— Кеше маған телефон соғып едің ғой?
— Қашан?
— Түскі уақытта. — Тимур ұолындағы кесесін абайлап үстел басына қойды да жалғастарды, — Сағат он екіден он төрт минут кеткенде. Күліп өзенге бара жатқаныңды, қазір қайтып келетініңді айттың.
— Кеше сейсенбі еді. Мен күні бойы метрикалық кітаптың үстінде отырдым.
— Өзің де солай дедің. «Метрикалық кітапты қарап отыр едім, енді су жағасына барамын», — дедің.
Ол телефонын алып, экранын жоғары қаратып, алдына қойды. Қоңыраулар тарихында: «Динара. Кіріс қоңырау. 12:14. 4 мин 12 сек» деп тұр.
Динара өз телефонын шығарды. Сейсенбідегі шығыс қоңыраулар: шеберханаға екі рет, дәріханаға бір рет. 12:14 деген қоңырау жоқ. Ол бір жолды іздегендей, тізімді жоғары-төмен қайта-қайта ақтарды.
— Көрдің бе? Болмаған.
— Көріп тұрмын, — деді Тимур ақырын.
Екеуі де екі телефонға біреуінің өтірік айтып тұрғанына сенімді болғандай, бірақ қайсысы екенін ажырата алмай тұрғандай қарады.
— Жүйеде ақау болған шығар. Нөмір сақталмай қалған.
— Сенің телефоныңда ма, менікінде ме?
— Білмеймін. — Ол мұрнының үстін уқалады. — Бұл әлі бәрі емес. Сен үйге он бірге қарай келдің. Шашың су еді, өзіңнен өзеннің иісі шығып тұрды. Қайда болғаныңды сұрадым. «Су жағасында болдым. Тұрдым. Қорықпадым», — дедің.
Динара күліп жіберді. Қысқа әрі орынсыз шыққан күлкі еді.
— Мен судан қорқамын ғой. Оны өзің білесің.
— Білемін.
— Мен жетіде келдім. Кешкі ас әзірледім. Сосын екеуміз…
— Сен он бірде келдің, — деп қайталады Тимур. Даусында ешқандай өкпе жоқ. — Мен ұйықтамай, сені күттім. Тағы бір нәрсе… — Ол сәл кідірді. — Сен бақытты едің. Сені көптен бері ондай күйде көрмеппін.
Соңғы сөзі басқаларына қарағанда бәсең шықты. Динара оның айтқысы келмеген ойын да естіді. Бұл қорқыныш та, күдік те емес еді. Сағыныш болатын. Ол біреуді сағынып жүр еді.
— Сен оны сағынасың ба?, — деп бір мезетте Динара сұрады.
— Кімді?
— Су жағасында тұрған әйелді, — дауысын шығаруға ұялып жауап қатты Динара.
Тимур жауап бермеді. Шайын тауысып ішті де, кесесін шайып қойды. Бұл да жауап еді. Екеуі де соны түсінді.
Динара шкафтан бүгінгі әңгіменің дәлелін іздеді. Ол сейсенбі кешінің өзі есінде қалғандай өткеніне дәлел іздеді: жеңіне желім жұққан жұмыс кофтасы, күнделікті сөмкесі. Бәрін тапты. Ал қысқы пальтосының ар жағында, ілгіштің ең шетінде көк көйлек ілулі тұр екен.
Жұқа жүн мата, түсі түнгі судың түсіндей. Жеңі шынтағына дейін. Мұндай көйлекті ол сатып алмаған. Өлшемі өзінікі, тек бел тұсы соңғы жылдары киіп жүрген киімдерінен тарлау. Етегі дымқыл. Динара көйлекті бетіне жақындатты. Өзеннің салқын лебі, балдырдың иісі және жусан секілді ащы бір иіс сезілді.
Кеуде тұсындағы түймесі жоқ екен. Матадан қысқа ғана қою көк жіптің ілмегі шығып тұр.
Ол шкафты жауып, алақанын есігіне қойып біраз тұрды. Сосын жұмысқа кетті.
Кешке үйіне қайтар жолда валериана алу үшін дәріханаға соқты. Тимур жалғыз жүрмеуін өтінген, бірақ дәріхана мұрағаттан екі-ақ қадам жерде еді, ал үйге дейін оны кез келген жел-ақ жеткізіп салар еді. Кезекте мұрны қызарып, жөтеліп тұрған адамдар тұрды. Динараның артына сұр пальто киген, қолына термосын біреу тартып алып қоятындай қыса ұстаған егде кісі келіп тұрды.
