Жаңбыр басылған еді, бірақ дала әлі де ылғал тартып, ауыр демалып жатты. Жаңа ғана үйілген топырақтың иісі балшыққа араласып, тынысқа тұнып тұрды. Тастемір алдымен дыбысты естіді. Жердің астынан шыққандай күңгірт дүбір. Сосын көрді: сұр көкжиектен бірнеше салт атты бөлініп шығып, тура оларға қарай шауып келе жатты.
Темір бетперделі жауынгерлер.
Алыстан олардың саны алтау болып көрінді. Тұяқтардың астынан балшық шашырап, бетперделер бұлттың солғын жарығын қағып алып, бір-бірден жылт етті. Тастемір найзасын нығырақ қысты. Саусақтары ылғалды ағашқа жабысып, буындары ағарып кетті.
— Әй, Мөди... — деді ол бұрылмастан.
Мөди басын баяу көтерді. Алдымен Тастемірге, сосын оның көзі қадалған жаққа қарады. Шауып келе жатқан аттарды көрді. Бірақ орнынан қозғалмады. Төбешіктің жанында тізерлеген күйі қала берді: иықтары салбырап, қолдары балшыққа батып жатты. Оның көзінде қорқыныш та, ашу да жоқ еді. Тек бос қуыс.
«Сынған екен, — деп ойлады Тастемір. — Жоқ, ол бүгін сынған жоқ. Айсұлу құлаған сәтте сынған».
Ол Мөдиге тағы бір сәт қарады да, бетін бұрды. Оны сүйреп қашуға не уақыт, не күш жоқ еді. Аман қалу керек. Тек сол ғана.
Алғашында ол тұрған орнынан тапжылмай, жауды қарсы алмақ болды. Бірақ аттылар жақындаған сайын ауа өзгерді. Ауырлады. Қоюланды. Кеудесіне біреу алақанын басып тұрғандай, тынысы тарылды. Тэн. Алты адамның Тэні бір мезетте төніп келе жатты, ал оның салмағы Тастемірдің ауылда, гиндермен шайқаста сезгенінен мүлде бөлек еді. Ол түсінді: бұларға шамасы жетпейді.
Тастемір артқа бұрылып, қаша жөнелді. Балшық аяғын тартып, әр қадамы сайын жерге жабысып қалғысы келді. Артынан тұяқтардың дүбірі жақындап, жерді сілкіндірді. Екі атты оны қуып жетті. Біреуі шоқпарын көтерді. Тастемір оның ауаны тілген ысқырығын естіді де, ойланбастан жерге құлады. Шоқпар шашын қозғап өтті. Ол балшыққа аунап түсіп, орнынан ұшып тұрды да, басқа жаққа қарай жүгірді. Жауынгерлер аттарының басын бұрып, оның соңынан қайта қуды. Шоқпарлар тағы да көтерілді.
Бірақ Тастемір бұл жолы қашпады. Тоқтады. Найзаның сабын жерге қадап, ұшын алға қаратты да, ауылдағы түнде гинді құлатқандай, тапжылмай күтті. Алдыңғы ат найзаға тура кеудесімен келіп сұғылды. Жануар шыңғырып, алдыңғы аяқтары бүгіліп, балшыққа омақаса құлады. Үстіндегі жауынгер ұшып түсіп, бетімен жерге жабысты.
Тастемір найзаны суырып алып, оған қарай жүгірді. Бұл жолы ол ойланған жоқ. Өртенген ауыл, жанған киіздің иісі, Айсұлудың жерге құлаған денесі — бәрі бір мезетте найзаның ұшына жиналғандай болды. Ол найзаны төмен сілтеді.
Бірақ жерде жатқан жауынгер аунап түсіп, найзаның сабын жалаң қолымен ұстай алды. Сосын оны өзіне қарай қатты тартып жіберді.
— Не?!
Тастемір тепе-теңдігін жоғалтып, алға қарай құлап түсті. Аузы балшыққа толды. Ол басын көтергенде, жауынгер әлдеқашан тізерлеп тұрған еді: бір қолы әлі де найзаның сабында, екінші қолындағы шоқпары Тастемірдің басына қарай көтеріліп бара жатты. Тастемір көзін жұммады. Ол өлімге тура қарап тұрды.
Сол сәтте жауынгердің артынан бір көлеңке атылды.
Мөди.
