Түнгі кезекшілік қашанда ұзақ, таң атпай кетеді. Кезекшілікте біз үшеуміз.
Сағат 1:47. Үшінші корпус. Ең ескісі. Мұнда терезелер ашылмайды. Жылу батареялары қайнап тұрғанына қарамастан, іші қашанда суық. Мен журналдың алдында отырмын. Журнал толы. Беттері сарғайған. Біреулер шимайлап тастаған. Жаңа беттен жазу керек.
Бүгін №6 палата мазасыз. Күндіз бәрі тыныш еді. Түнде оянды. Коридорда жүр. Аяқ киімінің дауысы естіледі. Шәрқ-шәрқ. Біз дәрі салмасақ ұйықтамайтын түрі бар.
Мен түймені бастым. Қызыл түйме. Медбике шақыратын. Ешкім келмеді.
Тағы бастым. Тағы жоқ. Бұл жерде түнде ешкім тез келмейді. Үйренгенмін.
Дәлізге шықтым. Лампа жыпылықтап тұр. Бұларды ауыстыру үшін электр маманын шақырғалы қашан.
№6-ның есігі жартылай ашық.
Ішке кірдім.
Ол төсекте отыр. Ер адам. Отыздар шамасында. Тізесін құшақтап алған. Мені көріп, басын көтерді.
— Келдіңіз бе?
Дауысы қарлыққан.
— Ұйқым келмей тұр, доктор. Мыналар қайтадан сөйлеп жатыр.
Мен ештеңе демедім. Журналға жазу керек. Қалтамнан қалам іздедім. Қалтам бос. Халатымның қалтасы бос болуы керек емес еді. Онда әрқашан қалам, кішкентай фонарик жүретін.
Халатыма қарадым.
Ақ халат. Бірақ...
Бейдж жоқ. Қалтамда атым жазылған бейдж болуы керек еді. Жоқ. Ал төсекте отырған жігіттің пижамасының қалтасынан дәл сондай қалам көрініп тұр.
Көк қалам. Менің қаламым.
Ол бүгін тағы оңбай таяқ жеген. Осындай майда ұрлығы үшін. Ұрлағаны не дейсіз бе? Кәмпиттің қағазы. Осында келгелі сол әдетін әлі қойған жоқ, өмірде де осы үшін талай қорлық көрген, әрі қорлық көрсеткен әккі. Бірінші палатаға бұны жолтауға болмайды, тірі қалуы екіталай.
Мұнда барлығы 9 палата, кеңейтуі мүмкін. Бірақ әлі ерте, ерте көктемде керек болады.Әр палатада әртүрлі тағдыр.Айтып берейін мені ешкім сынамас.
Нөмері бірніші палата “О” палатасы, озбырлар деп ат қойғанмын. Осыларды күнде көремін.
Бес адам бар. Бойы екі қарыс салмағы жүз келіге тартар Тау бар. Оған сөйлеуге болмайды, санитарлардың да әлі келмейді. Ертеректе бақталасынын кекке булығып, түнде үйінін күлін көке ұшырған деседі, адамдарымен. Палатада Баскесер бар, көшеде келе жатып, құлағына бұйрық келіп обал жасаған. Енді бірі талай қыз тағдырын былғаған. Онымен бұнда ешкім байланыспайды, амандасуға арланады. Ми деген біреуі бар, цифрлармен ойнайды. Қанша нөлмен айтсаң да, есепшоттан жаңылмайды. Бір қызығы қазір қай күн екенін сұрасаң білмейді.
Бұл “О” палатасы қатаң бақылауда, күндіз тек бір мезгіл ауа жұтқаны болмаса, еркін жүруге болмайды.
Еркіндіктен айырылғандар платасы.
Қалғанын тағы айтып берермін, мынау сағаттың үні қатты шығып тұрғандай. Өшіріп қоймасам.
Сағаттың үнін өшіріп қойдым, саған айтатын әңгімеме кедергі келтіріп тұр. О -ларлың жайын жалғастырайық. Суретші бар. Аты маңызды емес. Қалада бәрі оны танитын. Көрмесі бітпейтін. Себебі ол көргенін емес, сенің түсіңді салатын, сол өнерімен беделді адамдар арасында танымал. Барлығын айнытпай бейнелейді. Адамдар түсін айтып бұл қағазға түсіреді, кейіннен оны болжаушыларға апарып, мәселелерін шешеді мыс. Бұл өнері оған қасиет емес, қасірет болып дарыды. Бір күні сүйіктісінің портретін салды. Мүсіндей. Тірі. Дәл өзі. Ертесі көшеге шықса сол портрет қаланың барлық көшесінде ілулі тұр. Аялдамада, дүкенде, жарнама бағанасында. Бәрі сол қызға қарап тұр. Бәрі сол қызды қалап тұр. Қызғаныш. Қызғаныш суретшінің қолын жеп қойды. Сол түні ол портретті жыртып отқа лақтырды, жойды. Сосын... портретке арқау болған адамды да… Палатада тас қашаған дауыс естілді. Тық-тық. Тық-тық. Естисің бе? Ол әлі де тынығу уақытында серуенге шығады. Қолында кісен. Сурет сала алмайды. Сондықтан таспен мүсін қыршиды. Тасты тырнап, тасты қашап. Сен оның мүсіндерін көрсең бәрі бір адам. Әлгі қыз. Бір мүсін күліп тұр, бір мүсін жылап тұр, бір мүсіннің басы жоқ.
Егер қолында кісен болмағанда... ол әлі де сурет салар еді. Бірақ бұл жолы қағазға емес. Қабырғаға. Қанмен.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.