарай ұмтылды. Бірақ есік ашылмады. Тұтқаны төмен басып, бар күшімен тартты. Есік орнынан қозғалмады. Арт жақтан бесіктің тербелісі қайта естілді.
— Әке...
Бұл сөзді естігенде, Арманның бойын суық үрей биледі.
— Әке, қайда кеттің?...
Дауыс бесіктің ішінен шығып жатты. Арман есікті қайта-қайта жұлқылады. Ақыры есік ашылғанда, ол дәлізге сүрініп шықты. Артындағы бөлмеге қарауға батылы жетпеді. Тек өз бөлмесіне кіріп, есігін іштен іліп алды.
Біраз уақыттан кейін үй іші тып-тыныш бола қалды.
Арман үстел үстіндегі дәптерді іздеп, қолына алды. Төртінші тыйымға көзі түсті: «Бос бесікті тербетпе».
Ол осы жолды қайта оқыды. Бесікті өзі тербеткен жоқ. Тіпті оған қолын да тигізбеген. Сонда жаңағы дыбыстар қайдан шықты? Ал бесіктегі кішкентай қол кімдікі еді?
Телефонын алып, Күләш апайға қоңырау шалды.
— Апай, сізге бір нәрсе айтуым керек.
— Не болды, балам?
— Әжемнің үйінде бесік бар екен. Бүгін соның ішінде бірдеңе қозғалды. Сосын... баланың даусын естідім.
Телефонның арғы жағында тыныштық орнады.
— Бесіктің ішіне қарадың ба? — деді Күләш апай бәсең дауыспен.
— Жоқ. Бірақ ішінен біреудің қолы шықты.
Күләш апайдың демі жиілеп кетті.
— Арман, ертең таңертең үйден шық. Ол бөлмеге енді кірме.
— Неге? Ол бесік кімнің бесігі?
— Қанаттың, — деді ол әрең.
Арман қолындағы телефонды қатты қысып ұстады.
— Әкемнің бе?
— Иә. Бірақ ол бесікте Қанаттан кейін тағы бір бала жатқан.
— Қандай бала?
Күләш апай жауап бермеді. Қоңырау үзілді.
Арман телефон экранына қарап отырып қалды. Дәл сол кезде артқы бөлмеден бесіктің сықыры қайта естілді.
Сықыр... сықыр...
Бірнеше секундтан соң сықыр тоқтады.
Сосын баланың дауысы анық естілді: — Арман... енді сен тербет...
Арман басын көтерді. Бөлмесінің есігі өздігінен баяу ашылып келе жатты. Ал дәліздің қараңғылығында кішкентай баланың сұлбасы тұр еді. Оның қолында жаңа ғана бесіктің ішінен көрген көк жіпті мата бар болатын
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.