Ол қашан жүгіріп жеткенін Тастемір көрмеді. Тек оның балшыққа батқан бетін, тісін қаусырған аузын көрді. Мөди жауынгердің мойнына артынан жабысып, қылқындыра бастады. Даусы шықпады, тек ызалы, қырылдаған демі естілді. Тастемір оның көзіне бір сәт қарап қалды. Онда жаңағы бос қуыс жоқ еді.
Шоқпар ауада тоқтап қалды.
Тастемір бұл сәтті жіберген жоқ. Жауынгердің белінде жылтыраған қанжар сабын көрді. Оны суырып алды да, ойланбастан, бар салмағымен жауынгердің бүйіріне сұқты. Қанжар сауыттың жігінен кіріп кетті. Жылы қан Тастемірдің саусақтарын жуып өтті.
Жауынгер ыңырсыды. Сосын ақырды. Оның денесінен Тэн жарылып шыққандай болды. Ыстық әрі ауыр толқын Мөди мен Тастемірді құрғақ жапырақтай көтеріп, екі жаққа лақтырып жіберді. Тастемір арқасымен жерге соғылып, өкпесіндегі ауа түгел шығып кетті.
Ол балшықта жатып, ауаны әрең жұтып, жауынгерге қарады. Анау бүйірінен аққан қанға мән бермей, асықпай орнынан тұрып келе жатты. Сол кезде Тастемір бір нәрсені түсінді. Бұл жауынгер осы уақытқа дейін шынымен айқасқан жоқ. Ол жай ойнап жүрген екен. Бұл ой оның бойын мұздатып жіберді. Тастемір орнынан тұрып үлгермеді. Бір жақтан келген соққы самайына тиіп, әлем бір қырына аударылды. Көз алдындағы сұр аспан қарауытып, балшықтың иісі алыстап, бәрі түнекке батты.
Түнек. Қараңғы, түпсіз түнек. Тастемір бұл жерде бұрын да болған: әр түн сайын, сол бір түсте. Бірақ ол бірден сезді: бұл жолы басқаша. Ол басын көтеріп, орнынан тұрды. Аяғының астында жер жоқ сияқты еді, бірақ ол құлаған жоқ. Артында біреу тұрғандай сезім желкесін шымырлатты. Ол жалт бұрылды. Ешкім. Тек қараңғылық: қалың, тыныс алып тұрғандай қараңғылық.
— Бұл әдеттегі түстен басқаша екен, — деді ол күмәнді дауыспен.
Даусы жаңғырмады. Түнек оны жұтып қойды. Сол кезде артынан бір жарық пайда бола бастады. Алғашында ол көзге әрең ілінетін, күл астындағы шоқтай солғын еді. Сосын біртіндеп күшейді.
— Бұл... не жарық?
Тастемір оған бұрылып, қарай жүрді. Бірақ әр басқан қадамы жарықты одан алыстата берді.
— Агх!...
Жарық күшейген сайын одан бір қуат тарады: жылы, ауыр әрі таныс. Тэн. Бірақ ол Тастемірдің бойындағы Тэнге ұқсамайтын. Бұл ескі, терең, тамыры жердің түбіне кеткен бәйтеректей қуат еді. Оның толқыны Тастемірді артқа итерді. Ол тоқтамады. Неге екенін өзі де білмеді. Бірақ жүрегімен сезді: егер осы жарыққа жетсе, бір нәрсе өзгереді. Мәңгіге.
Толқын күшейді. Әр қадам сайын ауа тығыздалып, қарсы соққан боран сияқты кеудесіне тірелді. Ол алға еңкейіп, тісін қысып, аяғын жерден әрең жұлып басты. Сүйектері сықырлағандай болды. Бір сәтте қысым оны жерге жапыра басты. Ол етпетінен құлап, тіпті саусағын да қозғай алмай қалды. Сосын бәрі кенет тоқтады. Толқын да, қысым да із-түзсіз ғайып болды. Тастемірдің денесі қауырсындай жеңілдеп кетті.
Ол басын көтерді. Жарық алдында тұрды. Енді ол алыстамады. Бұл жарқыраған шар еді, ал оның ішінде бірдеңе қозғалғандай болды. Тастемір көзін қысып, жақынырақ қарады. Шардың ішінде біреу бүрісіп жатты. Адам ба? Ол еріксіз бір қадам шегінді.
— Бұл... кім?...
