— Саған бір нәрсе көрсеткім келеді, — деді Қозы Көрпеш.
Кешкі уақытта алғаш рет оңаша қалып отырмыз. Әрине, артамыздан сақ күзетшідей келе жатқан Алтын есімді қойды есептемегенде. Қозы Көрпеш маған тым жақындай қалса, ол да тоқтай қалады.
— Ол бізді жалғыз қалдырмайды, солай ма? — деп сұраймын.
— Жоқ, — деп күрсінеді Қозы Көрпеш.
Біз ауылдың үстіндегі төбеге қарай соқпақпен көтерілеміз. Қатты әрі суық жел түтін мен шөптің иісі араластырып, бетке ұрады. Бұрымым жерге сүйретіліп, сыбдырлап, күмісі сыңғырлайды. Мен оны көйлектің етегін көтергендей екі қолыммен жинап ұстап келемін. Қозы Көрпеш шашыма қарап, үнсіз қалады. Жоғарылаған сайын оның қадамдары да баяулай түседі.
Төбенің басында, тастардың арасында бір қорған тұр.
Аласа ғана. Жалпақ тастармен көмкерілген. Төбесіне бір қара тақта шаншылыпты. Тақтаға бір нәрсе ойылған. Мен жақындап, еңкейемін. Саусақтарым өзінен-өзі ойықтарды сипайды. Бұл жай ойықтар емес, бұрым тәрізді ойылған ойықтар екенін байқадым.
— Мұны үш жыл бойы жасадым,- деді Қозы Көрпеш артымнан. — Әр түні келіп жүрдім. Жақсы шықпағанын білемін.
— Жоқ, жақсы шықты…
Сөз таба алмаймын. Тамаққа өксік тығылады.
— Бұл қабір емес, — деп жалғайды ол. — Сен мұнда... мұнда емессің. Бірақ маған сенімен сөйлесу үшін бір орын керек болды.
— Сөйлесіп жүрдің бе?
— Күн сайын.
Алақанымды тақтаға тағы да тигізгенім сол еді, көз алдымда бір нәрсе жарқ ете қалды. Кенеттен. Ауыртып жіберді. Жұмулы көзге түскен жарықтың соққысындай.
*От алуы. Қара аспандағы айдың сәулесі. Жердегі терең ор — қара, түпсіз. Әлдекімнің алып қолдары бұрымымнан тас қылып ұстап алған. Мен ордың жиегінен салбырап тұрмын ба, әлде ол ма — түсінбеймін. Төменнен адамға ұқсамайтын жан түршіктірер айқай естіледі. Қылыш жарқ етіп, бірдеңе шарт сынады. Басымнан ауыр салмақ үзіліп түседі.
Бұрым онымен бірге төмен құлайды.*
Тыныштық.
— Мақпал!
Мен селк ете қаламын. Қозы Көрпеш иығымнан ұстап тұр. Оның жүзінен бұрын-соңды көрмеген үрейді байқаймын.
— Сен дем ала алмай, тізерлеп құладың. Не болды саған?
— Есіме түсті, — деп демімді әрең аламын. — Құдықтың басында ол бұрымымнан ұстап тұрған. Мен оны кесіп тастадым.
Қозы Көрпеш қимылсыз қалады.
— Кесіп тастадым, ол құлады... — Мен оның білектерін қыса ұстаймын. — Бірақ ол өлген жоқ қой, солай ма? Қалай ол тірі қалды?
— Ол қайта шықты, — деді Қозы Көрпеш күңгірт үнмен. — Үш жылдан кейін. Басқа біреу болып. Сен… Баян оны құрту үшін сол жерге алдап әкелдің. Бұл сенің жоспарың еді. Ал ол қайта шыққанда, адам болмай қалған. Төменде бір нәрсе оны өзгертіп жіберген. Не екенін білмеймін.
— Ал мен ше?
— Сен ол кезде жоқ едің.
Сөздер арамызда ілініп қалады. Мен оның жүзіне қараймын. Осы күндердің бәрінде жасырып келгенін көремін: ұйқымен тарқамайтын шаршауды, уақытпен жазылмайтын қайғыны.
— Қалай өлгенімді есіме түсіре алмаймын отырмын. Ешкім де айтқысы келмейді... — деп сыбырлаймын.
— Есіңе түсірудің қажеті жоқ.
— Бірақ білуім керек.
— Жоқ. — Ол жүзімді алақандарына алады. Саусақтары дірілдеп тұр. — Қазір емес. Жеткілікті нәрсені есіңе түсірдің. Қалғаны уақыты келгенде оралады. Ал оралмаса… демек, солай болуы керек.
— Қозы…
Ол маңдайын маңдайыма тигізеді. Көзі жұмулы, тынысы бірқалыпты емес. Терісінің иісін сеземін: түтін, былғары, жел. Ішімде, алғашқы күннен бері әлденеге үн қосып келе жатқан сол бір нәрсе кенет өз орнына түскендей болады. Тыныш қана сырт еткен дыбыс.
Мен оны ернінен сүйемін деп ойладым. Енді сүйюге талпынған кезде бір қатты, жүнді нәрсе Қозы Көрпештің тізесінің астынан келіп бар күшімен соғады.
— Аһ! — деп ол тасқа құлайды.
Алтын үстінен төніп тұр. Төрт аяғын нық тіреп, сабырлы әрі айыптағандай көзқараспен қарайды. Сосын асықпай, әдейі көрсеткендей, шөптің бір талын шайнай бастайды.
Бұл жағдай менің күлкімді келтірді.
— Ол… Ол үнемі осылай істей ме? — деп күлкіні тоқтай алмай сұрадым.
— Үнемі, — дейді Қозы Көрпеш қиналған кейіппен. — Сені сүймек болған сайын. Әр жолы.
— Ақылды қой екен.
— Жанымды қинайтын қой, — тастардың үстінде шалқасынан жатып күле бастайды Қозы Көрпеш.
Өз әлемімде маған жетіспеген осындағы айналамдағы адамдар. Олардың күлкісі, олардың жанымда болулары.
Бірақ, ешнәрседе мәңгілік емес...
Бөлім туралы пікірлер 0
Әлі пікір жоқ.