Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

4-бөлім · 10 мин

Төртінші бөлім

4 / 7

Жаңбыр жауып тұрды. Суық, ауыр жаңбыр. Ол даланы сұр пердемен жауып, шөпті жерге жапыра басып, топырақты балшыққа айналдырды. Тастемірдің бет-жүзінде үміт қалмаған еді. Ал жүрегінде бір нәрсе үзіліп кеткендей болды.

Кең далада, төбенің басында, жаңбыр астында екі адам тұрды. Мөди мен Тастемір. Олар жаңа ғана көмілген төбешіктің жанында тұрды. Топырағы әлі дымқыл еді, жаңбыр оны жуып, ағызып жатты.

Мөди тізерлеп, көмілген дененің алдында жылап отырды. Тастемір оның артында тұрды. Жыламады. Қайғысын да көрсетпеді. Жаңбыр оның бетінен ағып жатты. Тек жаңбыр.

Тастемір топыраққа қарады. Жаңбыр тамшылары оған сіңіп, із-түзсіз жоғалып жатты. Ол көзін жұмды. Ойы еріксіз артқа, бәрі әлі бүтін болған соңғы күндерге оралды. Айсұлу тірі болған күндерге.


Көк аспан. Жылылық.

Тастемір көзін ашқанда, қораның шатырындағы саңылаудан көк аспан көрінді. Күн сәулесі шаң-тозаңды жарып, сабанның үстіне алтын жолақ болып түсіп тұрды. Ауада шөптің, аттың терісінің, ескі ағаштың иісі аңқыды. Денесі ұйып, әр бұлшық еті сыздап ауырды.

Ол орнынан әрең тұрып, қорадағы атқа жақындады да, оның мойнын сипай бастады. Ат шошымады. Тек құлағын бір қимылдатып, жылы демін Тастемірдің иығына үрлеп, тыныш тұра берді. Тастемір аттармен тез тіл табысатын. Адамдармен емес, аттармен. Аттар оның жанынан шықпайтын, ал адамдар оның жанына жоламайтын.

Ол аттарға жем салып, су құя бергенде, артынан біреудің ақырын басқан аяқ дыбысын естіді. Бұрылмады. Кім екенін ол біліп тұрды.

— Жай келдің бе, Айсұлу?

— Артыңда кім тұрғанын қайдан біле бересің? — деген наз аралас дауыс шықты.

Айсұлу еді. Қыз сұлу еді, беті айдай жарық. Үстінде ұзын әдемі көйлек. Ол су құйып жатқан Тастемірдің артына жақындап келді де, кенет оны артынан құшақтай алды.

Тастемір қатып қалды. Ол Айсұлумен бала кезден бірге өскен. Бүкіл ауылда тек ол ғана оған жылы қарайтын. Тастемір оны көптен бері қарындасым деп атайтын. Солай атау оңай еді. Солай атау қауіпсіз еді. Құл мен еркін қыздың арасында бұдан басқа ештеңе болуы мүмкін емес еді.

— Әй, Айсұлу, не істеп жатырсың? Қой енді! Қазір әкең көрсе, мені өлтіреді.

Айсұлу тыңдамады. Керісінше, оны одан бетер қысып құшақтады. Тастемір не істерін білмей, ыңғайсызданып кетті. Ақыры ол қыздың қолын ақырын ағытып, өзінен алыстатып ұстады.

— Жынды болдың ба? Құлды құшақтағаның не?

— Сен құл емессің.

— А?

Айсұлу оған жақындап, құлағына еңкейді. Оның демі Тастемірдің құлағын қытықтады.

— Тастемір, мен шаршадым, — деп сыбырлады ол.

— Шаршадың?

— Иә. Шаршадым. Сен маған қарындасыңдай қарайсың. Ал маған сенің бұл көзқарасың ұнамайды.

Тастемір бір сәт үндемей қалды.

— Айсұлу... Олай болмайды.

— Әкемнен қорықпа... Өйткені...

— Айсұлу! — деген дауыс сырттан жаңғырып естілді.

Айсұлу сөзін аяқтай алмай қалды. Тастемір одан бір қадам шегініп, есін жинады. Қыздың жүзі бір сәтте сұрланып, қастары түйіліп кетті.

