Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

2-бөлім · 8 мин

Екінші бөлім

2 / 7

От сытырлап жанып жатты. Ұшқындар қараңғы аспанға көтеріліп, жұлдыздардың арасында сөніп жатты. Тастемір басын көтерген күйі қатып қалды да, от басындағы шалға қарады.

Шал оған бұрылмады. Ол құрғақ бұталарды бір-бірлеп сындырып, отқа тастай берді де, сұрағын тағы қайталады:

— Тұрдың ба, деймін?

Шал ұзын бойлы еді. Үстінде қара жүннен тоқылған ұзын шапан. От жарығы оның жүзіне түскенде, Тастемір оның қатал, тіпті қорқынышты екенін байқады: қап-қара сақал, қалың қас, ал көздерінде... көздерінде жанар жоқ сияқты. Тірі адамның көзі емес, түнгі даладай түпсіз.

Тастемірдің тамағы құрғап кетті. Не айтарын білмеді.

— Әй, бала, есіңді жидың ба? — деп шал тіл қатты.

Тастемір үндемеді. Тек қарап отыра берді. Шал бір бұтаны сындырып, отқа лақтырды.

— Тіліңді жұтып қойдың ба, әлде сөйлей алмайсың ба? Сұраққа жауап берсеңші.

Тастемір көзін жұмып, ойын жинады. Жүрегі әлі де дүрсілдеп тұрды. Бірақ бір нәрсе анық еді: бетіндегі мата, жараларына жағылған дәрінің ащы иісі. Бұл шал оны өлімнен алып қалды. Ол тірі. Осы ой қорқынышын сәл басты.

— Мен сізді жақсы естіп тұрмын, — деді ол ақырын.

Шал басын бұрмаған күйі отқа тағы бір уыс бұта тастады.

— Тілің бар екен ғой. Есіңді жиған болсаң, отқа жақын кел. Түн суық.

Тастемір орнынан баяу көтеріліп, отқа жақындады. Денесі әлі сыздап тұрды, әр қимылы бір жарасын еске салды. От шалдың сұлбасын алтындатып, оның артындағы қараңғылықты одан сайын тереңдете түскендей еді.

— Ақсақал, сіз кімсіз өзі? Ауылдағы адамдарға ұқсамайсыз.

Шал бір минуттай үнсіз қалды. От сытырлады. Алыста бір түнгі құс шаңқ етті.

— Жай жолаушымын.

— Онда неге...

— Сенің қансырап жатқаныңды көрдім. Көре тұра өтіп кете алмадым, — деп шал оның сөзін бөлді. — Енді менің сұрағым бар.

— Айтыңыз, ақсақал.

— Кең далада неге мұндай халге түстің?

Тастемір үндемей қалды. Көз алдына Мөдидің жымиысы, үш адамның соққысы, «өз орныңды біл, құл» деген сөз келді. Ол оттың ішіне қарап, тісін қысты. Шал мұны байқады, бірақ ештеңе демеді.

— Атың кім, бала?

— Тастемір.

— Тастемір... — Шал есімді ақырын қайталады, есінде сақтап алғысы келгендей. Бір сәт оның жанарсыз көзінде бір нәрсе жылт еткендей болды. — Олай болса, Тастемір, мә, ал.

Ол отқа жақын тұрған қазаннан ағаш тостағанға сорпа құйып, балаға ұсынды. Тостағаннан бу шығып тұрды. Еттің иісі мұрнына келгенде, Тастемірдің іші шұрылдап кетті. Ол тостағанды екі қолдап ұстап, асығыс бір ұрттады да, сол сәтте аузы күйіп, беті қып-қызыл болып кетті.

Шал мұны көріп, даусы саңқылдап, қарқылдап күлді.

— Ахаха... Тастемір, асықпа. Сорпа ыстық. Ақырын іш.

— Уф... Уф... Жарайды.

Тастемір тостағанды аузына екінші рет ақырын апарды. Бұл жолы ыстық сорпа аузын күйдірмеді, қайта ішіне жылу болып тарады. Майлы, тұзды, ет пен шөптің иісі сіңген сорпа. Оның өмірінде мұндай дәм болып көрмеген еді. Ол көзін жұмды. Бір ұрттам, тағы бір ұрттам. Денесіндегі ауырсыну біртіндеп басылып, тоңған саусақтары жылына бастады.

— Тастемір, сен бұрын сорпа ішіп көрдің бе өзі? Саған қарасам, бірінші рет ішіп отырған сияқтысың.

Тастемір сорпаны аузынан түсірмей, басын изеді. Сосын жұтып, сәл кідіріп барып жауап берді:

— Ақсақал, мен құлмын. Мұндай тамақты ешқашан ішкен емеспін.

