Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

6-бөлім · 5 мин

Алтыншы бөлім

6 / 7

Тастемір сынған, босап тұрған қолын ұстап, басын көтерді де, алдындағы жауынгер баланың бетіне тура қарады. Сынған қолының тамыры солқылдап соғып тұрды. Әр жұтқан ауа, әр алған демі ауыр тиіп, бір орында тік тұрудың өзі қиынға соқты. Ал алдындағы бала оған әлі де жоғарыдан төмен қарап тұрды.

Бетперденің артынан оның түрі көрінбесе де, бойынан шыдамсыздық пен ашу сезіліп тұрды.

— Сұрағыма жауап бермесең, басыңды аламын! Өмірің қымбат болса, үнсіз тұрмай, сұраққа дереу жауап бер! — деп бала даусын жуандатып, қатты айқайлады. Даусы ауаны жарып жібергендей болды.

Бұл дауысты естігенде Тастемірдің денесі өзінен-өзі қалтырап кетті.

Бетпердедегі саңылаудан қараған мұздай көздер оған тура қадалды. Сол сәтте Тастемір өзін адамның емес, жыртқыш аңның алдында тұрғандай сезінді.

Тамырындағы қаны суып, тізесі босай бастады.

Ол қорқып тұр еді. Өзінен әлдеқайда кіші, бойы иығына әрең жететін баладан қорқып тұр еді. Ауылда гиннің алдында да, балшықта шоқпардың астында да оның бойын мұндай сезім билемеген. Ол мұны жасыруға тырысты, бірақ қалтыраған саусақтарын тоқтата алмады.

Бала оны байқады. Тастемір мұны оның үнсіз қадалып қарап тұрған көздерінен түсінді.

Соған қарамастан, ол аузын ашты.

— Неге...

Бала оған жақындай түсті. Енді ол дәл алдында тұрды. Тастемірдің сөзі тамағына тұрып қалды.

Ойлануға уақыт керек еді. Аз ғана уақыт. Ол сөзін басқаша бастады:

— Сен бұл найза туралы сұрадың және саған жауап керек. Дұрыс па?

Жауынгер бала Тастемірге үнсіз қарап тұрды да, басын сәл төмен түсірді. Шатырға темір бетті жауынгерлер кіріп, матаға оралған бір затты оның алдына әкелді. Бала олардың қолынан сол затты алып, матаны ашқанда, Тастемірдің найзасының жылтыраған жүзі көрінді. Ол найзаны қолына алып, Тастемірге қарай басын бұрды.

Тастемір найзадан көзін ала алмады. Ұшы әлі де өткір, сабында бірде-бір сызат жоқ. Ауылдағы түнде де, балшықтағы шайқаста да ол сынбаған. Қара ақсақал от басында қалдырып кеткен сол найза. Гин де соны сұраған еді. Енді мына бала да. «Бұл найзаның не құпиясы бар және ақсақал өзі кім?» деген сұрақ басына келіп түсті.

— Сұрағымды қайта нақтылап сұраудың керегі жоқ, — деді бала.

Ол найзаны қысып ұстап, Тэн қуатын сәл босатты. Шатырдағы ауа қайтадан ауырлап кетті.

— Жауап беретін болсаң, тездетіп жауап бер. Ешқандай артық қылықтың керегі жоқ.

Ол найзаның ұшын Тастемірдің мойнына тақады.

Темірдің суығы мойнынан бүкіл денесіне тарады. Тастемір жұтынды.

«Егер бұлар Қара ақсақалды іздесе, онда ол мен білмейтін оқиғамен байланысты болуы керек және қойған сұрақтарына қарасам, ол бұларға бірдеңе жасаған сияқты. Бірақ мен түсіне алмай тұрмын. Неге ол маған найзасын қалдырды? Не себеппен?... Жақсы, сабаңа түс... Егер ол маған найзаны қалдырса, онда бұның бір себебі бар. Қазір барынша Қара ақсақал туралы ештеңе айтпау керек».

— Бұл найзаның иесі сендерге не істегенін білмеймін, — деді ол. — Бірақ шынымды айтайын. Бұл найзаның кімдікі екенін мен білмеймін.

Бала Тастемірдің жауабын түсінбей, біраз үнсіз тұрды да, кейін оның жағынан ұстап, өзіне қарай тартты.

— Түсінбедім. Сен не, маған бұл найзаның кімдікі екенін де, оны қалай алғаныңды да білмеймін деп тұрсың ба? — деп сұрады жауынгер бала суық көздерімен Тастемірдің көзіне тесіле қарап.

Тастемір тыныш тұрып, оның көздеріне тура қарады:

— Енді мен не деймін? Солай болып тұр.

Бала Тастемірдің тез сабасына түскенін байқап, оның сөзіне күдіктене түсті. Тастемір енді оның алдында қауіпке айналды. Оны Тастемірдің өзі де байқады.

— Өтірікші! Мені ақымақ көрме! Егер сен мұны біреуден алмасаң, иесі кім екенін білмесең, найзаны қалай алдың?! Қалай ғана ол сенің қолыңа түсті?

— Жатқан жерінен тауып алдым...

Бала Тастемірдің жауабынан ашу-ызаға булығып, найзаны қысып, оның мойнына қарай сілтеп қалды. Найзаның ұшы Тастемірдің тамағына кіре жаздап барып, тоқтап қалды.

Тастемір көзін жұмып алды. Балшықта, шоқпардың астында ол өлімге тура қараған еді. Ал қазір көзін жұмды.

Бірақ ештеңе болмады. Тек тыныштық.

Ол көзін ашқанда, алдындағы жауынгер баланың бір орында қатып қалғанын көрді. Тастемір оның көзінен бір нәрсені бірден байқады. Таныс бір бейнені.

Біраз ғана уақыт бұрын өз бойын билеген нәрсені. Қорқынышты.

Баланың көзі қорқынышқа толы еді. Ол бірдеңе бүлдіріп қойғандай жан-жағына жалтақтап қарады да, кейін шатырдың кіреберісіне қадалып қалды. Тастемір де соны байқады. Ол жауынгер бала қараған жаққа бұрылып, кіреберісте біреудің тұрғанын көрді.

— Ай-ай-ай. Ақтүлек-ау, Ақтүлек. Берілген тапсырманы дұрыс орындау керек еді. Енді міне, сенің осы жасаған қателігің үшін жазалауға тура келіп тұр, — деді ол ойнақы үнмен.

Тастемір ол адамға қарап қалды. Кіреберісте ұзын көк шапан киген, бетіне темір бетперде таққан ұзын бойлы адам тұрды. Бірақ ол жаңағы жауынгер баладан мүлдем бөлек еді.

Ақтүлектің Тэні Тастемірдің терісін әлі де шымырлатып тұрды. Ал мына адамнан ештеңе сезілмеді. Мүлде ештеңе. Кіреберісте адам емес, бос орын тұрғандай.

Тастемірдің тамағының дәл алдында Ақтүлектің қолындағы найзаның ұшы дірілдей бастады.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Фэнтези жанры