Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

1-бөлім · 9 мин

1-бөлім. Ескі таныс

1 / 4

Күз айы болғасын әр таң кеш ататын. Динара сағат шырылдамас бұрын оянып, көзін әлі ашпастан, айналадағы дыбыстарды тыңдап жатты. Жылу құбырындағы судың дыбысы, көршілердің шкафтарының есігінінің сықыры жақсы естіліп тұрды. Жолдасы Тимур болса асүйде шәйнек қосып, ыдыс — аяқпен арпалысып жүр. ОЛ қанша дыбыс шығармауға тырысса да, әр жасағап жатқан қимылы анық естіліп тұрды.

Бірақ бұл дыбыстар Динараның ашуына тимейтін, керісінше, оған осылай жатып, айналадағы дыбыстармен сүйсіну ұнайтын.

— Қайырлы таң, жаным! — деді Тимур есік сыртынан.

— Қайырлы таң. Мен оянып жатырмын.

— Саған шай жасап қойдым. Сүт қосып, өзің жақсы көретіндей.

Динара сүт қосылған шайды енді ұнатпайтын. Бұрын, он жылдай бұрын, жақсы көретін. Кейін өзі де байқамай ішпей кетті. Ескі күртешені кимей қойғандай, бір күні-ақ әдетінен қалған. Тимурдың мұны білетініне сенімді еді. Бірақ ол алдына сүт аралас шайды қойып, мейірлене қараған соң, ішпей қоюға ыңғайсызданды. Динара кесені қолына алып, шайды ішті. Жылы әрі тәтті екен. Бірақ дәмінен өзіне жат бір әдеттің ізі сезілгендей болды.

— Түнде тұрыпсың, — деді Тимур оған қарамай. — Терезені жауыпсың.

— Мен бе?

— Иә, естідім. Бірдеңе деп күбірлеп жүрдің.

— Не деппін?

— Білмеймін, анық естімедім. — Ол жымиды. — Ештеңе емес, жай айтып отырмын.

Динара да жымиды. Терезенің желкөз жақтауына қызыл жүн жіп байланыпты. Шпингалетті үш айналдыра ораған. Тимур оны қазан айында ілген еді. «Жел өтпесін деп. Әжем де осылай істейтін». Сол кезде Динара мұның қандай пайдасы барын сұраған. Тимур болса, пайдасын түсіндірудің қажеті жоқ, бастысы — жел өтпесе болғаны, деген.

Тимур орнынан тұрып, әйнек жаққа барып тұрды. Жүзінен көп жылдан бері ештеңеге шағымданбай келе жатқан адамның шаршаңқылығы байқалады. Жасы отыз сегізде болса да, таңертеңдері әлдеқайда үлкен көрінетін. Ал күлген кезде он жасқа жасарып кететін.

Днара мен Тимурдың отасқандарына бес жыл болды. Динара Тимурдың қасықты қай қолымен ұстайтынын, сүлгіні қалай бүктейтінін, кінәсі болмаса да кешірім сұрағанда қандай үнмен сөйлейтінін білетін. Оның өзіне бір рет те дауыс көтермегенін де білетін. Кейде осының өзі үй ішіндегі ең үлкен жұмбақтай көрінетін. Ешқашан дауыс көтермейтін адам ішіне жиналған ашуын қайда жасырады екен?

Дәліздің түбіндегі кішкентай бөлменің есігі әдеттегідей сәл ашық тұрды. ОЛар оны ешқашан құлыптамайтын да, тек толық жаппайтын. Тимур бөлменің жанынан өтіп бара жатып, есік жақтауына қолын бір сәт қойды. Динара болса, басқа жаққа қарады. Екеуінің де бір-бірінен үйренген әдеті бар еді: бұл есіктің жанынан өткенде, екеуі де теріс қарайтын.

Үстел үстіндегі телефон дірілдеп, тыныштықты бұзды. Тимур экранға қарамастан, оны теріс аударып қойды. Динара Тимурдың бұл әрекетін көріп, үнсіз отыра берді. Ол сұрақ қойғанның да өз салдары болатынын әлдеқашан түсінген. Бірақ сол салдармен бетпе-бет келуге әрдайым дайын емес еді.

Динара облыстық архивтің реставрация шеберханасында жұмыс істейтін. Шеберханадан желімнің, дымқыл қағаздың және қанша тазаласаң да кетпейтін шаңның иісі шығатын. Оған шеті жыртылған, сиясы жайылған, уақыт өте жұқарып кеткен ескі құжаттар әкелінетін. Динара соларды шамның астына қойып, әр жерін мұқият қалпына келтіретін.