— Қызым, — деді ол ақырын. — Араласып тұрғаныма кешір. Сіз… сен мені танымадың ба?
— Серік, — Сәл үнсіздіктен кейін деді ол. — Серік аға. Былтырғы жылдың алтыншы наурызы. Облыстық аурухана, кардиология бөлімі, үшінші қабат. Әйелім үш қырықта қайтыс болды. Мен дәліздегі қатты орындықта отырып, жылай да алмай көп отырдым. Сосын қасыма ақ халат киіп отырып едің. Үнсіз ғана қолымнан ұстап отырдың.
Динара тыңдап тұрды. Кезек жылжып жатты. Ақ халат киген біреу: «Келесі!» деп дауыстады.
— Сосын сен: «Қазір қайтып келемін, сізге су әкелейін», — дедің. Айтқанындай, су әкелдің. Қағаз стақанмен. Сол кезде рақмет айта алмадым. Шамам келмеді. Кейін ойладым, тым болмаса қолын қысып, алғысымды білдіруім керек еді деп. — Ол қалтасынан кішкентай бір зат алып шықты да, құсқа ұсынғандай абайлап Динараның алақанына салды. — Сол кезде сен менің жеңімнен ұстағанда, мынау үзіліп түсіпті. Таңертең орындықтан тауып алдым. Қайтарып берейін деп едім, бірақ қайдан іздерімді білмедім.
Түйме екен. Қою көк түсті, күңгірт, жиегін жіңішке алтын түсті сызық көмкерген.
— Алтыншы наурызда, — деді Динара. Даусы өзінікіне ұқсамады.
— Иә, алтыншы наурызда.
— Мен ол күні осы ауруханада болдым. Екінші қабатта. Кардиологияда емес.
Серік аға оған ұзақ әрі ерекше бір мейіріммен қарады.
— Демек, үшінші қабатқа көтерілген екенсің, — деді ол. — Кейде адам өзіне ең қажет жерге емес, басқа біреуге көбірек керек жерге барады.
Ол артына бұрылмастан шығып кетті.
Үйге келгенде Тимур сорпа пісіріп, әуенсіз бірдеңе ыңылдап жүр екен. Динара асүйдің есігінде қажеттен ұзақтау тұрып қалды.
— Тимур. Алтыншы наурызға қараған түні мен қайда болдым?
Қолындағы қасық қимылсыз қалды.
— Ауруханада. Сен сонда жаттың. Мен таң атқанша дәлізде отырдым. Сен төсектен тұрған жоқсың, Динара. Саған… — Ол сөзін аяқтамады.
— Сен бұған сенімдісің бе?
— Иә. — Сәл үнсіз қалды. — Мен байқамай қалмас едім. Неге сұрап тұрсың?
Динара жауап бермеді. Оның орнына басқа нәрсе сұрады:
— Шығып бара жатқанда дәрігер не деді?
— Ешкім кінәлі емес деді.
— Ол бір айдан кейін қайта байқап көруге болады деген еді ғой.
— Жоқ, — деді Тимур ақырын. — Ол енді қайталамау керек деді.
Сорпа бұрқ етіп қайнап, плитаның үстіне төгілді. Тимур отты өшіріп, плитаны шүберекпен асықпай сүртті. Көз жасын сүрткендей.
Түнде Тимур ұйықтап кеткен соң, Динара шкафтан көйлек пен түймені алып шықты. Кілемнің үстіне отыра кетіп, түймені жіп шығып тұрған жерге тақап көрді. Қою көк жіп түйменің қою көк көзшесіне дәл келді. Түсі ғана емес. Үзіліп қалған ұшының ұзындығы, тігістің арасы, түйіннің қисайған бағыты — бәрі бірдей. Түйме өз орнына түскендей болды. Дәл тіс қызыл иегіне қайта орныққандай.
Динара көйлекті тізесіне қойып, ұзақ отырды. Өмірінде алғаш рет «Маған не болып жүр?» деп емес, «Үйіне түнгі он бірде оралатын, өзінен өзеннің иісі шығатын, ештеңеден қорықпайтын әйел мен бе?» деп ойлады.
Ең қорқыныштысы — өзінің білмес тұсымен танысқысы келіп кетті.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.