Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

3 мин

2-бөлім

2 / 7

Сезімдер соғысқанда

Айлин есікті ашқан сәтте-ақ орнында қатып қалды. Келген адамның кім екенін көрген бойда, шошып кетіп, есікті қайтадан тарс жапты.

Қабырғаға сүйеніп, терең тыныстады.

— Мүмкін емес… Бұл мүмкін емес! Ол анама менің түнгі клубқа барғанымды айтып беруге келді ме? — деп күбірледі.

Маңдайынан суық тер шығып кетті.

Сол сәтте анасы оған қарай жақындады.

— Айлин, келген кім?

Қыз дереу жымиып:

— Ешкім емес, мама, — дей бергені сол еді, есік қоңырауы тағы да шырылдады.

Айнұр есікті өзі ашты.

— Сандуғаш! Кел, төрлет! Эрик, сен де кір, — деп қонақтарды құшақ жая қарсы алды.

⸻

Біраз уақыттан кейін барлығы дастарқан басына жиналды.

Эрик пен Айлин бір-бірінен көз алмай отырды. Мұны байқаған Айнұр күлімсіреп:

— Сендер бұрыннан таныссыңдар ма? — деп сұрады.

— Жоқ! — деді Айлин асығыс.

— Иә, — деді Эрик сол сәтте.

Екі ананың да күлкісі шығып кетті.

Эрик байыппен сөзін жалғады:

— Иә, таныспыз. Бірақ жақын таныс емеспіз. Айлин…

Қыз оған жалынғандай көз тастады.

— Айлин менің университетімде оқиды. Ол актерлік шеберлік бөлімінде, ал мен режиссурадамын. Бір-бірімізді сырттай танимыз.

Айлин бірден басын изеді.

— Иә, анашым. Сондықтан сіздерге әңгімелесуге мүмкіндік берейік. Жүр, Эрик.

— Тоқта, мен шайымды әлі ішіп болған жоқпын ғой, — дегеніне қарамастан, Айлин оны қолынан тартып, сыртқа алып шықты.

⸻

Сыртқа шыққан бойда Эрик күлімсіреді.

— Сымбатты екенімді білемін. Бірақ қыздардың маған осылай жармасқанын бірінші рет көріп тұрмын. Ұнатып қалған жоқсың ба?

Айлин көзін аларта қарады.

— Өзін тым жоғары бағалайтын адамдарды мүлдем ұнатпаймын.

— Сонда өлердей ғашық болып қалған шығарсың?

— Өлсем де сен секілді адамға ғашық болмаймын! Оның үстіне, он сегізге толғанда тұрмысқа шығатын жігітім бар. Сондықтан сен ғашық болып қалма, жарай ма?

Эрик иығын қиқаң еткізді.

— Мені мұнда осыны айту үшін алып шықпаған шығарсың.

Айлин бірден байсалданып:

— Әрине, жоқ. Тыңда. Егер аналарың бізді қоспақ болып, бірдеңе айта бастаса, сенің қызың бар деп айт. Сенің кесіріңнен сүйікті жігітіме тұрмысқа шыға алмай қалғым келмейді.

Эрик мырс етіп күлді.

— Уайымдама. Мен де саған құмар болып тұрған жоқпын.

Ол кері бұрыла бергенде, Айлин оның футболкасынан тартып қалды.

— Тағы не болды?

Қыз жанарын төмен салды.

— Кешегі қылығым үшін кешірім сұрайын деп едім.

— Қай қылығың?

— Саған ақша ұсынғаным үшін.

Эрик жымиды.

— Сен ақшаны оңды-солды шашуға үйренген қыз екенсің.

— Негізі, сенің орныңда басқа адам болса, алушы еді.

— Демек, мен басқа адамдарға ұқсамаймын.

Айлин тағы бірдеңе айтқысы келгенімен, үндемей қалды.

⸻

Кешке қарай Айнұр мен Сандуғаш дүкенге кетті.

Үйде тек Айлин мен Эрик қалды.

Эрик қонақ бөлмесінде отырып, YouTube-тен қысқаметражды фильмдер көріп, болашақ жобаларына идея жинап отырды.

Ал Айлин жуынуға кірген.

Бір кезде қыз сүлгісін ұмытып кеткенін байқады. Үйде ешкім жоқ деп ойлаған ол:

— Мама! Маған сүлгі әкеліп жіберіңізші! — деп айқайлады.

Оның дауысын бірінші қабатта отырған Эрик естіді.

Жігіт сүлгіні алып, жуынатын бөлменің есігін ақырын қақты да, тұтқаға іліп қойды.

Іштен Айлиннің ән айтып, бар дауысымен айқайлап жүргені анық естіліп тұрды.

Эрик еріксіз күліп жіберіп, төменге түсіп кетті.

⸻

Біраздан соң Айлин жуынудан шығып, сүйікті жігітімен кездесуге дайындала бастады.

Өзіне жарасымды көйлек киіп, жеңіл ғана макияж жасады.

Төменге түскенде оны сыртта құрбысы күтіп тұр екен.

Құрбысы да өзі секілді ерекше сұлу болатын.

Сол сәтте ас үйде су ішіп тұрған Эрик қыздарды көріп, кенеттен суына шашалып қалды…

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Романтика жанры