Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

2-бөлім · 8 мин

2-бөлім.

2 / 4

Таңертеңгі уақытта Динара асүй бөлмесіне кіре, әйнектің алдында кешеден қойылған кілттке жанары түсті. Сол қойған қалпыта ешбір өзгерссіз жатыр.

Үстел үстінде суып қалмас үшін деп беті табақшамен жабылған сүт қосылған шай құйылған кесе тұр. Жанында бір жапырақ қағаз бар екен.

«Бүгін үйге кеш келемін. Кешкі асқа күтпей — ақ қой. Сүйдім. Т.»

Тимурдың жазуы ұқыпты, мектеп оқушысының жазуындай түзу еді. Бала күнінен өзгелерге кедергі жасамауды ұзақ әрі тиянақты үйреткен адамның қолтаңбасы дерсің. Динара шайын тікесінен тұрып ішті. Көзі терезедегі қызыл жіпте. Терезе жабық болса да, жіп сәл тербеліп тұрды.

«Әйнектен жел өтіп тұрған шығар», деп шайды бір ұрттап ойланды Динара.

Динара әдеттегідей жұмысқа жетті. Шеберхана іші жылы әрі тыныш еді. Әріптесі Гүлжан көрші үстелде құжат тізімдерін реттеп отырып, әлдебір әнді ыңылдап айтып отыр. Динара жұмыс қолғаптарын киіп, елуінші жылдардың басында толтырылған метрикалық кітапқа үңілді. Мұқабасы ажырап, дымқылдан беттері бір-біріне жабысып қалған. Әр парағын күйген теріні сыпырғандай абайлап ажырату керек. Динара мұндай жұмысты жақсы көретін. Мұнда артық сұрақ жоқ, тек рет-ретімен орындалатын істер ғана бар. Асықпасаң, қағаздың өзі сырын ашатын.

Біраз уақыттан соң әріптесі Гүлжан шай ішуге шығып кетті.

Ол кеткеннен соң есікті қайта біреу ашты.

— Сізге керек бөлім бұл емес, — деді Динара басын жұмыстарн көтермей. Көбі оқу залын іздеп, шеберханаға келетін. Ондай қателіктерге үйреніп алған Динара, шеберхана есігін ашатын әр адамға лезде жауап беретін.— Оқу залы төменгі қабатта.

— Оқу залының қайда екенін білемін.

Әйелдің даусы бірқалыпты, қоңыр әрі нық шықты. Динара басын көтерді.

Есік алдында отыз бестер шамасындағы ұзын бойлы әйел тұр екен. Үстінде ақшыл түсті пальто. Шашын мұқият жинап қойғаны соншалық, адамның ұқыпты екенін бірден аңғартады.

— Мен саған келдім.

— Біз таныспыз ба?

Әйелдің ерні болар-болмас жымиды.

— Ә-ә, шын екен ғой...

Ол үстелдің бойымен ештеңеге қол тигізбей өтіп, метрикалық кітаптың арғы жағына тоқтады. Екеуінің ортасында көзге көрінбейтін шекара тұрғандай.

— Раушанмын ғой. Төртінші курста оқып ж.рген кезде жатақханада бірге тұрғанбыз. Төрт жүз он екінші бөлме. Сен менен екі есік әріде тұрдың.

— Мен жатақханада тұрған жоқпын, — деді Динара. — Үйге, әжемнің қолына барып жүретінмін.

— Демалыс күндері. Ал жұмыс күндері төртінші қабатта тұратынсың.

Раушанның сабырлы қалпы Динараны одан сайын үрейлендірді. Динара қолғабын шешуге кірісті. Алдымен бір саусағын, сосын екіншісін. Қолын бос ұстағысы келмеді.

— Мен стипендияға оқығанмын, — деп жалғастырды Раушан. — Жиырма жасымда бар табысым сол стипендия болатын. Есіңде болар, Нұржан Мавратовчи оқытушымыз. Мен оны шын сүйетінмін. Әрине, мен оның үйленгенін білетінмін. Алайда, ол да мені сүйетін. Ал, сен болсаң... Деканатқа барып, біз жайлы шағымдандын... Мені ойлап, уайымдағанды сылтау еттің...

— Мен ешқашан... — Динара сөзін аяқтай алмай қалды. «Олай істемес едім» дегісі келген. Бірақ сөз аузына түспеді. Қандай адам олай істемес еді? Кенет өзін төртінші қабаттағы дәлізде тұрған күйінде елестетті. Қолында папка. Жүзі сабырлы, тәрбиелі қыздың жүзі. Біреудің басына түскен жағдайды көріп тұр, бірақ не істерін білмейді. Бұл бейне тым нанымды еді.

