Ауылға жетпей, ондағы өзгерістер көзге бірдей байқалады: қақпаның алдына түбі үшкір қазықтар қадалған орлар қазылып, киіз үйлердің төбесіне тас үйіп қойған. Бұрын екі күзет мұнарасы бар еді, енді бесеу болыпты. Әйелдер су мен жебе тасып жүр. Он екілер шамасындағы ұлдар бойларына шақ келмейтін садақтарын ұстап, қарауылда тұр. Ешкім жыламайды. Жылауға уақыттары жоқ — бәрі тым әбігер.
Біз дауыстап үлгермей жатып, қақпа ашылып, бізді Қарабай қарсы алды.
Қартайып, жүдеп кетіпті. Ұйқысыздықтан көздері қызарған. Ол бізге қарайды да, жанарының менің басыма қарай сырғығанын байқаймын. Ерні ашылып, қайта жабылады. Ештеңе айтпастан, бізді өткізу үшін шетке ығысады.
— Сендер жолға шыққанан бері, Қарабай қақпаның алдын күзетіп жүрді, — деді, қарауылдағы бір бозбала, — Таң демейтін, кеш демейтін.
— Не үшін олай істеп жүрді?, — деп сұрадым Қарабайдың кетіп бара жатқан сұлбасына қарап.
— «Ең болмаса осылай бір кінәмді жуып-шайсам», — деп сыбырлап жүретін.
Айдын пысқырып қояды да, басқа ештеңе айтпады. Ол қақпаға, содан соң Қарабайдың бүкірейген сұлбасына қарады.
— Жарайды, — деп күбірлейді ол. — Әйтеуір тырысып жүр.
Қаракөз бізді орталық киіз үйдің алдында күтіп алады. Мені көргенде, сөзінің ортасында тұрып қалады. Жүзіне бір мезетте әрі жұмсақтық, әрі өткір сезім ұялайды.
— Шашың… — деп демін ішіне тартады.
Бес күннің ішінде шашым тіземе дейін жетті. Таңертең де, кешке де өріп жүрдім, бірақ ол айтқанға көнбейді: тарқап кетеді, ауыр бұрым болып төгіледі, жерге дейін созылып. Жұрт соңымнан бұрылып қарайтын, әйелдер бәсең дауыспен таңданысын білдіретін. Қозы Көрпеш қасымнан қалмай жүрді. Шашым ауырып тұрған жоқ па деп бір рет те сұрамады. Тек бұрымымды үнсіз көтеріп, лайға сүйретілмеуін қадағалайтын.
— Дәл баяғыдай, — деп сыбырлайды Қаракөз.
— Баяғыдай? — деп қайталаймын.
Ол жауап бермейді. Қолымнан ұстап, киіз үйге қарай жетелейді.
Іші жылы әрі тыныш. Қаракөз қолымды босатып, бұрыштағы аласа сандыққа жақындайды да, қақпағын ашады. Үйілген жүн көрпелердің астынан қара матаға оралған бір затты алып шығады. Орамынан күміс зат көрінеді.
Бұралған бауларға тізілген жіңішке салпыншақтар. Сәл қозғалғанда сыңғырлай түседі. Уақыттан өңі оңған қызыл тастар мен тырнақтай ғана қоңыраулар көзіме бірден түсті. Мен бұған дейін мұндай әдемі де мұңды нәрсе көрмеппін.
— Шолпы, — деді Қаракөз. — Сенікі. Осы жылдардың бәрінде сақтап келдім.
Ол артымнан кілемге отырып, шашымды тарай бастайды. Баяу, шыдаммен, бір талдан. Мүйіз тарақ шашымның арасымен сырғып, киіз үйге қарағайдың және жусанға ұқсас бір кермек иіс тарайды. Мен көзімді жұмып, бұрын соңды сезінбеген, алайда аңсап к.ткен аналыұ махаббат сезіміне бата бастадым.
Бұған дейін ешкім шашымды тараған емес. Балалар үйінде бір-біріміздің шашымызды өзіміз қиып алатынбыз. Ас үйден алған қайшымен асығыс қырқатынбыз — «шаш сәндеуге» уақыт қалмайтын.
— Сен туған кезде, — деді Қаракөз жұмысын тоқтатпай, — бәрі таңғаларлық басыңда қап-қара, қалың үлпілдек шашың бар еді. «Бұл қыздың бұрымы өкшесіне дейін жетеді», — дейтін. Мен күлетінмін. Сен өсе бердің, бұрымың да өсе берді. Ал өзің оны жек көретінсің. Тарағанда жылап жіберетінсің. Сені тек әкең ғана жұбата алатын.
— Әкем? — деген сөз аузымнан шығып кетеді.
— Қарабай. Ол сенің бұрымыңды қатты жақсы көретін. — Қаракөздің даусы суып сала береді. — Ол көп нәрсені жақсы көрді. Тек адамдарды дұрыс таңдай алмады.
Не айтарымды білмеймін. Ол сөзін жалғайды.
— Шолпыны бұрымға жаман рухтардан қорғасын деп тағады. Олар шаштың арасында жасырынады дейді. Тағы бір сөз бар: ауыр салпыншақ шашты тез өсіреді екен.
— Ал менің шашымның тез өскені керек пе?
— Жоқ, балам. — Ол алғашқы бұрымды өре бастайды. Қоңыраушалар сыңғыр етеді. — Неге шашыңның өсуі керек екенін білмеймін. Бірақ Қыдыр ата саған осыны берген болса, бір қажетіңе жарар. Ал шолпы жалғыз емес екеніңді есіңе салып тұрады.
Ол ұзақ өреді. Мен қимылсыз отырамын. Басымның ауырлай түскенін, әр тыныс алған сайын салпыншақтардың сыңғырлағанын сеземін. Қаракөз аяқтағанда, бұрымым жерге тиіп қана қоймай, кілем үстінде жыландай ширатылып жатады.
Қаракөз артымнан құшақтап, бетін иығыма тигізеді.
— Міне, — деп сыбырлайды. — Енді сен шынымен үйдесің.
Мен жыламаймын. Тек оның алақандарының үстіне қолымды қойып, солай ұстап отырамын.
Ал сыртта, әлдеқайда алыста, естілер-естілмес жерде Айдынның күлкісі сыңғырлайды. Артынша Айбас күңкілдейді. Сосын әлдебір темір зат гүрс ете қалады.
Бұл киіз үйден менде болмаған балалық шақтың иісі аңқиды. Көп жылдан бері алғаш рет дәл осы жерден басқа ешқайда кеткім келмейді.
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.