Ол сөзін аяқтай алмады. Желкесіне ауыр, ыстық тыныс тиді. Тастемірдің қаны тамырында қатып қалғандай болды. Артында бір нәрсе тұрды. Үлкен, тірі нәрсе. Оның тынысы желкесін күйдіріп жатты.
— Әй! Көзге көрін! — деп ақырды ол бар даусымен де, жалт бұрылды.
Алдында алып қасқыр тұрды. Оның биіктігі аттан да асып түсетін еді. Жүні түнектің өзінен тоқылғандай қап-қара, ал көздері екі сары шоқтай жанып тұрды. Қасқыр ырылдады. Еріндері түріліп, ақ азу тістері ақсиды. Оның ыстық демі Тастемірдің бетін шарпыды. Алып аң атылуға дайындалды.
Сол сәтте аспанды бір дыбыс жарып өтті: ащы, ұзақ, темір шыңғырғандай саңқылдаған дауыс. Қасқыр тоқтады. Тұрған орнында қатты да қалды. Тастемір оның түріне қарап, көзіне сенбеді: алып аңның көзінде үрей пайда болды. Құлақтары басына жабысып, құйрығы бүгілді. Екеуі бір мезетте жоғары қарады. Түнекті қақ жарып, қанатын жайған бүркіт төмен құлдилап келе жатты. Бірақ ол жай бүркіт емес еді. Оның қанаттары бүкіл аспанды жауып тұрғандай алып еді, ал әр қауырсыны сұр болаттай суық жылтырады.
Бетіне шолп етіп салқын су тиді.
Тастемір ауаны қарпып, оянып кетті. Жүрегі кеудесін тесіп шыққалы тұрғандай дүрсілдеп соғып тұрды. Бүркіттің саңқылы әлі де құлағында тұрғандай еді. Ол көзін ашып, жыпылықтатты. Үстінде тар, дөңгелек аспан. Айналасы топырақ қабырға. Ол терең шұңқырдың түбінде жатыр еді.
Шұңқырдың жиегінде біреу бос темір шелекті ұстап, оған төмен қарап тұрды. Темір бетперде. Ол Тастемірге біраз үнсіз қарап тұрды да, бұрылып, көзден ғайып болды.
Тастемір сулы бетін сүртпек болып қолын көтерді, бірақ екі қолы бірге көтерілді. Білектері қайыс арқанмен қатты байланған еді.
— Мен... тірімін бе? — деді ол қарлыққан даусымен.
Байлаулы қолдарымен бетін, маңдайын, иегін сипап шықты. Бәрі орнында. Тек самайы сыздап, соққы тиген жері ісіп кеткен. Ол орнынан тұрып, жан-жағына қарай бергенде, жоғарыдан біреудің жан ұшырған айқайы естілді. Тастемір селк етіп, басын көтерді. Ешкім көрінбеді. Айқай тағы бір рет шықты да, кенет үзілді. Одан кейінгі тыныштық айқайдан да қорқынышты болды.
Тастемір шұңқырдың үстіне мұқият қарады. Аспан тор көзге бөлініп тұр екен: шұңқырдың аузын жуан темір тор жапқан. Ал тордың арғы жағында, жиекті бойлай, биік ағаш қоршаулар тізіліп тұрды.
— Демек, мен тұтқынға түстім, — деді ол ақырын.
Байлаулы қолдарымен бетін басып, басын шалқайтты да, торлы аспанға ұзақ қарап қалды.
Арада біраз уақыт өтті. Торлы аспанның көгі солғындап, сұрғылт тартты.
Тастемір шұңқырдың түбінде, суық қабырғаға арқасын сүйеп отырды. Ойы басынан өткенді қайта-қайта қопарды. Өртенген ауыл. Сынбаған найза. Гиннің қарашығы жоқ көздері. Және Айсұлу. Оның атын ішінен атаған сәтте кеудесінде бір нәрсе қысылып, тынысын тарылтты. Ай жарығындағы ақ жүзі мен мөлдір сұлу көздері есіне түскен сайын көзінен жасы өздігінен ағып кете берді.
Тастемір ештеңе сезбеуге тырысты.Ол дыбыс шығармас үшін тісін қысты. Бәрібір кеудесінен бір ауыр, тұншыққан ыңырсу шығып кетті. Жерлеу кезінде ол жылаған жоқ еді. Мөдидің алдында да, жаңбырдың астында да жыламаған. Ал мұнда, ешкім көрмейтін шұңқырдың түбінде, көз жасы өздігінен ақты.
