Мазмұнға өту
Qazaqnovel.kz

3 мин

2-бөлім

2 / 9

Бұл түн әдеттегіден суық.Сағатты да өшіріп қойғаным, уақытты қарауға қалтамда телефон да жоқ. Мейлі, қазір мейірбике келіп қалар. Ал келесі палатаға өтейік. Бұны мен Лабиринт палатасы деп атаймын. Соңында неге екенін айтамын. Әзірге бұндағы бесеудің тағдырын баяндайын.

-Жаңа сағаттың шуынан есіме түсті, бұл жақта Сағатшы бар. Ол отыз жылдан аса сағат жөндеумен айналысқан. Әйелі қайтыс болғаннан кейін қайғысын көтере алмай, уақытты тоқтатқысы келген. Үйіндегі барлық сағатты 3:21-ге қойып тастаған. Содан бері үйінде уақыт жүрмеген, қанша оқиға ауысып, балалары өссе де, өзін сол жаста, сол уақыттамын деп ойлайды. Балалары осында әкелгенде: «Сағатты көрсетпеңіздерші», — деп өтінген, уақыт жүрсе өзін өлемін деп қорқады. Осында ол тек қасындағы палаталас күзетшімен ғана тілдеседі, маған мүлде қарамайды.

Күзетші тері өңдейтін зауытта қызмет еткен. Он екі жылдан аса. Бір күні камера бөлмесінде отырып, артынан бір әйел адамды көрген. Бұрылып қараса, адам жоқ. Бүкіл зауытты шарлап шыққан. Күннен күнге көре берген, күн сайын жақындай түскен. Содан осында түсерінің алдында әйел иығына қол салған. Содан бері ол артына да, камераға да қарамайды. Осында келгелі тек артымен ғана жүреді. Жақында осы палатаға жас баланы әкелді. Өнер академиясында оқиды, актерлікте ғой деймін, шатаспасам. Сұлбасы өте сұлу, оқуға түсе салысымен режиссерлердің көзіне түсіп, фильмнен басты рөлді сомдаған. Рөлі теріс кейіпкердің рөлінде, үш ай түсірілім алаңында болған. Рөлге ену үшін түнімен айқайлап, жаттығады екен. Бұнда түскендегі жағдайы ауыр еді, қазір тыныш. Кейде жаттаған сөзін қайталап отыра береді, рөлінен әлі шыға алмады. Жақындары көз тигеннен деседі, талай емге апарған екен, мынау соңғы нүкте, үміті де бізде. Ал мына төсектегі пациент дәрі салмасаң мүлде жатып ұйықтамайды. Бір сызық жолмен шыр айналып жүре береді. Таксист болған, үнемі бір бағытта нәпақасын тауып, вокзалдан адам тасыған. Бір күні рульде ұйықтап кетіп, оянса сол бір жолмен жүргендей қозғала береді. Келгелі палатаны бір сызықпен айналып жүре береді, тоқтаса адасып кетуден қорқады. Оған үнемі қарсы алдындағы палаталасы кедергі келтіреді, ол бұның аяқ дыбысынан, жүрісінен шаршаған, өзі онсыз да артық дыбыстан қорқады. Бала кезінде пойыздың астынан аман қалған, әжесі вокзалда бәліш сатады екен, қасында еріп жүріп ойынға алданып қалып қойса керек. Содан бері күйі осындай, сәл артық дыбыс естісе құлағын жауып, бұрыш-бұрышқа тығылады. Уәдемнен таймай, неге осы палатаны Лабиринт дейтінімді айтайын. Себебі бұлар ешқайда шыға алмайды. Сағатшы уақыт шырмауында қалып қалған. Күзетші болса арқасынан ерген әйелден құтыла алмайды. Мына актерге келсек, рөлінің тұтқыны. Таксист өзінің өмір бойы жүрген жолында, бесіншісі болса балалық шағындағы сол оқиғаның тұтқыны. Сондықтан бұл палатадан ешкімді шығара алмаймыз. Себебі оларды ұстап тұрған біздің құлып емес, олардың өз лабиринті. Палата “ Л “.

Пікір

Бөлім туралы пікірлер 0

Әлі пікір жоқ.

Хоррор жанры