Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

3 мин

4-бөлім

4 / 9

Алдағы түн әлі ұзақ. Мына темір кереуеттердің жағымсыз дыбысына әбден бой үйренгенбіз. Тіпті осылар дыбыссыз тұрса, мазаны алатындай.

Қап, мына сағатты да сөндіргенімді қараңызшы. Телефонның қуаты да сөнген шығар, біз оны кірер бетте шкафқа қалдырамыз. Әр түрлі жағдай болады, алдын алу керек қашанда.

Жүріңдер, мына палатаны көрсетейін.

Анау шикі сары шалды көрдің бе? Апалон дейді оны бұндағылар, еңгезердей денесіне әйтпесе Матвей. Денесіне қарап тон пішпеңіз, зұлымдықтың шаңы да жоқ, бала көңіл, аңқылдақ, балалығы таусылмаған.

Жасөспірім шағында денесіне қызықты ма екен, сотқарлар бірге ертіп жүрген болуы керек. Бір оқыс төбелестің бірінде басына кірпіш тиіп, сол шағында қалып қойған. Көзі тірісінде інісі байғұс келіп тұрушы еді, ол да көктемде дүние салды. Содан бері Апалон әр көктемде терезеге қарап: «Інім келетін еді» деп отырады.

Қасында өзіне құп келістіріп қойғандай, жіңішке грузин досы бар. Ол қолынан іс келетін тәуір ақ азамат. Ащшы суды көп ішетіні болмаса, сызған сызығыңның бойымен түзу жүріп береді. Әр жақсының бір жамандығы сол қу арақ болып тұр.

Отбасылы, тәуір. Бұрын әйелі концерттеріне шыдаушы еді. Балалары өсіп, ендігі бес күн өмірін өзіне арнауға шешіпті. Жарасса жарты жылдап келмейді, бір ат ұрмай тұрғанда хабарсыз жақсы.

Ал мына жігіттің жай-күйі мүлде қиын. Өзін адам санамайды. Күнде бір жансыз затқа теңейді. Мәселен, ол бүгін айна. Әр адамның алдына тұрып, сипаттап береді бастан аяқ. Алдыңғы жолы шарқ ұрып медбике, санитар бәріміз іздедік. Сөйтсе төсектің қабырға бұрышында қимылсыз жатыр. «Бұның не?» деп хабар алсақ, өзін электр қуаттаушы сыммын дейді.

Палаталасы бұны ермек қылып, артынан әлденеше уақыт қайталап, кейін зеріккеннен тастап кетеді. Оған өзі де сондай сауық керек. Бірнеше жыл бұрын мереке ұйымдастыратын агенттікте жұмыс істеген. Жұмыстан қажыды ма, әйтеуір бір күндері өзі киіп шығатын костюмдер бұны аңдитын болған қаладан.

Әзірге бұл жігіттің тек жұмыс орнын білемін. Әлі де ұзақ терапияға алуым керек.

Алдыда әлі бес палата бар. Дәрігерлік құпияны жар салдың деп ешкім айып тақпас, өйткені бұл жазбаны сені мен мен ғана оқып отырмыз ғой, солай ма?

Әңгімеге айналып кетіппін ғой. Бұл шетте орналасқан ер адам, кезінде аңшы болған. Азиядағы барлық тау-тастың астында не жатқанын бұдан артық ешкім білмейді.

Баяғыда әжем жарықтық аңдардың да киесі бар деуші еді. Бала күнімде қасапшының үйіне ойнауға жібермейтін. Ол досымның әкесі мал алып, соғымдап, ет сатумен айналысады. Әжем сол үйге баруға сұрансам, алдымнан кес-кестеп жатушы еді. Бәрінде соны сұрағанымда: «Көп қан төгілген жер, малдың наласы бар. Сол жерге ойнамасаң нең кетті. Менің көзім кеткенде сөзімнен аттап барсаң бар» деуші еді. Сол әңгімедегідей, малдың иесі ұрды ма, киесі ұрды ма — бір аңшылықтан келген соң әртүрлі сандырақтарды айтуын қоймаған. Сонымен ол осында, аты аңызға айналған Аңшы.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Хоррор жанры