Ол біраз уақыт солай отырды. Сосын жеңімен көзін ақырын сүртті. Терең дем алып, ойын жинады.
«Өлгендер қайтып келмейді. Ал тірі қалғандар өмір сүруі керек».
Сол кезде жоғарыдан аяқ дыбыстары естілді. Біреулер шұңқырға қарай келе жатты. Тастемір атып тұрды. Шегініп, арқасын қабырғаға тіреді де, аяғының астындағы жұдырықтай тасты байлаулы қолдарымен көтеріп алды. Ауыр, салқын, қыры өткір тас еді.
— Мен әлі өлуге дайын емеспін, — деді ол күбірлеп, тасты қатты қысып.
Төбедегі темір тор шықырлап ашылды. Шұңқырға екі адам секіріп түсті. Біреуінің бетінде темір бетперде бар еді. Ал екіншісінде бетперде жоқ: қалың қара сақалы кеудесіне түскен, жалпақ бетті, кең иықты адам.
Тастемір таңданды. Темір бетті жауынгерлер бетін ешкімге көрсетпейді деп еститін. Ал мынау кім?
— Әй, сен, — деді сақалды адам, Тастемірдің қолындағы тасқа ерінбей қарап. — Артық қылық жасаудың керегі жоқ. Тасыңды таста да, соңымыздан ер.
Ол жақындай бастады. Бірақ Тастемір тасты түсірмеді. Тапжылмай, екеуінің бетіне кезек-кезек сенімсіз көзбен қарап тұрды.
— Сендермен бармас бұрын бір сұрағым бар.
Сақалды адам тоқтады да, бетперделі серігіне қарады. Бетперде үнсіз тұра берді. Сақалды адам иығын қиқаң еткізді.
— Біз әдетте сұраққа жауап бермейміз. Бірақ... неге бермеске? Сұра.
— Мен қай жердемін? Өздерің кімсіңдер?
Сақалды адам біраз үндемей тұрды да, үн қатты:
— Сен қазір Қали қолбасшының жеріндесің.
— Ал өздерің?
— Біз туралы естіген шығарсың. — Ол бетперделі серігіне иегімен нұсқады. — Естімесең, басқалармен кездескенде білерсің.
— Басқалармен? — Тастемір қабағын түйді. — Тоқта. Менен басқа да тұтқындар бар ма?
— Сұрағың көбейіп кетті, жігітім. — Сақалды адам күрсінді. — Иә, бар. Енді соңымыздан ер.
— Жоқ.
— Не? — Сақалды адамның қасы көтерілді. — Түсінбедім. Бас тартып тұрсың ба?
— Иә. Бас тартамын. Сендердің біз сияқтыларды не үшін тұтқынға алғандарыңды әлі білмеймін.
Сақалды адам ауыр күрсінді де, серігіне бұрылды.
— Мынаны да күшпен апаруға тура келеді екен.
Бетперделі жауынгер үнсіз алға шықты. Тастемір тасты көтеріп, ұрысқа дайындалды. Бірақ жауынгер тұтқынмен уақыт өткізгісі келмеді. Бір мезетте ол Тастемірдің дәл алдында пайда болды. Тастемір оның қашан қозғалғанын да көрмей қалды.
Жұдырық. Тас қолынан ұшып түсті. Шұңқырдың қабырғалары айналып кетті. Тастемір құлады. Есі шыққан жоқ, бірақ денесі тыңдамай қалды. Мұрнынан жылы қан ақты.
— Әй, ақымақ! — Сақалды адамның даусы алыстан, судың астынан шыққандай естілді. — Оншама қатты ұрғаның не?!
Бетперде жауап бермеді.
Әлем бұлдыр еді.
Біреулер оны екі қолтығынан ұстап сүйреп келе жатты. Аяқтары жерге сүйретіліп, ұшы тасқа, қатқан балшыққа ілінді. Басы шайқалып, көзі бұлдырады. Бірақ ол көргенін көрді. Лагерь үлкен еді. Әр жерде от жанып, оттардың жанында темір бетперделі жауынгерлер үнсіз отырды. Бағанаға байланған аттар пысқырды. Бір жақта ағаш торлар тұрды, ал ішінде адамдар. Біреулер торға жабысып қарап тұрды, біреулер бүрісіп, қозғалмай жатты. Бейтаныс, жаралы, қорқынышқа толы жүздер. Ауада түтіннің, ат тезегінің және қанның иісі араласып тұрды. Бір шатырдың ішінен шұңқырда естіген әлгі айқай тағы шықты да, кенет үзілді.
