Сезімдер соғысқанда
Тұсаукесер
Кішкентай ғана үйдің іші тап-таза еді. Эрик анасының жұмыстан шаршап келетінін жақсы білетін. Сондықтан ол үйді жинастырып, анасы үйреткен бірнеше тағамды дайындап қойған болатын.
Кешкісін есік ашылып, үй ішін анасының жарқын даусы кернеді.
— Ұлым, біз мәселенің шешімін таптық!
Эрик қуанғандай кейіп танытты.
— Қалай, мама? Әкем бізді қарызға батырып кетпеп пе еді?
Сандуғаштың жүзі бірден салмақтанып кетті.
— Эрик, әкең бізді әдейі тастап кеткен жоқ. Егер өлетінін білсе, бізге мұндай ауыртпалық қалдырмас еді. Қалай болғанда да, ол отбасының қарызын өтегенімізді қалар еді.
Эрик ашуын жасыра алмады.
— Мама, ол құмар ойынға тәуелді болды. Сен әлі күнге дейін оны ақтайсың. Егер ол өмірімізде болмағанда, біз мұндай күйге түспес едік!
Бұл сөз анасының жүрегіне ауыр тиді.
— Онда сен де дүниеге келмес едің! Қандай адам болса да, ол сенің әкең!
Сандуғаштың көңілі түсіп, бөлмесіне кіріп кетті.
Эрик ашуға булығып, сыртқа шықты. Аулада тұрып, аспанға көз тастады.
— Енді риза шығарсың? Тірі кезіңде анам екеумізді ұрыстыратын едің, өлгеннен кейін де тыныштық бермедің. Әке, мен саған қатты ренжимін…
⸻
Түн ортасы ауған шақ.
Эрик диванда ұйықтап қалыпты. Ашуы басылған Сандуғаш ұлының үстіне көрпе жауып, шашынан сипады.
— Сен менің ең үлкен сыйымсың, балам. Кешірші анаңды…
Эрик көзін ашып:
— Жоқ, мама, сіз мені кешіріңізші. Мен сізді ренжіткім келмеді, — деп анасын құшақтай алды.
Сандуғаш та ұлын бауырына қысты.
— Түсінемін, балам. Сен де басқа балалар сияқты алаңсыз өскің келеді. Бірақ мен саған ондай балалық шақ сыйлай алмадым.
Сол сәтте Эриктің көз алдына өткен күндер елестеді. Әкесінің мас күйінде айқайлап, анасын ұрған сәттері… Өзінің кішкентайынан жұмыс істеп, ерте есейгені…
Осындай естеліктерден кейін әкесіне деген жылы сезімнің қалуы мүмкін емес еді.
⸻
Шай үстінде анасы бүгінгі жаңалықты айтты.
— Ескі құрбым Айнұр хабарласты. Оған жағдайымызды айттым. Ол бізді өз үйіне шақырды.
— Үйіне ме? — деп таңғалды Эрик.
— Әзірге қонақ болып тұрамыз. Кейін үй қызметшісі болып жұмыс істеймін.
— Бай адам сияқты ғой.
— Иә, оның үлкен үйі бар. Бірақ ол ешқашан жақсылығын міндет қылмайды.
Сандуғаш күлімсіреді.
— Айтпақшы, оның сенімен қатарлас қызы бар екен. Бір университетте оқисыңдар.
Эрик күмәндана қарап:
— Тек мені құрбыңның қызына үйлендіргің келіп жүрген жоқ па?
— Оның несі жаман? Құдағи болып кетерміз, — деді Сандуғаш әзілдеп.
Ұлының түрін көріп, өзі күліп жіберді.
— Жарайды, заттарыңды жина.
⸻
Сол уақытта қаланың екінші шетінде орналасқан зәулім сарайда дауыс көтеріліп жатты.
— Анашым, неге бөтен адамдарды менің рұқсатымсыз үйге шақырасыз? Менің де бұл үйде құқығым бар шығар! — деді Айлин ашуланып.
Айнұр сабырлы үнмен:
— Қызым, ол әйел біз қиын кезде көмектесті. Енді біздің көмектесетін кезіміз келді.
— Ол сізге көмектесті. Маған еш қатысы жоқ.
— Сен дүниеге келгенде менің жағдайым ауыр болды. Сол кезде Сандуғаш өз сәбиімен бірге сені де қараған. Ұйықтамай, саған қарады.
Айлин үнсіз қалды.
— Мен мұны білмеппін… Кешіріңіз, анашым.
Ол анасының бетінен сүйіп, серуендеуге шығып кетті.
⸻
Түнде Эрик клубта күзетші болып жұмыс істейтін.
Кезекті түндердің бірінде клуб алдына қысқа қара көйлек киген жас қыз келді.
— Төлқұжатыңызды көрсетіңіз, — деді Эрик.
— Жасым он сегізде. Төлқұжатымды үйде ұмытып кетіппін, — деді қыз еш қысылмастан.
Эрик күліп жіберді.
— Кімді алдағың келіп тұр? Сенің он бес жаста екеніңе де сенуге болады.
Айлин көзін қысып:
— Мүмкін, келісімге келерміз? Мен ақша беремін, сен кіргізесің.
— Ақшаңды өзіңе қалдыр. Үйіңе қайт. Ата-анаң уайымдап отырған шығар.
Айлиннің амалы қалмады.
⸻
Келесі күні таңертең.
Айлинді есік қоңырауының тынымсыз даусы оятты. Ұйқылы-ояу күйде есікті ашқан бойда ол қатып қалды.
Көздері шарасынан шыға жаздап, есікті қайтадан тарс жауып алды…
Бөлім туралы пікірлер 1
Эрик деген есімді оқығанда шет елде болып жатқан оқиға деп ойлап отырдым да, Сандуғаш дегенді оқығанда түсінбей қалғансың ғой не боп кетті деп :))