Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

1-бөлім · 9 мин

Бірінші бөлім

1 / 7

Түн тыныштығын белгісіз бір дыбыс бұзды. Атқораның ішінде пысқырған жылқылардың үні естіліп тұрды, ал сол қораның ішінде Тастемір сабан үстінде ыңырсып, қара су, қара тер болып қиналып жатқан еді.

Тастемір шошып, бар даусымен айғайға салып, орнынан атып тұрды. Жылқылар жас жігіттің даусынан үркіп, зәрелері ұшып кетті. Ол кеудесін бір қолымен ұстап, екінші қолымен астындағы жерге, сабанның үстіне тіреп, әрең ауа жұтты. Бетіндегі қара тер судай ағып тұрды.

Кеудесінде тұрған қолын жайлап басына жақындатып, бетін толық жауып, терең дем алды, сосын бетінен қолын алып, алақанына қарай бастады. Ол терең ойға батты.

Тастемір қорқынышты түс көрген еді. Түсін есіне түсірген кезде, ол өртеніп жатқан қамалдарды көріп, адамдардың қорқынышты айқайын естіді, ал оны біреу кеудесіне қысып, қараңғыға қарай алып бара жатты. Ол денесін қозғалта алмай тұрған еді. Қозғалтуға шамасы да жетпеді. Бірақ оны қараңғыға алып бара жатқан адам үлкен болып көрінді. Жоқ, ол адам үлкен емес еді, ол өзі құрттай еді. Осы кезде Тастемірдің ойын біреудің қатты даусы бөлді.

— Әй, сен! Бері кел! — деген ащы дауыс атқораның кірер жағынан шықты.

Қораға кірер жерде бір адам тұрды. Үстінде жібек матадан жасалған жеңіл, ақ, қарапайым киім, қарны қампиған ер адам. Тастемір оны көре салысымен тез арада сол адамның жанына жақындап келіп, бірден басын түсіріп тұра қалды. Ол басын төмен түсіріп, ер адамның бетіне қарамауға тырысты. Ал ер адам осы қораның иесі, Қазанберген атты кісі болатын. Ол түн ішінде аттардың даусын естіп, тез жетіп келген еді. Өзі әрең ауа жұтып, денесін көтере алмай тұрған сияқты болып көрінді.

Қазанберген Тастемірге жақындап:

— Бұл жерде не болды? Аттардың үріккен дауысын естідім, — деді.

Тастемір орнында тұрып қалды. Ол не айтарын білмей, үнсіз тұрып қалды. Бірақ шындықты айтуға тура келді.

— Кешіріңіз, мен түнде кенеттен оянып кетіп, байқаусызда аттарды шошытып алдым.

Қазанберген сәл көзін екі саусағымен басып тұрды. Кейін Тастемірге қарап:

— Таңда аттарды ерттеу керек. Қазір олар шошып, таңға дейін тыныштық бермейді. Сен өзі не істегеніңді білесің бе? — деді Қазанберген күбірлеп.

— Кешіріңіз...

— Кешірім сұрағаның керек емес. Сыртқа шық! — деп Қазанберген Тастемірдің жағасынан ұстап, далаға шығарды.

Оны сыртқа шығарған сәтте Қазанберген жанына тағы екі адамды ертіп алып, Тастемірді екі жағынан ұстаттырды, ал өзі үлкен қамшыны қолына алып, ұруға дайындалып тұрды.

Екі адам Тастемірдің арқасын ашып, соққыға дайындады. Ал Тастемір болса ары тартылып, бері тартылып, соққыдан қашпақшы болды. Бірақ екі ер адамның ұстаған қолдары тастай болып, денесін қозғалтуға шамасы да келмей қалды.

Тастемірдің арқасы ашылған сәтте, үлкен қамшының ізі қалған тыртықтар көріне бастады.

Қазанберген қамшысымен салып қалған кезде, Тастемірдің даусы соққыдан қатты шығып, арқасы қанға бояла бастады. Бір соққы, екі соққы, үш соққы. Оны таңның көзі шыққанша соға берді.

Күннің көзі көрініп, таң ата берген кезде соққы тоқтады, ал жерде қансырап жатқан Тастемір орнынан әрең тұрып, Қазанбергеннің алдында тізерлеп тұрды. Қазанберген Тастемірдің қансырағанына қарамастан, оның алдына сасық, түрі жаман киімді тастады.

— Сенің денең қан сасып тұр. Осы киімді ки де, аттарды жайылымға жібер, — деп ол артқа бұрылып, адамдарымен алыстап кете берді.

Тастемір тізерлеп отырып, ашу-ыза үстінде шөпті қолымен қысып жұлып алды да, Қазанберген кетіп бара жатқан жаққа қанға боялған көзімен қарап тұра берді.


