Сезімдер соғысқанда
Айлин таңданысын жасыра алмай, күліп жіберді.
— Қалай сонда? Эрик те біреуді ұнатуды біледі екен ғой.
Әділет айналасына қарап алды.
— Бірақ Алияға айтушы болма. Ең бастысы, Эрикке де айтпа. Егер менің айтқанымды білсе, тірі қалдырмайды.
Айлин саусағымен “құпия” белгісін көрсетті.
— Жарайды. Бірақ сен де Эрикке Алияның келмейтінін айт. Байғұс күтіп, хатико болып кетпесін.
Әділет бірден Эрикке хабарлама жіберді. Бірақ оның телефонының қуаты өшіп қалғанын қайдан білсін?
Екеуі бірге университеттен шығып, Айлинді үйіне дейін шығарып салуға шешім қабылдады.
Жолда Айлин күлімсіреп:
— Әділет, сені Адик десем, қарсы болмайсың ба?
Әділет жымиды.
— Өзіңе қалай ыңғайлы болса, солай атай бер. Тіпті “жаным” десең де қарсы емеспін.
Айлин күліп жіберіп, оның иығынан жеңіл ұрды.
— Ақымақсың! Айтшы, сендер Эрикпен қашаннан бері таныссыңдар?
Әділет сәл ойланып қалды.
— Егер саған Эрик жайлы бірдеңе қызық болса, оны өзінен сұрағаның дұрыс. Біз тек университетте араласамыз.
Айлин ыңғайсызданып:
— Жоқ, негізі жай дос ретінде танығым келген. Басқа ештеңе емес.
Көп ұзамай олар үйдің алдына келді.
— Міне, менің үйім, — деді Айлин.
Әділет қыздың тез жеткеніне іштей өкініп:
— Сенімен танысқаныма қуаныштымын, — деп қолын созды.
— Маған да. Енді мені көрмегендей өте шықпа. Алыстан көрсең де, амандас.
— Міндетті түрде.
— Жарайды, онда сау бол.
Айлин үйге кіріп кетті.
⸻
Қыз бөлмесіне кіре салысымен Эрикті іздей бастады. Бірақ оның бөлмесі бос еді.
Терезеден қараса, сырт әлдеқашан қараңғыланып кеткен.
Телефонына қоңырау шалғанымен, жауап болмады.
Соңында Айлин сыртқа шығып, оны іздеуге шешім қабылдады.
Көшеге шыққан бойда, алыстан басын салбыратып келе жатқан Эрикті көрді.
— Осынша адамды уайымдатуға бола ма? — деді Айлин ренжіген үнмен.
Эрик басын қасып:
— Маңызды шаруаларым болып қалды.
Айлин телефонын көрсетті.
— Ал мынау не үшін берілген? Хабарласып айтсаң болатын еді ғой. Мен… анаң уайымдап қалды.
Эрик жымиып:
— Телефонымның қуаты таусылып қалды. Ал сен неге басыңа бас киім кимегенсің?
Ол мойнындағы шарфын шешіп, қыздың мойнына орады. Кейін басындағы тоқыма бас киімін де Айлинге кигізіп қойды.
Айлин үнсіз қалды.
Жігіттің иіссуының жеңіл иісі мұрнына келіп, жүрегі біртүрлі соғып кетті.
— Міне, енді дұрыс болды, — деді Эрик күлімсіреп. — Қазір дүкенге барып, чипсы, попкорн алып, кино көрейік.
Айлин ештеңе деместен басын изеді.
⸻
Екеуі супермаркет ішінде кішкентай балалардай мәз болып жүрді.
Айлин себетке тәттілерді бірінен соң бірін сала берді.
— Ертең тісің ауырып жүрсе, менен көрме, — деді Эрик.
— Супермаркетке әкелген сен. Тәтті алып берген де сен. Ендеше кімнен көремін?
Эрик жауап бермей қалды.
Айлин оның қайда қарап тұрғанын байқап, артына бұрылды.
Дүкеннен қара көзілдірік тағып шыққан Алияны көрді.
— Кассаға бара берші. Мен қазір келемін, — деді Эрик.
Ол Айлиннің жауабын күтпестен, Алияның соңынан кетті.
⸻
— Алия!
Қыз жалт бұрылды.
— Уф, Эрик, сен бе?
— Бүгін неге кастингке келмедің?
Алия көзін төмен салды.
— Біраз шаруаларым шығып қалды. Айтпақшы, басты рөлге кімді алдың?
Эрик басын шайқады.
— Ешкімді. Өйткені менің кейіпкерімді дәл сендей ешкім аша алмайды.
Алия ұялып кетті.
— Сен тым әсірелеп жібердің ғой. Оның үстіне, мен сценарийіңді оқыдым.
— Онда мен сені үйіңе дейін шығарып салайын. Жолда бәрін түсіндіремін.
— Қарсы емеспін.
⸻
Айлин ауыр пакеттерін көтеріп, үйге жалғыз оралды.
Үйге кірген соң, попкорнды микротолқынды пешке салып, чипсылар мен шырынды дайындап қойды.
Тіпті көретін фильмді де қосып қойды.
Тек Эрик қана жетіспеді.
“Осы жолы да келмесең, өмір бойы сөйлеспеймін,” деп ойлады ол іштей.
Сол сәтте есік ашылды.
Үйге Эрик кіріп келді.
Бірақ оның беті қан-жоса болып кеткен еді.
Айлин шошып орнынан атып тұрды…
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.