Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

3-бөлім · 7 мин

Үшінші бөлім

3 / 7

Тастемір жүгірді.

Шөп аяғына оралып, суық ауа өкпесін тіліп тұрды. Ауылға жақындаған сайын түтін қоюланып, аспанға көтерілген жалын үлкейе түсті. Түннің иісі өзгерді: жусан мен шөптің орнына күйген киіздің, жанған жүннің, тағы бір қою, жүрек айнытатын иіс келді. Тастемір оның не екенін білді. Бірақ ойлағысы келмеді.

Ең қорқыныштысы от емес еді. Ауылдан шыққан айғай-шу еді. Әйелдердің шыңғыруы, балалардың жылауы, аттардың кісінеуі — бәрі араласып, бір тұтас ыңырсуға айналған.

Ол төбенің басына шығып, ауылды көрді. Ауыл жанып жатты. Киіз үйлердің ағаш сүйектері шоқ болып қызарып, бірінен соң бірі опырылып түсті. Ал оттың арасында олар жүрді.

Гиндер.

Олар адамдарды өлтіріп, тонап, бірде-бір жанды тірі қалдырмай жүрді. Тастемір бұрын олар туралы тек қариялардың әңгімесінен еститін. Балаларды қорқытатын ертегі деп ойлайтын. Ертегі емес екен.

Олар адамға ұқсайтын. Бірақ оларды адам деуге тіл бармайтын. Бастарында қара қошқар мүйіз, беті мен денесін қап-қара тамырлар торлап алған. Ал көздері... көздерінде қарашық жоқ. Тек қап-қара түнек.

Тастемір бір сәт қатып тұрды. Шалдың сөзі есіне түсті: «Ауылыңа оралма». Қазір бұрылып кетсе, ешкім білмейді. Ешкім кінәламайды. Ол — құл. Бұл ауыл оған ешқашан жақсылық жасаған емес. Бірақ ол бұрылмады. Ауылда оның құтқаруы керек бір адам бар еді.

Ол найзаны қысып ұстап, төмен қарай жүгірді. Лаулап жанып тұрған ауылға кірген бойда алдынан бір гин шықты. Қолында қылыш, жүзінен қан тамып тұр. Ол Тастемірді көріп, басын сәл қисайтты да, оған қарай атылды.

Қылыш ысылдап келді. Тастемір басын артқа тартып, әзер құтылып кетті. Қылыштың ұшы оның мұрнының алдынан жел болып өтті. Гин тоқтамады. Ол қылышты жоғары көтеріп, төбеден салды.

Тастемір ойланып үлгермеді. Денесі өзі қозғалды. Ол найзаны екі қолымен көлденең көтеріп, соққыны қарсы алды. Болат болатқа соғылып, құлақ тұндырар шыңғыр дыбыс шықты. Ұшқын шашырады. Тастемірдің қолдары шымырлап кетті. Бірақ найза сынбады. Тіпті майыспады да.

Тастемір таңданды. Гин де таңданды. Ол найзаға қарады, сосын Тастемірге қарады. Қарашығы жоқ қап-қара көзінде бір нәрсе қимылдағандай болды.

— Бұл найза... — Гиннің даусы суық, құмның сыбдырындай құрғақ еді. — Оны қайдан алдың?

Тастемір жауап бермеді. Ол бар күшімен гинді итеріп жіберді де, оттың арасына қарай қаша жөнелді.


Ол үйден үйге жүгіріп, біреуді іздеді. Түтін көзін ашытып, ыстық бетін қарып тұрды. Айналада өлі денелер жатты. Тастемір оларға қарамауға тырысты.

Сол кезде ол жүгіріп бара жатқан екі адамды көрді. Мөди. Ал оның қасында — бір қыз.

«Айсұлу...» — деп Тастемір іштей сыбырлады.

Бүкіл ауылда оған құл емес, адам ретінде қарайтын жалғыз жан — сол еді. Тастемір он жасында қамшы астында қалған күні түнде қораның артына жасырынып тамақ әкелген де — Айсұлу. Содан бері ешкімге көрсетпей, жарасын таңып, онымен тең адамдай сөйлесетін. Басқалар оның атын тек бұйырғанда не ұрысқанда ғана атайтын. Ал Айсұлудың аузынан шыққан «Тастемір» мүлде басқаша естілетін. Бар болғаны осы ғана. Бірақ құл үшін бұл аз емес еді.

Тастемір соларға қарай жүгірді. Мөди қыздың қолынан сүйреп қашып бара жатқан еді. Тастемір олардың алдынан шыға келді.

— Құл? — Мөди тоқтап қалды. — Сен әлі тірісің бе?

Тастемір жауап беріп үлгермеді. Артынан ат тұяғының дүрсілі естілді. Бір гин атпен шауып, тура оларға қарай келе жатты. Қолындағы қылышы от жарығында жылт етті.

Ойлауға уақыт жоқ еді. Тастемір найзаның сабын жерге тіреп, ұшын алға созды. Ат найзаға кеудесімен келіп ұрылды. Ат шыңғырып, алдыңғы аяқтары бүгіліп, басымен жерге құлады. Үстіндегі гин де ұшып түсті. Тастемір уақыт жоғалтпады. Гин орнынан тұрып үлгергенше, ол жетіп барып, найзаны оның кеудесіне сұқты.

Гин қозғалмай қалды.

Тастемір найзаны суырып алды. Қолдары қалтырап тұрды. Ол өмірінде бірінші рет біреудің жанын алды. Бірақ қазір ол туралы ойлайтын уақыт емес еді.