Ол мұны ұялмай, жай ғана айтты. Бірақ шалдың сақалы сәл қимылдап қалды.

— Мм... Түсінікті. Әке-шешең бар ма?

— Жоқ, ақсақал. Мен жетіммін. Әке-шешем туралы ештеңе білмеймін.

— Қиын болған екен.

— Уайымдамаңыз. Бастысы, мен тірімін.

Шал оған ұзақ қарап отырды.

— Сен кімнің үйінде құл болып жүрсің? Сені осындай халге түсірген қожайының ба?

— Жоқ. — Тастемір тостағанды жерге қойды. — Оларды еске алудың керегі жоқ, ақсақал.

Шал үндемеді. Тек балаға мұқият қарады: оның отырысына, қимыл-қозғалысына, сөйлегендегі даусына. Бұл бала құлға ұқсамайтын. Құлдар басын төмен салып, көзін жасыратын. Ал мына бала тура қарайды. Сол кезде, Тастемір тағы бір ұрттам жұтқанда, шал оның азу тістерін байқап қалды. Адамның тісіне ұқсамайтын, сәл үшкір азу.

Шалдың қабағы түйілді.

— Әй, Тастемір. Жеті ұлы әулет туралы естігенің бар ма?

— Жеті әулет? — Тастемір таңданып қарады. — Алты әулет емес пе?

Ауылдағы қариялар ұлы әулеттерді санағанда әрдайым алтауын ғана атайтын. Ол бұған ешқашан мән бермеген еді. Шал басын шайқады. Оның көзқарасы бұрынғыдан да суық болып кетті.

— Ұлы әулеттер жетеу болған.

— Алтау.

— Жетеу.

— Сіз оның жетеу екенін қайдан білесіз, ақсақал?

— Бала... ертеде ұлы әулеттер жетеу болған. Қазір олар — алтау.

Шал бір сәт бетін алақанымен жауып, үнсіз отырды. От сытырлады. Сосын ол қолын түсіріп, Тастемірге қайта қарады.

— Өзің айтқандай, сен алты әулетті білсең, Арлан әулетін білесің бе?

— Арлан? Әрине, білемін.

— Олар туралы не білесің?

— Ақсақал, сіз қызық екенсіз. Оны бәрі біледі ғой. Арлан — қасқырлармен байланысты ұлы әулет.

— Дұрыс. Арлан — ұлы әулет. Олардың Тэн қуаты басқа адамдардікіне ұқсамайды.

— Иә. Бірақ сіз не айтқыңыз келіп тұр, ақсақал?

Шал жауап бермеді. Тек Тастемірге қарады. Бұл жолы оның көзқарасы суық та емес, ауыр еді — тау құлап, иығына түскендей.

Тэн.

Шал өз Тэнін сыртқа шығарды. Ауа қалыңдап кетті. От жалыны бір жағына қисайып, жерге жабысып қалды. Тастемірдің кеудесін біреу тас басып тұрғандай болды, тынысы тарылып, құлағы шуылдады.

— Агхх...

Тастемір мұны күтпеген еді. Ол бұл шалдың басқаша екенін сезген, бірақ оның Тэн иесі екенін білмеген. Тэн иелерін ол алыстан ғана көретін: ұлы әулеттердің жауынгерлері ауылдан өткенде, құлдарға жерге қарап тұру бұйырылатын. Миында жалғыз сұрақ қалды:

«Мына шал кім?»

Бір сәттен кейін шал өз Тэнін басты. Ауа қайтадан жеңілдеді. От жалыны түзеліп, сытырлай бастады.

— Кха... Сіз... кімсіз?

— Мен бе? — Шал сақалын сипады. — Ал сен өзің кімсің? Сен құлға ұқсамайсың.

Шал орнынан тұрып, Тастемірге жақындады. Ол қолын созып, алақанын баланың кеудесіне қойды.

— Бір нәрсені тексеруім керек.

Алақан жылы еді. Бірақ сол сәтте шалдың жүзі бозарып кетті. Ол бір қадам артқа шегініп кетуге шақ қалды.

— Бұл Тэн...

Тастемір оның сөзін әрең естіді. Шалдың күшінен кейін басы шыңылдап, денесі мақтадай болып қалған еді. Көзі біртіндеп қарауытты. Шалдың даусы алыстан, судың астынан естілгендей болды.

— Тас... Есіңді жиғаннан кейін ауылыңа оралма...

Тастемір осы сөздерді ғана анық естіді. Қалғаны түнге сіңіп кетті. Ол есінен танды.


Түнек. Қараңғылық. Тастемір бұрын да қорқынышты түс көретін. Бірақ бұл түс басқа еді. Ол қап-қараңғы түнекте тұрды және бұл түнекте жалғыз емес екенін бірден сезді.