Тастемірді лагерьдің ортасындағы ең үлкен шатырға сүйреп әкелді. Есіктің екі жағында бетперделі екі жауынгер тұрды.
Ішке кіргенде, оны біреудің алдына, жерге лақтырып тастады.
Тастемір кілемге бетімен құлады. Басы айналып, мұрнынан аққан қан ернін жылы жуып өтті. Мұрны жаңағы соққыдан сынған сияқты еді. Ол басын көтерді. Шатырдың төрінде, түрлі аңдардың терісімен жабылған биік орындықта біреу отырды.
Сол сәтте ауа ауырлады. Тэн толқыны төбеден құйылғандай болып, Тастемірді жерге басып тастады. Ол кілемге жабысып, басын көтере алмай қалды. Кеудесі тас астында қалғандай қысылды.
— Кгх...
Ол бұған бағынғысы келмеді. Тісін қысып, бар күшін жинап, денесін кілемнен сәл көтерді. Орындықтағы адам мұны көрді. Қысым кенет екі есе ауырлады. Сол қолынан құрғақ сырт еткен дыбыс шықты. Тастемір айқайламады. Айқайлауға ауа жетпеді. Тек көз алды ағарып кетті.
Орындықтағы адам қолын сәл көтерді. Қысым қалай келсе, солай кенет жоғалды.
Тастемір сау қолымен кілемге сүйеніп, баяу көтерілді. Сол қолы бойына салбырап, әр қимыл сайын иығына дейін ыстық ине қадалғандай сыздады. Ол ауаны әрең жұтып, басын көтерді.
Алдында сауыт киген бала тұрды.
Тастемір бір сәт көзіне сенбеді. Бала ғой... Жоқ. Бұл шынымен де бала еді. Бойы Тастемірдің иығына әрең жететін. Бетін темір бетперде жауып тұрды. Бірақ оны басқалардан ерекшелейтін нәрсе жасы емес еді. Шашы. Ұзын, қара индиго түсті шаш, түн аспанының ең терең жеріндей. Тастемір мұндай шашты кең далада ешкімнен көрмеген. Ал бетпердедегі саңылаудан мұздай терең, көгілдір көздер қарап тұрды. Оларға қараған сайын денені суық бір үрей шарпығандай болды. Және Тэн. Оның Тэні есік алдындағы жауынгерлердікінен анағұрлым ауыр, анағұрлым терең еді. Тастемір оны терісімен сезіп тұрды.
«Бұл өзі кім? — деп ойлады Тастемір. — Менен кіші сияқты... Жоқ, бұл жай бала емес. Ол мұндағылардың бәрінен күшті. Есік алдындағылардың оған қалай қарайтынына қарағанда, мұнда одан үлкен ешкім жоқ. Күзетшілер айтқан Қали қолбасшы осы ма?»
Бетперделі бала оған жоғарыдан төмен қарап тұрды. Тастемір сынған қолын кеудесіне қысып, ойын жинай бергенде, бала тіл қатты:
— Найза.
— А?
— Сенің қолыңда найза болды. Оны қайдан алдың?
Тастемір бір сәт түсінбей қалды. Сосын түсінді. Найза. Оның найзасы. Неге бұл бала басқа ештеңені емес, дәл соны сұрайды? Ауылдағы гин де дәл осыны сұраған еді. Бұл жай найза емес пе еді? Сол кезде оның есіне от басындағы шал түсті. Қара шапанды, қара сақалды, өзі ішінен Қара ақсақал деп атап кеткен шал. Ол найзаны жайдан-жай қалдырмаған. Бұл найзада бір құпия бар.
Тастемір үндемеді.
— Сұрағыма тез жауап бер, — деді бала. Даусы суық әрі біркелкі еді. — Мен екі рет қайталамаймын.
Тастемір үнсіз тұра берді. Сынған қолы әр тамыр соққан сайын сыздап ауырды. Бетпердедегі көгілдір көздер қысылды.
— Жауап бер сұрағыма!
Бөлім туралы пікірлер 2
Керемет ❤️❤️
Бара бара қызып жатыр