Шатырға ұзын бойлы адам кіріп, Ақтүлекке жақындай түсті. Жақындаған сәтте ол Тастемірдің мойнына тіреліп тұрған найзаны Ақтүлектің қолынан ұстады. Бала найзаны жібермей, тұрып қалды.
— Ақтүлек, — деді бетперделі адам оның көзіне тура қарап.
Ақтүлек найзаны бірден жіберді де, одан алшақтады. Басын төмен түсіріп, оның көзіне қарай алмай, бір орында қатып қалды.
Бетперделі адамнан Тэн қуаты әлі де сезілмей тұрды. Бірақ Ақтүлектің оның бір сөзімен шегініп кеткенін көргенде, Тастемір бір ойға келді: бұл адамның күші де, лауазымы да баладан жоғары болуы мүмкін.
— Жақсы. Сен берілген істі дұрыс орындамадың. Қателігіңді мойындайсың ба? — деді ол асықпай, сыпайы үнмен. Сосын балаға қолын созып, алақанын ашып көрсетті.
— М... мойындаймын, — деді Ақтүлек дірілдеген даусымен.
Ақтүлектің мойнынан тер судай ақты. Ол қорқаннан дірілдеп, қолын созды.
Қолын бетперделі адамның алақанына қойған кезде, сытыр еткен дыбыс шықты. Ақтүлек ыңырсып, ернін тістеді. Денесі бүкірейіп кетті.
Бетперделі адам Ақтүлектің кішкене саусағын майыстырып, сындырып жіберді.
Сосын оны бұрап, айналдырып, ешқандай күш салмастан жұлып алды. Қан жерге шашырады. Ақтүлек бар даусымен айқайлап, одан сайын бүкірейіп, жерге тізерлеп отырып қалды. Саусағы жұлынған қолын екінші қолымен қысып ұстады.
— Бүгін менің көңіл күйім көтеріңкі, сондықтан жазаң осымен бітті, — деді ол шаршаңқы даусымен. — Ал енді көзіме көрінбей, шатырдан шығып кет.
— Гхх... Құп болады, — деді Ақтүлек. Ол қанап тұрған қолын ұстап, орнынан тұрды да, шатырдан шығып кетті.
Тастемір бетперделі адамға сілейіп қарап тұрып қалды. Алдындағы адам енді оған мүлде басқаша көріне бастады.
«Сайтан алғыр. Алдында тәкаппар бір бала еді, енді мына жынды біреу келді... Қалай болса да аман қалуым керек», — деп ойлады Тастемір. Оның беті қара терге түсіп кетті. Ол бір орында қатып тұрды.
Бетперделі адам Тастемірдің қозғалмай тұрғанын көрді.
— Сен...
Тастемір үнсіз тұрды. Оның көзі жан-жаққа жүгіріп, кейін қайтадан бетперделі адамға тоқтады.
— Иә, сен. Бері жақында.
Тастемір артқа шегінді.
— Хммм, жарайды. Келмесең, онда жаныңа өзім баруыма тура келеді, — деді ол.
Сол сәтте ол Тастемірдің жанында пайда болып, оның сынған қолынан ұстап алды. Тастемір оның қалай бір сәтте жетіп келгенін түсінбей қалды. Сынған қолы қысылғанда ауырғаннан баж етіп, екінші қолымен жұдырығын темір бетпердеге қарай сілтеді. Бірақ ол оны да ұстап алды.
Тастемір қолын жұлып алуға тырысқанда, бетперделі адам:
— Әй, жыбырлай бермей, бір орында тұр! Әйтпесе сынған қолыңды орнына келтіру қиын болады, — деді.
Тастемір оның сөзін түсінбей, қарап қалды.
Бетперделі адам сынған қолды бұрынғыдан да қатты қысты. Қысқан сайын бір ыстық нәрсе қолдың тамырларына қарай жүгіре бастады. Тастемір оны анық сезді. Тамыр арқылы өткен толқын денесіне еніп, сынған сүйектерді орнына келтіре бастады. Тастемір мұны көзімен көрмесе де, денесімен сезіп, таң қалды. Бірақ сүйек орнына келген сайын, денесіне ине қадалғандай қатты ауырды.