Аттар жазық далада, жайылымда жүрді, ал Тастемірдің өзі сол далада, жайылымның шетінде ағып тұрған шағын бұлақтың жанында отырды.

Бұлақтың сылдыры маңайды тыныштыққа бөлеп тұрды. Тастемір болса бұлақтың суын алып, арқасындағы жарақаттарды жуып, қанын кетіріп отырды.

Жарақатына бұлақтың суы тиген сайын, арқасы ашып, қол тигізбей тұрды. Бірақ сонда да жарақатты сумен тазалау керек болды.

Тастемір жарақатын жуып, қандарды кетірген соң, бұлақтың бетіне қарап тұрып қала берді. Бұлақтың бетінде ол өзінің түрін көрді. Қою қара, алба-жұлба шашты, көзі қоңыр алтын тәріздес бала тұрды. Сырт келбеті ұқыпсыз, киімі жыртық, ұзын бойлы, он тоғыз немесе жиырма жасар жігітке ұқсайтын. Түр-келбеті нашар, тура құл сияқты еді. Бірақ Тастемірдің есіне түнде болған жағдай түскен кезде, ол ашуланып, бар күшімен жанында тұрған тасты бұлаққа лақтырып жіберді.

— Құрып кеткір шошқа! — деп айғайға салды.

Аспанға ұзақ қарап, көзін жұмып, терең дем алды да, күрсініп, ауаны жайлап шығарды. Ол сабасына түсті.

Тастемір орнынан тұрып, аттарға қарай бұрылды. Қолына қамшыны ұстап, кейін алдында тұрған атқа жақындап, үстіне отырды.

Атқа отырған сәтте оның мойнын сипап:

— Ал, досым, кеттік, — деп жайылымда жүрген аттарға қарай бет бұра бастады.

Бірақ осы кезде оның артынан біреулер ысқырып, айғайға салып, ат үстінде Тастемір жаққа қарай шауып келе жатты. Тастемір оларды бірден таныды. Әсіресе сол үш адамның ішіндегі ортадағы сары баланы.

Олар жақындаған кезде Тастемірді айнала қоршап, шегінуге жол бермеді. Ортадағы ат үстіндегі сары бала Тастемірге жақындады, ол жақындаған кезде оның түрі анық көрінді. Қоңыр-сарғыш шашты, үстіне жақсы безендірілген шапан киген, жасыл көзді. Тастемірмен жастас сияқты көрінді.

— Саған не керек, Мөди? — деп Тастемір даусын төмендетіп, қабағын үйіп, сары балаға қарады.

— Не болды саған? Мені көре сала түрің бозарып кетіпті ғой, — деп сары бала мысқылдап, Тастемірге жақындай түсті. — Түнде болған жағдайды естідім. Берілген істі де дұрыстап істемепсің, — деп ол жанындағы тағы екі шымыр бойлы баламен бірге мазақ қыла күле бастады.

Тастемір үнсіз тұрды. Мөдидің оған күліп, мазақ қылып тұрғаны ашуына тие бастады.

Мөди өзі Тастемірге бұрыннан тыныштық бермейтін. Оның құл болғаны үшін Мөди оны қорлап, азап көрсететін. Тастемір сол кездерді есіне түсірген сайын алдында тұрған Мөдидің мұрнын сындыруға дайын тұрды. Бірақ ұруға дәті бармады. Алайда ұрмай-ақ, сөзбен оны орнына қоюды шешті. Мөди өзі ашушаң және сөз жағынан жеңіліп қалатын бала еді. Осы кезде Тастемір Мөдиге қарап:

— Әй, Мөди, сен не, маған тек осы сөзді айту үшін келдің бе? Әлде басқа істейтін шаруаң жоқ па? — деп сөз қайтарды.

Мөди болса Тастемірдің сөзін естіген кезде, бетіндегі күлкісі жоғалып, оның орнына тек салқын көзқарас қана пайда болды.

— А-а-а, солай ма? Сенің маған қайтарған жауабың қызық екен, — деп ойнақы сөйледі. — Бірақ есіңе салып қояйын. Сен бұл жерде құл екеніңді ұмытпа. — Мөдидің даусы төмендеп, Тастемірді өлтірместен бұрын оған алдын ала ескертіп тұрғандай көрінді.

Тастемір Мөдидің не айтқысы келгенін түсінді.

— Мен өзімнің құл екенімді онсыз да біл...

— А-а, білсең, жақсы бопты. Ендігіде маған бұлай сөз қайтарушы болма, жарай ма? — деп Тастемірдің сөзін бөліп, арқасынан қағып, иығын сәл қысып, күшін көрсетті.