— Қаңтарда оқудан шығарылдым, — деді Раушан. — Әкем бәрін біліп қойды. Содан кейін он бір жыл бойы менімен сөйлеспеді. Үйге барған сайын дастарқан жаяды да, маған көз қиығымен де қарамайтын.

Шеберхана іші тым-тырыс. Жылы ауаға желімнің иісі сіңіп қалған.

— Мен сөмкемді жинап жатқанда, сен есік алдында тұрдың. Қарап тұрдың. Не дегенің есіңде ме?

— Жоқ.

— «Қазір қайтып келемін», — деді Раушан басын сәл қисайтып. — Бірақ қайтып келмедің.

Динара мұны өзі істемегенін айтқысы келді.

— Мен кек алуға келген жоқпын, — деді Раушан сабырмен. — Және саған деген ешбір өшпенділігім де жоқ. Әрине, бұған он бес жыл кетті. Тек сенің шынымен ештеңе есіңде жоқ па, соны білгім келді. Енді көзім жетті. Расымен ұмытқансың. — Ол Динараға мұқият қарады. — Сен бұрын да тым тыныш едің. Сенің ең қорқынышты жерің де сол. Ешқашан дауысыңды көтермейтінсің. Бірақ артыңда бәрібір қираған дүниелер қалатын.

Раушан айтарың айтып, Динарадан сөз к.тпей, бүрылды да есіктен шығып кетті. Динара оның баспалдақпен төмен түсіп бара жатқан аяқ дыбысы біртіндеп өшкенше орнынан қозғалмады. Содан кейін ғана қолындағы қолғаптарға көзі түсті.

Гүлжан қолына екі кесе шай ұстап қайтып келді.

— Мұнда кіммен сөйлесіп отырдың? Есіктің сыртынан дауыс естілді.

— Бір келуші еді. Есікті шатастырып алған екен.

— Менің жанымнан өтіп кеткені ме? — Гүлжан кеселерді қойып, ойланып қалды. — Демек, дәлізде байқамай қалғанмын. Болады ғой.

Ол жымиды да, әнін қайта ыңылдай бастады.

Кешке қарай Динара өзіне бір түсініктеме тауып алуға шақ қалды. Баяғыда факультетте бір дау болған шығар. Басқа бір қыз. Өзіне ұқсайтын біреу. Ондай жағдай болады ғой. Адамдардың жүзі мен есімдері аквариумдағы балықтардай араласып, біреу міндетті түрде басқа біреумен шатасып кетеді. Үйге қайтқанша осы ой оны жұбатып келді. Бірақ кіреберістегі айна алдына жеткенде, әлгі түсініктеменің бәрі быт-шыт болды.

Киім ілгіште жасыл шарф ілулі тұр екен. Тоқылған, ұштары сәл созылып кеткен. Динара мұндай шарф тақпайтын. Оның үстіне, жасыл түсті мүлде ұнатпайтын, мұны Тимур да білетін. Шарфтан шие тосабының иісі шығып тұрды.

Ол кіреберісте ұзақ тұрып, шарфқа қарады. Өз үйінде бөтеннің заты қайдан келді? Сосын асүйге өтіп, тоңазытқышты ашты. Адамдар мазасын алған ойдан қайда тығыларын білмегенде, тоңазытқышты ашады.

Ортаңғы сөреде үш банка шие тосабы тұрды. Қақпақтары мұқият жабылған. Әрқайсысына күні жазылған қағаз жапсырыпты: кешегі күн.

Динара біреуін қолына алып, жарыққа тосып қарады. Жазуын бірден таныды. Өзінікі. Ол «д» әрпін жазғанда құйрығын оңға қарай қайырып жазатын. Мұнда да солай, бірақ әдеттегіден сәл ұзынырақ. Бір сәтке қолы әріпті қалай аяқтау керегін ұмытып қалғандай.

Тосаптың соңғы банкісін қазан айында тауысып қойған. Динара мұны анық есіне түсірді: қасықтың шыны түбін тырналаған дыбысы, сосын «жаңасын қайнатып алу керек еді, бірақ уақыт жоқ» деген ойы.

— Келдің бе?

Тимур есік алдында тұр екен. Күртешесінің түймесі салынбаған, қолында кілттері бар. Шаршаңқы көрінеді. Оның бойындағы шаршаудың өзінде де бір кінәлілік бардай сезілетін.