Қолы ұйып қалды. Толқыннан кейінгі өткір ауру басына дейін жетті. Құлағы шыңылдап, бітеліп қалды. Мұрнынан өзінен-өзі қан ақты. Тізесі бүгіліп, ол жерге тізерлеп құлады. Көз алдындағы әлем бұлдырап, есі терең ұйқыға кетіп бара жатты.
«Жоқ, мен қайтадан есімді жоғалтпаймын. Қалай болса да аман қалуым керек. Керек, керек, керек! Тек көзіңді жұмба!»
Ол ойын жинап, ернін қанатқанша тістеді. Сол ауру арқылы есін жиды.
— Жарайсың. Менің Тэн қуатымды көтере алдың, — деген дауыс төбесінен естілді.
Бетперделі адам оған әлі қарап тұр еді.
— Егер сен менің Тэн қуатымды көтере алсаң, онда «ол» саған найзаны жайдан-жай қалдырмаған сияқты, — деп күбірледі ол. Терең ойға батқандай, бір қолымен жағын ұстап тұрды.
Тастемір бұл сөзді естігенде, екі көзі бадырайып, орнынан атып тұрды.
— «Ол»? Сен не себептен «ол» туралы айтып тұрсың?
Бетперделі адам жағын ұстаған күйі Тастемірге басын бұрды.
— Бұл ұзақ әңгіме. Дәл қазір ол туралы емес, өз қолыңа қара, — деді де, қолын сілтеп, Тастемірдің қолдарына қарады.
Тастемір қолына қарады. Сынған қолы ештеңе болмағандай сап-сау еді.
— Бұл... қалай?
— Бәрі Тэн қуаты, — деп ол мысқылдап, ақырын күле бастады. — Қолыңның сау екеніне көзің жетсе, ендеше танысуға көшейік.
Ол Тастемірге қолын созып, сәл иіліп тұрды.
— Біз басында осылай істеуіміз керек еді, бірақ кейбір жағдайларға байланысты танысуымыз сәтсіз болды. Менің есімім Қали... Қали қолбасшы.
Тастемір оның созылған қолына қарады. Біраз ойланып, қолын беруге асықпады.
— Мен не, осылай қолымды созып тұруым керек пе? Қанекей, дәстүр бойынша адам қол созғанда не істеу керек, а?
Тастемір әлі де қол бермей қарап тұрды.
— Тастемір. Менің есімім Тастемір, — деп жауап берді ол, қолын алмастан.
Қали бетперденің артында көңілі түскендей болды. Созып тұрған қолын жинап алып, шаршаған адамдай «уфф» деп демін шығарды.
— Мақұл, жарайды. Қолымды алмасаң, алма. Өкінішті, бірақ сені түсінуге болады. Саусақ жұлған адамның қолын кім ұстағысы келеді, а? Дұрыс па?
— Мүмкін.
Қали үнсіз тұрды.
— Сен найзаның иесін неге іздедің? — деп Тастемір бірден сұраққа көшті.
Қали күлкісін тыйып, Тастемірге қарады. Тастемір болса бекер сұрадым ба деп, іштей қобалжып тұрды.
Сол сәтте Қали алдымен ақырын, кейін қарқылдап күлді.
— Өзің бір қорқынышы жоқ бала екенсің. Сөзіңе қарасам, бір батырдың немесе бір әулеттің адамы сияқты сөйлейсің. Хммм, түсінікті. Сол себепті сені Мыңберген таңдаған сияқты.
— Мен жетіммін.
— А?... Түсінбедім. Қалай жетім?
— Мен ешқандай батырдың баласы емеспін және ешбір әулеттен шықпағанмын.
Қали басын бір жағына қисайтып, төмен қарады да, жағын ұстап ойланып қалды.
— Мммм... Қиын болған екен.
Ол басын көтеріп, Тастемірдің бетіне қарады.
— Тастемір, дұрыс па?
— Иә.