Мөди мен Айсұлу бұл көріністі көріп, сілейіп тұрып қалды. Екеуінің де зәресі ұшқан еді. Тастемір оларға жақындап, Айсұлудың қолынан ұстады. Бірақ Мөди оның қолын қағып жіберді.

— Айсұлуға жақындама!

— Мөди, бұл жерден тез кетуіміз керек.

— Сен өзің кім...

— Мөди. — Айсұлу оның сөзін бөлді. Даусы дірілдеп тұрса да, жүзі байсалды еді. — Қазір бір-бірімізге ырылдасатын уақыт емес. Тастемір айтқандай, бұл жерден тез кетуіміз керек.

Мөди тісін қысты. Тастемірді жақтырмаса да, аман қалу үшін бірге болу керек екенін түсінді. Ол басын изеді. Айсұлу Тастемірге қарап, сәл ғана жымиды. Отқа, қанға, өлімге қарамастан — жымиды. Сосын оның жол бастауын күткендей қарап тұрды. Тастемір басын изеп, алға түсті.

Олар оттың арасымен, құлап жатқан үйлердің артымен, гиндерден жасырынып, ауылдың шетіне қарай жылжыды. Бір рет көшенің басынан бір гин өтіп бара жатқанда, үшеуі де жерге жабысып, демін ішіне тартып жатты. Гин тоқтады. Иіскеп тұрғандай басын бұрды. Сосын өтіп кетті.

Ақыры ауылдың шеті көрінді. Одан әрі — кең дала, қараңғылық, құтқарылу.

— Тезірек! — Мөди Айсұлудың қолынан ұстап, далаға қарай жүгірді.

Тастемір артта қалды. Ол артқа, ауылға бір қарады.


Жанып жатқан ауылдың шетінде екі гин ат үстінде тұрды. Олар қашып бара жатқан үш баланың артынан қарап тұрды.

— Не істейміз, Соғду? Жібере салайық па, әлде артынан қуайық па?

Соғду бір минуттай үнсіз тұрды.

— Қазір бір қызық көрсетейін, — деді де, иығынан садағын алды.

— Ахаха, қызық екенсің, Соғду. Тигізсең, саған он бас мал берем.

— Келістік.

Соғду жебені садаққа салып, баяу тартты. Асықпай. Тыныш. Адамды емес, қоянды атып тұрғандай. Жебе ысқырып ұшты.


Тастемір оны көрді. Түнде, оттың жарығында, ол жебенің ұшып келе жатқанын анық көрді. Уақыт баяулап кеткендей болды.

— Тоқта, Мөди! — деп айқайлады ол.

Бірақ кеш еді. Жебе Мөдидің жанында жүгіріп келе жатқан Айсұлудың кеудесін тесіп өтті. Айсұлу бір қадам аттады. Екінші қадамға жетпей, тізесі бүгіліп, шөптің үстіне құлады.

Тастемір оған қарай жүгірді. Аяғы шөпке оралып, өкпесі өртеніп тұрды. Екі арадағы жиырма қадам таусылмайтындай ұзақ көрінді. Ол қолын алға созды — жете алмайтынын біле тұра.

Мөди бұрылды. Жерде жатқан Айсұлуды көріп, бір сәт ештеңе түсінбегендей сілейіп тұрды да, бар даусымен айғайлап жіберді:

— Жо-о-оқ!

Ол тізерлей құлап, Айсұлуды құшағына алды. Қыздың басы оның иығына сылқ етіп түсті. Айсұлу тыныс алуға тырысты. Әр демі қысқа, үзік-үзік, ысқырған дыбыспен шықты. Көйлегінің кеудесіндегі қара дақ баяу кеңейе берді.

Тастемір екеуіне жетіп, тоқтады. Айсұлудың көзі оған түсті. Ол қолын баяу көтеріп, Тастемірге қарай соза берді. Ерні жыбырлады. Бірдеңе айтқысы келді. Бірақ дыбыс шықпады. Тек көзінен бір тамшы жас сырғып, самайына қарай ақты.

Тастемір еңкейіп, сол қолды ұстамақ болды.

Үлгермеді. Айсұлудың қолы ауада бір сәт тұрды да, шөптің үстіне жайлап түсті.

Мөди оны сілкілей бастады.

— Жоқ-жоқ-жоқ... Бұл мүмкін емес. Айсұлу, ояншы... Тұршы, өтінемін! Айсұлу! — Оның даусы үзіліп, жылаған баланың даусына айналды. — Сене алмаймын... Жоқ...

Тастемір бір қадам жақындады. Мөди басын көтерді. Көз жасы мен күйе араласқан беті бұрмаланып кеткен еді. Ол Тастемірдің қолын қағып жіберді.

— Жақындама! Кет!

Тастемір орнында қатып қалды. Ол ата-анасын ешқашан көрмеген еді. Сондықтан жақын адамынан айырылудың не екенін де білмейтін. Бүгінге дейін. Енді білді. Кеудесінің ішінен бір нәрсе жұлынып алынғандай болды да, орнында қуыс қалды. Суық. Түпсіз.

От, айғай, гиндер — бәрі алыстап, дыбыссыз болып кетті. Ол тек Мөдидің құшағында жатқан Айсұлудың ақшыл жүзін көрді. Жаңа ғана оған жымиған жүзді.

Алыстан, ауылдың шетінен, біреудің қарқылдап күлгені естілді.

— Тигіздің, Соғду! Он бас мал сенікі!

Тастемір бұл сөзді естіді. Бірақ сөз оның санасына жетпеді.

Оған құл емес, адам ретінде қараған жалғыз жан енді жоқ еді.

Пікір 2

Бөлім туралы пікірлер 2

Фэнтези жанры