Сәл шыдасақ, таң атады. Кезекшілігімді тапсырып, үйге барып жақсылап дем алу керек. Одан бұрын енді үш палата қалды, айтып берейін. Журналдарымды да жазып аяқтайын, қаламым табылса.
Қолым дірілдеп тұр. Мына палатада жатқандар аса бақылауда. Таудағы вулкан десек те болады, себебі кез келген уақытта шектен шығуы мүмкін.
Күндіз бұл жердің алдын санитар күзетеді. Түнде санитар да кірмейді. Қазір әңгіме барысында түсінерсің.
Бірінші төсектегі ер адам елес көреді. Әйелі болған. Досынан қызғанған. Күні-түні үйін күзеткен. Енді бөлмеде жоқ адамдарды көреді.
Бірақ ол адамдар... жоқ емес. Кеше түнде мен де көрдім. Оның төсегінің жанында біреу тұрды. Мен қарағанда жоқ болды. Ол қарағанда бар болды.
Әйелі оны осында мәжбүрлі түрде жатқызды. Дұрыс істеді. Өйткені ол енді үйді емес, бізді күзетеді.
Шал өзін әулие санайды. Алақанымен жазады екен. Жастайынан сондай әулиелі жерлерді аралаған, бойында қасиеті бар біреу санайды өзін. Бұның да ғылыми атауы бар, оны қайтесің.
Оның алақаны... суық. Мен бір рет ұстап көрдім. Ол ұстағанда менің тамырым тоқтап қалғандай болды. Ол жазамын дейді. Бірақ оның жанында жатқандардың бәрі ауырып жатыр. Ол емдемейді. Ол жинап жүр. Ауруларды өзіне жинап жүр.
Келесісін тыңда, ол қызық. Ол — ереуілші жігіт. Бала кезінен ашушаң. Өзін «әділдік орнатушы миссионермін» дейді.
Бірақ оның әділдігі — қанмен аяқталады. Ол ұрысса, палатаның қабырғалары дірілдейді. Кеше ол айқайлағанда, шам өздігінен сөніп қалды. Мен оны тыныштандырмадым. Мен қашып кеттім.
Бұрышта теңселіп отырған адам осында келгелі үш күн болды. Артынан планеталықтар аңдып жүр дейді. Көшедегі шамдардың бәрі — солардың кемесі.
Түнде ол терезеге қарайды. Мен де қарадым. Шамдар... шынымен жыпылықтайды. Біреуі менің тереземе қарап тұрғандай болды. Мен пердені жаптым. Ол жаппады. Ол күтіп отыр.
Оның артында жүрген ер адам планеталықтарды көрсет деп қыр соңынан қалмайды. Ол да елес көреді. Бірақ палаталасының елесін көре алмай жүр.
Мен білем неге. Өйткені ол елесті көру үшін, алдымен өзің өлуің керек.
Бірі көрсетіп, бірі көре алмай әлек. Екеуі де білмейді: олар бір-бірін емес, өздерінің артында тұрғанды көріп жүр. Елес іздегендер палатасы, палата Е.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.