Ол «жарық» деген сөзді жақсы көретін. Жарық бәрінен де шындыққа жақын. Өйткені ол қағаздың ешқашан жыртылмағанын көрсетіп, өтірік бүтін болып көрінуге тырыспайды. Динара жарықтың ізіне қарап, оның қайдан пайда болғанын, қанша уақыт бұрын түскенін анықтай алатын. Бірақ өз өміріндегі жарықтарға көптен бері үңілмейтін. Мұны өзіне де мойындағысы келмейтін.

Динара аяқ киімін киіп жатып, телефонына құрбысы Данадан келген хабарламаны көрді.

Дана: «Қалың қалай? Тимур түнімен дұрыс ұйықтамағаныңды айтты. Сенбіде кіріп шығамын».

Динара хабарламаны екі рет оқыды. Тимур қашан айтып үлгерген? Екеуі бірге тұрған, ал ол бір сағат бойы асүйден шықпады. Бәлкім, түнде жазған шығар. Дана мен Тимур бір-бірімен жиі хабарласып тұратын. Бірі екіншісінен Динараның халін сұрайды, екіншісі жауап береді. Мұның бәрі қамқорлық сияқты көрінетін. Бірақ бүгін Динара өзінің қалай ұйықтағанын ең соңынан өзі ғана біліп отырғанын ойлады.

Данамен олар университеттің бірінші курсында, кітапханада танысқан еді. Сол күні жаңбыр жауып тұрған. Динара кітапхананың есігінде тұрып, сыртқа шығуға батпай тұрған. Сол кезде шашы малмандай су болған бір қыз келіп, екеуінің үстіне бір шыбығы майысқан қолшатырын ашты да, Цветаева жаңбырды мүлде түсінбейді деп қойып қалды. Аялдамаға дейін екеуі осыны талқылап, сөз таластырған. Ақырында Дана күліп тұрып жеңілген еді.

Динара сол күнді әлі күнге дейін анық есінде сақтаған. Кейде тіпті өз жадына өзі күмәнданатын. Естелік тым анық, тым мінсіз еді. Бейнебір қайта қалпына келтірілген ескі парақтай.

Сыртта жаңбыр сіркіреп тұрды. Бұл қалада қараша күзге де, қысқа да ұқсамайтын. Аспан төмен түсіп кеткендей, теректер жапырақсыз әрі су болатын. Асфальт жуылып, сүртілмей қалғандай жылтырап жатты. Динара қылқаламдары мен скальпельдері салынған сөмкесін ұстап, аялдамаға қарай беттеді. Ештеңе ойламады. Кейде ойға берілмей, ойдың өз бетімен ағып кеткені жақсы. Науадағы су сияқты, қайда апарарын білмей-ақ аға бересің.

— Динара!

Ол бірден бұрылмады. Есім онікі болғанымен, шақырып тұрған дауыс таныс емес еді. Қара пальто киген қырықтар шамасындағы ер адам дымқыл тротуармен асыға басып келе жатты. Жүзі бірден есте қалатындай: кең, ашық, ұйқысыздықтан ісіңкі тартқан көздері бар.

— Динара-жан! Құдайым-ай! Көзіме елестеп тұрған шығар деп ойлап қалдым.

— Сәлеметсіз бе, — деді Динара. Жадын ақтарып, таныс бір бейнені табуға тырысты. — Кешіріңіз, сіз...

— Болатпын ғой. — Ол күліп жіберді, бірақ күлкісінен сенімсіздік байқалды. — Иә, әрине. Әжептәуір уақыт өтті.

Динара есіне түсіруге тырысты. Университеттен бе? Жұмыстан ба? Әлде біреудің туған күнінде немесе тойда көрген адамы ма? Бірақ оның жүзі ешбір естелікке келмеді. Дегенмен мүлде бөтен адамдай да сезілмеді.

— Көл есіңде ме? — деді Болат. — Шілде айы. Мен он бес — он алты да едім. Ескексіз қайыққа мініп алыппын. Жүзуді білмесем де, бәріне білемін деп жүретінмін. Көлдің ортасына жеткенде қайық аударылып кетті. Судың құлағымды басып қалғаны әлі есімде. Содан кейін біреу жағамнан ұстап, судан тартып шығарды. Он төрт — он бес шамасындағы кішкентай қыз еді. Үстінде су болған көйлек. Сен мені жағадағы тастарға дейін сүйреп шығардың да, қасыма отырып алып, қалшылдап: «Бұл жағдайды ешкімге айтпаш», — дедің.

Динара оның сөздерін үнсіз тыңдады. Саусақтарының тоңғанынан басқа ештеңені сезбеді.

— Сосын, — деді Болат жұтынып алып, — «Қазір қайтып келемін, аяқ киімді әкеліп берейін», — дедің де, кетіп қалдың. Мен сені қараңғы түскенше күттім. Әкем өзі іздеп келді. Болған жайды айтқанымда, ол біздің ауылда ондай қыздың жоқ екенін айтты. — Ол көзін төмен түсірді. — Сенің арқасында тірі қалдым. Суға секірмегеніңде, қазір мұнда тұрмас едім. Әр шілдеде сол көлге барып тұрамын. Сені бір күні кездестіремін деп ойламаппын. Тек рақметімді айтқым келді.

