Сезімдер соғысқанда
Айлин Эриктің қанға боялған жүзін көрген сәтте зәресі ұшты.
— Эрик!
Ол бірден жігіттің қолынан ұстап, диванға отырғызды.
Біраз уақыт үнсіздік орнады. Айлин жігітке тесіле қарап отырды. Ал Эрик үндемеді.
Ақыры қыз шыдамай:
— Бұл не? Егер анаң мына түріңді көрсе…
Эрик сөзін дөрекілеу үнмен бөлді:
— Құлап қалдым. Көріп тұрсың ғой, дала мұз.
Айлин ашулана күліп жіберді.
— Құлап қалдың ба? Эрик, сен мені ақымақ деп ойлайсың ба? Мұзға бетіңмен құлап, жарты бетіңді сүйретіп кеткендей көрініп тұрсың ғой.
Эрик қабағын түйді.
— Саған оның қатысы жоқ. Неге мен үшін сонша алаңдайсың? Сен маған ешкім емессің.
Айлин орнынан тұрып, дәрі қобдишасын алуға кеткен еді. Бірақ Эриктің соңғы сөздері оның жүрегіне ауыр тиді.
Қолындағы қобдиша жерге түсіп, ішіндегі дәрілер жан-жаққа шашылып кетті.
Қыз үнсіз басын изеді.
— Жақсы. Саған ешкім емес екенмін.
Осы сөзді айтып, ол бөлмесіне кіріп кетті.
⸻
Айлин бөлмесіне кірген бойда ашуын әрең басты.
— Маған не болып жүр өзі? Неге мен өзімді ойламайтын, уәдесінде тұрмайтын адам үшін уайымдаймын? Оның келгенін күтемін деп, тіпті кешкі асымды да ішпедім…
Біраз уақыттан кейін қыз ас үйге бармақ болды.
Сол кезде орындықта жалғыз отырған Эрикті көрді. Ол жарасына өзі дәрі жағуға тырысып отыр екен.
Айлин ештеңе болмағандай ас үйге кіріп, өзіне су құйып алды.
Эрик қызды байқап, өзін кінәлі сезінді.
Ол орнынан тұрып, Айлинді ақырын құшақтады.
— Кешірші. Мен саған қатты айтқым келмеді. Сен маған қарындасымдай болып кеттің. Мен сені ренжіткім келмеді.
Айлин іштей:
“Осы сөздерді қайдан табады екен? Нағыз режиссер ғой…”
Қыз жігітті өзінен алыстатты.
— Сен де маған ағамдайсың. Бірақ бізді дәл қазір анам немесе сенің анаң көрсе, ағалы-қарындасты екенімізге сенбес еді.
Эрик маңдайын сипап қойды.
— Рас екен. Ұмытып кетіппін.
Бір сәт үнсіз қалды да:
— Ендеше, қарындасым, жараларыма дәрі жағып бересің бе?
Айлин күлімсіреп:
— Жүр.
⸻
Қыз дәрі құтысын ашып, Эриктің қасына жақындады.
Жарасын сүрте бастаған сәтте Эрик тыныш отыра алмады.
— Тыныш отыршы. Жігіт емессің бе?
— Өзіңді көрер едім ауырса.
— Саған біреу мұзға бетіңмен құла деп айтқан жоқ қой. Тіпті өтірікті де дұрыс айта алмайсың.
Эрик қолын сілтеді.
— Қалай болса да өтті. Бірақ анама не айтамын?
Ол күлімсіреп:
— Айлин, мүмкін, сен мына іздерді жасырып берерсің? Өзіңдегі безеулерді жасыратындай.
Айлин ашуланып, оның иығынан ұрып жіберді.
— Ақымақ! Менің бетім онсыз да таза! Адамнан көмек сұрағанда, әдемілеп сұрау керек.
Эрик күліп жіберді.
— Жарайды, қалжыңдадым.
Ол қызға қарап қалды.
— Айлин, сен мен көрген қыздардың ішіндегі ең сұлуысың.
Айлин бір сәтке не айтарын білмей қалды.
Эриктің ұзын кірпіктері мен жылы жанарына қарап, көзін ала алмады.
Бірақ келесі сөз бәрін бұзып жіберді.
— Әрине, бір қыздан кейін.
Айлин бірден есін жиды.
— Онсыз да көмектесетін едім.
Бөлме іші тағы үнсіз қалды.
Сәлден соң Айлин баяу ғана:
— Адам уәде берсе, орындауы керек. Кейбіреулер сияқты нан алуға кетіп, жоғалып кетпеу керек.
Эрик кінәлі кейіппен:
— Кешірші. Алия…
— Саған Алия ұнайды. Бірақ оны бүкіл әлемге жарнамалай берме.
Эрик күрсінді.
— Ұнатқаныммен не пайда? Ол мені байқамайды да.
Айлин еріксіз жымиып:
— Оның орнында болсам, мен де сені байқамас едім. Өйткені жүрегімнің жараланғанын қаламаймын.
Жауап болмаған соң, қыз бұрылып қарады.
Эрик оның иығына басын қойып, ұйықтап қалыпты.
Айлин жігіттің шашынан ақырын сипады.
— Саған ғашық болудан қорқамын…
⸻
Таң атты.
Айлин де диван үстінде ұйықтап қалыпты.
Көзін ашқанда бөлме ішін күн сәулесі жарық қылып тұр екен.
Қыз жымиып қойды.
— Бүгін жақсы күн болатын сияқты.
Осы кезде Эрик те оянды.
Айлин телефонын алып қараса, Әділеттен хабарлама келіпті.
“Қайырлы таң! Жиырма минуттан кейін шық. Университетке бірге барайық.”
Хабарламаны оқыған бойда Айлин орнынан атып тұрды.
Бірнеше минуттан кейін қыз бөлмесінен жоқ болды.
Эрик оның артынан таңырқай қарап қалды.
⸻
Айлин бөлмесіне кіре сала асығыс дайындала бастады.
Бетін жуып, жеңіл макияж жасап, әдемі киініп шықты.
Әділет хабарласқан сәтте, қыз әлдеқашан аулада күтіп тұрған еді.
Ал терезе алдында тұрған Эрик олардың бірге кетіп бара жатқанын үнсіз бақылап тұрды…
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.