Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

3 мин

6-бөлім

6 / 9

Ит ұлығаны сияқты дауысты естіңіз бе? Бұл осы палатадан шығады. Үнемі таңға жуық бір уақытта. Алда-жалда мен сияқты уақытты білмей сабылып отырсаңыз, онда таң атуға таяу шақ қалды.

Оны терезе жақ бетте жататын ер адам шығарады. Осында келмес бұрын ит аулайтын ұйымда жұмыс істеген, он жылдан аса. Өзінің айтуынша, күнде әр иттің рухы кіріп, содан ұлиды. «Бұл иттердің арланы бар» дейді. «Бір күні сол келер болса, менің біткен жерім сол». Өлердей содан қорқады.

Әйелінің айтуынша, соңғы жарты жылда ішімдікке салына бастаған. Ит атқыш болып жұмыс істейді, жұмыстан соң отырыстары таусылмай жүрсе керек. Бір күні қаңғыбас итті атып, мойнына дәрі салған. Әшейінде иттер алыстан қашушы еді. Сол ит жатқан жерден тіл тартқызбай ата салған еді. Бір ышқынып көтеріліп, қайта сұлап түскенде, бауырынан әлі көзін ашпаған күшіктері еміреніп сүт ішіп жатқан екен.

Сол оқиғадан соң үш түн көз ілмей, соңында осындай әдет шығарыпты.

Ауылда әжем әңгіме-қиссаларды жинап, түн ұзаққа біз ұйықтап қалғанша ермек етіп айтып беруші еді. Бала болып үйге күшіктерді таси берген болуымыз керек. Бірде әжем: «Әр бір иттің жаны бар. Сендер оны әкелген соң, ойын баласысыңдар, баптап тамағын түгелдемесеңдер, обалына қаласыңдар. Иттің наласы жаман» деп айтушы еді.

Әйелі де емші, бақсы-балгерлерге апарған. Шарасыздан осында әкелген. Күндіз бойы сандырақтап жүреді. «Аз қалды, сырттан келеді, менің жанымды алады» деп басын сипалап әрлі-берлі жүреді. Бұның бұл әдетіне үйренген төртеуі міз бақпай ұйықтай береді.

Үсті-басы тілінген мына жігітті көрдіңіз бе? Өзін ұсқынсыз санайды, қасақана зиян келтіреді өзіне. Денесінде тыртық көп болғанын құп көреді, себебі іші де дәл сондай тарам-тарам.

Анасы келіп тұрады үнемі, сәлемдемесін алып. Бір реті келіп сөйлескенде... Сүйген қызынан өзі күткендей жауап алмаған соң күйзеліске түсіп, жауабын өзінің түрінен іздеген. Анасы кішкентайынан әлсіздеу еді, «Неге уақытылы қолға алмадым» деп өзін кінәлайды. Одан қалса әкесіне өкпелі: «Ол тастамағанда бұл күйде отырмас еді» дейді.

Мынау отырған екі иығы өркештей көрінген ер адам — бұрынғы әлем чемпионы. Жаттықтырудан ағзасы мен жүйкесі жүдесе керек, ашуын басқара алмай осында тап болды. Уақытша ұқсайды, бақылап көрудеміз.

Ал бұл екі жігіт мұнда бір күнде жеткізілді. Ойын клубынан. Автоматтарда миллиондап ақша жеңіліп, апталап сол жақта қонақтап жүрген соң, клубтың иесі ақшалары біткен соң шақыртып салып жіберді. Әрине, барлық тексеруден өткізіп бақылаудамыз. Әлі де болып жатқан жағдайға баға беретін қауқарлары жоқ…

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Хоррор жанры