—Кешіріңіз, мені біреумен шатасыстырып тұрсыз — ау. Мен жүзе алмаймын, — деді Динара. Дауысы өзіне де сенімсіз естілді. — Судан қорқамын.

Болат оған ұзақ қарап тұрды. Жанарында реніш те, таңданыс та жоқ, тек біртүрлі жұмсақ мейірім бар еді.

— Ол кезде де қорқатынсың, — деді ол. — Алайда, мені судан алып шықтың.

Динара не дерін білмеді. Әңгімені басқа арнаға бұрып, бәрін әдеттегі қалпына келтіргісі келді. Бірақ айтар сөз табылмады. Танымай қалған баланың алдында тұрғандай ұялды. Оның үстіне, осы ұяттың астында өзі де түсіне алмаған тағы бір сезім бар еді.

— Кешіріңіз, — деді ақыры. — Шынымен есімде жоқ. Сіз біреумен шатастырып тұрған шығарсыз. Әлде мен...

— Кешірім сұрама. — Болат бұл жолы шын көңілмен жымиды. Күлкісі мұңды болса да, жылы еді. — Менің кетуім керек. Өзіңді күт. Тимурға сәлем айт.

Ол артына бұрылмастан, тез кетіп қалды. Дүңгіршектегі сатушы әйел Динараға әдеттегіден ұзақтау қарады. Көзқарасында біртүрлі сақтық бар сияқты еді. Динара өзін жай ғана абдырап қалған шығар деп ойлады.

Автобусқа отырып, маңдайын суық терезеге тірегенде ғана бір нәрсені түсінді: ол Болатқа өзінің тұрмыста екенін де, күйеуінің атын да айтқан жоқ. Терезедегі бейнесі өзінен бір сәт кеш жыпылықтағандай болды. «Қандай сәйкестік» деп ойлады Динара.

Күні бойы қолындағы скальпельді белгіленген сызықтан жаңылыстырып алды. Ескі метриканың шетінен екі рет артық қиып жіберді. Екі жолы да қолын тоқтатып, өз саусақтарына ұзақ қарады. Бейнебір олар өзінікі емес секілді.

Кешке пәтерден қуырылған пияз бен дымқыл киімнің иісі шығып тұрды. Тимур үйге ертерек келіпті. Асүйде бірдеңе істеп жүріп, сөзсіз әуен ыңылдап отырғаны естілді. Динара пальтосын іліп, кіреберісте біраз тұрды. Жүрегі әдеттегіден жиі соғып кеткен. Ақыры асүйге кірді.

— Бүгін аялдамада бір адам мені тоқтатты, — деді барынша жайбарақат болуға тырысып. — Болат деген. Танисың ба?

Тимурдың қолындағы қасық бір сәтке тоқтап қалды. Динара оның қолына қарап тұрмаса, байқамай да қалар еді.

— Қандай Болат?

— Ұзын бойлы, қара пальто киген. Екеумізді баяғыдан танимын дейді. Бір кезде оны көлден алып шыққанымды айтып берді. Саған да сәлем айтты.

— Танымаймын, — деді Тимур. Қасық қайтадан ыдыстың ішінде айнала бастады. — Біреумен шатастырған шығар. Ондай да болады.

— Ол сенің атыңды атады.

— Есім онша сирек емес қой. — Ол иығының үстінен Динараға жымиды. — Отыр, қазір тамақ дайын болады.

Динара үстелге отырды. Сонда ғана қурап қалған қазтамақтың қасында жатқан кілтті байқады. Ескі, тот басқан, қарайып кеткен жіпке тағылған кілт.

— Мынау қайдан жүр?

Тимур бұрылды.

— Кеше өзің әкелдің ғой, — деді. — Баспалдақтан тауып алыппын дедің.

— Мен әкелген жоқпын.

Тимур қолын сүртіп, Динараның қарсысына келіп отырды. Оған біраз үнсіз қарап қалды. Көзқарасы жылы әрі сабырлы еді. Қарсы келгісі келмейтін адамға қарағандай.

— Ұмытып қалған шығарсың...

— Тимур...

— Онда тұрған ештеңе жоқ, — Динараның суық саусақтарын қолына алып, жайбарақат айтты Тимур.

Динара кілтті қолына алды. Сырт көзге көрінгенінен ауырлау екен. Оның үстіне, жаңа ғана біреудің алақанында жатқандай жылы. Ол мұны батареядан шығар деп түсіндірді. Содан соң кілтті қайтадан терезе алдына қойды. Айналасындағы шаңның біркелкі шеңберіне қарағанда, кілт бұл жерде әлдеқашаннан бері жатқан сияқты еді.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Триллер жанры