— Бір минутқа соқтым. Асхатқа баруым керек, машинасына көмектесемін. Мені күтпе.

— Тимур, мынау не?

Ол банкілерге, содан кейін Динараға қарады.

— Тосап қой.

— Мен қайнатқан жоқпын.

— Кеше қайнаттың ғой. — Ол жұмсақ үнмен сөйледі, сөзінде кінәлау жоқ. — Жұмыстан келдің де, плитаға тұрып, түн ортасына дейін жүрдің. Сәл сергіп аларсың деп ойладым. Балконда тоңып қалғанда менің шарфымды да киіп алғансың.

— Қандай балкон?

— Балконға шықтың. Төмендегі ауланы қарап біраз тұрдың. Мен шақырсам да, бірден естімедің. — Ол сәл үнсіз қалды. — Сосын бір нәрсені есіме түсіріп тұрмын дедің.

— Нені?

— Айтпадың.

Тимур жақындап келіп, оны құшақтады. Динара қарсыласқан жоқ. Оның күртешесінен көшенің дымқыл ауасы мен өзі бірден тани алмаған әлдебір жылы, тәттілеу иіс сезілді.

— Қатты шаршап жүрген боларсың, — деді Тимур оның шашына бетін тигізіп. — Біраз тынығып алуың кеек еді...

— Мен кеше жұмыстан келіп, сериал көріп жатқаным есімде...

— Онда сериалды да көрген шығарсың.

Ол жымиды да, Динараның самайынан сүйді. Сосын шығып кетті. Есік жабылды.

Динара шие иісі сіңген асүйде жалғыз қалды.

Кіреберістегі кішкентай үстелдің үстінде тұрғын үй мекемесінен келген хатқалта жатыр екен. Ашылған. Қағазды жыртпай, бүктелген жерінен түзу тіліп ашыпты. Динара хаттарды үнемі осылай ашатын. Ол парақты шығармай тұрып-ақ, ішінде не жазылғанын білді: су есептегіштерін ауыстыру туралы хабарлама. Күндері мен инженердің қолы қойылған. Парақты ашқанда, тек өзіне таныс ақпаратты қайта оқығандай болды.

«Дежавю», — деді ол өзіне. Мұның аты — дежавю. Адамдар мұндай күймен өмір бойы жүре береді.

Қолын бір нәрсемен айналдыру үшін сөреден Дананың үшінші курста сыйлаған Цветаева жинағын алды. Кітапты кез келген бетінен ашты. Ішінен бетбелгі түсіп кетті.

Былғарыдан жасалған, әбден ескірген, бір бұрышы жыртылған екен. Динара оны көтеріп, шамға тосып қарады. Артқы бетіне қара қарындашпен, бала қолының қатты басылған жазуымен бір ғана сөз жазылыпты:

«Назым».

Динара Назым деген ешкімді танымайтын. Бетбелгіні де ешқашан сатып алмаған, пайдаланбаған. Ол кітаптың қай бетінен тоқтағанын тігісіндей жаттап алатын. Былғарыны бетіне жақындатты. Қағаздың және әлдебір нәзік гүлдің иісі шығады. Оған қоса, әрең сезілетін шие иісі бар.

Тимур түн ортасынан кейін оралды. Динара кілттің сарт еткенін, аяқ дыбысын, күртешесінің сыбдырын естіді. Көзін жұмып, ұйықтап жатқан адамдай бірқалыпты тыныс алып жатты.

Пәтерге таңертең болмаған бір иіс тарады: балауыз бен түтіннің иісі.

Тимур дәлізбен жүріп өтіп, бір жерде тоқтады. Динара оның қай тұста тұрғанын білді. Кішкентай бөлменің жартылай ашық есігінің алдында.

Бір минут өтті. Екі минут өтті.

— Шыдашы, — деді ол өте ақырын. — Тағы сәл шыда. Шыдашы.

Оның кімге айтып тұрғанын Динара білмеді. Ұйықтап жатқан Динараға ма? Өзіне ме? Есікке ме? Әлде әлгі есіктің ар жағында жатқан біреуге ме? Бірақ ол бөлмеде талай жылдан бері ешкім жоқ еді.

Динара қараңғыда үнсіз жатып, ернін жыбырлатты. Бір сөзді ішінен қайталап көрді:

«Назым».

Ешқандай жауап болмады.

Сәлден соң Тимур жаңа ғана мұқият жауып кеткен кішкентай бөлменің есігі баяу қозғалып, алақан сыятындай ғана ашылды.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Триллер жанры