Тастемірдің иығын қысқан сәтте, ол ауырғанынан ыңырсып, сәл қисайып, көзін қысып жұмып қалды.

Осы кезде Тастемір ашу-ызамен Мөдидің бетіне тура қарап қалды. Қараған сәтте Мөди Тастемірдің ызалы түрін көріп, қолымен оның иығын одан әрі қатты қысты. Бірақ Тастемір Мөдидің бұл қорлығына шыдап тұрғысы келмеді.

«Соққының астында қалсам да, мен бұлай шыдап тұра бермеймін», — деген оймен ол Мөдидің иығындағы қолын қысып, өзіне тартып қалды. Мөди болса ат үстінде тепе-теңдікті сақтай алмай, құлап түсті.

— Әп, бәрекелді! — деп Тастемірдің артында тұрған екі жігіттің біреуі қамшысын алып, оған қарай жүгіре ұшты. Ол қамшымен салып қалды, бірақ Тастемір қамшының соққысынан дер кезінде еңкейіп қашып, сол уақытты тез пайдаланып, аяғымен оны теуіп құлатты. Ал екіншісі орнында тұрып қала бермеді. Тастемір аяғымен тепкен сәтте, ол артынан келіп, Тастемірді аттан жағасынан тартып құлатты және сонымен бірге өзі де құлап түсті.

Тастемір жерге құлаған кезде бетімен жерге түсті. Соның әсерінен оның көз алдында әлем айналып, орнынан тұру қиынға соға бастады.

— Құрып кеткір... — деп ол жерге қайта-қайта құлап, тұруға тырысты. Алайда басы айналғандықтан, ол өз-өзіне зорға келді.

Мөди болса жерден тұрып, қолына қамшысын алды. Оның бетінде ашу-ыза мен қорланғандық көрініп тұрды. Тамырлары бетіне шығып, тісі сытырлап, көзі отқа толы болды.

— Сайтан алғыр! — деп ол Тастемірге жүгірді.

Осы кезде орнынан тұрған Тастемірге Мөди жүгіріп келе жатты. Оны Тастемірдің өзі байқады. Ол жұдырығын қысқан сәтте, оның артынан жаңағы екі шымыр денелі жігіт шығып, біреуі оның қолынан ұстап алды. Ал екіншісі оның самайынан ұрып, жерге құлатты. Тастемір болса жерге қайтадан тізерлеп құлаған сәтте ойын жинауға тырысты. Жердегі топырақты оң қолымен қысып алып, қаралау жігіттің бетіне шашты. Топырақ оның көзіне түсті.

— А-а-а! Құрып кеткір құл! — деп ол көзін ұстап қалды.

Тастемір оның ішінен бір ұрды да, екіншісінің аяғының арасынан секіріп өтіп, оны жерге жықты. Жыққан кезде оны қамшымен қылқындырғысы келді. Бірақ дер кезінде жетіп келген Мөди оның басынан бір-ақ теуіп, есінен тандырды.

Осы кезде олар үшеуі жиналып, Тастемірді тепкілеп, сабай бастады.

— Сенің қалай дәтің барады, ақымақ! — деп айғайға салды Мөди. — Мен сенің қожайыныңмын, ал сен менің құлымсың! — деп әрі қарай сабай берді.

Тастемір соққының астында қалған кезде сәл жымиып қалды. Осыны байқаған Мөди соққыны тоқтатты.

— Неге жымиып тұрсың, әй, сен, құрып кеткір құл?! — деп ашу-ызамен сұрады.

Ал Тастемір әрі қарай жымиып қарап тұрып, кейіннен қабағын үйіп, Мөдиге тура қарады.

— Менің қожайыным? Сен кімсің өзі... — деген сәтте оның сөзін бетіне тиген жұдырық бөлді. Ал өзі болса есінен танып, қанды жерде жатып қалды. Көз алды қарауытып, әлем қараңғы түнекке батты.


Түнекте айғай мен Мөдидің артынан жайлап шыға бастаған бейтаныс әйелдің шыңғырған даусы жаңғырық болып шыға бастады.

— Жо-о-оқ!

Тастемір шошып, қайтадан оянып кетті. Дала қараңғы түннің түнегінде еді. Аспанда жұлдыздар жарқырап, айдың сәулесі оның бетіне түсе бергенде, оның бетіне жылу келді. Ол бірден жылу жаққа қарай бұрылды. Бұрылған сәтте ол отты көрді және сол оттың жанында, қараңғы далада от жағып отырған алып бойлы, шашы ұзын қара шалды көрді.

— Әй, сен, есіңді жидың ба әйтеуір?

Пікір 3

Бөлім туралы пікірлер 3

Фэнтези жанры