Қали біраз тұрды да, Тастемірдің артынан өтіп, оның иығынан қақты.
— Соңымнан ер, Тастемір. Саған айтар сөзім бар. Қазір бұл жер қауіпсіз емес, — деді де, шатырдан шығып кетті.
Тастемір олардың Қара ақсақалды неге іздеп жүргенін білмеді. Бірақ Қали ол адам туралы бір жақын адамын еске алғандай сөйледі.
«Мыңберген?» Тастемірге бұл есім таныс емес еді. «Тоқта. Егер Мыңберген мені таңдады десе... Яғни Қара ақсақал сол ма?»
Бұл ой оның басына бірден келді. Ол да шатырдан шығып, Қалидың артынан ере бастады.
Шатырдан шыққан сәтте лагерь анық көрінді. Ол бұрынғыдан да үлкен болып көрінді.
Темір бетті жауынгерлер бір үлкен алаңда жасақ болып жиналып тұр еді. Тұтқындағы жас балалар мен қыздарды бір жаққа алып бара жатты. Олар Тастемірмен шамалас жастағылар сияқты көрінді. Мұны Тастемір бірден байқады.
— Бір сұрағым бар.
— Қоя бер.
— Неге сендер бұл балалар мен қыздарды тұтқында ұстап отырсыңдар? Оларды қайда алып бара жатырсыңдар?
— Хммм... Орынды сұрақ. Қазір саған түсіндіремін.
Олар тұтқындарды алып бара жатқан жаққа қарай бет алды. Жолда Қали сөз бастады:
— Негізі біздің Мыңбергенді не үшін іздеп жүргенімізді білесің бе?
— Егер сендер оны іздесеңдер, онда неге маған жабылдыңдар?
Қали ыңғайсызданып, шүйдесін қасып, күлген дыбыс шығарды.
— Біз негізі гиндердің артынан еріп, оларды аңдып жүргенбіз.
Тастемірдің көңілі түсіп кетті. Есіне Айсұлудың бейнесі қайта оралды.
— Гиндердің?... — Оның даусы суық әрі ауыр шықты.
— Сен білмейтін шығарсың, бірақ соңғы кезде гиндердің шабуылы көбейіп кетті. «Жасыл Дала» соққы астында қалды. Ал Ұлы әулеттер қол қусырып отыр, ешқандай әрекет жасамай жатыр.
Тастемір өртенген ауылды есіне алды. Ол түні оларға ешкім көмекке келмеген еді.
— Сол себепті біз дәл қазір гиндермен соғысып жатырмыз, — деп жалғастырды Қали. — Сен сұраған тұтқындар — гиндерден зардап шегіп, аман қалған балалар мен қыздар. Ал сені алғаш байқағанда, біз сені жоғарғы гин деп ойладық. Мыңбергенді сен өлтірген шығарсың деген күдік те болды.
— Енді ше?
— Енді турасын айтайын. Сені сынауды Ақтүлекке мен тапсырдым, бірақ ол тым шектен шығып кетті. Сол үшін кешірім сұраймын.
— Мақұл, бұл түсінікті делік. Бірақ мен бір нәрсені түсінбей тұрмын. Сендер неге балалар мен қыздарды тұтқын ретінде ұстап, бір жерге алып бара жатырсыңдар?
Қали үндемеді. Ол сәл ойланды да, даусы ауырлай түсті.
— Мен саған гиндермен соғыс жүріп жатқанын айттым. Енді бұл балалар мен қыздардың не үшін керек екенін айтайын. Бұны саған жайдан-жай айтып тұр деп ойлама. Мыңберген сені таңдады. Яғни сенен бір нәрсе шығады деген үміт бар.
Олар алдарындағы үлкен алаңға жақындады. Алаң жерден төмен, үлкен шұңқыр сияқты еді. Қали Тастемірді мойнынан ұстап, алаңның жиегіне апарды да, төмен қаратты.
Төменде балалар мен қыздар жиналып жатыр еді. Олардың саны елуге жуық болды. Сол жастардың ішінен Тастемір бір таныс бейнені байқады.
Мөдиді.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.