Сезімдер соғысқанда
Айлин сүлгіні Эрикке қарай созды.
— Аузыңды сүрт. Қонақтардың көзінше не істеп тұрсың өзі?
Эрик сүлгіні алып, жымиып қойды.
— Айлин, дәл анам сияқты ұрыспашы.
Айлин құрбысын таныстырмақ болғанда, Эрик асығыс орнынан тұрды.
— Кешіріңдер, кейін сөйлесерміз. Қолым бос емес.
Ол бұрылып кетіп қалды.
Алия оның соңынан ұзақ қарап тұрды.
— Қызық… Мен оны бір жерден көрген сияқтымын.
Айлин қолындағы стақанды үстелге қойды.
— Әрине көргенсің. Ол біздің университетте оқиды ғой. Режиссура бөлімінде.
— Солай ма? Бірақ мені көргенде неге құбыжық көргендей болды? Байғұс суына қақалып қалды ғой.
— Оған ешкім асығып ішуге мәжбүрлеген жоқ, — деді Айлин иығын қиқаң еткізіп. — Кеттік. Асик күтіп тұрған шығар.
Алия біртүрлі қысылып:
— Мүмкін, мені онымен таныстырмай-ақ қояйықшы. Ол менің баратынымды да білмейді.
— Алия, басымды қатырмашы. Ұялатын кезді тауыпсың.
Екі қыз сыртқа шықты.
⸻
Көп ұзамай олар Асылханның көлігіне отырды.
Барлығы оны Асик деп атайтын.
Асылхан ауқатты отбасының баласы болатын. Ол Айлинмен бірнеше ай бұрын клубтардың бірінде танысқан.
Көлікте Айлин мен Асылхан әңгімеге беріліп кеткендіктен, Алия үнсіз терезеге қарап отырды.
⸻
Кешке қарай Айнұр үйге орала салысымен қызын іздей бастады.
— Айлин қайда? — деп бірнеше рет дауыстағанымен, жауап болмады.
Сол кезде ол Эриктің бөлмесіне кірді.
Эрик ноутбук алдында құлаққаппен жұмыс істеп отырған.
— Айнұр апай, бірнәрсе болды ма? — деп ол бірден құлаққабын шешті.
— Эрик, анау жүгірмек қыз тағы да үйде жоқ. Сағат он бірге жақындап қалды. Мені бір күні уайымнан өлтіретін шығар.
Эрик әйелдің иығынан ақырын қақты.
— Уайымдамаңыз. Айлин ақылды қыз.
Айнұр жалынышты көзбен оған қарады.
— Өтінемін, Эрик. Қызымды үйге алып келші.
— Әрине. Сіз демалыңыз. Мен қазір барамын.
Айнұр бөлмесіне кеткен бойда Эрик телефонын алып, Instagram желісіне кірді.
Айлиннің сторисін ашқан сәтте-ақ оның қай клубта жүргенін түсінді.
— Бұл қыз бір күні басына бәле тауып алмай қоймайды екен, — деп күбірледі ол.
Біраздан кейін Эрик таксиге отырып, клубқа жол тартты.
⸻
Клубтың іші жастарға толы еді.
Бір бұрыштан ол Айлинді, Асылханды және Алияны байқап қалды.
— Айлин, кетеміз, — деді Эрик қастарына келген бойда.
Айлин орнынан әрең тұрып:
— Охо… Кімді көріп тұрмын? — деп күлді.
Эрик Асылханға суық көзбен қарады.
— Мына қызға не ішкізіп отырсың? Анасы уайымдап жатыр.
Асылхан мысқылдай жымиды.
— Шаруаң болмасын. Ол менің қызым. Оған не істесем де өзім білемін.
Эрик мысқылдай күліп:
— Осы сөзіңнен кейін Айлин сені жігітім деп айтуға ұялатын шығар.
Ол Алияға бұрылды.
— Алия, құрбыңды алып жүр.
⸻
Үшеуі клубтан бірге шықты.
Эрик масайып қалған Айлинді көтеріп, таксиге отырғызды.
Біраз үнсіздіктен кейін Алия сөз бастады.
— Эрик?
— Айта бер. Тыңдап тұрмын.
— Бізді қалай тауып алдың?
— Айлинді танисың ғой. Қайда барғанын әлеуметтік желіге міндетті түрде салады.
Алия күдіктене қарап:
— Сен бүгін ғана келдің ғой. Айлиннің жасырын жанкүйері емессің бе?
Эрик еріксіз күліп жіберді.
— Бүкіл университет Айлин жайлы айтып жүргенде, мен қалай білмейін?
Алия күрсінді.
— Айлин ешқашан тыныш жүрмейді. Сенесің бе, Асылхан осы аптадағы бесінші жігіті.
Эрик үнсіз Айлинге қарады.
— Әкесінен көрмеген қамқорлықты басқа жігіттерден іздеп жүрген шығар…
⸻
Алдымен олар Алияны үйіне жеткізді.
Кейін Эрик Айлинді көтеріп, оның бөлмесіне апарды.
Қызды төсегіне жатқызып, кетпек болған сәтте Айлин оның қолынан ұстап қалды.
— Әке… кетпеші…
Қыз түсінде сөйлеп жатты.
Эрик үнсіз қыздың жанына отырды.
Ол Айлиннің шашынан ақырын сипады.
— Мен сенің әкең емеспін, жүгірмек қыз, — деді баяу ғана.
Бірақ қолын босатпады.
⸻
Таң атты.
Айлин көзін ашқанда, Эриктің креслода отырып ұйықтап қалғанын көрді.
Қыз кешегі болған оқиғаларды есіне түсіріп, жай ғана:
— Рахмет саған, — деді.
Эрик те оянып кетті.
— Сонша ішуге бола ма? Жасың әлі жетпейді.
Айлин бұртиып қалды.
— Бірінші рет қой. Шынымды айтсам, мүлдем ұнамады. Қарапайым су әлдеқайда жақсы екен.
Бірнеше секунд үнсіздік орнады.
Кенет Эрик:
— Айлин, Алияның жігіті бар ма? –
Жалғасы бар
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.