Сыртта Мөди Айсұлудың атын айғайлап, оны іздеп жүр еді. Айсұлу қорадан үнсіз шықты да, артынан жақындап барып, Мөдидің басынан тарс еткізіп бір ұрды.

— Ай! Айсұлу, не болды саған? Неге ұрасың?

— Жай әншейін. Басыңда ызылдаған қоңыз отыр екен.

— Қоңыз? Мен ешқандай...

— Ой, сен мені не үшін іздедің? — деп Айсұлу оның сөзін бөліп, қорадан алыстай берді. Мөди басын уқалап, оның соңынан ерді.

Тастемір қораның есігінде қолын айқастырып тұрып, екеуінің артынан қарады. Ернінің ұшында жымиыс пайда болды. Айсұлудың мұндай қылықтары оған күлкілі әрі сүйкімді көрінетін. Бірақ әлгі құшақ... Ол ыңғайсыз еді. Тым ыңғайсыз.

«Ойыңды жина, Тастемір. Айсұлу саған қарындастай. Артық ойды таста!»

Бірақ Айсұлудың құшағын еске алған сайын, кеудесінде бір жылу оянатын. Бейтаныс жылу емес. Ол оны бұрын да сезген. Жылдар бойы. Тек оған ат бермей, жүрегінің түбіне көміп тастаған еді. Енді Айсұлу сол көмулі нәрсені қазып шығарып жатқандай болды.


Түн. Бүкіл ауыл ұйқыға батқанда, Тастемір әдеттегідей қорада, сабанның үстінде жатты. Аттардың ақырын пысылдағаны, сырттағы иттің анда-санда арсылдағаны естіліп тұрды. Көзі ілініп, ұйқы басқан кезде, оған тағы да сол түс келді.

«Шемеееен!»

Тастемір көзін ашып, атып тұрды. Жүрегі кеудесін жарып шыққалы тұрғандай соғып тұрды. Ол басын ұстап, маңдайындағы терді сүртті де, терең дем алды.

— Бұл түс... Неге қайтала береді?

Ол бүгін де дұрыстап ұйықтай алмады. Тағы да түн ортасында оянды. Сол кезде қораға жақындап келе жатқан аяқ дыбысы естілді. Тастемір бірден сақтанып, орнынан тұрды. Түн ішінде қораға ешкім келмейтін. Ешқашан. Дыбыс жақындаған сайын оның бүкіл денесі тартылған садақтың кірісіндей керіле түсті.

Есік сықырлап ашылды. Біреу ішке аттаған сәтте Тастемір оған атылды да, жағасынан ұстап, жерге алып ұрды.

— Ай!

Нәзік, таныс дауыс. Тастемір бірден қолын жіберіп, артқа шегінді. Терезенің саңылауынан түскен ай сәулесі жерде отырған қыздың бетіне түсті. Айсұлу. Ол ауырған білегін қысып отыр еді, жүзінде ашу мен ыза бар еді.

— Ақымақ! Қолымды сындыра жаздадың ғой!

Тастемір не істерін білмей қалды.

— Әй-әй, тоқта. Бұл түсініспеушілік.

— Иә, саған түсініспеушілік! Мені жерге алып ұрдың!

— Сенің келетініңді мен қайдан білейін? Жау ма деп ойладым. Сен өзің түн ішінде қорада не істеп жүрсің?

Айсұлу бұл сұрақты естіген бойда қызарып кетті де, үндемей төмен қарады.

— Әй, Айсұлу, жауап берсеңші. Әлде осылай отыра бересің бе? Жауап бермесең, әкеңе айтуға тура келеді.

— Т-тоқта! Әкеме айтудың керегі жоқ. Айтамын. Бірақ алдымен тұрғызшы мені. — Ол Тастемірге қолын созды.

Тастемір терең күрсінді де, басын шайқап, оны орнынан тұрғызды.

Айсұлу орнынан тұрған бойда Тастемірдің бетіне жақындап келді де, осы сәтті жібергісі келмегендей, оның ернінен сүйіп алды.

