— Маған бұл жоспарларын мүлде ұнамайды, — деп күңкілдеді Қаракөз бұрымымды қатты тартып өріп жатып.
— Әрине, бірақ, олай жасамасқа болмайды, — жауап қаттым, басымды төменге түсіріп.
— Басқа амалдың жоғың — ай, — деп өкінішпен айтты Қаракөз.
Киіз үйдің іші май мен қылқан жапырақтың иісіне толы. Мамабике жанымда отырып, бұрымымның түбіне былғары баулар өріп жатыр. Әр қимыл сайын шолпылар сыңғырлайды. Кенет осы сыңғырдың көңілімді тыныштандыратынын түсіндім.
— Ана... — деп сөз бастадым абайлап. — Ал егер...
«Ана» деген сөз өзінен-өзі аузымнан шығып кетті. Әдейі айтқан жоқ едім, бірақ, өмірлік арманым осылай «Ана» деп шақыру еді. Қаракөздің қолы бұрымымның үстінде қатып қалды. Саусақтары шашымды қыса түсті.
— Иә? — деді ол ақырын.
— Егер қолымыздан келмесе ше? Егер ол...
— Қолымыздан келмесе, келмес. — Ол бұрымымды қайтадан ұқыптап өре бастады. — Бастысы не болса да үйге оралуын керек. Маған оралуың керек. Себебі енді сенің өлуге хақың жоқ. Бір рет менің рұқсатымсыз өліп көрдің.
— Қаракөз, — деп Мамабике жұмсақ үнмен араласты.
— Не болды? Шындықты айтып отырмын, — көзі жастанып тұрса да, сөзін нық айтуға тырысты.
Мен күлдім, бірақ тамағыма әлдене кептеліп қалғандай болды.
— Жарайды, — дедім. — Рұқсатсыз өлмеймін.
Ол риза болғандай басын изеді.
Ақыры екеуі мені босатқанда, бұрымым кілемнің үстіне жайылып жатты. Қалың, ауыр, күміспен әшекейленген. Орнымнан тұрғанымда, ол сыбдырлай соңымнан ілесті. Адам өзімен бірге соншама үмітті көтеріп жүре алады деп ешқашан ойламаппын.
Сыртта түн қараңғысы қоюланып тұр. Жұлдыздар, ызғар, ұйқылы жылқылардың пысқырғаны. Ауыл ұйықтамаған: біреулер қылыштарын қайрап жатыр, енді біреулер от жағып, тағы біреулер дұға оқуда. Мен бұрымымды қолыммен демеп, киіз үйлердің арасымен жүріп, қақпа жаққа бет бұрдым.
Қақпаның жанында Қарабай отыр екен. Жай ғана жерге отырып, шарбаққа сүйенген күйі түн қараңғылығына қарап отыр. Мені көргенде орнынан ыңғайсызданып, қысылып тұрды.
— Балам, — деді ол. — Кешір, мазалағым келмеген.
— Мазалап тұрған жоқсыз. — Мен тоқтадым. — Ұйықтамадыңыз ба?
— Ұйқым келмеді. — Ол алақанымен бетін сипады. — Саған бір нәрсе айтқым келіп еді... Ертең сендермен бірге барамын. Алдыңғы сапта жүремін. Ең болмаса бір рет... — Ол сөзін аяқтай алмай қалды. — Ең болмаса бір рет саған төнген қауіптің алдына өзім тұрайын.
— Сіз міндетті емессіз.
— Міндеттімін. — Даусынан қайтпас бір шешім сезілді. — Саған бір нәрсе сыйлағым келеді. Сен менен ештеңе алған жоқсың, дұрыс істедің. Бірақ менің жылқыларым бар.
— Жылқыларыңыз?
— Тоқсан мың жылқым бар. — Ол маған қарады. Көзінде шарасыздыққа ұласқан табандылық бар еді. — Бүкіл өмірім, бар байлығым. Соларды ауылға бергім келеді. Қодардан зардап шеккендердің бәріне. Үйлерін қайта тұрғызсын, малдарын түгендесін.
Мен үнсіз қалдым.
Артымнан пысқырған дыбыс естілді. Бұрылып қарасам, Айдын екі қадам жерде, қараңғылық ішінде қолын айқастырып тұр екен.
— Тоқсан мың ба? — деп қайталады ол қазақша. — Енді оларды жайдан-жай бере саласыз ба?
— Иә.
— Сатпайсыз ба?
— Жоқ.
— Хм. — Ол басын изеді. — Жарайды. Бұл енді тәуір екен.
Қарабай әуелі оған, сосын маған қарады. Жымиғысы келгенімен, қолынан келмей тұрғанын байқадым.
— Рақмет, — дедім. — Бұл мен үшін көп нәрсені білдіреді.
— Бұл — тек бастамасы.
Біз үнсіз тұрдық. Жел бұрымдағы шолпыларды тербеп, олардың сыңғыры түнге күмістей толқын болып тарады.
Содан кейін әрі қарай жүрдім.
Қозы Көрпеш ауыл шетіндегі өзеннің жағасында күтіп тұр екен.
Ол маған арқасын беріп, суға қарап тұр. Иығы тік, қолын артына ұстап, жұдырығын түйіп алған. Алтын сәл әріректе адал күзетшіше жатыр. Бір көзімен маған қарап қойды, екіншісі әлдеқашан жұмылыпты. Тіпті оның өзі де күресуден шаршаған сияқты.
— Ұйықтамадың ба? — дедім.
Ол бұрылды. Қараңғыда көздері қап-қара болып көрінді.
— Ұйқым келмеді.
— Менің де.
Екеуміз бір қадамдай ғана арақашықтықта тұрдық. Өзен сылдырайды. Алыстан үкінің үні естіледі.
— Ертең... — деп бастады ол.
— Білемін.
— Сені тағы жоғалтқым келмейді.
— Жоғалтпайсың.
— Мұны уәде ете алмайсың.
— Ете аламын. — Мен оған қарай бір қадам бастым. — Неге екенін білесің бе? Өйткені менің қайтып баратын жерім жоқ. Арғы дүниедегі бүкіл өмірім бір нәрсені күтіп өтумен болды. Бірақ ненің күткенімді өзім де білмедім. Енді білемін. Мен бұл жерден кеткім келмейді.
Оның тынысы бір сәтке тоқтап қалғандай болды.
— Мақпал...
— Мен Баян-Сұлу емеспін, — дедім ақырын. — Енді Мақпалда емес сияқтымын. Баян — Сұлумен сенің араларыңда не болғанын есіме түсіре алмаймын. Бірақ дәл қазір не сезініп тұрғанымды білемін. Бұл — естелік емес. Бұл... — Сөз таба алмадым. Қолымды оның бетіне тигіздім. — Бұл — менің өзім.
Ол көзін жұмды.
Алғашқы түсім есіме түсті. Алақандарымды қысып ұстаған қолдар. «Ақыры осындамын» деген қарлыққан дауыс.
Мен аяқтың ұшына көтерілдім.
— Ақыры осындамын, — деп оның ерніне сыбырладым.
Ол мені сүйді.
Әуелде нәзік, сынғыш нәрсеге тигендей абайлап сүйді. Сосын құшағы қатайып, сүйісі қыза түсті. Айналамыздағы әлем біртіндеп ғайып болды. Тек арқамдағы оның алақандары, шолпылардың сыңғыры, түтін мен аспанның иісі ғана қалды. Өмір бойы бар екенін білмей іздеген нәрсемнің өзі ғана қалды.
Алтын аяғымыздың жанында ақырын күрсінді. Бірақ бұл жолы араға түскен жоқ.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.