Артынан бір дыбыс шықты. Тастемір бұрылды. Алдында жаңағы шал тұрды. Арқасы бұған қарап тұр. Бір қимылсыз, тастай.

Тастемір оған жақындады. Неге? Не үшін? Өзі де білмеді. Денесі өз еркімен қозғалып бара жатқандай еді. Ол қолын созды. Сол кезде шалдың денесі қалтырап, дірілдей бастады. Тастемір орнында қатып қалды. Қозғалғысы келді, бірақ болмады. Аяқ-қолы өзінікі емес сияқты.

Шал баяу бұрылып, Тастемірдің қолынан ұстай алды. Бұрылған сәтте Тастемірдің жүрегі тоқтап қала жаздады. Шалдың жүзі созылып, бұрмаланып кеткен еді. Ал көзі... көзі жоқ еді. Тек екі қара шұңқыр.

Шал екінші қолын созып, Тастемірдің бетін басты. Оның алақаны отқа айналды. Жалын Тастемірдің бетіне, мойнына, кеудесіне жайылып, бүкіл денесі жана бастады. Тастемір жан даусымен айқайлады —

және көзін ашып, орнынан атып тұрды.

Дала әлі де қараңғы еді. Ай дәл төбесінде тұрып, күміс жарығымен бүкіл даланы жарықтандырып тұрды. Тастемір ентігіп, қалтырап тұрды. Көзі бақырайып, беті бозарып, денесін қара тер басқан. Ол бетін ұстады — күймеген. Қолдарына қарады — бүтін.

Ол ойын жинап, жан-жағына қарады. От сөніп қалған еді. Тек күлдің арасында бір-екі шоқ қызарып жатты. Ал шалдың өзі жоқ. Ізі де жоқ. Тек от орнының жанында бос ағаш тостаған жатыр.

«Мына шал кім болды екен?»

Сосын шалдың сөзі есіне түсті: «Ауылыңа оралма».

— Неге олай деді екен? — деп күбірледі ол.

Үнсіздік. Тек жел шөпті сыбдырлатты.

Тастемір орнынан тұра бергенде, бойында бір түрлі өзгеріс барын сезді. Денесі жеп-жеңіл. Кешегі соққылардың ауыруы жоқ. Керісінше, кеудесінің ортасында бір жылы нәрсе шоқтай баяу соғып тұрғандай.

— А? Бұл не?

Ол көзін жұмып, сол жылуға ден қойды. Жылу кеудесінен қолдарына, саусақтарының ұшына дейін жайылды. Таныс емес, бірақ қорқынышты да емес. Өзінікі сияқты. Бұрыннан бар, тек осы уақытқа дейін ұйықтап жатқан сияқты.

Тэн.

Ол өз бойында Тэн оянғанын түсінді.

— Сене алмаймын... Тэн? Қалай ғана пайда болды?

Ол есіне түсіруге тырысты. Шал алақанын кеудесіне қойды... одан кейін қараңғылық. Арасында не болғанын ол есіне түсіре алмады.

— Түсінбедім...

Ол алақандарына қарады. Ашты, жұмды. Тағы ашты. Сол сәтте көзі шөптің арасында жатқан бір нәрсеге түсті. Ұзын бірдеңе. Ай жарығында жылт-жылт етеді. Тастемір жақындап, еңкейді.

— Найза?

Ол таңырқап қалды. Кең далада найза қайдан жүр? Оның жанында шалдан басқа ешкім болған жоқ. Демек, найзаны шал қалдырып кеткен.

Тастемір найзаны қолына алды. Сол сәтте оның ерекше екенін сезді. Ауыр емес, бірақ берік. Сабы алақанына дәл келеді, өзі үшін жасалғандай. Ай жарығы ұшына түскенде, болаттың бетінде айдың бейнесі айнадай анық көрінді.

— Не деген керемет... — деп күбірледі Тастемір.

Найзаның жасалуы мінсіз еді. Кім жасаса да, оны ұлы шебер соққаны анық.

Найзаны қарап тұрғанда, алыстан бір дыбыс естілді. Тастемір басын көтерді. Дыбыс ауыл жақтан шықты. Сол жақтағы төбенің үстінде аспанға қара түтін көтеріліп жатты, ал түтіннің астын от жалыны қызартып тұрды.

Шалдың сөзі құлағында қайта жаңғырды: «Ауылыңа оралма».

Бірақ ауылда не болып жатқанын ойлағанда, Тастемірдің ішін салқын қорқыныш кернеді.

— Жоқ...

Ол найзаны қысып ұстап, ауылға қарай жүгірді.

Пікір 2

Бөлім туралы пікірлер 2

Фэнтези жанры