Келесі палатаға ойысайық. Естисіздер ме? Сабақ жүріп жатыр. Бұл — соңы жоқ лекция. Терезе жақ беттегі орында жасы алпыстан асқан Профессор отыр. Палатадағы қалған төртеуі — сол оқытушының еріксіз студенттері. Бұл жақта лектор тек ұйқы кезінде ғана дем алады, қалған уақытта дамылсыз ғарыштағы кеңістік туралы лекция өтеді. Өзі НЛО кемесін көргеніне кәміл сенімді. Ол туралы ғылыми конференцияда еңбегін қорғаған. Сол жағдайдан соң ол осында. Палаталастары үндемейтіні — бұл кісінің кәдесіне жарап тұр. Әйтпесе тыңдаушылары болмас еді.
Қасында, бұрышта отырған жігіт өз әлемінде. Қатты күйзеліс әсерінен өз-өзіне келе алмай, осы ауруға душар болған. Себебін мына мен де білмеймін, себебі ол үнсіз. Тағы да зерттеп, оны міндетті түрде анықтаймын. Ол енді өзге әңгіме болады. Оның қасындағы орын бос. Алдыңғы кезекшілікте жағдайы жақсарған соң үйіне жақындары алып кеткен. Программист жігіт еді. Жұмысында қатты жүктемемен ұйқысыз болған соң жүйкесі сыр бере бастаған. Әрине, бұл жақ түрме емес, озбырлардан басқасының бәрі келіп кетуге құқылы. Жай-күйінің жақсарғаны менің емімнен, талай сырласып, жақсы әсер еткен болуым керек. Кейінен бұл жақтағы компьютерлердің бәрінің жүйесін жаңартып кетті ғой. Содан бері жұмыс істеу жеңілдеді.
Профессорға сұрақ қойып отырған мына жігіт — қаладағы мықты Британдық Университеттің түлегі, қызылмен бітірген. Осында келерінің алдында көшеде көзін жұмып, таудан төмен бағытта велосипед рулінде болған, құлаққабын салып, төмен құлдилаған. Өзімен терапияда білгенімше, ағасы бар, өте жоғарғы жерде жұмыс істейтін болу керек. Әкесі екеуін салыстырады, «мен оған жете алмадым» деп кінәлайды. «Супермаркет желісінде товар қойып жұмыс істеймін» дейді. Сондай оқу орнын қызылмен аяқтай тұра, ойлаңызшы. Мына профессормен дискуссиясын тыңдасаңыз, осындай талантты адам неге өзін қорлап жүр дерсіз. Тіпті бұл жігіт қойған сұрағының жауабын профессор бір жеті ізденеді. Әкенің бір ауыз сөзі ағаң сияқты бола алмадың деген сөгісі, тағдырын талқандады. Қабырғаның камера бағытталған бұрышында жатқан орта жастағы ер адам орнынан тұрмайды. Серуендеуге де, тамаққа да зауқы жоқ. Қолының бәрі тілім-тілім, өз-өзіне қиянат жасаған, сол үшін ол қатаң бақылауда. Әзірге еш белгі бермейді, әр қимылын қалт жібермейміз. Сондықтан П палатасын мен Профессор палатасы демеймін. Бұл — Соңы жоқ лекция. Мұнда бәрі бір адамды тыңдап отыр, бірақ ешкім естімейді. Мені де кейде ешкім естімегендей күйде боламын, қабырғаға сөйлегендей, уақыт өтсін емі қонар, сол кезле қайта сөйлесерміз.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.