Тастемір не болғанын түсінбей қалды. Ол Айсұлуды өзінен алыстатуға тырысты. Бірақ қыз оның мойнын құшақтаған күйі жібермеді. Ернінің нәзіктігі мен жылуы Тастемірдің ойын тұмандатып жіберді. Ол өз қолының қашан Айсұлудың беліне барғанын, оны қашан құшағына алғанын байқамай да қалды.

Қора тынып қалды. Тек аттардың пысылы мен екі жүректің дүрсілі.

Сосын Айсұлу оны ақырын итерді. Аузын алақанымен басып, көздері бадырайып тұрды. Беті от болып жанып тұрды. Ол өмірінде бірінші рет біреуді сүйген еді. Тастемір де есін жиып, қызарып, қыздың бетіне тесіле қарап қалды.

— Б-бүгінгі болған жағдай құпия болып қалсын! — деді Айсұлу дірілдеген даусымен де, қорадан жүгіріп шығып кетті.

Тастемір орнында тұрып қалды. Саусақтарымен ернін ақырын ұстады. Ай сәулесі әлі де жерде, Айсұлу отырған жерде жатты.


Келесі күні.

Кең далада қойлар жайылып жүрді. Жел шөптің басын толқытып, күн жоғарыдан жылы шуағын төгіп тұрды. Тастемір төбенің басында отырып, қойларға қарап отырды. Түндегі оқиға оның ойынан шықпай қойды. Ай жарығындағы Айсұлудың ақ жүзі. Әдемі көк көздері. Дымқыл қызғылт шашы.

«Ол маған қарындастай ғой...»

Бұл сөзді ол өзіне жылдар бойы айтып келген. Бүгін ол алғаш рет өтірік сияқты естілді. Осы ой келген сайын жүрегі мазасызданып, бұның бәрі дұрыс емес деп басын шайқады. Ақыры тізесін құшақтап, басын төмен салып, жерге қарап қалды.

Сол кезде алыстан біреудің даусы естілді. Тастемір басын бұрды. Далада бір салт атты шауып келе жатты. Айсұлу.

Ат төбенің етегіне жетіп тоқтады. Айсұлу аттан секіріп түсіп, Тастемірге қарай жүгіріп келді. Тастемір оны көрген бойда ыңғайсызданып, басын басқа жаққа бұрып әкетті. Айсұлу оның дәл жанына келіп тоқтады. Тым жақын. Екеуінің арасы бір қарыс та жоқ еді. Қыздың демі Тастемірдің мойнына тиіп, кеудесі жиі-жиі көтеріліп-түсіп тұрды.

— Тастемір, — деп тіл қатты ол.

Тастемір үн қатпады.

— Тастемір, бері қарашы маған.

Тастемір ақырын бұрылды. Екеуі бір-біріне қарады да, тілдерін жұтып қойғандай біраз үнсіз тұрды. Жел екеуінің арасынан ысқырып өтті.

— Тас...

— Айсұ...

Екеуі бір мезетте сөз бастап, бір-бірін бөліп, тағы да үнсіз қалды.

— Сен баста, Тас...

— Жоқ, сен баста...

Тағы үнсіздік. Ыңғайсыз, ұзақ.

— Жарайды. — Айсұлу терең дем алып, ойын жинады. — Кешегі түн... Тастемір, мен саған айтпасам болмайды.

Тастемір оны мұқият тыңдай бастады.

— Иә, кешегі түн... біртүрлі болды. Бірақ мен жақын арада тұрмысқа шығуым керек.

Тастемірдің беті бозарып кетті. Ол қаралы хабар естіген адамдай қатып қалды. Бірақ үндемеді. Қыздың сөзін соңына дейін тыңдауды шешті.

— Сондықтан қазір айтамын. Кейін айтуға уақыт болмайды. — Ол Тастемірдің көзіне тура қарады. — Бала кезімізде алғаш кездескен күннен бері мен саған басқаша қарадым. Сен мені қарындасым деп жүрген кезде де.

Тастемір үндемеді. Ол не еститінін біліп тұрды. Және оны естуден қорықты.

Айсұлудың ерні дірілдеді. Бірақ даусы дірілдеген жоқ.

— Мен сені сүйемін, Тастемір.

Тастемірдің жүрегі бір соғуды өткізіп алғандай болды.

