Сезімдер соғысқанда
Эрик терезеден Айлин мен Әділеттің бірге кетіп бара жатқанын көріп, еріксіз күліп жіберді.
— Осы үшін асығып шығып кеткен екен ғой.
Шынында да, оның Айлинге деген ерекше сезімі жоқ деп ойлайтын. Ол қызды тек қарындасындай көретін.
Эрик айна алдына келіп, Айлин бөлмесінде ұмытып кеткен тоналды кремді алып, бетіндегі жараларды жасыра бастады.
— Міне, енді ешкім не болғанын сұрамайды.
Сол сәтте бөлмеге Сандуғаш кірді.
— Охо, ұлым, ғашық болып қалғансың ба? Шашыңды сәндеп, тіпті артқа қайырып қойыпсың ғой.
Эрик сәл қысылып қалды.
— Мама, әлі ештеңе нақты емес.
Сандуғаш терезеге қарап:
— Сен әлі ойланып жүргенде, басқа біреу тартып алып жүрмесін. Егер Айлин ұнаса, тезірек әрекет ет.
Эрик дереу қарсылық білдірді.
— Мама, Айлинді ұнату мүмкін емес. Тіпті жер бетінде жалғыз қыз Айлин болып қалса да, оған үйленбеймін.
Сандуғаш басын шайқады.
— Осы сен Айлиннен не көрдің екен? Оның атын айтсам болды, төбе шашың тік тұрады.
Эрик сағатына қарады.
— Ештеңе көрген жоқпын. Жарайды, мен кеттім. Күнің сәтті өтсін.
Ол анасының бетінен сүйіп, асығыс шығып кетті.
⸻
Айлин мен Әділет университетке қарай үнсіз келе жатты.
Әділет сөзге сараң болса, Айлиннің ұйқысы қанбаған еді.
— Адик, егер тағы бірге барғымыз келсе, алдын ала айтшы. Әйтпесе дайындалып үлгермей қаламын.
Әділет күлімсіреді.
— Сен боянуыңсыз да әдемісің.
Айлин бірден Эриктің сөзін есіне түсірді.
— Ал маған біреу “қанша боялсаң да, маймыл болып қаласың” деген.
— Біреудің сөзіне бола көңіліңді түсірме. Одан да айтшы, неге осы мамандықты таңдадың?
Айлин сәл ойланып қалды.
— Бала кезімнен армандадым десем, тым қарапайым жауап болатын шығар. Маған өзімді әртүрлі образда көру ұнайды.
Әділет басын изеді.
— Айлин, мен сені өзімнің қысқаметражды фильміме басты рөлге шақырғым келеді.
— Рас па? Әйтеуір бір адам мені шақырды ғой! Ал менен басқа кім ойнайды?
Әділет сәл ыңғайсызданып:
— Эрикті зорға көндірдім. Біздегі жігіттердің ешқайсысы фильмнің кейіпкеріне сәйкес келмеді.
Айлин бірден қабағын түйді.
— Егер Эрик менің ойнайтынымды білсе, бірден бас тартады. Басқа актер немесе актриса іздегенің дұрыс шығар.
— Сонда қалай? Эриктің сенен ала алмай жүрген өші бар ма?
Айлин иығын көтеріп қойды.
— Өзім де түсінбеймін.
Осылай әңгімелесіп келе жатқанда, университет те көрінді.
⸻
Сол уақытта Эрик пен Алия да университетке бірге келе жатқан.
— Эрик, кеше қалай жеттің? Анау ақымақтың атынан кешірім сұраймын.
Эрик қолын сілтеді.
— Ештеңе етпейді. Жігітпіз ғой.
Алия кінәлі жүзбен:
— Саған көп рақмет. Сен болмағанда не істер едім…
— Оны қояйық.
Осы кезде Алия алдарында келе жатқан Айлин мен Әділетті байқап қалды.
— Екеуі бір-біріне жарасатын сияқты.
Эрик бір қасын көтерді.
Алия күліп:
— Сенің досың мен менің құрбым ғой.
— Адик пен анау кішкентай құртты айтып тұрсың ба?
Алия еріксіз күліп жіберді.
— Ақымақсың. Айлин естісе ренжиді.
— Өтірік емес қой. Бойы кішкентай болса да, бәрін бүлдіріп жүреді.
⸻
Сабақтан кейін Айлин мен Алия буфетте отырды.
Алия әдеттегідей тек жеңіл салат алыпты. Ал Айлин сэндвич пен кофе ішіп отыр.
— Алия, білесің бе? Кеше Эрик үйге сабалған қозыдай болып келді. Не болды десем, “құлап қалдым” дейді. Құдды мен соған сенетіндей.
Алия ішіп отырған шайына қақалып қалды.
— Сонда… әлгі ақымақ Эрикке қол көтерді ме?
Айлин таңырқай қарады.
Алия ауыр күрсінді.
— Мен бір жігітпен интернет арқылы танысқан едім. Біраз уақыт кездесіп жүрдік. Бірақ кейін оның өте қызғаншақ екенін білдім. Тіпті маған қол көтерді.
Қыз жанарын төмен салды.
— Одан кеткеніммен, ол мені жайыма қалдырмады. Кеше үйімнің алдында күтіп тұр екен. Эрик оны қуып жіберген. Бірақ әлгі жігіт кейін достарымен келіп, Эрикті ұрып кетіпті.
Айлин ашуланып кетті.
— Керемет! Егер сенің кесіріңнен Эрикке бірдеңе болса…
Бір сәттен кейін ол сөзін тоқтатты.
— Кешірші. Бұл сенің кінәң емес.
Алия қыздың қолынан ұстады.
— Айлин… саған Эрик ұнай ма?
Айлиннің екі беті лезде қызарып кетті…
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.