— Бөтен біреудің үйіне түскім келмейді. Маған тек сен керексің. — Оның даусы сыбырға айналды. — Сен ше? Сен мені сүйесің бе?

Тастемір орнында тұрып қалды. Жел тынып қалды. Бүкіл дала тынып қалғандай болды. Ол Айсұлудың көзіне қарап тұрып, жылдар бойы өзіне айтып келген өтірікті ақыры мойындады. Ол оны ешқашан қарындасындай көрмеген еді.

Ол аузын ашып, жауап бере берген кезде...


Жаңбыр.

Суық тамшы мойнына сырғып түскенде, Тастемір көзін ашты. Күн де, жылы жел де, Айсұлудың дірілдеген даусы да жоқ еді. Тек сұр аспан, балшық және жаңа ғана үйілген топырақ.

Бірақ сол сұрақ әлі де құлағында тұрды.

«Сен мені сүйесің бе?»

— Неге... Неге-неге-неге? Неге Айсұлу? Неге сен? — Мөдидің даусы жаңбырдың сыбдырына араласып, үзіліп-үзіліп шықты. — Мен... Өлтіремін... Өлтіремін-өлтіремін-өлтіремін! Бәрін өлтіремін! Көздерін құртамын!

— Сенің шамаң жетпейді, — деді Тастемір.

Мөди оған жалт бұрылды.

— Аузыңды жап... Маған сөйлеме, құл! Неге сен Айсұлуды құтқармадың? Сен... Сен өлуің керек еді!

Тастемір үндемей қарап тұрды.

— Бәрі сенің кесірің! Сен Айсұлудың жанында болуың керек еді! Сен құтқармадың! Оның орнына сен өлуің керек еді! Енді маған «шамаң жетпейді» дейсің бе? Қорқақ! Сен қорқақсың! Олар Айсұлуды өлтірді, ал сен маған шамаң жетпейді деп тұрсың! Оларға қарсы шықпасаң, бер маған найзаны! Мен оларды өзім өлтіремін!

Мөди орнынан ұшып тұрып, Тастемірге жақындады да, қолын найзаға созды. Тастемір қозғалғанын өзі де байқамады. Найзаның сабымен Мөдидің ішінен бір соқты. Мөди екі бүктеліп, балшыққа құлады.

— Мөди. — Тастемірдің даусы жаңбырдай суық әрі біркелкі еді. — Ауыл жоқ. Бәрі өлді. Айсұлу өлді. — Ол бір қадам жақындады. — Ал сен өзіңнен күшті жауға қарсы шықпақшысың. Рухың мықты болғанымен, өзің әлсізсің. Сондықтан кінәлі іздеп, мені кінәлап тұрсың. — Ол найзаның ұшын Мөдидің мойнына тақады. — Бірақ Айсұлу сенің кесіріңнен өлді. Сен асықтың. Оны қолынан сүйреп, ашық далаға алып жүгірдің. Бұл жерде кінәлі — сен.

Мөди қозғалмады. Найзаның суық ұшы оның мойнындағы тамырға тиіп тұрды. Көзінен жас ақты, жаңбырға араласып.

— Мен... Иә. Мен кінәлімін. — Даусы әрең шықты. — Өлтір... Өлтір мені.

Тастемір найзаны көтерді. Найзаның ұшы дірілдеген жоқ. Бір ғана соққы, сонда бәрі бітеді. Ешкім білмейді. Ешкім кінәламайды.

Сол кезде ол алыстан бір нәрсе байқады. Жаңбырдың сұр пердесінің арғы жағынан бірнеше салт атты шығып, оларға қарай шауып келе жатты. Ат тұяқтарының дүрсілі жерді сілкіндірді. Жақындаған сайын олардың беттері айқындала түсті. Беттер емес. Жаңбырдан жылтыраған темір маскалар.

Темір бетті жауынгерлер.

Пікір 4

Бөлім туралы пікірлер 4

bay_min · 8 мин бұрын

Оқып отырып осы новелланың ішінде жүргендей сезінеді екенсің, оқиеа қызықты болып жазылған соң ба әсері үлкен, көз алдыңда болып жатқан сияқты оқиғалар, 4-ші бөлімді бітірдім, енді қалғанын жалғастыру керек

Фэнтези жанры